Ағайынды үш қызыләскер

17 марта 2015 - Administrator

 Әбіш, Шөжен, Тілеген Қинаубаевтар туралы сыр Үлкен атам Қинаубай 1940 жылы о дүниелік болыпты. Бүкіл әулетке ес болған Рахима апам еді. Екеуінің үш ұлының алды Әбіш 1947 жылы «Шверник» колхозына бастық болып, көрші «Амангелді» колхозынан анасы Рахиманы, соғыста опат болған екі інісі Шөжен мен Тілегеннің жесірлері Меңке мен Күләнді жеті ұл-қызымен «Шверниктің» орталығы Көкжыра ауы­лына көшіріп алыпты. Тілеген ағаның үлкен қызы Алмаш апайдың айтуынша, Әбіштен көрген тұңғыш немересі болғандықтан сегіз айлығымда апам мені бауырына басыпты. Сөйтіп Шөжен ағаның екі ұлы, Тілеген ағаның бір ұл, үш қызымен бір үйде жетінші бала болып, соғыстан кейінгі бейбіт күннің шуағымен шүпірлеген бала-шаға риза-қош көңілмен тез өсіп, тез есейдік. Тілеген ағаның кенже қызы Әскенді аудан орталығы Ақсуат ауылында тұратын апамның үлкен қызы Нұршағи тәтемізге бала болсын деп беріпті. Төлеубек жездеміз соғыстан қайтпай, тәтем жалғыз қалыпты. Екеуінің кішкентайлары туа сала шетінеп кетіпті.

Соғыстан алған жарақатынан әкемнің оң қолы түзу созылмайтын, шынтағынан бүгіліп қатып қалған, аузына жетпейтін. Адымдай басып, апамның жанына жеткенде, сол қолын созып амандасатын. Апам қолынан иіскеп, «отыр» дегендей ишарат жасайтын. Мен де әкемнің сол сәтін күтуші едім. Отырар-отырмаста оң жақ тізесіне шығып алып, оң қолдың құшағына кіретінмін. Әкемнің үйі бөлек. Апам мені жанынан бір елі шығармайды. Менің де апамнан ажырағым келмейді. Әкемді де сағынамын. Келетін жағына қарап елеңдеумен жүремін. Әкем көп сөйлемейді. Екеуі ауылдың жай-күйін әңгімелейді, шаруашылықтың беталысын айтады. Соғыстан қайтқандар, қайтпағандар, хабарсыз кеткендерді сұрасады. Екеуінің де тіл ұшында хабарсыз кеткен Тілеген аға тұратынын сеземін. Бірақ орағытып өтеді немесе үнсіз отырып қалады. Сонда бірін-бірі аяп, жүрек жарасын ауыртқылары келмейді екен-ау. Кейіннен білдім. 1944 жылы Шөжен ағадан қара қағаз келіпті. Естігенде апам талып қалып, үш күн төсек тартып, есін әрең жиыпты. 1945 жылы Тілеген ағадан да қара қағаз келіпті. Жаманатты апам көтере алмайды деп жасырып қалыпты. Кейіннен соғыстағы ерлігі үшін Тілеген Қинаубаевқа берілген «Қызыл Жұлдыз» орденін аудандық әскери комиссариат жары Салихова Меңкеге тапсырғанын да айтпапты.

Он бес жасыма дейін жанынан ажырамай, қайда барса, бірге жүріп, аналық шексіз қамқорлығын, тәрбиесін көрген, жан-дүниеммен жақсы көретін аяулы апамның көзі жұмылғанша Тілеген ағаны есіктен кіріп келетіндей күтіп өткені менің жадымнан ешуақытта өшкен емес. Ержетіп, білім алып, маман болып, қызметке іліккеннен әкемнің, кіші әкелерімнің тағдыры ойлантып, «соғыс жолы туралы не білеміз? Соғыста опат болған екі ағамыздың қабірлері қайда екен?» деген сауал санамда сақталып қалды. Бұл сауал менің ғана емес, ағайынды үш жауынгер әкелеріміздің ұрпақтарының ой-саналарынан шықпайтын болды.

Абай атындағы ҚазПИ-дің тарих факультетін бітірген, Семей облысы Ақсуат ауданының «Сұлутал» сов­хозында Қ. Сәтбаев атындағы орта мектептің мұғалімі інім Кәдірбек Әбішев 1975-1977 жылдары «Ауыл шежіресі» тақырыбымен көнекөз ақсақалдар мен кейуана аналарымыздың ауызша айтқан естеліктерін қолымен жазып, «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясында жұмыс істейтін маған жіберді. Ұлы Отан соғысының, соғыстан кейінгі барлық ауыртпалықтарды қайыспай көтеріскен, бақилық болған – Самарқанов Құрманғали, Рахметов Жұмағазы, Қожаев Құрмаш, Сағындықов Баяхмет, Қойтасов Отарғали, Райымбекова Бақтыбала, Райымбеков Алдаберген, Асылыбекова (кейін Қинаубаева) Нұрбатима, Оразғалиева Нұржамал, Салихова Меңке және әкеміз Әбіш Қинаубаевтың оқушы дәптері беттеріне жазылған көлемі әртүрлі естеліктерінің қолжазбалары менде сақтаулы.

1995 жылы Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай Семей облысы бойынша ескерткіш-кітап «Боздақтар» жарыққа шықты. Бірінші томының 111-бетінде Тілеген, Шөжен Қинаубаевтардың фотосуреттері беріліп, жерленген мекендері көрсетілді. Осылай бірте-бірте ағайынды үш жауынгердің Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жорық жолдары мәлім болып, жерлестерінің, ұрпақтарының мақтанышына айналды.

Қара құйын болып соққан жауға қарсы шайқасқа ағайынды үшеуінен бірінші болып кірген – Шөжен Қинаубаев. Ол 1940 жылы Ақсуат ауданының «Ерназар» колхозы бастығы жұмысынан Семей қаласына білім көтеруге үш айлық оқуға жіберіледі. Оқуын бітірген соң сол жерден әскери міндетін өтеуге шақырылады. 1941 жылы Белоруссияға аттанып кетеді. Әбіш ағасы естелігінде: «Сонда әскер ойындарын үйреніп жатырмыз деген хаттары келіп тұрды. Бұл соғыстың алды еді. Соғыс басталысымен хабарсыз болып, тек 1944 жылы ақпан айында Белоруссия партизандық қозғалыстың штабынан пулеметші болып, ерлік күресте қайтыс болды деген қара қағаз келді. Бауырым жайында мәлімет осы, дейді.

Осы жолдарды жазып отырған менің қолыма қалам алуыма Шөжен Қинаубаевтың партизандық қай бригада құрамында болып, қай жерден топырақ бұйырғанын жазған, бауырластар қабіріне қойылған ескерткіште тегі жазылған фотосуретті жіберген Қазақстанның Беларусь Республикасындағы елшілігінен 2014 жылы 22 қазанда 30/389 нөмірлі қуанышты хат келгені үлкен себеп болды. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында жеткен осындай сүйінші хабарды ел газеті «Егемен Қазақстан» бетінен жария еткім келді. Хат мазмұны мынадай:

«Құрметті Сайраш Әбішқызы! Әкеңіздің інісі Шөжен Қинаубаевтың Беларусь Республикасындағы қабірін табу бойынша Елшілік БР Қорғаныс министрлігі Отан қорғаушыларының естелігін мәңгілік сақтау жөніндегі басқармасымен бірлесе отырып келесідей жұмыс атқарды.

Белорустық тараптың ақпаратынша, Шөжен Қинаубаев 1944 жылы 24 ақпанда қаза тауып, Минск облысы Узда ауданының Румок ауылында жерленген болатын. Алайда кейіннен «Буревестник» партизандық бригадасының жауынгерлері Румок ауылынан Слобода ауылындағы бауырластар қабіріне қайта жерленген. 2014 жылғы қыркүйекте Елшіліктің әскери атташесі полковник М. Жүсіпов пен бірінші хатшысы Б.Қаткенов басқарған делегациясының құрметіне Узда ауданының атқарушы комитетінің басшылығы, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен Слобода ауылының тұрғындары қатысқан митинг өтті.

Елшіліктің өтінішіне сәйкес жер­гілікті атқарушы билік өкілдері әке­ңіздің інісінің аты-жөні «Кинанбаев М.» болып қатемен жазылғандықтан, жақын арада «Кинаубаев Ш.» деп түзетеді.

Осыған орай, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығына орай Беларусь жерінде қаза тапқан қазақстандық жа­уынгерлерге арнап Елшілік әзірлеп жатқан «Ұмытылмас есімдер» атты естелік кітабына Шөжен Қинаубаев туралы ақпарат жазылатынын ескере отырып, ол кісі жөнінде толығырақ мәліметтерді (туыстарымен хат алмасуын, фотосуреттерін, өмірінің қызықты фактілерін және т.б) жіберуіңізді сұраймын.

Құрметпен, уақытша сенімді өкіл А. Шалбаев.» Бауырластар қабірлері қорымы басындағы ескерткіште «Кинанбаев М.» болып жазылу себебі Шөжен ағамызды жауынгер серіктері Михаил деп атапты. Азан шақырып қойған есімі Әбжан, Қинаубай атам мен Рахима апам еркелетіп Шөжен, қаруластары Михаил деген – бір өзінде үш есімі бар, Отан азаттығы жолында жанын қиып, Беларусь топырағын жастанған ағамыздың қабірінен бір уыс топырақ туған жерге жететін күн алда болсын, ләйім.

* * *

Әбіш Қинаубаев Ақсуат ауданының «Жаңанесіп» колхозының бастығы жұмысынан екінші болып 1942 жылы мамырда соғысқа аттанады. Семейде бір айдан аса жаттығуда болып, 20 шілдеде Батысқа бет алады. Орал тауынан, бірнеше күн бұрын ғана жаудан тазартылған Куйбышев қаласынан өтіп, енді ғана азат болған Калуга қаласында әскери жаттығуда болады. Көп ұзамай Смоленск маңайында соғысқа кіреді. Оншақты күннен кейін Сталинград бағытына ауыстырады. Тағдыр желі Әбіш Қинаубаевты бүкіл ел болып демін ішіне тартып, құлақ түріп отырған Сталинград қырғынына апара жатады. Өзінің естелігінде сол күндердің тарихи сәттерін көз алдымызға елестете әңгімелейді. «…3 қыркүйекте Сталинградтан 12 шақырым жерде соғысқа кірдік. Үш күн жан алып, жан беріскен аласапыран соғыста болдым. Алтыншы қыркүйекте санымнан жарықшақ қадалып, орнымнан тұра алмай қалдым. Аспан мен жер тұтасып кеткен қырғын айқас ішінен мені қалай алып шығып, дәрігерлер қолына қалай жеткенім анық есімде қалмапты. Содан Саратовта, Зельман ауданында госпитальда болдым. Емделіп, жүруге жарап, 1 желтоқсанда соғысқа қайта шықтым. Бірінші гвардия дивизиясында болдым. Ростов облысына бағыт алдық. 1942 жылы 18 желтоқсанда соғысқа кірдік. Бірнеше күн жаудың басын көтертпей, бір қадам ілгері аттатпай, жиі-жиі шабуылдап, тықсыра бастадық… Желтоқсанның 21-інде, шайқастың төртінші күні оң қолымның ортаңғы буы­нын үзіп кетіп, ауыр жараландым. Он бес күн жолда жүріп, Барнаулға әкелді. 1943 жылы қаңтар, ақпан, наурыз – үш ай Барнаулда госпитальда емделдім. Сәуірде бірінші топтағы мүгедектікпен елге қайтарды…»

Госпитальдың әскери дәрігерлері шынтағының буыны үзіліп, сіңіріне ілініп қалған оң қолын кесіп тастамай, көлденең бүгіп тұрғандай қалыппен қатырып тастапты. Оң қолы аузына жетпесе де, «шолақ қолдан көп жақсы» деп әкеміз дәрігерлерге шексіз риза болып отыратын.

Соғыстан кейін Әбіш Қинаубаевқа бірінші дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордені тапсырылған. Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі мұрағатының КСРО медальдары және ордендерін табыс ету туралы 1985 жылғы 9 желтоқсандағы №1 хаттамасына сәйкес 2014 жылы 28 мамырда берілген №161 анықтама бұл орденнің иесіне тапсырылғанын растайды. 1945 жылы «Жеңіс», 1970 жылы «Жеңіске 25 жыл», тағы басқа юбилейлік медальдармен марапатталған.

Әкемнің 42 жасында 1944 жылы тұңғышы, осы жолдардың авторы – мен дүниеге келіппін. Соңымнан бауырларым ерді.

Әбіш Қинаубайұлы туған жердің топырағына табаны тигеннен кейін соғыс жарақатының азабына шыдай жүріп, жүдеу тартқан шаруашылықты көтерісуге атқа мінеді. 1943-1944 ж.ж «Серіктес», 1944-1945 ж.ж. «Ерназар», 1945-1947 ж.ж. «Аманкелді», 1947-1955 «Шверник» колхоздарын басқарады. 1956-1963 жылдары түрлі жұмыстарда болып зейнеткерлікке шығады. Жасы жетпістен асып, сексенді алқымдаған кезінде де совхоздың маусымдық жұмыстарынан қол үзбейді. Туған ауы­лында, өзі мойынсеріктен көтеріскен «Сұлутал» совхозында 1994 жылы бақилық болды.

* * *

Екі ағасының соңынан үшінші болып «Ерназар» ауылы мектебінің директоры, колхоздың бастауыш партия ұйымының жетекшісі Тілеген Қинаубаев Әбіш ағасынан 15 күн кейін 1942 жылы мамырда от кешуге аттанады.

Тілеген Қинаубайұлы – өткен ғасырдың 20-30-жылдарында өз қатарластарының алды болып ауылдық жерден білімділігімен озық шыққан қазақ интеллигенция өкілдерінің бірі. Ол ауылдық бастауыш мектепте оқып, Зайсан орыс-қазақ педагогика училищесінде білім алып, баста­уыш мектептің орыс тілі пәні мұғалімі мамандығын алған. Латын қарпімен, кириллицамен жазуды жетік меңгерген. 1938 жылы 7 қаңтарда маржан тізгендей жазуымен латын қарпімен «Өмір тарихатын» жазып кеткен. 1939 жылы ­ 7 тамызда Зайсан училищесін бітіргені туралы №260 куәлік берілген. Соғыстан кириллицамен жазған үшбұрыш хаттары жиі-жиі келіп тұрған. Тілеген ағаның немересі Тілегенов Бақытқазы Советайұлы, қарындасы Қинаубаева Кенжегүл Әбішқызы «Өмір тарихаттың», куәліктің, соғыстан жазған 2-3 хаттың түпнұсқасын сақтап, осы уақытқа дейін жоғалтпаған. Мұндай өте құнды тарихи құжаттар Тілеген Қинаубайұлының соғысқа дейінгі, әсіресе Отан азаттығы үшін алапат айқастағы жауынгерлік ерлік жолынан мол мағлұмат береді.

Тілеген Қинаубаев Мәскеудің әуе десанттарын даярлайтын әскери курсқа жіберіледі. Орысшаға жетік білімділігімен қысқа уақытта әскери қиын әуе десанты мамандығын меңгеріп шығады. Десанттық топтың бөлімше командирі старшина болып майданға кіреді. Отбасына үзбей хат жазып тұрады. Әбіш ағасы елге қайтқан 1943 жылы аласапыран соғыстың алдыңғы шебінде жүреді. Үлкен ағасы бір аяқ, бір қолдан жараланып, ауылға жеткенін естігенде: «Әбем елге қайтты дегенді естігенде төбем көкке жеткендей болдым», депті хатында.

Тілеген Қинаубайұлының ең соңғы хаты 1945 жылы 20 сәуірде келіпті. «1945 жылы наурыздың 20-сында Венгрияның астанасы Будапешттен 30 шақырым шықтық. Старшина болып кетіп барамын» деп жазыпты. «Содан кейін хабарсыз болдық» дейді естелігінде Әбіш Қинаубаев.

Ұлы Жеңістің 50 жылдығына орай Семей облысы бойынша 1995 жылы шыққан «Боздақтар» кітабында (1-том, 111-бет): «Қинаубаев Төлеген аға сержант, Ерназар ауылында 1919 ж. туған. 99-ГВ-АД құрамында соғысқа қатысып, 1945 жылы 16 наурызда қаза тапқан. Венгрия Секешсеерворск ауд… Безымянный хуторында жерленген» деп жазылған. Мұнда туған жылы – 1919, есімі – Төлеген болуы, әрине, соғыс зобалаңының зардабынан кеткен қате екені күмәнсіз. Тілеген аға өз қолымен 1938 жылы жазып кеткен «Өмір тарихатында»: «Ақсуат ауданы Ерназар ауылында 1913 жылы тудым», деп жазады.

Ұлы Жеңіс күнін жанқиярлық ерліктерімен жақындатқан, Отан үшін жан қиған Шөжен, Тілеген Қинаубаевтардай батырлар есімі ешуақытта ұмытылмайды.

Тілеген ағаның жиен немересі Нариман Венгрияға іссапармен барғанында нағашы атасының бауырластар зиратындағы 1383-нөмірлі қабірін тауып, бір уыс топырағын туған жерге жеткізгені мұның бір дәлелі. Отан азаттығы үшін қан майданда шейіт болған, «66 жыл туған жерге сүйегі жетпеген Тілегендей соғыс құрбанының топырағы мұсылмандық жолмен …» («Өскемен» газеті. Олжас Қасым. «Венгриядан жеткен топырақ. 15 желтоқсан 2011 ж.) Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай (бұрынғы Ақсуат) ауданының Кіндікті ауылындағы төбешікте мәңгі мекен тапқан жары Салихова Меңкенің жанына жер қойнына тапсырылды.

Ұлы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Тарбағатай ауданы орталығы Ақсуат ауылының бір көшесіне Тілеген Қинаубаевтың атын беру туралы шешім шыққаны Отан үшін от кешкен құрбандарға қойылған тарихи бір ескерткіш екені кәміл.

Сайраш ӘБІШҚЫЗЫ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

АСТАНА.


Әбішқызы С. Ағайынды үш қызыләскер // Егемен Қазақстан. - 2015. - 13 наурыз

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий