Алапат жылдар азабы

28 апреля 2015 - Садыкова А.

Бала да болсақ соғыс жылдарындағы ел басына түскен ауыртпалықты үлкендермен бірге көріп, қанқұйлы неміс-фашистерін талқандауға өзіндік үлесімізді қостық. Сол ауыр жылдары көп жайттың куәгері болдық. Бір шаруашылықтың тыныс-тіршілігі арқылы елдегі ахуал, халықтың тылдағы жанқиярлық еңбегін баяндауды жөн көрдім.

Қостанай өңірінің Семиозер (бүгінде Әулиекөл) ауданында, «Бесағаш» деп аталатын біздің колхоз Бесағаш, Сасық, Жалпаққайың ауылдарын біріктірген шаруашылық еді. Шаруасы шағын бұл колхозда жұмыс күші болғанымен жегін көліктен кемістік көретін-ді. Ол кезде шаруашылықтың қуаты жұмыс көлігі санымен бағамдалатын. Мықты шаруашылықтарда 150-160 өгіз болса, біздің колхозда 80, әрі кетсе 90 өгіз болатын. Техникадан доңғалақты тракторлар мен тіркемелі «Коммунар» комбайндары болатын.

Германия деген ел соғыс ашыпты деген суық хабар ел ішіне тез тарады. Көп ұзамай жігіттерді әскер қатарына шақыру басталды. Ел іші жылау, сықтау. Жалғызын, бауырын майданға аттандырғалы жатқан ата-ананың, аға-інінің, сүйген жарымен қимай қоштасқан келіншектің, әкесінің кеудесіне жабысып, «папалап» жылаған баланың мұңды зарын есту қандай қиын. Бес-алты айдың ішінде ауыл жігіттерінің көбі майданға аттанып кетті. «Басқа түссе баспақшы» дегендей, колхозда жұмыстың ауыртпалығы кәрі-құртаң шал-шабан, қатын-қалаштың мойнына түсті. Жасөспірім балалар, тіпті, он жастағылар да жұмысқа жегілді.

Сол жылы егін жақсы шықты. Мол астықты уақытымен жинап алу үшін үлкен-кіші жұмыла еңбек етті. Бірде комбайн сынса, бірде оны сүйрететін доңғалақты трактор сынып қалады. Егінді лабогрейкамен де жинайтын. Дестеге салған егінді алапты арбамен қырман басына тасып, маяға үйеді. Осы жерде оны «Коммунар» комбайнымен бастырады, ал комбайн сынып қалса, егінді пар өгіз жегілген молотилкамен бастырады. Бастырылған астықты бізден 15 шақырым жердегі элеваторға жәшік арбамен апарады. Қырманда астықты «Веемка» деген шағын құралғымен тазартады. Екі әйел әлгінің құлағын айналдырса, екі әйел алма-кезек дәнді құйып тұрады. Тағы екі әйел «Веемкадан» тазартылып шыққан астықты екінші жерге тасып үйеді. Желді күндері үлкен кісілер үйіліп қалған астықты жалпақ ағаш күрекпен желге желпіп тазартады. Осындай қам-қарекетпен жүргенде жауынды-шашынды күз келіп жұмысқа қолбайлау жасайтынын қалай айтпасқа. Міне, қыс та қылаң берді. Қырмандағы қалған егінді қыс бойы бастырады. Қысқа күнде әрі суықта іс өне ме? Өлмешінің күні ғой. Тойып ішетін ас та жоқ. Қырман басындағы қоста от жағып, соған жылынып жатқаны.

Колхозда жұмыс ретімен жүріп жатады. Қоғамдық малды күтіп-бағу, көктемгі егіске қажет тұқымды элеватордан тасып жеткізу, қолмен егіс алқабына қар тоқтату қыр басынан малға шөпті күнбе-күн тасып беру. Әсіресе, қырдағы шөпті тасып жеткізу қиын-ақ, жиі соғатын борандар жолды басып қалады. Маяның төңірегін қардан тазарту бір бейнет. Міне, осы жұмысты үлкендермен бірге 13-14 жастағы балаң жігіттер атқаратын, ал, 10-12 жастағы біз сияқтыларды егіс алқабына қар тоқтатуға, яғни аққала тұрғызуға салатын, үй-үйден тауықтың қиын жинап, егіс алқабына итшанамен тасып жататын да біздер едік.

Майдан жақтан не хабар дейсіз бе? Ол кезде жұрттың көбі қараңғы. Келген хаттарды балалар оқитын. Соғыс жайлы хабарды ауыл мұғалімі Әбдірақ ағай (кейін ағасы қаза тапты), ауылнай Ғалымжан деген кісі түсіндіретін еді. Біз балалар үлкендерге жалтақтап қарап, үнсіз тыңдаймыз. Үлкендер жағы, қара танитын кісілер немістің беті қатты, Мәскеуге жақындап қалыпты деп мұңаятын. Елге «қара қағаздар» келе бастады. Екі-үш шалдың басы қосылып біреудің үйіне қарай беттесе, сол үйдің адамдары жаманат хабар естіртуге келе жатыр ма деп үрейленетін еді. Шалдар үй иелеріне қайғысына ортақтасып, көңіл айтып жұбататын. Молдахмет атамыз баласы жоқ кісі еді. Інісі Төлендіні майданға аттандырарда көзіне жас алып: «Жаудың сыбағасын беріңдер, бірақ өзіңді сақта, абай бол. Сүйенерім жалғыз өзіңсің», деген-ді. Міне, мұның да артынан қара қағаз келді. Бізге туыс Салмағамбет пен Жалмағамбет те қан майданда ерлікпен шайқасып, қаза болды. Жап-жас Ахат, Мағзұм сынды жігіттер қыршынынан қиылды. Немістердің концлагерінде азап пен қорлықты бастан кешкен Қази деген ағамыз кейін опасыздық жасады деген айыппен он жылға сотталып, қан майданда жазасын өтеді. Біздің «Бесағаш» колхозынан қырықшақты кісі майдан даласында өлім құшты.

Жасы елулерді еңсерген кісілер еңбек армиясына алынды. Майданға қару-жарақ шығаратын зауытта жұмыс істеген олар жеңіс күнін жақындатуға өзіндік үлестерін қосты. Златоуст, Челябі, Копейск, Магнитогор зауыттарында олар бейнетті аз көрген жоқ, суық барақ, мардымсыз тамақ, ескі-құсқы киім осының бәрі жығылғанға жұдырық дегендей күйзелтті. Колхозда есепші болып істеген Әмір деген денелі толық кісі еді. Әйелі қайтып, елге қысқа мерзімге келген оны ауыл адамдары танымай қалыпты.

Колхозда қырдан алаңға арбамен шөп тасығанда алдына жан салмаған. Орыстың мен мықтымын деген жігіттері онымен тең келе алмаған. Бес күндік жарыс қорытындысы бойынша үнемі озат деп танылып бірінші сыйлықты алады екен. Осы ағамыз да Орал бойындағы зауыттың бірінде істеген. Бірде «Қазыбай келе жатыр екен» деген хабар жетті ауылға. Күздің қара суық кезі еді. Үй-іші дайындалып, ағайын-тума қуанысып жатыр. Сол хабар хабар күйінде қалды. Титықтап әбден жүдеп әлсіреген Қазыбай қалтарыста жан тапсырды-ау дейтін үлкендер жағы.

Соғыс жылдары ауыл еңбеккерлері «Бәрі майдан үшін, Бәрі жеңіс үшін!» ұранымен еңбек етті. Майдандағы жауынгерлерді азық-түлікпен, жылы киім-кешекпен жабдықтау керек еді. Қыз-келіншектер қыстың ұзақ кешінде жүн түтіп, оны иіріп шұлық, мойыншалма, қолғап тоқып, әшекейлі темекі салатын кисеттер, кестелі ақ орамалдар тігіп, оларды майданға сәлемдеме ретінде жөнелтіп жатты. Қолында барлар шолақ тон, бас киім, пима көкірекшені арнайы пунк­т­ке өткізіп, содан майданға жөнелтетін. «Көп түкірсе көл» дегендей, бүкіл ел болып қолға алған осындай игілікті іс жауынгерлердің рухын көтеріп, қажыр-қайратын еселей түсті. «Кестелі ақ жібек орамал» әні осы тұста шықса керек.

Елде маусымдық жұмыстың жау­апты да маңыздысы егін салу ғой. «Көктемнің бір күні жылға азық» деп бекер айтылмаған. Егін салу науқаны бар шаруаның бастысы. Егістік алқап жақсы жыртылып, сапалы өңделсе оның өнімі де жоғары болмақ. Жоғарыда біздің колхозда 80-90 тегін өгіз болатынын айтқанмын. Ал егін салу науқанын сапалы әрі мерзімінде атқару үшін бұл аз. Колхоз басқармасы халықпен ақылдаса келе жұрттың сиырын жегу керек деген ұйғарымға келеді. Алайда, бұған келіспей бұра тартқандар да болыпты. Айтарға уәжі, бала-шаға сол жалғыз сиырдың ағына қарап отыр. Күні бойы соқа сүйреген сиырдан сүт шыға ма? Әйтсе де, екі мезгіл сауып, соны отбасы талғажу ететін.

Біздің ауылымыз Қазанбай орманының беткейінде орналасқан. Бұл Әулиекөл ауданының аумағында шығыстан батысқа қарай созылып жатқан көлемді орманды алқап, негізінен зәулім, аспанмен таласқан қарағайлар, ақ қайыңдары мен шыршалар, теректері мен талдары аралас өскен ну орман. Біздің колхоздан бес-алты шақырымдай жерде орман ішінде үлкен кордон болды. Онда орманды қорғап, күтім жасайтын орманшылар тұрады. Міне, 1942 жылы осы жерде Соғыс мүгедектері үйі ашылды. Бірнеше жатын үйлер, асхана наубайхана, монша, дәрігерлік пункт, қора-жайлар, тағы басқа қосалқы құрылыстар салынды. Бұл мекеменің қосалқы шаруашылығы да болды. Көп ұзамай мүгедек жандарды әкеле бастады.

Бұлар кемтар жандар – біреуінің аяғы, біреуінің қолы жоқ. Екі аяғы, екі қолы жоқтар да бар арасында. Көз жанарынан айырылғандар, контузия алған, ақыл-есі кемістер де кездеседі. Бұлар барар жері, басар тауы жоқ дегендей, ешкімі жоқ, ал бола қалса бұлардан бас тартқан, сөйтіп, тағдыр тәлкегіне түскен ғарып жандар-тын. Оларды мемлекет қамқорлығына алып, алаңсыз тіршілік етуіне жағдай туғызды. Төңіректегі ауылдың үлкендері келіп қазақ кісілермен әңгімелесіп, хал-жағдайларын біліп, қай елдің азаматтары екенін сұрап жатқаны. Айт кезінде ауылға шақырып дәм-тұздарын тартқызып, көңілдерін аулайтын. Хабар-ошарсыз кеткен балаларын, туыстарын еске алып, олар да осылар сияқты бір жерде жүр ме екен, деп көңілдері босап, көздеріне жас алып, аяушылық білдіріп жататын. Осы мүгедектер үйі бес-алты жылдай жұмыс істеп, кейін таратылды.

Неміс фашистерімен болған қанқұйлы сұрапыл соғыс кеңес халқының жеңісімен аяқталды. Елдің көңіл күйі көтеріңкі. Майданнан азаматтар орала бастады. Иә, жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Талай боздақтар ұрыс даласында ерлікпен шайқасып, еліміздің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жанын пида етті, кем-кетік болып келгендер қаншама. Осы біздің үш ауылдан қырықшақты жігіт майданнан оралмады. Ауыл да қатты күйзеліске ұшырап, өлмешінің күнін кешті, бірақ шыдап бақты, төзді. Жеңіске деген сенім оларға күш-қуат берді. Фашистік Германия дүниежүзі алдында қарабет болып жеңілгенін мойындап, тізе бүкті. Ұлы Жеңіске кеңес халқы мызғымас бірлігі, жанкешті ерлігі, қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткізді.

Сөз соңында Ұлы Отан соғысының ардагері, Жеңістің 60 жылдығында Мәскеудегі парадқа қатысқан, бүгінде тоқсанның сегізіне келген Жүнісбек Молдағали ағамыз бір естелігінде «Соғыстың соңғы солдаты біз болайық» деген еді. Ләйім ағамыздың айтқаны келсін. Алапат соғысты ұрпағымыз көрмесін енді.

Қанапия МЫРЗАҒОЖИН,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.


Мырзағожин Қ.  Алапат жылдар азабы // Егемен Қазақстан. - 2015. - 23 сәуір

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий