ҰМЫТЫЛМАС САПАР !

                                                                                    ҰМЫТЫЛМАС САПАР !

2015 жылғы 7 мамырда Астана қаласында Отан қорғаушы күніне және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына арналған әскери шеру болып өтті.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен шеруді тамашалауға біздің өңірден барған 14 соғыс ардагері 10 мамыр күні Петропавлға оралды.

Бірнеше күн бойы Астананың сәулетті жерлерін аралап, жақсы көңіл күйге беленген майдангерлерді Петропавл теміржол сапаржайында салтанатты түрде қарсы алу шарасы ұйымдастырылды.

Оған мемлекеттік және әскери қызметшілер, этномәдени орталықтар өкілдері, студенттер қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова ардагерлерді атаулы мерекемен құттықтап, гүл шоқтарын табыс етті. Қошеметке бөленген қарттар өздерін елордаға шығарып салып және қарсы алған азаматтарға алғыс айтып, естелік суретке түсті.

Петропавл қаласының тұрғыны Қабен Мырзағұлов - шеруге барған ардагерлердің бірі.

Тоқсанның төріне шыққан қарт Жеңіс күніне арналған шараның өте жоғары деңгейде өткенін айтып, қуанышымен бөлісті.

- Барлығы өте жақсы болды. Бізді Астанада құрметті қонақ ретінде қарсы алды.

Мерекеге орай түрлі сыйлықтар да берілді. Ең бастысы - әскери шеруді көрдік.

Біз үшін бұл - үлкен мақтаныш және мерей.Арман қаланың гүлденіп келе жатқанын көріп, бір жасап қалғандай болдық. Жас мемлекетіміз осылай өркендей берсін! Елімізде әрқашан тыныштық болсын!-деді жүрек жарды лебізімен бөліскен ардагер.

Қарттарды Астанаға аман-есен апарып, алып келген арнайы топ құрамында медициналық қызметкерлер, әлеуметтік сала мамандары және облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері болды.Сапаржайдан шыққан соң ардагерлердің бәрі де"темір тұлпарларға" отырғызылып, үйлеріне дейін жеткізіпсалынды.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ, "Солтүстік Қазақстан". Суреттерді түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.


Солтүстік Қазақстан . – 2015 . - 14 мамыр . – 3 бет .

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий