Орны бөлек еді

Уақытта тоқтау жоқ. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, қарымды қаламгер, белгілі қайраткер, арлы азамат, танымал тұлға, жерлесіміз ГерольдБельгердің өмірден озғанына да бір жылдың жүзі болып қалды. Бұл, әсіресе, қазақ үшін ауыр қайғы болды. Өйткені, орыс жерінде дүние есігін ашқан ұлты неміс жеті жасар Г. Бельер Екінші дүниежүзілік соғыс басталған жылы отбасымен бірге Қазақстанға жер аударылып, шалғайдағы шағын қазақ ауылынан пана тапқан, ұлтымыздың бел баласына айналып кеткен азамат еді.

Ол осында  қазақ мектебінің табалдырығынан аттады, алғаш рет әліппені қолына алды. Қазақтың тілі мен діліне ден қойды, ыстық мекенге деген махаббатын ешқандай сөндірген жоқ аялап өтті.Соңғы рет кездесіп әңгімелескенімізде: "Дәрігерлер менің жүрегімнің жиырма пайызы ғана істеп тұр, — дейді. — Бірнеше рет өліп-тірілдім. Балалық, жастық шағым өткен ауыл жаққа барып-ақ қайтқым келеді. Бірақденсаулық жібермей  тұр", — деп еді.

Өзінің жазған-сызғандарынан білетініміз — ол өмірдің тақсіретін бір кісідей тартты. Жоқшылықты, аштықты көрді, еркін жүріп-тұра алмаған кездері болды, талай рет жолы кесіліп, құқығы шектелді, осылай бала жүрекұлтқа қарап алалаудың, кемсітушіліктің не екенін ерте сезді. Бірақ ол жасыған жоқ, өмір жолында кездескен қиындықтарды жеңе жүріп, жоғары білім алды, жақсы азамат болыл қалыптасты, шығармашылық қызметте де биік белестерді бағындырды. Оқырмандарға татымды дуниелер сыйлады. Бельгерді бүкіл ел білетін болды. Соның өзінде біз "Бельгер деген кім?", "Бельгер қандай адам?" деп бір-бірімізден сұрап жүрдік. Осының өзі-ақ оның күрделі тұлға екенін, қазақ қоғамындағы құбылыс екенін аңғартады.

Енді біздің арамызда Герольд Карлович жоқ. Ол қазаққа несімен қымбат? Бұл сауалға қысқа қайырып жауап беру қиын. Ол бала кезінен бойына сіңген қазаққа деген құрметін жүрек төрінде сақтап өтті. Қазақ елінің өзіне жасаған жақсылығын бір сәт те есінен шығарған жоқ.

Сол сүйіспеншілікті шығармаларына арқау етті. Еңбектерінде ауыл адамдары, қазақ тағдыры жайлы ой толғады. Дәл Герольд Карловичтей қазақты көп жазған, қазақтың мәселесін көп қорғаған басқа қаламгерді таба алмайсыз. Бір сөзінде: "Менің шығармаларымда ойдан құралған оқиға жоқтың қасы", — депті. Ол рас, кейіпкерлерінің көпшілігі өмірде болған адамдар. Қызылжар өңірінде де Бельгердің кейіпкерлерінің арасынан өздерін танып жататындар аз емес.

 Оның басқалардан ерекшелігі көп еді. Неміс, орыс тілдерін қаншалықты жетік меңгерсе, қазақ тілінде де сол дәрежеде сөйлей де, жаза да білді. Ол сөзімен де, ісімен де басқалардан биік тұрды. Жағымпаздықты жаны сүймейтінін жасырмайтын, жалтақтауды, жарамсақтануды білмейтін. Көзі жұмылғанша барды бар, жоқты жоқ дейтін әдетінен танған жоқ. Әрдайым қоғамда болып жатқан өзгерістерге сын көзбен қарап, ойын ашық білдіріп отырды. Сонысымен кейбіреулерге жақпай да қалған шығар-ау?

Ол өле-өлгенше қазақтың муддесін қорғаумен болды. Олардың өздері айта алмаған сөздерді айтты. Өзінің қарашаңырағында берген соңғы сұхбатында да: "Қазақ өзінің ұлттық қасиеттерін жоғалтпаса екен. Америкалық, неміс немесе француз болуға тырыспаса екен. Ұлттық қасиеттерін мүмкіндігінше сақтап, оны әрі қарай жаңғыртса екен. Мен қазаққа қаратып сын айтсам, жанашыр көңілден айтамын. Көптің бірі болып қалмай, қанатын еркін жайса екен деймін. Қазақтың оянатын кезі келді", -деген сөздерді қайталай беріп еді.

Оның орны бөлек еді. Ендігі жерде оның орны үңірейіп тұрары, соңында қайғы жұтып, қара жамылып қалған қалың оқырманының да, айтылмаған сөздің де жетімдік көрері анық.

 

Жарасбай Сүлейменов, Қазақстан Жазушылар одағы Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының  директоры.

 

  Сүлейменов.Ж.Орны бөлек еді // Солтүстік Қазақстан. – 2ақпан — 2016. — 4 б.

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий