Жақсылық Ысқақов:"Азамат еңбегіне төреші - халық"


Облыс орталығындағы зәулім ғимараттардың бірі — "Қызылжар" қонақ-үйінің Кеңес одағы дәуірлеп тұрған кезде қазақша атауды қалай иеленгенін көпшілік біле бермейді. Сол тұста ономастикалық комиссияның жетекшісі болған Жақсылық Ысқақовқа К.Ушинский атындағы педагогикалық институттың ректоры Қанаш Шәкенов бой көтеріп жатқан жаңа нысанға "Қызылжар" атауын беруді ұсынады. Әрине, комиссияның бұл шешімін құптай қоймағандар да болды. Дегенмен, "Золотой колос" деп атауды жөн көргендердің ұсыныстары қабылданбай, қонақүй осы көркем әрі келісті атауды иеленген екен. Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерейтойы және Солтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығы қарсаңында біз қажырлы еңбегімен ел құрметіне бөленген Жақсылық Ысқақовпен кездескен едік. Ағамыз сағынышқа айналған сол күндер жайлы әңгімесін әріден бастады.

— Өмірде ізгі із қалдыра білудің өзі ғанибет. Қолымнан келгенше еліме адал қызмет еттім деп ойлаймын. Азамат еңбегіне төреші -халық. Сол бір жылдары алакеуімнен атқа қонып, кештің бір уағында үйімізге қайтатынымыз көзкөргендердің жадында шығар. Еңбекпен шыңдалып, бар қажыр-қайратымызды, жалындаған жастық шағымызды ел игілігіне арнадық қой.

1954 жылы Алматы ауыл шаруашылығы институтын тамамдағаннан кейін алып-ұшып туған елге жеттім. Саналы ғұмырым еңбекпен өрілгеніне өкінбеймін. Алдымен комсомол хатшысы болдым, кейін аудандық, облыстық деңгейлерде лауазымды қызметтерді атқардым. Ол кезде Солтүстік Қазақстан облысында 12 аудан болатын. Жыл сайын әр ауданда әлеуметтік нысандар бой көтеріп, халықтың алаңсыз еңбек етуіне жағдай жасалып жататын.

Қыр төсінде диқандар, ал құрылыс алаңында құрылысшылар еңбектің думанын қыздырды. Біздің өңірдің астығы, еті, басқа да азық-түлік өнімдері одақтың түкпір-түкпіріне жөнелтіліп жататын. 1975 жылдан бастап, 10 жыл бойы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары болған тұста әлеуеті төмен, оның ішінде қазақ ауылдарын біріктіру арқылы шаруашылықтар құрылды.

Осылайша облыс басшысы Василий Демиденконың жанашырлығының арқасында қазақ ауылдары да көркейіп жатты. "Өткен күнде белгі бар" деген ғой, бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздік бәріміз үшін құнды, бірақ тарих беттерін өшіріп тастай алмаймыз. Сондықтан азаттыққа дейінгі кезеңдерді де ұмытпауымыз керек. Әсіресе, абыз жасқа аяқ басқан өңіріміздің іргетасын қалау үшін қаншама азаматтар ат үстінде жүргенін бүгінгі жастардың білгені          

— Есімдері облыс тарихында қалған Ніл Болатбаев, Василий Демиденко, Еркін Әуелбеков секілді белгілі тұлғалармен қызметтес болдыңыз...

-   Иә, олар елі үшін туған азаматтар еді ғой. Еркін Нұржанұлының іскерлігіне тәнті болатынбыз. Ал Ніл Болатбаев өте кішіпейіл-тін.

Басшы бетегеден биік, жусаннан аласа болса, оған деген құрмет тіпті арта түспей ме?! Жұрттың сөзін жерге тастамайтын, талап-тілектерін түсініп, шынайы шешім шығаруды ойлайтын. Осы қасиеті оның абырой-беделін одан бетер асқақтатты. "Тура биде туған жоқ" дегендей, ақиқатты жақтайтын. Туыс-туғандарын емес, қолынан іс келетін азаматтарды қолдап-қолпаштағанын көп адамдар біледі.

Василий Демиденкомен ұзақ жылдар қызметтес болдым. Ұлтқа бөлініп, өз қандастарына бүйрегі бұрып тұрғанын көрген емеспіз. Әділ азамат еді ғой, жарықтық. Жоғарыда ауылдарды шаруашылықтарға біріктірдік дедім ғой. Егер қазақ халқына жаны ашымайтын бозөкпе болса, мұндай қадамға бармас еді. "Қызылжар" қонақүйіне ат берер кезде қарсы шыққандарға: "Ономастикалық комиссияның сөзіне құлақ аспайтын болсақ, онда таратып жіберейік, несіне даурығасыңдар", — деп күрделі мәселенің күрмеуін бір ауыз сөзбен шешкенін ұмытқан жоқпын. Адами болмыстары бөлек, тұлғалары ерекше осы азаматтар өңіріміздегі іргелі істерге ұйытқы болған еді.

-              "Жақсы бастық — жарты бақыт қой, шіркін! Өйткені, ойлы бастық ұқыпты қызметкерді адам етеді… Ұғысып істескен қызметтен тәтті тіршілік жоқ-ау тегі", -депті Бауыржан Момышұлы. Лауазымды қызмет тұтқасын ұстаған азаматтардың бәрі бірдей сенім биігінен көріне бермейді ғой.

-              Сөзіңіздің төркінін түсіндім. Елдің қамынан гөрі, жеке басын күйттейтіндер бүгінгі қоғамға ғана тән десем, өтірік болар. Әрине, ол уақытта да арам пиғылды адамдар кездесіп қалып жататын.

Ал өз басым бүгінгі ұрпақтың да, өз тұстастарымның да алдында арым таза. "Бүлінгеннен бүлдіргі алма", -деген әкемнің бір сөзі бар еді. Жекешелендіру науқаны жүріп жатқанда да белден басып, байып қалайыншы деген ойдан аулақ болдым. Міне, өзің көріп тұрғандай, зәулім ұйде тұрып, шетелдік көлік мініп жүрген жоқпын. Байлығым — балаларым, адам — ұрпағымен көрікті. Сондықтан соларға тілекшімін.

Жоғарыда қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының сөзін келтірдіңіз ғой. Қолымнан келгенше жақсы адам болуды мақсат тұттым. Сенім биігінен көріне алдым ба, жоқ па, білмеймін. Бірақ Сергеев (қазіргі Шал ақын), Тимирязев, Бескөл аудандары жаңа құрылған тұста білек сыбанып, сол жерлерде еңбек еттім. Екі ауданда да 3 жылдан астам уақыт қызмет істедім.

Жастарға ертегідей көрінуі мүмкін, бірақ ат үстінен түспейтінбіз. Сол тұста Бескөл ауылындағы екі-үш қабатты үйлерді салуға күш жұмсадық. Ауданның бас жоспарын жасадық.

 Айта берсе, атқарылған ілкімді істер көп еді. Ел басқару оңай шаруа емес. Ол тұста Қайыржан Күлетаев, Владимир Дремасов, Мейрам Едіресов, тағы басқа да азаматтардың еңбекқорлығына, іскерлігіне тәнті болып, қызмет жолымен өсуіне қол ұшын бердім. Олар да мені жерге қаратқан жоқ. Елге абыройлы, сыйлы болды, әлі күнге дейін есімдері аталып жатады.

Тимирязев ауданының, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматымын, мемлекет тарапынан берілген орден-медальдарым да жеткілікті. Бірақ азаматтың еңбегіне лайықты бағасын беретін — халық, сондықтан әлі күнге дейін ұмытпай, мәдени шараларға, үлкен жиындарға шақырып, ақыл-кеңес сұрап, құрмет көрсетіп жатады.

 Тәуелсіз елімізге ағалық ақ тілегіңіз бар шығар?

-  Егемен еліміздің болашағы, ұлт тағдыры, ұрпақ тәрбиесі ешкімді де алаңсыз қалдыра алмайды. Мен де жастардың болашағына алаңдаймын. "Қарны тойса қалғып сала бермейтін ұрпақ керек", — деген екен жерлес жазушы Ғабит Мүсірепов. Жас ұрпақ өршіл, өжет, білімді болса, біздің болашағымыз, Тәуелсіздігіміз де баянды, ғұмырлы болады ғой. Облыс орталығындағы білім беру мекемелерінің шәкірттерімен өтетін кездесулерде оларға "Кітап оқыңдар", — деймін.

"Жастар! Біз тойдан қайтып келе жатқан адамбыз, сіздер тойға бара жатқан адамсыздар", — деген екен Ғабиден Мұстафин. Сондықтан халқына пайдасын тигізер ұл-қыздарымыз көп болсын!

 

Әңгімелескен Айгүл Ысқақова, "Солтүстік Қазақстан"

 

 

Ысқақова .Ә."Азамат еңбегіне төреші — халық" // Солтүстік Қазақстан. – 2016. – 2 маусым -3 б.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий