Мен қазақсыз жүре алмаймын

Бір-бірімізді ежелден дос санап, сол шынайы адами қасиетті күні бүгінгі дейін қадірлеп-қастерлеп келе жатқан бұл адам жайлы жазу мен үшін бір жағынан жеңіл болса, бір жағынан өзіндік салмақ салатындай ауыр саналады. Жеңіл дейтінім, — онымен балалық шағымыз бірге өткендіктен ол жайлы көрген-білгенімді ой орамынан өткізсем жеткілікті ғой деп өзіме сенім артамын. Бірақ, солай ойлай тұра күдіктенемін. Себебі, ол осал адам емес қой! Мұндай тағдыры сан қилы, көрген бейнеті кез-келгенді мұңайтатын, соған қарамастан тамаша тұстары қабаттасып, таңқалдыратын адам жайлы толық пайымдап, жеріне жеткізе жаза алар ма екенмін деп жүрексінесің.

Ол — қазақтың бел баласы болып кеткен жазушы-публицист, басқа да көптеген шығармашылық жанрлардың майталман шебері Герольд Бельгер. Кеше қазақ ауылының дәм-тұзын татып өскен ардақты азамат бүгінде жетпіске толып отыр. Бұған қарап "Білінбей өтіп жатыр уақыт жылжып" деп Сегіз сері айтқандай, уақыт ешкімге, еш нәрсеге бағынышты еместігіне тағы бір көз жеткізесің.

Осыдан дәл жиырма жыл бұрын менің Герольд Бельгер жайлы "Үш тілді бірдей емген" деген мақалам газет бетінде жарияланғанда жұрттың арасында елең еткендер болды, әрине. "Үш жұрттың тілін білген адам басқадан үш кез биік тұрады" дейді ғой халық даналығы. Сол биіктігінен Герольд әсте төмендеп көрген емес. Тілдер жайлы ол кейін "Неміс тілі, қазақ тілі және орыс тілі жүрек жырының үш қылы іспетті. Оларды бірінші, екінші, үшінші деп бөлмеймін Ол тілдер Мен үшін өсіп тұрған ағаштың сыбдыры, тамыры, бұтақтары сияқты бір-бірімен үндесіп, тұтасып кеткен. Бірінсіз бірінің күні жоқ, үш қосақ"...

Ата-анасы еркелетіп "Гера" дейтіндіктен біз де солай атап кеткен сол бауырымыз 1934 жылы 28 қазан күні Еділдің бойындағы Саратов облысының Энгельс қаласында дүниеге келіпті. Бұл жерге сол кезде Неміс автономиялық республикасы орналасқан. Оның әкесі — Карл Федоровичтің әскери фельдшер мамандығы бар жан.

1941 жыл. Соғыс. Ресейдегі кішігірім халықтарды жер аудару науқаны басталған кез бұл Еділ бойындағы немістер Қазақстанға көшіріле басталды. Соның ішінде Бельгерлердің отбасы Еділден біздің Есілге келіп жетті. Сөйтіп Энгельс қаласынан Ленин ауылына қоныс тепті. Әрине, туған жерден күштеп қуылу кімге де болсын қасірет саналатыны белгілі. Гера сол қиындықтың шет жағасын кейін әдеби шығармаларына арқау етті.
— Мен ол кезде небары жеті жаста болатынмын,- дейді Гера. — Сол қара түнек күндер менің жадымда мәңгілікке сақталып қалды. Сол жайлы арада жиырма жыл өткен соң "Перед далью" деген повесімде жаздым. Ол кезде жер аудару деген сөздерді айтуға бола ма …Біз болсақ әлі мектепке бармаған балауса жаста едік, Шекелеріміз жалтыраған қара домалақ балалардың арасына бір сары бала келіп қосылды. Көп өтпей-ақ ол арамызға сіңісіп кетті. Сол кезде біз оның неміс екеніне, қайдан келгеніне де мән бермеппіз. Соғыстың қызып, қайнаған кезі.

Дүниенің бар ауыртпалық, таршылығын көтеріп жатқандар біздің апаларымыз бен аналарымыз. Біз болсақ ойын баласы емеспіз бе? Есілдің мөлдір салқын суына шомылып, балығын аулап, иілгіш талды ат қылып мініп, асыр салдық. Гера болса әрдайым бізбен бірге. Оның мектепке барғанға дейін тіл үйренуіне біздің орта алдымен өз ықпалын тигізген шығар. Себебі, ол кезде балабақша дегенің мүлдем болмайтын.

Соғыстың аты — соғыс қой. Сол жылдары ауылға аяқ-қолдарынан айырылғандар немесе басқалай да ауыр жарақат алғандар оралып, келіп жатты. Біраз үйге қайғылы хабар жазылған "қара қағаз" келді. Шын мәнінде ел тұрмысы жүдеу еді, халық содан да күйзелді. Тамаққа қоса киім де тапшы болса, не шара! Дегенмен адамдар жеңістің болатынына үміттенді, содан да қиыншылыққа мойымады. Біз сол соғыстың ауыр жылдары ауыл мектебінің табалдырығын аттадық. Бұл 43-тің күзітін Гера да бізбен бірге, бірақ тілді дұрыс білмейтіндіктен болар, кешігіңкіреп барды. Солай десек те, ол қазақша тәп-тәуір білетін, мүдірмей сөйлейтін. Бұл да болса осы сары баланың алғырлығына қоса зеректігінен, әке-шешесінің тәрбиесінен болар. Не керек, Гера алғашқы сәттен оқуын жақсы оқыды, көп кешікпей-ақ біздің біразымызды артқа тастап, алға өрледі. Тіпті бастауыш сыныпты орталаған тұста 2-ші сыныптан 4- ші сыныпқа бір-ақ секірді. Сол кезде педагогикалық тәжірибеде мұндай құбылыс дарынды балалар үшін болатын. Сөйтіп мектеп табалдырығын бір жылы бірге аттаған парталас досымыз кейін оны бізден бұрын бітірді. Жай да емес, үздік, алтын медальмен бітірді.

Бірақ, жер аударылған немістің баласы деп сол кездегі солақай саясат ұстанғандар оған медальді бергізбеді. Оны алудың сәті ол үшін 40 жылдан кейін барып бір-ақ түсті. Абырой болғанда, әлгі медаль облыстық оқу бөлімінің темір жәшігінің түбінде шаң басқан күйі сақталган екен. Иә, жазықсыз жандарды осылай қорлау кімнің де болмасын жүрегін жаралайтыны сөзсіз.

Осыған орай тағы бір жәйтке тоқталайын. Біздің жоғары сыныпта оқып жүрген кезіміз. Жаңа жыл Қаңтар айы. Каникул кезі. Біз жәй жатпай, спорт жарыстарына қатысамыз. Оның ең таңдаулысы — шаңғы. Одан озып шығатындар белгілі. Гера, Төкен, Ерғазы және мен. Гера арықша келген, ұзын бойлы, тынысы кең, содан да тез шаршауды білмейді. Сондықтан көбіне бірінші болып келеді. Міне, сондай жарыстардың бірінде Гера алдымен келіп, сол терлеген күйі көп тұрып қалады. Содан бір аяғына, сіңіріне зақым келеді. Дәрігер әкесі олай да, былай да ем жолдарын Қолданып, жаза алмайды. Қақаған қыс емес пе, басқа жерге апарып емдеуге елден шыға алмайды.

Екіншіден, мұндай жер аударылып келген адамдарға ауылдан, ауданнан асып, облыс орталығына бару үшін тиісті жерден (комендатурадан) арнайы рұқсат керек. Ал, оны ондағылар оңайлықпен бере қойса, жарайды. Сөйтіп, Гера қашан тәуір болып кеткенше балдақпен жүрді.

Гера мектепті менен бір жыл бұрын бітірсе де, жоғары оқу орнына біз бір жылы бардық. Бұл жолы да оның жер ауып келгендігі бетіне басылды ма, білмеймін ол оқуға түсе алмады.

Кейін заман түзелді, адамдарды ұлтына бөліп, жазықсыз қорлау жойылды. Олай болса кешегі Герамыздың елге танымал азамат, неміс-қазақтың көрнекті жазушысы болуының себебі жайлы да білдірейін. Ол оқушы кезінің өзінде кітапты жата-жастана көп оқитын. Мектеп кітапханасының қоры мардымсыз болғандықтан оған кітапты әкесі Карл Федорович апта сайын аудандық кітапханадан әкелетін.

Әрине, оның зерделі ойлы жазушы, алқалаған азамат болып қалыптасуына үлес қосқан өзінің ұстаздары екенін бүгінде ол мақтанышпен айтады, мақтанышпен жазады. Алғашқы ұстазы Күлшара Қасымова, мектеп директоры Шияп Садықов, Ахметжан Қалиахметов, Сәден Байбатыров, Қалау Тайжанов, Мария Петровна Егорова, Жылгелді Мұқанов және т.б. ұстаздарын күні бүгінге дейін есінен бір сәт шығарған емес.

Гера Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық институтқа оқуға түскенде мен Қарағандының педагогикалық институтына түстім. Сол тұста екеуіміздің ара-қатынасымыз 5-6 жылға үзілді. Ал, мұның өзі жас өмірімізге өзіндік із салды, өзгерістер қалдырды. Гераға келсем, ол оқу бітіріп, үйленді, оңтүстіктегі бір ауылға жан жары Раямен бірге мұғалім болып орналасады. Аспирантураға түседі. Одан кейін Алматыға қайтып оралып, "Жұлдыз" журналына әдеби қызметкер және Жазушылар одағында аудармашылық қызметпен айналысады. Содан кейін жолым түсе қалса Гераға соқпай, кездеспей, тілдеспей кете алмайтын болдым. Бұл жерде оның кәсіби деңгейінің биіктігі, мінезінің кеңдігі, саяси белсенділігі, парасаттылығы оны басқалардан даралап тұратын. Әсіресе, мен үшін оның мінезі ерекше. Аса кішіпейіл, қарапайым, баламен балаша, үлкенмен үлкенше тіл табысып, сөйлесе алатын. Мәдениетті жан. Ол аз болса, Гераның орыспен-орысша, қазақпен-қазақша, неміспен-немісше сөйлесе алатындығын білдірсем, оның кім, қандай адам екені түсінікті болмай ма? Үш тілде сөйлесе тұра ол оларды шатастырмай, әр тілдің тазалығын сақтай біледі. Мәселен, Бельгерлер өз үйінде өзара тек қана немісше сөйлесетін. Ал Мектепте Гера қазақша сөйлесті.

Гераның өз аузынан мына бір естігенімді сол қалпы келтіре кетейін "… Абайдың Семей қаласында өтетін мерейтойына баратын делегация құрамында болдым. Ашық алаң, мыңдаған халық. Салтанатты жиынның ашылуы да, жабылуы да орыс тілінде өтті. Мінбеге шығып сөйлеген қазақтардың өздері орысша сайрап жатыр. Абай тойы өтіп жатқанда Абай тілінде сөйлеген бір жан болмады. Сөз маған берілді, қазақша сөйледім. Абай мен Гетенің үндестігі жөнінде де айттым. Сөз соңында халық ду ете түсті. Мені мінбеден қалай көтеріп алып кеткенін байқамай да қалдым..."

Біздің Ленин ауылында неміс отбасы Бельгерлерден басқа бірнеше орыс шаңырағы түтін түтетті. Олардың балаларының бәрі де қазақша оқыды. Ал көршілес Көктерек ауылында Шаловтар отбасы тұрды. Отағасы Анатолий Федорович Ұлы Отан соғысына қатысқан, кейін түрлі лауазымды қызметтер атқарған, ел-жұртқа сыйлы адам. Ол кейін Апматы қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарып жүргенде қайтыс болды.

Айтайын дегенім, бір келгенімде Гераға:
— Маған Шаловты тауып берші, -деп өтіндім.
— Ғалеке, қазір, — деп ол телефонды қолға алды. Әлден кейін. — Алло, бұл кім екен? — деді Гера қазақша. — Іздегенім сіз едіңіз. Ел жақтан туыстарыңыз келіп отыр. Сізбен жолыққылары келеді...
— Олар қай жерден? — дейді арғы жақтан Анатолий Федорович та қазақша.
— Ленин ауылынан. Сіз мектепке барған ауылдан.
— Аттары кімдер екен?-
— Ғалым Қадіралин және Қайролла Мұқанов.
— Қадіралинді білем, әкесін көрдім. Ал ана кісіні біліңкіремей тұрғаным. Оларды мына адреспен жібер. Қарсы алайын, — деп телефон құлағын қойған.
— Гера саған көп рахмет,- дедім мен сол жолы шын ниетіммен. Олай болатын жөні де бар еді. Себебі, мені неміс пен орыстың қазақша сөйлегендері қайран қалдырды. Осы екі азаматтың қазақ тілін өздерінің ана тіліндей меңгергендері, қадірлегендері мені қатты сүйсінтті. Бұл өзі сирек кездесетін құбылыс емес пе?!

Гераның тырнақалды шығармаларының бірі — "Тас өткел" атты кітабы. Бұл кітап мен үшін де өте құнды дүние. Ленин ауылы мен Жаңажол ауылдарының арасы шамамен 7 шақырымдай. Оларды Есіл өзені бөліп тұр. Міне, сол екі ел қатынасатын жолдың Есіл түйісетін жерінде кезінде тайыз өткел болатын. Одан атты да, жаяу да, машина да өте беретін. Ол "Тас өткел" деп аталатын. Кейін осы өткел су қоймасы жасалғаннан кейін тереңдел кетті. Гера осы өткел жайлы жаза отырып, оған ерке Еслдің Мөлдір суын, тамаша табиғатын, тас өткелдің күнге шағылысып жатқан жып-жылтыр тастарын, ауылының ардақты азаматтарын арқау еткен. Иә, осы тас өткел Гераның өзі өсіп-өнген» ауылға апаратын алғашқы өткелі, өмір бойына сағыныш болып қалатын, көз алдына сақталатын қасиетті жер екені сөзсіз әрине!

Гераның әке-шешесі мен туысқандары да менің есімде. Әкесі — Карл Федорович ат жақты, қыр мұрынды, ұзын бойлы адам болатын. Мінезі адамды өзіне баурап алардай жұмсақ еді. Дәрігер болғандықтан ба оның шипалы алақанын ауырған жеріңе дөп тигізетін қасиеті бар болатын. Ауылдың кәрі-жасына, апа-әжелеріне жасаған көмегінде шек жоқ. Ал бұл жерде оның үнемі жанынан табылатын нағыз көмекшісі оның жұбайы Анна Давидовна болды. Бұл кісілер 1200 қазақ баласының кіндік әкесі, кіндік шешесі атанғандарын айтса олардың сіңірген еңбектері қандай екені бесенеден белгілі болмай ма?

Олардың балаларының арасында біз үшін бірге өскен Гераның жөні бір бөлек. Ал қыздары — Әльма, Альма, Розаларға келсек, олар да қазақ мектебінде оқыды.

Жалпы, Карл Бельгердің халықты емдеу саласында ғана емес, мектеп өміріне қатысты, жас жеткіншектерге тәлім-тәрбие беру ісінде де тындырған еңбегі ұланғайыр. Ол міне, сол еңбектері үшін кезінде КСРО Денсаулық сақтау ісінің озаты, Қазақстанның халық ағарту ісінің үздігі атақтарымен марапатталған.

Әлі есімде, 60-шы жылдардың аяғында Карл Федорович 60-қа толған торқалы тойын жасап, ел оны құрметтеп зейнеткерлікке шығарып салды.
Онда мен де болдым. Той қазақша, қазақ салтымен өтті. Қазан-қазан ет асылды, шара-шара сары бауырсақ пісірілді. Шақырылғандарға жүйе-жүйесімен қонақасы беріліп, оларға мүше-мүшелеп ет толы табақтар тартылды. Мен сол торқалы тойда өзімді немістің үйінде емес, қазақтың үйінде отырғандай сезіндім. Және Гераның әкесінің еліне елеулі, халқына қалаулы жан екендігіне тағы бір рет көз жеткізгендей болдым.

Өмірінің соңғы жылдары Карл Федорович Ташкент қаласында тұрды. Тоқсанның үшеуіне келіп қайтыс болды.

Енді Герольд Бельгердің шығармашылығы хақында бір ауыз сөз. Оның қазақ, орыс, неміс тілдерінде жазған еңбектері бір мыңға жуықтапты. Жиырмадан аса кітаптың авторы. Батыстың, шығыстың, орыс халқының ұлы классиктерін, олардың философиялық, тарихи, әдеби мұраларын мұқият оқып, талдап, сол арқылы Абайды, Мұхтарды, Шоқанды, одан әрі Пушкинді, Лермонтовты, одан әрі Гетені және т.б. ғұламаларды қазақша, орысша, немісше таныған адам, Герольд Бельгер 220-дан астам қазақ шығармаларын аударған, ол аз дүние емес. 25-30 том кітап болады. Бірнеше неміс жазушыларының шығармаларын қазақшаға аударған.

Герольд Бельгер былай дейді "Менің әдебиеттегі жолым ауыр да, соқпақты болды. Бірақ менің екі сүйенерім болды, оның бірі — қазақ және орыс әдебиеті. Екіншісі — қазақ ортасы мен ондағы қазақ достарым. Көңіл тұрақтылығы үшін үшінші сүйеніш — ұлттық өзек керек пе деп ойлаймын..."
Герольдтың ұлтжандылығы да таңқалдырады. Оны қазақтың жан дүниесін терең түсінетіндігінен, қазақ тілі ойының ең биік үлгісі деп саналатын Абай мен Жүсіпбекті оқығанда ертеңіне қазақ болып оянамын, қандай көркем шығарма жазсам да, өмірімде қазақсыз жүре алмаймын деуінің өзі неге тұратынын айтып жеткізу қиын емес пе?!

Жазушы Герольд Карлович Бельгердің осынау ел алдындағы ерен еңбегі әділ бағасына ие. Бұл жерде Оның бастан аяқ бәрін тізбектемей 1994 жылы мемлекетіміздің жоғары наградаларының бірі "Парасат" орденімен марапатталуын, "Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері" екенін, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланғанын, Қазақстан Президентінің "Бейбітшілік және рухани келісім сыйлығын" алғанын айтса жеткілікгі емес пе?!

Ғалым Қадірәліұлы, ардагер-ұстаз,
"Асыл мұра" орталығының жетекшісі


Қадірәлі ұлы.Ғ.Мен қазақсыз жүре алмаймын.//  Солтүстік Қазақстан.- 2004. – 22 қазан. -8 б.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий