Ой тамшылары
Қазақтардың болашағы бар ма?-деп сұрама. Одан да мынаған жауап бар: "Адамзатта болашақ бар ма?". Егер адамзат аман болса, иншалла, қазақ та сау-саламат бола бермек.
Қазақтарға америкалық, ағылшын, неміс, француз болу тіпті де шарт емес. Оларға қазақтығын сақтай білу маңызды. Өзіңді жоғалтқанмен, өзге бола алмайсың. Сталин ұрыларды былай жіктеген: "үйге кіретін ұры" және "үйден шығатын ұры". Соңғысы мейлінше қауіпті.
Қазақстанда ұрылардың осы түрі белең алулы.
Орташаның бәрі ыңғайлы, бірақ нәрі шамалы. Жүрекжұтты еңбек, табиғи дарын, шынайы, біртума игіліктер қашан да қағыс қала бермек.
Қазақтың заң іспетті мәтелінің бірі: "Тоғыз бермей, он ала алмайсың". Қазірде парақорлардың қолжаулығына айналған оның өңі "Алақанға тоғыз салмай, онды ешкім бермейді" боп өзгерген.
Бізде, Қазақстанда ұры бола жүріп те зиялы ретінде көзге түсуге болады деп пайымдайды біреулер.
Алайда, бұл-барып тұрған адасу.
Маған еркіндік хақында II Екатеринаның тұжырымы ұнайды. Ол: "Еркіндік заңға кереғар емес нәрсенің бәрін жасайтын мүмкіндіктің болуы",-дейді.
Кімнің ұры екенін қалай білеміз?
Кімде-кім көп алып, аз берсе, ұры сол.
Қазақ байғұс көз ашқалы кілең өткінші кезеңге тап болады да жүреді. "Реформалардың" қыспағына қайта-қайта түсе берген қазақ қайтіп оңар?
Мен білетін қазақ дозақта да: "И-и-и, Алла, бергеніңе шүкір", -деп отыра береді.
Қазақ қалжыңға оңтайлы тұрады. Сонысымен де өміршең.
Отан деген не?
Егер сенде өткенің, бүгінгің және болашағың бар мекен болса, Отан — сол. Бүгінгі шақпен, тек бүгінгі күнмен өмір сүру бұл өз Отаныңда емес, бөтен елде ғұмыр кешу болмақ.
Қысқасы, кімде Отан болса, соны халық деу орынды.
Жаратылысынан жайдары, мейірбан, қарапайым, кейде тіпті аузын ашса көмекейі көрінетін аңғалдау да бола тұра, қазақтардың өздерін қумын деп ойлайтыны және соған өздері имандай сенетін осалдығы бар.
Мұны жетістікке балайды. Шынында да,қазақтардың жұрттың бәрін болмаса да, көбін сан соқтыра алатыны тапассыз. Оның үстіне қулықтарының тайыз, дәрменсіз, парықсыз жақтары да жетеді. Айтпақшы, немістердің қулығының да оңып тұрғаны шамалы, дөрекі, қауқарсыз. Тіпті, қазақтардан да анайы, тұрпайы.
Ал енді қулыққа жөнсіз бой ұра берудің залалы да жоқ емес. Ұдайы қусыну ақылды тежейді. Ақыл мен қулықтың ата-анасы бөлек. Қулықтың әкесі — зұлымдық.
Ақылдың анасы — даналық.
Ертеден таныс бір қазақ айтады: "Аса қауіпті қазақ — қазақтарды тонап жатқан қазақ", — деп.
Мемлекеттік шенеуніктердің көбі неліктен мемлекеттік тілде сөйлемейді? Себебі, өзге тілде өтірін айту ыңғайлырақ.
Еліктеймін деушілерге таптырмас үлгі: академиялық орыс тіл сөздігінің бірін жасауға А.Х.Востоков (Остен) қырық жыл, И.И. Срезневский қырық үш жыл, В.И. Даль елу үш жыл уақыт жұмсады. Біздің қазақтар 31 томдық сөздікті бір жылда домбаздай салды.
Басы ашық бір жай: Орыс ат-тұрманын ұзақ ерттеп, алысқа шабады.
Қазақ ат құлағында ойнайды, бірақ бір орыннан жылжымайды. Неміс ұлудай жорғаласа да, міндетті түрде мақсатына жетеді.
Бұрынғы хан-билерде білім аздау болған, бірақ ақыл мол.
Қазіргі елдің игі жақсыларында азын-аулақ білім бар сыңайлы, есесіне ақыл жағы кемдеу-ау.
Ақыл болмаған соң кейбіреу профессор, академик дипломдарын жинай береді, ал ісі бір оңбайды.
Сонда қайтпек керек? Ақылға жүгіну керек. Ақыл жоқ жерде білім қауқарсыз.
— Сендер де қызықсыңдар! — деп ағынан жарылыпты бір парақор тергеу комиссиясының алдында.
— Енді беріп жатса, қалай алмайсың?
Ұят қой! Өкпелейді ғой!
— Иә, иә, — дел бастарын шұлғыпты тергеу комиссиясының мушелері. — Бұл заманда алу қиын емес, алмау қиын
Бельгер.Г. Ой тамшылары //Қызылжар нұры. — 2014 .- 24 қазан. – 8 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |