Даңқ орденінің толық иегері
Әміреш Дәрменов 1922 жылы Қостанай облысындағы Пресногорьков ауданының Жалтырша ауылында (қазіргі Солтустік Қазақстан облысының Жамбыл ауданы) туған.
1937 жылы 6-сыныпты бітіріп, ұжымшарда еңбек етті.
Ұлы Отан соғысына 1941 жылғы желтоқсан айынан алынады. 139-шы атқыштар дивизиясындағы 609-шы атқыштар полкі 4-ші ротасының қатардағы жауынгері Ленинградты қорғауға қатысады.
Шабуыл тобының құрамында соғысқан Дәрменов өзін айбынды да батыл жауынгер ретінде көрсете білді. Жаудың бекінісіне алғашқылардың бірі болып басып кіріп, жеті фашистің көзін жойды.
Осы ерлігі үшін Дәрменов 1944 жылғы 20 сәуірде үшінші дәрежелі "Даңқ" орденімен марапатталды. 1944 жылғы 26 маусымда Могилев облысындағы Горбачи деревнясы үшін болған шайқастарда өз басын қатерге тіге отырып, деревняға жұрттың алды болып кіріп барды да, өзінің автоматымен оқ жаудырып, бір офицерді жаралап, оны тұтқынға түсірді.
Осы шайқастардағы батыл әрекеттері үшін оған 1944 жылдың тамызында екінші дәрежелі "Даңқ" ордені тапсырылды.
609-шы атқыштар полкі Данцинг қаласының кіреберісінде ұрыс жүргізіп жатты. Осында 1945 жылғы 25 наурызда шегінген жауды өкшелей отырып, Дәрменов барлаушылар тобымен бірге дұшпанға бір бүйірден соққы берді. Сөйтіп, 25 гитлершіні тұтқынға алды. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1945 жылғы 29 маусымдағы Жарлығымен Әміреш Дәрменов бірінші дәрежелі "Даңқ" орденімен марапатталды.
Соғыс кезінде екі рет жараланды. Соғыстан кейін взвод командирі қызметін одан әрі жалғастырып, 1946 жылы елге оралды.
1947-1982 жылдары Жамбыл ауданындағы "Озерный" кеңшарында еңбек етті. 2002 жылдың желтоқсанында қайтыс болды.
(Солтүстікқазақстандықтар Ұлы Отан соғысы жылдарында кітабынан алынды).
// Солтүстік Қазақстан. -2015. – 9 мамыр. – 7 бет .