Бірегей тұлға

Герольд Бельгерді білгелі жетпіс төрт жылдың жүзі болыпты. Оның отбасы Ұлы Отан соғысы басталған 1941 жылы Волга жағалауынан біздің елге Солтүстік Қазақстан облысындағы қазіргі Шал ақын ауданының Қабайтұяқ ауылына қоныс аударды.
Сонда Гера мектеп жасына жаңа толған қаршадай сары бала еді. Әкесі Карл фельдшер болып жұмыс істеді. Бүкіл бір ауылдағы жалғыз неміс отбасы болды. 7 жасар Гера сол төңіректегі жалғыз қазақ орта мектебінде білім алды.

Мың шақырымдық ұзақ жол алғашқы қадамнан басталады. Герольд Бельгердің бүгінгі ел таныған азаматтық тұлғасы ең алғаш сол қазақ мектебінде шыңдалды. Оқуға ынталы болды. Қаймағы бұзылмаған ауылда таза қазақи тәрбие алды. Ұлтымыздың салт-дәстүрін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, кеңлейілді болу, достыққа адалдық, уәдеге беріктік таныту сынды қасиеттерді тал бойына сіңіріп өсті.

"Адам болатын бала бесігінде ұмтылады, ат болатын құлын желіде тұрып жұлқынады" дегендей, сұңғыла Гера сөз парқын білетін көнекөз қарияларға үйір болды, ауыл ақсақалдары айтқан шешендік сөздерді құлағына құйып, жадында сақтады. Неміс ұлтының  қанына сіңген тиянақтылық пен еңбек сүйгіштік қайран бабаларымыздың арды ойлаған игі дәстүрімен біте қайнасып, бірегей тұлғаны сомдап шығарды.

Ол Әбдіжәміл Нұрпейісовтың, Зейнолла Қабдоловтың, Дүкенбай Досжановтың тілі құнарлы көркем туындыларын орыс тіліне аударды, Асқар Сүлейменов, Зейнолла Серікқалиев сынды арыстармен пікірлес болып, ой бөлісті. Иә, "жасында байқары бардың, есейгенде айтары бар". Өзінің қажымай-талмай ізденуінің, мол білімінің арқасында белгілі жазушы, шебер аудармашы, сарабдал сыншы, зерттеуші, қара қылды қақ жарып, турасын айтатын аузы дуалы қоғам қайраткері дәрежесіне көтеріліп, шырқау шыңға шықты, абырой-даңққа бөленді. 

Г. Бельгер Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Президенттің "Бейбітшілік және келісім" сыйлығының иегері, Қазақстанға алғаш табан тіреген қарыс жері қасиетті, сүйем жері сүйкімді Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атанды.

Хамит Біржанов, еңбек ардагері.Алматы қаласы.

Біржанов.Х.Бірегей тұлға// Солтүстік Қазақстан. – 2 ақпан -2016. — 5 б.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий