Сегіз қырлы бір сырлы тұлға еді
Қазақтың көрнекті ақыны, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Жезқазған, Сәтбаев, Көкшетау қалаларының, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, даңқты жерлесіміз Кәкімбек Салықов тірі болса 85 жасқа толар еді.
Кәкімбек Салықов 1932 жылғы 22 қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Шал ақын ауданындағы Еңбек ауылында туған, ал балалық шағы қазіргі Айыртау ауданындағы әйгілі Сырымбетте өтіпті.
Ол жастайынан өлең мен жырға, ән мен күйге құмар болып өсті.
Бұл қасиет оған сол өскен ортасынан дарыған. Ол жайында ақын 2003 жылғы 25 маусымда "Егемен Қазақстанда" жариялаған "Үкілі Ыбырай" атты мақаласында былай деп жазады:
"Көкшенің сал-серілер мектебі дегенде Біржан, Ақан, Ыбырай қатар аталады. Мен ата жағынан Ақан серіге жақындаумын, ал бала кезімде, әсіресе, соғыс жылдары нағашым Қожағали Бәкібаевтің қолында, қазіргі
Үкілі Ыбырай ауылында өстім.
Үкілі Ыбырай бабамыздың аталас немересі, өзіне тартып туған көкшетаулық әйгілі ақын Мұса Асайынов - менің туған бөлем.
Ол Үкілі Ыбырай бабасының көптеген өлеңдерін айнытпай айтып беріп, хатқа түсіріп кетті.
Мұсаның ықпалы маған да тиді. Бұрынғы "Өскен" колхозы, осы күнгі Үкілі Ыбырай ауылы маған етене ыстық.
Оған қоса әкемнің немере ағасы, Үкілі Ыбырайдың төл шәкірті, Қазақстанның халық ақыны Молдахмет Тырбиев - бізге бала жастан Үкілі Ыбырайдың әндерін жасырын түрде үйрете берді.
Себебі, ол кезде Үкілі Ыбырайдың аты аталмайтын, "Түбінде керек болады, кімнің әні екенін артынан білерсіңдер, рахметтеріңді айта жүресіңдер" -дейтін".
Осындай ортада өсіп есейген Кәкімбек бала күнінен құлағына сіңіп, көкірегінде жатталып қалған ән әуендерін өмір бойы есінде ұстады.
Кейін ол Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың ақындық, сазгерлік, әншілік қасиеттерін тани біліп, сол қасиеттерге ие болып, өзінің құдіретті де сырлы, әсем де нәзік жырларын шығарды.
Поэзия әлеміне осылай келген Кәкімбек жырлары туған халқын бірден баурап алды.
Ол бір сұхбатында: "Өлең менің де бала кезімнен басыма қонған құт.
9-шы класта оқып жүргенде шығарманы өлеңмен жазғаным әлі есімде", — депті.
Мен Кәкімбекпен 1954 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінде оқып жүргенде таныстым. Ол сол жылы Мәскеудегі түсті металл және алтын институтының үшінші курсын тамамдап, Жезқазған облысындағы Текелі руднигіне практикаға баруға шыққан екен. Соған барар жолда Алматыға соғып, демалысының біраз уақытын сонда өткізді. Алматыда оқып жүрген бір топ солтүстікқазақстандық және көкшетаулық жерлес студенттермен кездесіп, өзінің бірнеше өлеңдерімен таныстырды. Әлі есімде, ол бізге өзінің "Ақ қайың" атты өлеңін оқып, сол өлеңіне шығарған әнін де нақышына келтіріп, биязы қоңыр дауысымен айтып берді. Өлең де, ән де бәрімізге үлкен әсер етті. Кейін бұл өлең ақынның 1995 жылы шыққан "Аққу жеткен" атты жыр жинағында жарияланды.
Бұдан соң Кәкімбек Жезқазғанда тау-кен инженері болып жұмыс атқарды. Ол қатардағы инженерден бастап, шахта бастығы, шахта парткомының хатшысы, Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы, Жезқазған облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне дейін көтерілді.
Осы жылдары Кәкімбектің өлеңдері республикалық газеттерде жарияланып тұрды. Жас ақын осылай кеншілік пен ақындықты тең ұстады. Бұған оның мына өлең жолдары куә бола алады:
Кеншіліктен ақындығым нашар ма?
Әлде, ақындық кеншіліктен нашар ма?
Екі ана, екі әке, қос жұмыс
О, табиғат! Менен жүгің қашар ма?!
Мен дайынмын, сен үйе бер қос арба,
Шынымды айтып тағы да сыр ашам да.
Мен өлеңге бала жастан ғашықпын,
Кенші болдым өмір жолын ашарда.
Кәкімбек өлеңдерінде басқа ақындарда кездеспейтін тың көріністер мен теңеулер өте көп және олар өзіміз күнде көріп жүрген айналадағы табиғат пен өмірден алынған. Мысалы, оның "Туған жер" атты өлеңіндегі мына шумаққа көңіл аударайықшы:
Исініп тұрса кер бие құлыншағына,
Қарашы тентек құлынның ұрыншағына.
Бие сауған келіншекті иіскейді,
Ерні тиіп қос бұрым тұлымшағына.
"Ұқсастық" деген өлеңінде мынадай тамаша жолдар бар:
Құшақтап жердің бетін, күмбезді аспан,
Жайдары жылы жүзін күн бізге ашқан.
Кәдімгі көп балалы семьядай
Көрінер кейде маған жұлдызды аспан.
Ақын өлеңдерінің "Сыр" атты тұңғыш жинағында-ақ ол өз жолымен жүретінін және өзінің тек ақын ғана емес, кенші-ақын екенін көрсетеді.
Бәлкім, мен жаңа ағынмын
Пәс ырғаққа көнбейтін.
Жүректе лаулап жалыным
Дер кезім өрге өрлейтін.
Үлпікер балғын тілімнің
Жоқ екі-ұшты астары
Кенші ақын жырымның
Тұңғыш перде ашқаны, -
деп ағынан жарылады жас ақын.
Жаным мәртен, жырым кен құйылатын
Таза сақтау ақындық биік атын
Қай өреге жетсем де, туған елім
Тәңірім, сенсің құрметтеп сыйынатын - деп басталады Кәкімбектің бір өлеңі. Меніңше, оның бүкіл болмысы осы бір шумаққа сыйып тұрғандай.
Кәкімбектің "Сыр" жинағына кірген "Гәкку", "Дала" поэмалары ел құлағын елең еткізді. Мысалы, патриоттық сезімге толы "Дала" атты поэмасында мынадай тамаша жолдар бар:
Сұлу Көкше, ол Алатау арасы
Бәрі тұтас қазақтың кең даласы.
Сонша жерді сойылымен қорғаған
Балаларым осал емес шамасы.
Сұлу дала, сағымың құт желкенсің,
Сарыарқадай жер төресі еркемсің.
Қандай жақсы қазақ болып туғаным!
Тұған жер! Тамашасың, көркемсің.
Жезқазғаннан кейін Кәкімбек Салықов он жылдай КПСС Орталық комитетінде инспектор, бес жыл Өзбекстанның Қарақалпақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Содан кейін бұрынғы Одақтың Жоғарғы Кеңесінің Экология комитетінің төрағасы болып сайланды. Бұл қызметтердің барлығын да зор абыроймен атқарды.
Ол қашан, қайда қызметте жүрсе де шығармашылық жұмысын ешбір тоқтатқан жоқ. 1973 жылы оның "Жезкиік" өлеңдер жинағы шықты. Әсіресе, ондағы "Жезкиік атты өлеңі қалың жұртты баурап алды. Осы өлеңнен мына шумақтарды оқып көрейікші:
Жезқанат, күміс бауыр киік көрдім,
Дәруі сол ма дерсің күйік шердің.
Жез марал жүреді екен арасында
Қаптаған батпақтағы киіктердің.
Жезкиік біздің жаққа қалай келдің?
Жолымды тіке кесіп, жанай бердің.
Адамның көздеріндей екі көзің,
Япырмай, дәтім шыдап қалай көрдім.
Сұлуды адам жаны қимайды екен,
Беймезгіл еске түсіп қинайды екен,
Жезкиік сені аңсаған кездерімде
Мен мына кең далаға сыймай кетем.
Бұл өлеңді алғаш оқығанда ақиық ақын Сырбай Мәуленов былай деп жазыпты:
"Өзі Москвада жатса да, оның (Кәкімбектің - Қ. М.) жазған "Жезкиігі" желдей заулап алдымызды орағытты. Өн бойына тыныстай мөлдір лиризм құйылған "Жезкиік" өлеңі Кәкімбек поэзиясының бүкіл болмысындай сезіледі де тұрады маған.
Көлемі шағын, алаң аясы тар кішкене өлеңде қаншама сурет, қаншама сыршылдық, қаншама ой жатыр. Бұл - оның поэзиясының алыс сапарға жасқана жалтақтап аттаған "Жезкиігі".
Қазақ музыкасының дүлдүлі Нұрғиса Тілендиев пен жезқазғандық композитор Жақсыкелді Сейілов ақынның "Жезкиік" өлеңін сұлу сазға айналдырды. "Жезкиік" әні тек Қазақстанда ғана шырқалмай, бүкіл әлемді шарлап кетті.
Кәкімбек ақын туған жер туралы, оған деген сағыныш туралы бірталай өлеңдер жазды. Соның ішінде елден алыста Мәскеуде қызметте жүргенде елді сағынып жазған "Аңсау" деген өлеңі халыққа белгілі ән болып кетті. Өлеңнің бастапқы шумағын келтірейін:
Шөліркеген далаға, жаңбырлы бұлт болар ма ем,
Піскен кезде мол егін, диқан болып орар ма ем.
Қайтқан құстар барады Еділдетіп Оралмен
Елге жетіп қалар ма ем, ере кетіп солармен
Міне, осы бір шумақтың өзінде ақынның елге деген сағынышы әрі қамқорлығы тамаша көрсетілген.
Кәкімбектің өлеңдерінің ерекше қасиетінің бірі олардың тамаша ұйқастығы және әсерлі ән мен әуенге лайықты болуы.
Оның өлеңдерінің осы қасиетіне қызыққан көптеген қазақ композиторлары оларға музыка жазып, ән шығарды. Нұрғиса Тілендиев, Жақсыкелді Сейілов, Ескендір Хасанғалиев, Әсет Бейсеуов, Кенжебек Күмісбаев, Еркеғали Рахмадиев, Жағыпар Әлімханов, Шәміл Әбілтаевты ерекше атап етуге болады.
Жалпы Кәкімбектің өлеңдеріне алпыстан астам композитор 500-дей ән шығарыпты. Олар барлық қазақ халқына, оның ішінде шетелдерде тұратын қазақтарға да белгілі екенін, оларды барлық жұрттың зор ықыласпен тыңдап, ой-сезімдерін оятып, тамаша ләззат алғанын айтсақ, артық емес.
Кәкімбектің өзі де өлеңнің сөзін жазумен қатар, әнін де шығарған. Мысалы, ол - "Аққу жеткен", "Ақ қайың", "Аққу сенім" сияқты өзінің нәзіктігімен, саздылығымен халық сүйіспеншілігіне бөленіп, ел арасында жиі айтылып жүрген отыз шақты әндердің авторы.
Кәкімбек нағыз сегіз қырлы, бір сырлы ақын. Ол жүздеген, мыңдаған өлеңдерге қоса патриоттық сезімдерге толы отыздан астам лирикалық поэма жазды.
Олардың қатарында "Аққу мен ару", Домбыра", "Гәкку", "Дала", "Қырандар", "Ұрпақ сыры", "Еңлік гүл", "Отырар сазы", "Жезкиік", "Тәттімбет", "Эдельвейс" деген дастандарының орны бөлек.
Ақын Кәкімбек көптеген сонеттердің де авторы. Ол 2001 жылы "Сонеттер. Сонеттен тігілген гүл-тәждер" атты кітап та шығарды. Кәкімбекте не көп, әртүрлі тақырып көп. Олардың бәрін талдап айтуды газет беті көтермейді. Сондықтан кейбіреуін тек атап өтейін. Мысалы, қазақтың абзал азаматтары Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Ілияс Омаров, Бәйкен Әшімов, Қаныш Сәтбаев, Евней Бөкетовке арналған өлеңдері мен поэмалары, жастар мен қарттарға арнаулары, құда-құдағи, құдаша, балдыз, бажаларға арналған әзіл-қалжыңы мол күлдіргі өлеңдері бар.
Жалпы, ақынның елуден астам өлеңдер жинағы, отыздан астам ғылыми-публицистикалық мақалалары, 8 аударма жинағы жарыққа шықты. 2009 жылы шығармаларының 10 томдығы басылып шықты.
Біздің Кәкімбекпен достығымыз сонау 1954 жылдан басталып, оның өмірінің соңына дейін жалғасты. Сол жылдар ішінде біз талай рет кездесіп, әңгімелесіп, пікірлесіп жүрдік. Ол маған өзінің жиырмадан астам кітабын сыйлады. Олардың көбінде ізгі тілегін білдірген қолтаңбалары бар. 2012 жылғы қыркүйекте менің 80 жасқа толған мерейтойыма қатысып, өлеңмен құттықтады. Сол өлеңнің екі шумағы мынадай:
Қайролла, досым-құрдасым,
Сексенге жеттің, алқынбай.
Жасай бер толық бір ғасыр,
Жеңер деп қарттық тартынбай.
Ақ тілек айтсам көп болмас,
Әр таңда Алла қолдасын,
Құтты болсын, 80 жас
Ақсақалдық берік орнасын!
Соңғы рет 2013 жылдың 1 қазаны күні Кәкең Астанадан телефон шалып, менің жаңа шыққан "Мағжанның ізімен" деген кітабыма жылы лебізін білдіріп, құттықтап еді және сол күні менің немерем Олжастан өзінің жаңа шыққан "Астана - елдің ажары" атты Астанаға арналған өлеңдер, толғаулар және әндер жинағын беріп жіберіпті. Оған: "Қайролла! Ақ тілекпен сыйға тарттым. Алла жар болсын!" деп жазыпты.
Өкініштісі, Кәкең сол жылы 27 қарашада дүние салды. Амал қанша? Оның қазасы бүкіл қазақ халқына ауыр тиді. Бірақ тағдырға қарсы тұра алмайсың. Ендігі біздің парызымыз - оның артында қалған мол шығармашылық мұрасын терең зерттеп, халыққа, әсіресе, жастарға таныстыру, насихаттау. Ол бәріміздің есімізде мәңгі сақталады.
Қайролла Мұқанов, білім беру саласының ардагері,мәдениет қайраткері.
Мұқанов.Қ.Сегіз қырлы бір сырлы тұлға еді. // Солтүстік Қазақстан. – 19 қаңтар . – 2017. – 4 -5 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |