Өшпес ерлік іздері
«Біз – Жеңіс ұрпағымыз!» әскери-патриоттық эстафетасы Қызылжар өңірінде бірнеше күнге жалғасып, аға ұрпақтың өшпес ерлігін паш етті.
Акция Достастық елдері Президенттерінің Жеңістің 70 жылдығын мерекелеу туралы бірлескен іс-шаралар шеңберінде атқарылып, жастар арасында патриоттық тәрбиені нығайтуға бағытталған.
– Адамның атамекенге, туған жерге деген перзенттік махаббатын, сүйіспеншілік сезімін қалыптастыруды көздейтін мұндай шаралардың маңызы зор. Сол себепті Ұлттық ұланның гарнизондары мен әскери бөлімдерінде кеңінен атап өтіледі, – дейді ұйымдастырушылар.
1941 жылы 15 желтоқсанда Ақмола (Астана) қаласында құрылған 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының Жауынгерлік туының эстафетаның басты атрибуты ретінде алынуының өзіндік мәні бар. Әскери құрама жорық жолдарын Мәскеуден Берлинге дейін жалғастырып, жауға қарсы жойқын соққылар жасағаны үшін «гвардиялық» атақ берілген. Қазақстан Республикасы Ұлттық гвардиясының әскери бөлімдерінде кең көлемде аталып жатқан Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» эстафетасының кезекті шеруі облыс орталығындағы Жеңіс саябағында жалғасты. 72-ші гвардиялық дивизияның Жауынгерлік туының көшірмесін табыс етуге арналған салтанатты жиынға облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері, Петропавл әскери институтының курсанттары, 6637 әскери бөлімінің жауынгерлері, ішкі істер департаментінің және жастар өкілдері қатысты.
Ұлттық ұланның Петропавл әскери институтының басшысы, полковник Жұмабек Ахметов салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде фашизмді жеңуге Қазақстанның теңдессіз үлес қосқанын, Ұлы Отан соғысы жылдары елімізде 25 әскери құрама, 50 жеке полк пен батальон құрылғанын, солардың бірі қазіргі елордада жасақталған 459-шы атқыштар дивизиясы (кейін 29-шы) болып табылатынын, жауынгерлердің, сержанттар мен офицерлердің жаппай көрсеткен ерлігіне орай 72-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы мәртебесін иеленгенін атап көрсетті. Әскери құрама 721 елді мекенді, 13 ірі қаланы азат етуге қатысқан. Даңқты дивизияның 18 мыңнан астам жауынгерлері мен офицерлері ордендермен, медальдармен марапатталған. 31 қаһарман Кеңес Одағының Батыры атанған. Астаналық интернационалист-жауынгерлер запастағы генерал-майор Марат Мәрденовтің басшылығымен дивизияның жүріп өткен жауынгерлік жолдарына экспедиция ұйымдастырған. Сондай сәттердің бірінде Волгоград қаласының әкімдігі дивизияның Жауынгерлік туының көшірмесін қазақстандықтарға тарту еткен. Қазақстанның Президенті, Қарулы Күштердің Бас Қолбасшысы Н. Назарбаев салтанатты жағдайда табыс еткен бұл жәдігер Ұлттық гвардияның 5573 әскери бөлімінде мәңгі сақталатын болады. Жеңістің 70 жылдығын тойлау аясында 5 мамырға дейін өткізілетін эстафетаның басты атрибуты «Орталық» өңірлік басшылықтың әскери бөлімдерін аралап, Қызылжар топырағына жетті. Оны Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімнің командирі, подполковник Жанболат Төлегенов Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөлімнің командирі, полковник Ақиқат Жұмақановқа салтанатты жағдайда табыс етті.
– Әрбір үшінші солтүстікқазақстандық Ұлы Отан соғысына аттанып, жаумен шайқасты. Майдан даласында ерлік көрсеткен 64 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры және «Даңқ» ордендерінің толық иегері болды. Облыс орталығында жасақталған 314-ші атқыштар дивизиясы 20-дан астам қаланы, 1 мыңдай елді мекенді жаудан тазартуға қатысты. Соғыс жылдарында Петропавлға көшіп келген 20 зауыт пен әскери госпитальдар жеңісті жақындату үшін аянбай еңбек етті. Майдан даласына тыл еңбеккерлерінің жанқиярлығымен вагон-вагон азық-түлік пен жылы киім жөнелтілді. Біз «етігімен су кешіп, мұз жастанған» майдангерлерімізді және тыл еңбеккерлерін ардақ тұтамыз. Жат жерден топырақ бұйырған боздақтар жүрегімізде мәңгі сақталады, – деді жиналғандарға арнаған сөзінде облыс әкімінің орынбасары Владимир Бубенко.
Ұлы Отан соғысының ардагері Петр Глазков ерлік жайлы жырларын оқыды. Ішкі істер департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов ұрпақ сабақтастығы аясында ұйымдастырылып жатқан шаралардың маңыздылығына тоқталды. Салтанатты рәсім соңында Ұлттық ұланның 6637 әскери бөлімінің жауынгерлері, Петропавл әскери институтының курсанттары, полиция қызметкерлері Жауынгерлік тудың алдынан сап түзеп өтті. Ардагерлер Жеңіс бағындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Бұдан кейін Жауынгерлік тудың көшірмесін Петропавл әскери институты салтанатты түрде қабылдап алды. Әскери-патриоттық эстафета шеңберінде ұйымдастырылған шаралар өз дәрежесінде өтті.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.
Есқали Ө. Өшпес ерлік іздері // Егемен Қазақстан. - 2015. - 20 ақпан
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |