Кино – ұлттық идеология құралы

 Тәуелсіздіктің елең-алаң шағында ұлттық сананы оятып, қазақ халқын рухтандырған кинолардың бірі — ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың поэмасының желісімен түсірілген "Батыр Баян" тарихи фильмі еді.
Үш жүздің басын қосқан Абылай ханның сенімді серіктерінің бірі — Баян туралы туынды әлі күнге дейін көгілдір экраннан түсе қойған жоқ. Жақында осы фильмнің режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ұзақ жылдар "Қазақфильм" киностудиясын басқарған, бүгінде Қазақ Ұлттық өнер университетінде шәкірт тәрбиелеп жүрген белгілі кино маманы Сламбек Тәуекелов мырзаға жолығып, сұхбаттасудың сәті түсті. Әңгімеміз тарихи фильмнің қалай түсірілгенінен басталды.

Сәл әріректен бастайын. Балалар жазушыларының ішіндегі шоқтығы биік тұрған қаламгерлердің бірі — Сапарғали Бегалинді бәріңіз білесіздер. Атом жарылыстарының нағыз ортасында орналасқан Семей өңірінің Қайнар деген ауылында туып-өскен. Кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезде ол ішкі істер саласының комиссары болып қызмет атқарды. Бір таңғалғаным, осындай қызмет атқара жүріп, жастығының ішіне Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын жасырып келген екен. Үйінен кеткенде жастықты кемпіріне тыққызып қояды, кешке келгенде алдырып, өзі ғана жастанған. Міне, сол азамат Мағжанның көп шығармаларын аман сақтап қалды. “Батыр Баян” поэмасы, “Шолпанның күнәсі” әңгімесі, басқа да көптеген шығармалары сол жастықтың ішінен шықты. Бұл -нағыз ерлік, ұлтқа қызмет етудің үлгісі.

Мағжанның ақталып, қалың оқырман шығармаларымен енді қауыша бастаған кез Тәуелсіздіктің ақ таңының атуымен тұспа-тұс келген еді. Егемен ел болып, еңсемізді көтеріп, жоғалтқанымызды түгендей бастадық.
Сол кезде Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындық басталып кетті.
Бір күні кабинетіме белгілі жазушы Смағұл Елубай ентелеп кіріп келді. Қолтығына қыстырғаны “Батыр Баян" поэмасы. Ол да маған кино түсіруді ұсынбақ екен, екеуіміздің ойымыз бір жерден шықты. Ақылдаса келе ұлт үшін бір үлкен іс тындыруды ұйғардық.

Дастанның өзі тұнып тұрған кино ғой. Оқи бастасаңыз экраннан көріп отырғандай оқиғалар көз алдыңызда өтіп жатады. Бұл — әдебиетте өте сирек кездесетін жағдай.
Мағжанның маржан сөздің нағыз шебері екенін аңғартып тұрғандай. “Абай — ақылдың ақыны, Мағжан — ақынның ақыны”, деген теңеу бекерге айтыла салмаған ғой.

“ Алыстан орыс, қытай — ауыр салмақ,

Жақыннан тыншытпайды қалың қалмақ.

Артында — ор, алдында — көр, жан-жағы жау,

Дағдарған алаш енді қайда бармақ?", деп келетін тұсы қазақ елінің сол кездегі басындағы ауыр жағдайды дәл беріп тұрған жоқ па?

— Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары қаржылай қиындықтарымен халықтың есінде қалды ғой. Кино түсіруге қаржыны қайдан алдыңыздар?

— Менің қолыма Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдығына көркем суретті фильм жасау керек деген Үкімет қаулысы түсті. Соны алдым да, ақша іздеуге кірістім. Әділбек Жақсыбеков ол кезде енді-енді көтеріліп келе жатқан кәсіпкерлердің бірі еді.
Әкесі Рыскелді Целиноградтың кинофикациясын басқарып тұрған кезде ол азаматпен жақсы араластым. Осы таныстығымды пайдаланып, “Цеснадан” несиеге қомақты ақша алдым да, түсірілімге кірісіп кеттім.
Үш ай бойы әзірлік жұмыстарын жүргіздік, кейін Бурабайдың баурайында киноны бастадық. Түсірілімді 38 күнде аяқтадық. Кейін монтаждалуын қосқанда “Батыр Баян” кинокартинасы 9 айда дайын болды.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қаржылық жағдайды еске салдың ғой. Иә, шынымен де, түсірілім басталған кезде тиынның да әжептәуір құны бар еді, соңына қарай қағаз ақшаны қаппен алып жүргенді де көз көрді.
Ұлттық теңгеміз әлі айналымға енбеген бір алмағайып кез еді ғой. Түсірілімді ұзаққа созбай, тездетуіміздің де соңында осы қаржыға қатысты үрейдің қылаң бергені анық.
Кино бітті. Үкімет бөлген ақшаны “Цеснаға” апарып беріп, қарызымыздан құтылған едік. Ол кезде еліміздің мәдениет саласын басқарған Қуаныш Сұлтанов, Қаржы министрлігінде істейтін Қожахмет Ауанов және “Кино саласындағы алғашқы продюсерлердің бірі” деп айтуға болады, белгілі саясаткер, кәсіпкер Әділбек Жақсыбековтің көмегінің арқасында картина жарыққа шықты.
Мағжан Жұмабаевтың 100 жылдық мерейтойына тарту ретінде Қызылжарға алып келіп, көрермен алдында тұсауын кестік.
Өкінішке қарай, ол кезде еліміз бойынша кинотеатрлардың көбінің есігіне қара құлып ілінген.
Телеарналар да киноны көрсетуге аса іс бір құлшыныс таныта қойған жоқ. Еңбегіміз еш кеткендей күй кештік. Дегенмен, арада біраз жылдар өткен соң “Батыр Баян" фильмі көгілдір экранға қайта шығып, қалың қазақтың зор ықыласына ие болды.
— Фильмді түсіру барысында Мағжан Жұмабаевтың кіндік қаны тамған өңірге талай келген шығарсыздар? Себебі, ол ат кезде ақын жайлы ақтаңдақтар көп еді ғой.
— Иә, Мағжанның ақталғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Сондықтан оның шығармасының желісімен кино түсіру үшін туған жері Сарытомарға бірнеше рет ат басын тіредік. Ондағы ойымыз — ақынның жұтқан сап ауасымен дем алып, мөлдір бұлағынан шөлімізді басып, жүрген ізін сезіну еді.
Баласы Граждан жерленген зиратты көрдік, әкесі теріс бата берген дейтін тұсқа да соқтық. Көз көрген адамдармен көп тілдестік. Айтуларынша, Мағжан Алматыға келген кезде аппақ костюм киіп алып, шашын артына қайыра тарап, кіршіксіз, пәк періште сияқты кетіп бара жатады екен. Жалпы ақ киім кигенді ұнатқанын көп кісінің аузынан естідім.
Екіншіден, мен өзіме көмекші ретінде Мағжан Жұмабаевтың жиені Ерсайын Әбдірахманов деген азаматты алуымның көмегі тиді. Екеуміз қазақ анимациясының атасы — Әмен Қайдаровтың қол астында кинодағы алғашқы қадамымызды жасап, сол кезден дос болып кеткенбіз.
Менің “Батыр Баянды" түсірейін деп жатқанымды естіп келіпті. Бұл кезде суретшілердің көбі орыстар еді ғой, ал қазақ суретшілерінің ішінде киноға бейімделгендері сирек. Сондықтан Ерсайынға киім үлгілерін жасау жүктелді.

Үшіншіден, мен де Қызылжарға жат емеспін. Аққайың ауданына күйеу бала болғандықтан, үнемі келіп тұрамын. Ал Аққайың мен қазіргі Мағжан Жұмабаев аудандары іргелес жатқан жоқ па?

— Баян Қасаболатұлының туған жері де осы Қызылжар өңірі екенін білесіз. Бірақ кинокартинада батырдың кіндік қаны тамған ақ қайыңдар өлкесі көрінбейді. Не себепті?

— Қазіргі зерттеушілер Баян інісі Ноянды өлтірмегенін айтып жүр. Керісінше, батасын беріп, сүйіктісі екеуіне батысқа қарай жол сілтеп жіберген дейді. Бүгінде Ноянның ұрпағымыз дейтіндер де еліміздің батыс өңірінде бар көрінеді. Бірақ біз тарихи жағынан гөрі, көркемдік тұсына көп көңіл бөлдік.
Табиғаты әсем жер іздедік, сондықтан Бурабайдың бөктеріне тоқтадық. Оның екінші жағы да бар, сол кезде Көкшетау облысын басқарған, кеудесіне жұлдыз таққан Оразбек Қуанышев деген азамат көп қамқорлық жасады. Өзі бас болып, облыстан жылқылар жинап берді. Және Мағжанның аты шығайын деп жатқанын естіген ол бұл көмегі үшін бірі тиын да ақы алған жоқ.

— Сламбек Тілеуғабылұлы, Қызылжардан шыққан белгілі аниматор Ерсайын Әбдірахмановпен қызметтес болғаныңызды айттыңыз. Кино саласындағы солтүстіктің тағы бір жарық жұлдызы — Аяған Шәжімбаевпен де жұмыс барысында араласқан шығарсыздар? Осы қос азамат жайлы айта отырсаңыз.

— Аяған өте дарынды жігіт еді. Өкініштісі, бұл өмірден өте ерте кетіп қалды. Ол — киноға журналистика арқылы келген санаулы азаматтардың бірі. Киноны өте жақсы көрді. Ассистенттіктен бастады және өндіріс арқылы көтерілді. Біраз уақыт екінші режиссер болып жүрді. Аяған кино саласын ішінен білетін, барлық ішкі қыр-сырына қанық адам дер едім. Өзгелерден тағы бір артықшылығы -әдебиетке жақындығы.

Оның тұңғыш туындысы — төрт сериялы “АЛЖИР” деректі фильмі. Бұл фильмнің көркемдік жағы өз алдына, лагерьде болған көптеген әйелдердің соңғы сөздерін, көрген азаптарын айтқан сәттерін, бір сөзбен ақырғы күндеріндегі айтқан әңгімелерін кадрға түсіріп алып қалды. Бұл сонысымен де құнды. Тарихты зерттеушілер, болашақта қуғын-сүргін мәселесіне қалам тербейтіндер бұл фильмге талай мәрте жүгінері анық.

Аяғанның атын шығарған екінші кино — Жүсіпбек Қорғасбектің әңгімесінің желісімен түсірілген “Жансебіл” фильмі. Көрермен өте жылы қабылдаған туынды.
Басты рөлдері Қасым Жәкібаев пен беларуссиялық актриса Галина Макарова сомдады. Соғыстан аяқ-қолынан айрылып оралған адамның өзінің туған жеріне жете алмай зарыққан сәттері көрсетілген. Жалпы Аяған киноға ұлттық көзқараспен қараған жан еді.
Ал Ерсайын Әбдірахманов — елімізге танымал аниматор. Оның он шақты мультфильмдері бар. Туындыларының ішінен “Бозаторғай” фильмін ерекше атап өтер едім. Соғыс тақырыбына арналған бұл мультфильм де қара қағаздардың келуін көріп отырған адамның көзіне жас алдырмай қоймайды. Бұл — мамандардың жоғары бағасын алған шығарма. Өкінішке қарай, ол көшеде көлік қағып кетіп қайтыс болды. Жан жолдастарымның бірі еді.

— Сөзіңіздің ауанына қарағанда, сіз де үлкен киноға осы анимация арқылы келген сияқтысыз ғой.

— 1967 жылы Бүкілодақтық кинематография институтына 7 қазақ баласы оқуға түстік. Жалпы менің осы институтқа түсуімнің өзі қызық оқиға. Алматы есеп-кредит техникумын қызыл дипломмен бітіріп, Прага қаласының Карлов университетіне берілетін жолдамаға үміткерлердің бірі атандым.
Осы жаңалықты анама телефонмен хабарлап, рұқсатын алайын деп телеграмма арқылы ауылдан 7 шақырым жердегі Ресейдің Варваровка деген елді мекеніне сөйлесуге шақырттым. Оған хабар жетіп, келгенше үш күн өтті. Анам рұқсатын берген соң қуанышым қойныма сыймай Жоғары және орта білім министрлігіне жүгіріп келсем: “Сен қайда жүрсің? Жедел жауап бер деп айтып едік қой, сені іздеп таба алмаған соң Мәскеуден нұсқау келіп, жолдаманы Өзбекстанға беріп жібердік”, — дейді сүйінші сұрағандай болып.

Осылайша, тауым шағылып жүргенде Мәскеудің оқу орындарына жолдама берлетіні жөнінде хабарлады. Плеханов атындағы Мәскеу халық шаруашылығы инстинтутының қаржы және кредит факультеті мен Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының кино өндірісін ұйымдастыру факультетіне ұсыныс жасалынды. Осылайша мен тағдырдың жазуымен режиссер атандым.

Оқып жүрген кезде Мәскеуге Шәкен Айманов, Әмен Қайдаров ағаларымыз келіп тұратын. Кейін 1971 жылы оқу бітіре сала жетеуімізді де “Қазақфильмге" анимациялық бөлімге жұмысқа қабылдады.
Біздің шығармашылық өміріміз осылай басталған болатын. Мені бірден аниматорлар бірлестігінің бастығы қылып тағайындады. Мульфильм жасау жұртқа жеңіл болып көрінгенімен, ол өте қиын өнер.
Жылына бес фильм жасайтынбыз. Он минуттық бір фильмның басы-қасында 30-40 адамнан айлап жүретін. Тіпті, 7-8 ай бойы жасалатын десем, қателеспеспін. Алғашқы туындым “Солнечный зайчик” деп аталады. Көліктер бөлетін газдың зияны туралы мультфильм 1975 жылы жарыққа шықты. Мен көп ұзамай басқа бөлімге ауысып кеттім, артынан “Қазақфильмге” 17 жыл басшылық жасаған екенмін.

— Соңғы туындыларыңыздың ішінде ұлтаралық достық тақырыбына арналған “Жерұйық” деген фильміңізге тоқталсақ.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жоғары бағасын берген туынды. Бұл сіздің шығармашылығыңыздың шырқау шегі десек болама?
— Кино — күшті идеологиялық құрал.Оны пайдалану керек. Ұлтаралық қатынастар мені 9- сыныпта Ресейде оқып жүрген кезден қатты мазалайды. Шетте оқысам да туған жерім — Павлодар облысы екенін оқырманға айта кетейін. Әртүрлі текетірестер де, достық та күнделікті тұрмыста кездесіп жатады ғой.
Бұл — өте нәзік материя. Бір күні ұлты кәріс әріптесім Лаврентий Сон деген азаматқа хат жазып, тағдырдың тәлкегімен Қазақстанға келген этностар туралы фильм түсіруді ұсындым.
Ол құп көрді. 2010 жылдың аяғында фильм дайын болды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та Қазақстан халқы Ассамблеясында жасаған баяндамасында оң бағасын бергені еңбегіміздің зая кетпегенін сипаттайды.

Фильмді ТМД мемлекеттерін аралап көрсеткенімізде, шынымен, көрермен үшін аса қажет туынды екеніне көзім жетті. Мысалы, Грозный қаласындағы көрсетілімнен кейін болған талқылауда бір шешен ақсақалының “Қазақ халқының бақыты үшін бір шешеннің басы керек болса мен қазір беруге дайынмын” деп қазақша айтқаны және бүкіл зал тік тұрып қошемет көрсеткені мені қатты толқытты.

— Соңғы жылдары бірнеше тарихи фильм түсірілді. “Көшпенділер”, “Жаужүрек мың бала” сияқты көрерменнің көңілінен шыққан туындылардың қатарында Олжас Сүлейменов екеуіңіз түсірген “Махамбеттің қылышы” көркем фильмі болуы тиіс еді. Бірақ сол киноны көпшілік әлі көре алған жоқ. Неге?
— Бұл фильм мемлекеттің тапсырысымен 2008 жылы түсіріліп біткен. Екі жыл түсіріппіз. Қаржы жағынан да қымбатқа түсті. 5-6 миллион доллардай қаржы кетіпті. Сценарий авторы Олжас Сүлейменов ағамыз. Қазір қазақ киносының бетке ұстарлары саналып жүрген әртістер Берік Айтжанов, Әсел Сағатова осы фильмде алғашқы рөлдерін сомдап, ысылған болатын.

Киноның премьерасы өтті. Оған көркемдік жағынан көп сын жоқ. Мәселе мазмұнында болып тұрған сияқты. Жоғары жақтағы кейбір басшылар фильмді көріп, оны жалпақ жұртқа жаймай тұра тұру туралы нұсқау берген екен. Содан бері ұзақ жатып қалды.
Кинода Махамбет Өтемісұлы бастаған көтерілістер кеңінен насихатталады.
Бүгінгідей әлемде терроризм қаупі сейілмей, түрлі түсті көтерілістер бірінен кейін бірі орын алып жатқанда осы фильмді көрсетпей тұра тұрайық деген болуы керек. Дегенмен, мүлдем тыйым салынды деп те айтуға болмас. “Каzакһ TV" арнасы ара-тұра көрсетіп тұрады.

— Өткен күннің батырларынан бүгінгіге қарай ауыссақ. Сіз қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіров туралы кино түсіріп жатқан көрінесіз. Осы туындыны қашан көре аламыз?
— Тоқтардың ғарышқа ұшқанына 25 жыл толады. Ал іздесеңіз батыр туралы түсірілген бір деректі фильм жоқ. Мен соны жақында қолға алдым. Кеңестік дәуір таспаларында барлық материалдарды жинадым. Шілдеде оның 70-ке толған мерейтойы өтті.
Соңғы түсірілімдер — сол мерейтой барысында жүргізілді. Күнде көріп жүрген соң байыбына барып, дұрыс бағалай білмейміз ғой. Ал оның кім екенін тойға 18 бірдей батыр ұшып келгенінен-ақ аңғаруға болатындай.
Алды — Кеңес Одағы, соңы — Ресейдің ғарыш саласының озаттары. Солардың Тоқтар туралы айтқандарын жазып алдым. Деректі фильм түсіру барысында оның өмірі мен қызметіндегі ерекше құнды деректерді білдім. Ғарышкерлігінен гөрі сынақшы-ұшқыш ретінде ерлігін әлем мойындаған. Дыбыстан да жылдам ұшақтарды сынақтан өткізу екінің бірінің қолынан келмейді. Сондықтан да Тоқтар Әубәкіров әлемдегі ең мықты деген он сынақшының ішінде 3-ші орында тұр. Алайда, ұзақ жыл оның еңбегін бағаламай, елемей келді.
КСРО-ның ғарыш саласы басшыларының бірі Александр Федотов үш жыл қатарынан Тоқтар Әубәкіровтың Кеңес Одағының батыры атағына ұсынған ғой.
Ол кезде Әубәкіров деген фамилиямен батыр атану мүмкін емес еді. Алайда, ол жыл сайын тек бір адамды қайта-қайта ұсына берген және соңында: “Егер оған биыл осы атақты бемесеңіздер мен кетемін”, — деген талап қойған екен. Тоқтар Әубәкіров тұңғыш сынақшы, тұңғыш ғарышкер екенін білсек те, оның ұшқыш сынақшылардың арасында тұңғыш және жалғыз техника ғылымдарының докторы екенін біле бермейді екенбіз. 

— Сламбек Тілеуғабылұлы, қазақ киносы және қазақтың батырлары туралы ағыңыздан жарылып, мазмұнды да мағыналы сұхбат бергеніңіз үшін алғысымды білдіремін.

Сұхбаттасқан Ербақыт Амантайұлы, “Солтүстік Қазақстан”.Суретті түсірген Талғат Тәнібаев.


Сұхбаттасқан Амантайұлы.Е. Суретті түсірген Тәнібаев.Т. Кино – ұлттық идеология құралы //Солтүстік Қазақстан. — 29 қыркүйек. — 2016.– 4 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий