Жақсы Жырдың Ұшқыны
Білемін, Жердің үсті кең,
Маған да мынау таң ғашық.
Атадан қалған ұшқын ем,
Ақ сәулелермен жалғасып ...
Әмина ШАЛАБАЕВА
Әмина Асқарқызы Шалабаева… Ақын жерлесіміз. Топырақтан тысқары болса, қаңтардың 10-шы жұлдызында бір ғасыр ғұмыр сүріп, 100 жасқа толар еді.
Ақын апамыз Солтүстік Қазақстан облысының Булаев (қазіргі Мағжан Жұмабаев) ауданындағы Ақмола деген ауылда дүниеге келіпті. Көзі қарақты қарттардан естуімше, бұл ауыл ертеректе жойылып кеткен екен. Расында да, тым әріге бойламағанның өзінде, өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан былай Булаев ауданында осындай ауылдың болғанын естімеппін.
Менің Әмина Асқарқызының есімін әуелі естуім — жетпісінші жылдардың соңы. Сол кездері жерлес ақын-жазушылардың шығармаларымен жан-жақты танысуға ықыласым ауып, есімдері аса көп айтыла бермейтін қаламгерлердің, әсіресе, ақындардың өлеңдеріне ден қойған едім.
Осы уақытта жақсы жырларымен көңілге көп үміт ұялатқан марқұм Ерік Асқаров Әмина Шалабаеваның інісі екенін білдім. Ерік марқұмның айтуынша, апасы оның дарынын жастай аңғарып, өзінің ағасы
Мұхаммед-Хафиздің ақ тілегімен баланы Алматыға шақыртып алып, ақындық жолға түсірген. Соның арқасында Ерік Жазушылар одағындағы үлкен жиындарды көзімен көріп, әдеби ортаға жылдам бейімделіп кеткен. Бұл ақын апасының үлкен ғибраты болғанын аңғару қиын емес.
Ғибрат дегеннен шығады, Әмина Асқарқызының ғұмырына бойласаң, оның бұған лайық екеніне көзің жетеді. Өлеңге бейімділік — оның шаңырағына Тәңір бұйыртқан қасиет. Ағасы Мұхаммед-Хафиздің де шешендік, ақындық қабілеті болғанын ел ішіндегі айтылып жүрген әңгімелерден білетінмін. Алайда, сол табиғи таланттың көзі ашылған бұлақтай ағылып, төгіліп кетуі оңай емес-ау! Бұл орайда Әмина апамыздың да басында бірталай қиындықтардың болғанын сездім. Ол он бес-он алты жастың шамасында Омбы облысының Шарбақты ауданындағы Қызылағаш ауылында ұйымдасқан бірлестікте жұмысшылардың еңбек күндерін толтыратын тәбілші болып еңбек етеді. Алайда, өлеңге, жалпы әдебиетке ыңғайы бар, оның үстіне Мағжанның жырларын толығымен жатқа білген, көптеген еркіндік үрдісіндегі өлеңдерін тәмсілдей тамсанып айтып отыратын ағасынан дарыған сезімталдығы бойына тыным таптырмайды да. Осылайша бойжеткен Әмина 1934-38 жылдары Новосібір қаласында шығып тұратын Алтай өлкелік "Қызыл ту" газетіне әріп түзетуші болып орналасады. Мұның екінші астары да бар сияқты. Ел ішіне, әсіресе, Мағжанға жақын адамдарға үркіншіліктің салмағы түскен уақытта жас ақынды, қоңыраулы адамның жырларын жаттап өскен Әминаны кеселден аман алып қалудың амалы да осы — аулаққа, құрық түспейтін тұсқа жіберу болған ғой.
Осындай уақыттың тезінен аман-есен өткен Әмина Асқарқызы Алматыға қоныс аударған соң қазақ радиосында дикторлық қызметке тұрады. Бұл — қырқыншы жылдардың соңы. Одан соң "Жаңа өмір" журналында әдеби қызметтің ауылына енеді. Оны да місе тұтпайды. Соның ыңғайымен "Жазушы" баспасына келгеннен кейін ақынның жыр-тұлпарының құлашы кеңейеді. Тұңғыш жыр жинағы "Менің қарлығашым" 1962 жылы оқырмандарға жол тартады. Өлең үйіріне тізгінді кештеу ұстап кірсе де, бойында дарын оты жанған ақын "Күн қызы", "Тау бұлағы", "Әнші қоңырау", "Менің өрнектерім", "Сайран дәурен", "Ана шырағы", "Құс жолы" сияқты үбірлі-шүбірлі бөбектердей бірнеше жыр кітаптарын жариялап үлгереді.
Менің осы мақаламда көздегенімнің бірі оқырмандарды Ә. Шалабаеваның өмірімен таныстыру болса (ол 1994 жылғы 27 тамызда Алматыда қайтыс болды — З.Ә.), екіншісі ақынның өлеңдерінің өріміне бойлату еді. Сондықтан бірнеше жинақтарын парақтап, жырларын оқи отырып айтарым:
Ә. Шалабаеваның өзіндік өрнегі бар, жүрек лүпілін ақ қағазға түсіре алатын қуаты бар. Әдетте, ақындардың көңілкүй, азаматтық лирикасы бай деп жатады. Бұл — дұрыс пікір. Бірақ ақын да адам, оның қуанышы, қайғысы, өзінің басынан өткендерді ғана жырламай, қоғамның өміріне көз салу, ондағы жақсы-жасық жағдайларды көңілге түю сыршыл ақынға тән құбылыс. Осы тұрғыдан пайымдағанда, Әмина апамыздың жинақтарынан нұсқаумен, тапсырыспен, яки дайын "рецептермен" жазылған өлеңдерін кездестірген жоқпын. Бұл қуанышты. Жылтырақсыз, жасанды суреттерсіз, әсерлі де әдемі жырлар. Бұл жаңалықты мен ашып отырған жоқпын. Оның өлеңдеріне әдебиет сыны көзі тірісінде осындай баға бергені аян.
Сөзімізді осылайша түйіндей келіп, Әмина Асқарқызының "Сайран дүние" таңдамалы жырларының жинағынан біршоғыр өлеңдерін оқырмандарға ұсынып отырмыз.
Зейнолла Әкімжанов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
// Солтүстік Қазақстан. – 2016. — 9 қаңтар. – 6 бет.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |