Уақыт тынысын таныған ақын
Ақын да — өз дәуірінің, өз заманының, өз уақытының перзенті. Өзегін жарып шыққан өлеңдерінде ақыноқырманымен сырласады, мұңдасады, үндеседі. Осытұрғыдан келгендеақынЕсләмЗікібаевты бұрын жақын араласып, біргеқатар жүрмеген адамныңда танып-білуіөміршеңөлеңдері арқылы мүмкінболмақ. Солтүстік өңірінде сонауҚожаберген жырау, Сегізсері, Біржансал, Шалақындардан тамыр тартқан, кешегіМағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов, Ермек Қонарбаев, т.б. жалғастырған ақындық, жазушылық өнердің көш-керуенінде алашқа аты белгілі ақын, аудармашы Есләм Зікібаевтың да қалдырған ізі сайрап жатыр.
Ақынның 70 жылдық мерейтойы қарсаңында (2006 жылы) жарық көрген «Армандай ғұмыр» атты өлеңдер мен толғаулар кітабына атақты ақын Тұманбай Молдағалиев «Самала жырдың шебері» деп алғысөз жазған екен. Есләм жырларына кезінде абыз ақын Әбділда Тәжібаевтың назары ауғанын айтады.
«Есләм жырлары — елдікті, еркіндікті, парасатты мадақтайтын терең мазмұнды, текті жырлар. Мен оны бұрын да оқып жүретінмін. Осы жолы көбірек зерттеп оқыдым. Ол маған ертеден шапса кешке озған жүйрікті де, ой көтерген от ауызды, жалын көкіректі терең қарияны да елестетті», — дейді Тұманбай ақын. Кітап алғысөзінде: «Ол өз туындыларында туған елге, өскен жерге деген шынайы махаббатын паш етеді», — делінген.
Кезінде Сәбит Мұқанов «Тұрғының, үйің, көшең бәрі қымбат, Жеткенше тіл бояуы сені сырлап, Қызылжар, қымбат қалам, біткенше өмір, Ең ыстық махаббатпен жүрем жырлап!» — деген. Ал Есләм ақын: «Көкірегімді сырға да, жырға да орар, Сезімімді сергітіп нұрға малар. Сарыарқаның төсінде төрдей биік, Қызылжар дейтін ғажап бір қала бар», — деп тебіренген. Ал осы Қызылжар деген қала тек ақындардың арманы болып қала бермек пе?! Қиялдағы қала ма бұл! Ата-бабамыз аманаттап кеткен Қызылжар деген атауды айта алмай, тәуелсіздік алған жылдарымызда жалтақтап, жәутеңдеп, кісі қабағына қарап күн кешкеніміз қалай бұл?! Ақынның сөзі Алаштың үні еді ғой! Ақынымыздың азаматтық дауысы айқын, ашық, асқақ. Ендеше біз қашанға дейін күмілжиміз, күбірлейміз, күлбілтелейміз?!.. Мұны сіздер де құптайсыздар деп ойлаймын.
АлматыдағыС.МұқановпенҒ.Мүсіреповтіңәдеби-мемориалдықмузейкешеніқызметкерлерімұрағатақтарып, мерзімдібаспасөзденжинастырыпСәбитМұқановқаарналғанөлеңдерді«КәдімгіСәбең» (2008) жәнеҒабитМүсіреповкеарналғанжырларды«ҒажайыпҒабең» (2012) дегенатпенқұрастырыпшығардық. Сәбеңе де, Ғабеңе де 100-ден астам ақын өлеңдерін арнаған екен. Солардың ішінде Есләм Зікібаев та бар. Есләм ағамыз Мағжанға да, Сәбеңе де, Ғабеңе де бір емес, бірнеше өлең арнаған. Туған жерінің ұлы тұлғаларына тағзым осылай болса керек деп түсіндік.
«Қожаберген, Шал ақын, Мағжан, Сәбит, Туып-өскен бесікте тербелгенмін», деп өзі жазғандай, ол туған жерінен ұлы тұлғаларын бөліп қарамайды. «Айдынындай шалқыған теңізінің, Сибан-Керей — десеңдер негізі кім. Қазағымның көгінде жарқыраған Сәбит, Ғабит — қос жұлдыз, егіз ұғым!» — деп өмірлері де, шығармашылық жолдары да егіз өрілген қос алыптың қазақ әдебиетінің көгінде қос жұлдыз болып жарқырап жанып тұрғаны даусыз екендігін мойындатады. Бұл арнау жырлардың кейбірі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, қазақ әдебиетінің қос классигінің 100 жылдық мерейтойларын егемен еліміз ЮНЕСКО шешімімен жоғары деңгейде атап өткен жылдарда жазылғанын да ескерейік. Сондай-ақ, Мағжанға, Мұхтар Әуезовке, Евней Букетовке, Әлі қарттың авторына (Жақан Сыздықовқа), Герольд Бельгерге, т.б. жыр арнап отырып ақын сыр бөліседі, елінің мұңын мұңдаған, жоғын жоқтаған ерлері жайлы толғанады.
Ақын айтады:
Дүниеге ер де келді, ез келді,
Бар болған соң бәрін соның көз көрді.
Көрмеді тек, көргенінен өлгені
Артық еді, Ана тілден безгенді.
Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр өтсе де, әлі күнге ана тілін — қазақ тілін білмейтін, білгісі келмейтін мәңгүрт ұрпақ өсіріп жатқанымызға жаныңыз ауыра ма, жоқ па?! Әсіресе, қаланың қаратаяқтары бұрынғы әуендерінен жаңылар емес. Атақты ақынның, жазушының, ғалымның жазған классикалық шағармаларын өз тілінде оқи алмайтын немерелері, шөберелері, шөпшектері арамшөптей қаулап өсіп жатқаны шошынтады. Қорқытады. Бұл ойдан шығарылған ертегі емес. Бұл-жанайқай!
Ақын айтады:
Пырақ мініп қусақ та ойды қандай,
Жетпек түгіл, жанаспай қойдық, Алла-ай!
Бір ғаламат туса ғой дүниеге
Аждаһа-ашкөздікті қойдырардай,
Көңілді де, көзді де тойдырардай.
Егемен ел болғалы еңсе тіктеп, өз жерімізде алшаң басып жүреміз бе десек, аждаһа -ашкөздік бәрін жалмап жеп жатыр. Жемқорлықпен күресіп жатырмыз дейміз, жығылған, жойылған жемқорлық жоқ. Көзі де, көңілі де тойымсыз ашкөздерге не дауа бар? Ақын осындай сауал тастайды, осындай дертті көрсетеді, қашанғы шерді қозғайды. Жемқорлардың жемсауында бар байлығымыз, жиған-тергеніміз, ата-бабамыздан қалған мұрамыз жұтылып, жойылып бара жатқан жоқ па?! Міне, сауалдың үлкені! Бұл-ашынудан туған айыптау өлең!
Ақын айтады: Қайыспайтын нарың түсті саудаға, Қасиетті кәрің түсті саудаға. Дарын түсті, арың түсті саудаға, Барың түсті, нәрің түсті саудаға. Сарбаздарың қамал алар кімге еріп, Мәз боламыз жер басқанға күн көріп. Ел намысын, ер намысын саудалап. Сатқандаймыз, жатқандаймыз күнде өліп!
Ақынның кешегі айтқан сөзінің салмағы бүгін ауырлап барады. Бәрі сатылса… ең соңында ұлан-ғайыр жерің сатылса, жеріңнің астындағы, үстіндегі байлығың сатылса, сатылғанда да су тегін арзанға кетсе, қайтарып ала алмастай біржолата кетсе, жүген ұстап қалсаң… өз жеріңде өзің құл боласың, сонда сен кім боласың?! Тірі өліксің! Бұл — өзегі жалын өлеңмен жеткізілген ар сотының үкімі!
Ақын айтады:
Иманы түгіл, жоғалтқандар көп ибаны,
Оны ұғып жатқан жан жоғы жанды қинады.
Өздері шықпай,
Мұндалап тұрған биікті
Шығамын деген басқаға тағы қимады.
Бұл енді мына тынымсыз тіршілікте айналасына қарап, жақсы мен жаманды, қайырым мен қастандықты, бауырмалдық пен тасжүректікті ақыл таразысынан өткізіп отырған абыз қарияның сөзіндей. Иманын жоғалтқандарды үйірге қосамыз ба деп жүргенде, қарапайым иба, әдеп, ұят атаулыдан айрылғандар көбейіп бара жатқанына сіз де күйінесіз, сіз де бас шайқайсыз. Бірақ ақын көпке топырақ шашпайды. Бәлкім, бұлар бірен-саран шығар, тәубеме келейін деп ой тұжырымдайды.
Есләм Зікібаевтың жүрегі ауырып отырып жазған жырларынан бірер шумақтарды ғана мысалға келтірдім. Әйтпесе, ақын махаббатты да, сұлулықты да, жарасымдылықты да жырларына арқау еткен. Анау айтқандай, образға оранып тұр бәрі десем, артықтау болар. Алайда, ақынның азаматтық үні заманның зарын, кезеңнің кесапатын, мезгілдің мысықтабан мінезін дөп басып аңғарудан, оқырманымен шер тарқата сыр бөлісуінен де білінеді. Ол туған жерін, туған елін қалай сүйсе, елі мен жерінің бүгіні мен ертеңіне, болашағына да соншалықты алаңдап өткен ақын. Перзент парызы деген, бәлкім, осы шығар.
Әділғазы Қайырбеков,
ақын, филология ғылымдарының кандидаты,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты,
Алматыдағы С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің
Қайырбеков. Ә.Уақыт тынысын таныған ақын //Солтүстік Қазақстан. – 7 маусым. – 2016. – 4 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |