Жүре берсең, көре бересің, көре берсең, көне бересің... бөс, бөс, бөспебай!
Мен білер қазақ әрдайым өсіріп айтуға, көпіртіп сөйлеуге бейім, оңтайлы тұрады.Баяғыда, бала кезімде, ауылдың шалдары жиналып, сөз жарыстыратын.
— Е-е, біздер не көрмедік, қайда бармадық?! Көктерек, Мектеп, Жаңажол Жаңаталап түгіл со-о-нау-у жер түбіндегі Марьевканың өзінде үш-төрт дүркін болғанбыз.
— Иә, иә, — деп, қалғандары бастарын шұлғитын.
Ал солардың әңгімесін тыңдап отырған мен Еділ бойынан жер ауып келген жүгірмек, таңғалатынмын апырай, мына шалдардың айтып отырған ауылдары таяқтастам жердегі аңғал-саңғал мекендер. Марьевка дегені, көп болса, жиырма бес шақырым маңайындағы аудан орталығы. Соны дабырлатпай-ақ, сол қашықтықты неге дәл айтпасқа деп, неміс басыммен аң-таң болатынмын.
Енді бірде сол шалдар тақырға шыққан арамшөптей сирек сақалдарына, жас шамаларын айғақтайтын
— Ой, Алла-ай, алпысты да алқымдап қалдық-ау!
— Алпысың не? Мына біздер, мәселен алпыстың алтауына да жетіп отырмыз ғой.
— Ой, тәйірі! Өз басым жетпістің жетеуіне қалай келгенімді аңғармай да қалдым.
Ал ауылдық дәрігер ("першыл", "лөктір", "белгір") менің әкемнің тізімінде сол шалдарың бар болғаны елудің ар жақ, бер жағында болатын. Демек, қазіргі менен әжептәуір жас.
Есейе келе, жалпы асыра сөйлеу қазақтың бір ерекшелігі екеніне көз жеткіздім. Бұл- ұлттық менталитет. Бұған қазақтың ауыз әдебиеті, мақал-мәтелдері дәлел бола алады.
Поликлиникада үш атақты жазушы дәрігерге кезегін күтіп даурығып сөйлеп отыр.
— Менің инфаргім ғаламат ауыр инфаркт болды. "Глубокий!".
— "Глубокийің" не?! Менікі тіпті орасан. "Широкий!".
— Ту-у! Айтады екенсің! — деді үшіншісі тыжырынып. — "Широкий", "глубокий" дегендерің инфаркт болып па?! Инфаркт деп менікін айт!
— Е, сіздікі қайсысы еді?! — деп, алғашқы екеу жиырыла қалды.
— Ойбой, менікі деген, сіздерге айтайын, "глубокий" мен "широкийдің" көкесі ғой.
— Ондай да бар ма еді?
Болғанда қандай! Обширныйдың обширныйы!" Ал оны аз десеңдер, инсульт деген бәлесі тағы бар.
— Құдай сақтасын! — деп, анау екеуі жым болды.
Өзіміздің Жазушылар одағының бүгінде 600 мүшесі болса, соның кемі үштен бірі — кілең ұлылар, ақиықтар, біртуарлар, кемеңгерлер, данышпандар, бірегей саңлақтар, тұлпар, тарлан, қырандар, сұңқарлар, шаппай бер, озықтар, асқарлар.
"Адамзаттың Айтматовы!"
"Шығыстың Шерханы!"
"Әлемнің Әбдіжәмілі!"
Пай-пай! Уах! Жаса-жаса!
Тіпті: "Дүние дүлдүлі Дүкенбай" деп енді біреуі шыға келсе де, таңғалатын түріміз жоқ.
Мен білетін бір Бальзак бар еді, сөйтсек, тек Қазақстанның өзінен үш Бальзак шықты. Жасырақ кезімде Сәбеңді (Сәбит Мұқановты) Бальзак деуші едік. Кейінірек менің құрдасым, мамандығы француз тілі, марқұм Рамазан (Тоқтаров) Бальзак болды. Соңғы бірер жылдан бері газет бетінде Бальзак болып менің досым Дүкеш орнығып алды.
Ал не дейсің?! Не дерің бар ма? Бөс, бөс, бөсербай! Сілте! Дүңкілдет! Күпілдет! Дүрілдет! Аңқылдат! Саңқылдат! Бұрқылдат! Жарқылдат! Содан май шықса...
...Әлқисса, инфаркт пен инсульт деп аталатын қияметтің қыл көпірінен өтіп, аман қалғандаймын. Тағдыр: "Әзірше жүре тұр", — деп, қайырымдылық жасағандай. Бірақ түсінемін, қатаң ескерту жасап, шарт қойған сыңайлы. Шарты: "Күн сайын еңбектен, қаламнан қолың босамасын, шалтай-балтайды қой". Жазған басым соған иланып, содан бері шамамша қыбырлап-жыбырлап жүрмін. "Жұмысты қойған күні ай-шайға қаратпай, аяғыңды көктен келтіріп, жұлып аламын", — деп ескертеді Жаратқан Ием.
"Денкихь ан Дойчланд ин дер Нахт..." — "Ұйқысыз түнде Германиямды ойласам...". Генрих Гейненің тамаша өлеңдерінің бірі осылай басталады.
Өз елінің шынайы азаматымын деп есептейтін қай-қайсымыз да осы тектес өлең жолдарын өз ішімізде үнемі болмаса да, жиі айтатын болармыз. Тек "Германия" сөзінің орнында Қазақстан тұрар.
Иә, Қазақстан туралы, оның өткені, қазіргісі, болашағы туралы осы күні, тіпті, қатты ойланам.
Қазақстанда мен 60 жылдан бері, бүкіл өмір бойы десеңіз де болады, тұрып келемін. Бұл елді "Менің Қазақстаным" деуге әбден хақым бар деп ойлаймын.
"Елу жылда ел жаңа" дейтін қазақ мәтелінің терең шындығын растай аламын Мен соған куәгермін.
Уақыт желі біздің бейбіт үйіміздің іргесін ырғап, шаңырағын шайқап тұр. Ол уйдің ішінде не болып, не қойып жатқаны ешқайсымызды да бейтарап қалдырмаса керек. Ал оның ішінде жақсы да, жаман да болып жатыр. Оның ішінде қуаныш та, қасірет те бар. Үміттендіретін де, күдік ойлататын да жай-жағдаяттың бәрі соның ішінде.
Суреткер парызы — осы туралы ашық та адал сөйлеу.
Ақындар (жазушылар) әрқилы белгілеріне қарай әртүрлі категорияға бөлінеді. Соның ішінде қарғыбаулы, қарғыбаусыз ақындар деп те жіктеледі. Қарғыбаулы ақындар қазақ әдебиетінде көп (олар басқа әдебиетте де аз емес). Қарғыбаусыз ақындар- аздың ішіндегі сирегі.
АҚЫЛ МЕН БІЛІМ
Бұрынғы би-болыстарда білім аздау болған, бірақ ақыл мол.
Қазіргі елдің игі жақсыларында азын-аулақ білім бар сыңайлы, есесіне ақыл жағы, ай, кемдеу-ау...
Ақыл болмаған соң, профессор, академик дипломдарын өне бойына қат-қабат жапсыра береді, жапсыра береді, ал ісі бір оңбайды.
Сонда қайтпек керек? Ақыл жоқ жерде білім қауқарсыз. Ақылсыз — бишара. Елді аздырып, тоздыратын да солар.
ӘДЕБИЕТ ТӨҢІРЕГІНДЕ
Қазақ прозасында мықты деп марапатталып жүрген шығармалардың біразы — өлі бұйым.
Ой, Алла-ай, мен білетін кейбір жазушылар кітаптарын оқырман үшін емес, сыйлық алу үшін жазатын болып жүр. Әдебиеттің өлген тұсы да-осы.
(Мұнар тау кітабынан алынды).
Жүре берсең, көре бересің, көре берсең, көне бересің… бөс, бөс, бөспебай (Мұнар тау кітабынан алынды).// Солтүстік Қазақстан. – 2016. — 2 ақпан 4– 5б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |