Менің бір дертім –қазақтың тілі мен ділі мәдениет

Ол тағдырға лағынет айтып, босқа жыланбай, көргенді әке-шешесінің қазақтар алдындағы абырой-беделі арқасында бұла өсті. Мектепте оқуға деген құштарлық танытып, сыныптастарын талайын қазақ тілінен жер қаптырып жүрген оны ауыл адамдары еркелетіп сол кезде-ақ «оқымысты», «білгір бала», кейде қысқартып <<Білгір>> атандырып жіберді. Ал, Бельгер кезде-ақ ақтауға тырысыпты, мектепті алтын медальмен аяқтап шықты.

 Талмай іздену, ерінбей еңбектену арқасында қазақ, орыс, неміс тілдерінің қыры мен сырын меңгерген оның соншалықты бейнеткерлігіне қалай қызықпассың?Герекеңнің жазушылығын танығаннан бері, орысша, қазақша жазған еңбектерін қалт жібермеуге тырысамын.

Осыдан бірер жыл бұрын Герольд Бельгердің қазақ ақындар айтысы туралы шынайы да сыни пікір білдіргені бар еді. Сонда ол қазақы дарақылығымызға салынып, атына заты сай емес айтыскерлерді асыра қолпаштап, жөнсіз аспандатып тастайтынымызды, ал, жазба ақындарымыз көп ретте мұндай құрметтен тыс қалатынын ашық білдірген. Гера ағайдың мұнысына кәдімгідей шамданып калғандар да табылды. Алайда, көптің көкейінде жүрген ащы шындық емес пе еді ол?!

Жалпы, біз оны дұрыс танып, біліп болдық па? Оның жазушылық дарынына шақ сыяпат көрсете алдық па деген ой мені соңғы кезде жиі мазалайды. Қолына қалам ұстағаннан бері Қазақстан, халықтар достығы деп шырылдап жүрген «біздің Білгір» атанған Герольдқа екінің біріне беріліп жатқан құрметті атақтардың бірін қимай келеміз. Зерделей қарар болсақ, оның мемлекеттік сыйлыққа татыр дүниелері жетерлік қой.

Бүгінде жетпіске келген оның көп мерейтойының бірін неге балалық шағы өткен жерде дүркіретіп өткізіп бермейміз? Әлде ұлты неміс болғандықтан мұндай құрметке лайық емес пе? Қайдағы бір Ресей әртістеріне мыңдап доллар шашып, өңшең даңғазаны көтермелеп есіртіп жүрген елдегі Атымтай жомарттар әлде кітап оқымай ма, Бельгердей белді жазушыны танымай ма?

Рас, біз білетін Герольд атақ-абырой қуатын шақтан өткен салиқалы азамат. Ол бүгіндері көпшіліктің жоғын жоқтап, барын бадырайтып көрсетіп жүрген қаламы өткір тілді бейбіт жазушы. Қазақстанның көрнекті әдебиет кайраткерлерінің бірі. Бастысы — ол өз бағасын өзі біледі, өз жүгін өзі сезеді. Сондықтан да ол әрқашан өзін ірі ұстайды, кесек сөйлейді. Оған мысал оның «Ана тілі» газетіне «Жол-жөнекей жазбалар» деген атпен жарық көрген шағын ойлар тұжырымы. Қысқа да болса нұсқа жазылған жазушының әсем ойларына терең бойлаған адамның қайсысы болсын, жазушы Герольдтің шындықты шырылдатып айтатын орақ тіліне риза болады. Рас, оның бұл толғам-пікірлері билікке жақын жүргендерге ұнай қоймас. Себебі, Бельгер әлдебіреуге жағу үшін жауырды жаба тоқымайды, оны жарқыратып жарыққа, халық алдына шығарады, қоғамдағы кесір кеселдерді көп болып жою үшін жазады.   

Қысқарта айтар болсақ, ненің болса да дер кезінде бағасын алғаны абзал ғой. Әділ бағаңды алу үшін өлу міндет емес шығар. Тиісті құрметіңді тіріңде алғанға не жетсін!

 

Тындырғаны мен тьндырары мол оны біз көтермелеп сыйламасақ, оны неміс елі де өз ұлым деп бауырына басып, төбесіне көтере қоймас. Себебі, ол өзінің саналы өмірін біздің жерде, біздің елде өткізіп, еңбек етіп келеді емес пе? Сондай-ақ, Герекеңнің-ақ орыс тілінде жазылған еңбектері неше жерден аспандап кетсе де, оны «айналайын» деп орыс та басынан сипап  еркелете қоймасы ақиқат. Есін біліп, етегін жиған күннен Қазақстанды елім, Отаным деп талмай қайталаумен жүрген Бельгерді алақанға біз салмасақ, кім оны сүйіп, кім  оны өз төріне шығарады.

 9....Әкемнің күнделігінен: «1941 жылы 11 қыркүйек күні таңнан бізді Плес (Ресей Еділ бойы) стансасынан пойызбен аттандырып жіберді, ал 17 қыркүйек күні Қазақстанда, Мамлютка стансасына жетіп алдық, яғни жолда бар болғаны 6-ақ күн жүрдік».

10.Жағасын тоғайлар көмкерген Есілдің оң жағалауыңдағы шағын қазақ ауылы менің адам болып қалыптасуымда, жалпы бүкіл тағдырымда үлкен рөл атқарды. Балалығымның, бозбалашағымнын, жастығымныңең жақсыда жарқын, таза да мөлдір, асқақ та игі сәттері осы туған ауылыммен тығыз байланысты.

Ол туралы мен талай жазғам.

Ауыл, Есіл, «Тас өткел», қайың ормандары, өзен бойын жағалай тұтасқан тоғай, кең дапа — шын мәнінде де менің шыққан жерім, менің кіші Отанымның ғажайып көріністері.

Адамдары керемет болатын.

Ауылым аяулы еді.

Тамаша қазақ орта мектебі болды.

Педагогтары талантты-тын.

 Менің әкем — фельдшерлік-акушерлік бөлімшенің меңгерушісі — қызмет еткен Көктерек, Жаңа жол, Жаңа талап, Қаратал, Алқа ағаш, Мектеп, Өрнек ауылдарының аты менің құлағымда әлі күнге ән әуеніндей естіледі.

 Қазақ мектебіне мен 1944 жылы бірден екінші сыныпқа бардым. Орысша, немісше мүдірмей оқитынмын, арифметиканы төртінші сынып денгейінде білетінмін, ал қазақ тілі маған қиын тиді. Немісше көмеймен сөйлейтін мен қазаққа тән ә, і, ң, у, ұ, ө, қ әріптерін үйрене алмай қойдым. Дегенмен, ІV-V сыныптарда қазақ құрбыларымнан қалыспайтын болып алдым, тіпті жазуға келгенде олардан сауаттырақ болған сияқтымын.

Мектепті 1953 жылы бітірдім. Шамам жетіп тұрса да, өкінішке орай, медаль ала алмадым.

11.Ауылдағы шалдар мені «жел аяқ» деп атап кетті. Салмағым жеп-жеңіл, арық, бойым ұзын еді, екі қолымды бейне бір ауада қалықтап жүргендей екі жаққа жіберіп, серіппедей секіретінмін, онымен қоймай, ұшып бара жатып екі-үш қадам жасап үлгеретінмін. Калықтап жүгіруден мен сирек кездесетін ләззат алатынмын. Ауыл иттері мені қуып жете алмайтын.

Ерғали ата кейіннен «көз тиді» деді.

Мен он екі жасымда аяқтан қалдым. Бірақ бұл жерде «көздің» еш қатысы жоқ. Жазда шауып бара жатқан аттан екі рет құлап, аяғымды қатты ауыртып алдым. Қазақтар сияқты атқа тік те нық отыруды мініп күйі үйрене алмай кеттім. Сосын балық аулап жүріп, нөсердің астында қалдым. Қос өкпеден суық тиді. Бір жыл бойы көкжөтел «көкемді танытты ». Осының бәрі жамбас туберкулезіне әкеп соқты...

Мен ара-тұра болған аз үзілістерді есептемегенде 28 жыл бойы балдақпен жүрдім...

Кейіннен сол бишара, қисайған аяқтың өзін көктайғақта құлап сындырып алдым...

Қырық жасымда, осы аяқтан біржолата жатып қалғанымда, Әбдіжәміл Нұрпейісов мені Алматы тубинститутына апарып, оның басшылығын маған кезектен тыс операция жасауға көндірді. Дайындыққа, операцияға, емдеуге — бәріне бір жылдай уақыт кетті, бірақ жамбас сүйегімді алдырып тастағаннан кейін мен жанға батқан аурудан құтылып, жаңа өмірге қадам басқандай болдым...

15.Ал мен негізінен шатып-бұтып өлең де жазғам. Қазақ тілінде. Шамамен 7 сыныптан бастап. Оным енді әуестік болатын. Тіпті еркін тақырыптардағы мектеп шығармаларын да мен өлең түрінде жазатынмын. Шамасы былай боп келеді:

Келді көктем. Келді көктем.

Қуанышпен көптен күткен.

Күн жылынып. Қарлар еріп.

Гүрілдеп, тулап, ақты өзен,

Кейде америкалық империализмді де сынға алатынмын:

Құтырынып қарақшылар,

 АҚШ-тағы өңшең сұмдар,

 Жаймақ бізге улы торын.

Қорықпаймыз олардан біз.

Оларды біз жеңеміз!..

Институттың бірінші курсында-ақ мен өзімнің шатпақтарымның бекер азаптанған ақымақшылық екенін анық түсіндім.

Содан жастықтың бұл ауруынан бірден әрі түбегейлі арылдым. Өзімді де, басқапарды да азапқа салуды қойып кеттім. Үзілді кесілді.

20.Мені қазақ журналының («Жұлдыз») проза бөліміне әдеби қызметкер етіп қабылдады. Басында үйренісе алмай жүрдім. Бөтен ортада жүргендей сезіндім. Тіл білімі мен әдістемесі жайына қалды.

Бірақ, мен мұнда кімдермен таныстым десеңізші! Қазақ әдебиетінің нағыз шоқжұлдыздары Мұқанов, Мүсірепов, Мұстафин, Әбу Сәрсенбаев, Ахтанов, Шаңғытбаев, Қабдолов… Замандастарымның жаңа толқыны — Қ.Мырза Әли, С.Жиенбаев, С.Асанов, С.Мұратбеков, Ә.Кекілбаев, К.Ысқақов, А.Сүлейменов, З.Серікқалиев, Ә.Тарази, Р.Тоқтаров, Х.Нәжімеденов, Е.Домбаев, Д.Досжанов, О.Сәрсенбаев — өжет те талантты, қалыптасқан, білімді, оқыған жас саңлақтар. Олар мені өздерінің шулы орталарына жылы қабылдады… Өмірде дәм мен мән пайда болды...

 

26....1992 жылдың желтоқсанында маған Президенттік Бейбітшілік пен рухани келісім сыйлығы берілді. №1 диплом Мехлис Сулейменовке, №2-Дмитрий Федорович Снегинге, №3 — маған бұйырды. «Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың мәдениеті мен тарихи дәстүрлеріне деген құрметті қалыптастыратын терең публицистикалық туындылары үшін» деп жазылыпты.

Ал екі жылдан кейін ел Президенті маған «Парасат» орденін берді. Мен өз көзіме өзім сенбедім: №1

Таңғаларлық жағдай: Қазақстанның «Парасат» орденінің бірінші нөмірі маған, бұрынғы арнайы жер аударылған (спецпереселенец) адамға тиеді. Мұны естіген әкем тіптен көзіне жас алды...

 

 

 

 

28. Менің тағы бір жанға батар дертім — қазақтың тілі, қазақтың мәдениеті, қазақтың ділі. Бар қазақилыққа мен бала кезімнен бойладым, қазақилықпен менің қаным мен жаным сусындаған. Дәл осы арада мен немқұрайлылық, жайбарақаттық, алаңсыздық таныта алмаймын. Кейде мен өзімнің қазақ емес екенімді ұмытып кетем. Кейбіреулердің оны менің есіме салып қоятыны бар.

Ресей немістерінің қасіретті тағдырын білем, ішкі жағымнан әрбір клеткам арқылы сезіне отырып, мен оны еріксізден қазақтардың тағдырымен қатар қойып, салыстырамын. Сөйтіп, көптеген ұқсас, ортақ нәрселер табам, оның ішіндегі кейбірі сергек қарауды керек етеді. Айталық, мысалы, маған соғыс жылдарындағы, соғыстан кейінгі жылдардағы мен білетін қазақтар мейірімділеу, шынайылау, жомарттау, анағұрлым ашықтау болғандай көрінеді. Жаппы,қазақтарда көптеген жақсы адами қасиеттер көп, оларды басқалар ғана емес, қазақтардың өздері де байқай бермейді. Бұл қасиеттер қазақтың тілінде, тарихында, ауыз әдебиетінде, әндері мен күйлерінде сақталған. Жүз жыл ішіндегі дауылды, қасіретті, бейбіт те жорықты өмірінде қазақтарда ұлттық ділдің аса бай әрі мықты қоры жинақталды, менің ойымша, күнәсі мен қызығы мол осынау өмірде оны ұзақ та мәнді әрі мазмұнды тағдыр күтіп тұрған секілді. Иншалла! Әрдайым солай болсын! Екінші жағынан, мен қазақтардың  ежелгі тектілігінен ажырап бара жатқандығын да байқаймын. Ол қазақтардың туған тілге деген салдыр-салақ көзқарасынан, әртүрлі белгілер бойынша халықтың бөлінуінен, ата-баба аманатын жете құрметтемеуінен, «мамбетизм» деп аталатынның бәріне жоғарыдан қарауынан, жатқа, опасызға, үстірт, кездейсоққа әсіре еліктеуінен, бәрімен бірдей болып, ешкімнен кем қалмаудан туған тілегінен көрінеді. Дей тұрғанмен, мен үнемі айтып та жазып та жүрмін: қазақтарға америкалық, ағылшын, француз, тіпті орыс болуға да ұмтылудың қажеті жоқ, ең бастысы — қазақ болып қалу керек, өз бойындағы қазақтықты сақтай білуі керек. Қазақтығыңнан жеріндің бе — басқа да бола алмайсың, өзіңді де мәңгіге жоғалтасың. Туған тіліңнен, тарихыңнан, мәдениетіңнен, діліңнен айырыласың. Өзің үшін де, ұрпағың үшін де, әлемдік өркениет алдында да «ешкімге» айналасың.

Мен осыған сенем. Бірақ, менің сенімім — өкінішке орай — бәрінің бірдей көзін жеткізіп отырған жоқ.

Осы мені қапаландырады.

Менің жан дүниемде казақтың үні айбарлы әрі айқын естіледі. Бұл үнсіз мен өзімді, Абайша айтқанда, толық адам деп есептемеймін. Өмірдің бар қалтарысында қазақтар сөзсіз менің сенімді тұғырым болды. Қорғаным, арашашыларым, жарылқаушыларым болды.

Өмір бойы мен үш мәдениеттің түйіскен торабында өмір сүріп, жұмыс істеп, солардың ортақ тамырларын тауып келемін. Арасын байланыстыратын буын болуға тырысып келем, дей тұрғанмен, қолдау мен зейінді, түсіністікті ең алдымен қазақтардан тауып жүрмін.

Білем, біреулерге мұным ұнамайды да, бірақ шыны сол. Мен мұны мақтаныш етем.

29. 1994 жыпы 18 мамырда 84 жасында Ташкент қаласында менің анам Анна Давыдовна Бельгер қайтыс болды. Қайғылы хабар мені есеңгіретіп тастады...

Мен ол кезде ҚР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болатынмын. Республика Жоғарғы Кеңесінің төрағасы Әбіш Кекілбаев Шымкент облысының әкіміне хабарласып, ол мені — Рая екеумізді күтіп алып, үш машинамен езі Ташкентке жеткізді. 0 жақта да барлық жағдайды қарастырып, маған екі аудан әкімін таныстырды. Ал олар біздің отбасылық қайғымызға ортақтасып, бірге көтерісті, жерлеу, басқа да кәделерді үлкен шеберлікпен ұйымдастырып берді.

Бір көзім жететіні: Анамның рухы риза. Лайық бола тұрса да, ол мұндай құрметті, мұндай көңілді, әрине, күткен жоқ.

Қазақтар басқаның кайғысына өте сезімтал әрі жаны ашығыш. Ол ешқашан ұмытылмайды...       

«Автобиографиялық кескіндемелер» кітабынан. 2004 ж.

Амантай Арықбаев Павлодар қаласы

Арықбаев. А. Менің бір дертім –қазақтың тілі мен ділі мәдениет// Ана тілі. – 2004. -28 қазан .- 6- 7б.

 

 

 

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий