Елін сүйген ер еді

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Тарих толқынында” атты кітабында Алаш зиялылары туралы айта келіп, "сол айтулы есімдердің білімдарлық пен азаматтық тәлімдерінде кейде көріне бермейтін де арналар бар. Оның бағасын ұрпақтары, бүгінгі қазақ зиялылары беруге тиіс. Бұл — тарих толқынындағы мәдениетіміздің кіндік тұлғалары”,- деп жазды.
Осындай білімдар Алаш зиялыларының бірі педагог, ғалым, журналист, қайраткер Абдолла Байтасов еді. Оның есімін осы күнде біреу білсе, біреу білмейді.

Біз бүгін оқырманды онымен толығырақ таныстырмақпыз. Абдолла Байтасұлы Байтасов қазіргі Солтүстік Қазақстан облысына қарасты бұрынғы Рузаев, қазіргі Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Шұқыркөл ауылында дүниеге келген. Ол жастайынан өнер, білімге құштарлық танытқан, ауылда оқып, зеректігі мен ұлттық сана сезімі ерте оянған қазақ жастарының өкілі еді. Білімін кеңейту үшін Омбы қаласындағы мұғалімдер семинариясына оқуға түсіп, оны 1917 жылы бітіріп шығады. Сонда оқып жүргенде қазақ жастарының “Бірлік" ұйымына мүше болады. Алаш қозғалысын қолдап, қазақ комитеттерін құруға атсалысады.
1921-1922 жылдары Петропавл қаласында мұғалімдерді қайта даярлау курстарында өз еркімен оқиды және “Бостандық туы” газетінде Мағжан Жұмабаевпен бірге қызмет істейді.
1923 жылы Ташкентке келіп Қазақ ағарту институтының жұмысшы факультетінде және Қазақстан академиясының орталығында қызмет атқарады.
1924-1927 жылдары Абдолла Байтасов алдымен Орта Азия Мемлекеттік университетінің қоғамдық ғылымдар факультетінде, 2-ші курстан бастап Шығыстану факультетінде оқиды.Ташкентте әрі қызмет істеп, әрі оқып жүріп ол жазғы демалысын Петропавлда өткізеді.
Оған жазушы Сәбит Мұқановтың “Есею жылдарында” келтірген мына естелігі дәлел: “1923 жылдың жазында үш зиялы қазақтар-педагогтер, әдебиетшілер Есім Байғаскин, Абдолла Байтасов, Шәкір Баймақанов Петропавлда татар саудагері Хасен Ярулиннің екіқабатты үйінің екінші қабатында тұрды. Ыбырай Сандыбаев пен Иса Байзақовты қонаққа шақырыпты.
Мен де ішінде болдым”. Аталған университетте оқып жүріп, 1924-1925 жылдары студент Абдолла Байтасов Петропавл қазақ педтехникумының жанынан ашылған мұғалімдерді қайта даярлау курсында дәріс берген.

Жоғарыда аталған кітабында Сәбит Мұқанов: “1924 жылы мен мұғалім Абдолла Байтасовтың үйінде болашақ академик Әлкей Марғұланмен таныстым, ол кезде ол Ленинградта Шығыс тілдері институтының студенті болатын”, — деп жазды.

Ташкентте Абдолла “Ақ жол” газетінде де қызмет істеді. Сол кезде осы қалада Есім Байғаскинмен, Қошмұхаммед Кемеңгеровпен бір пәтерде тұрады.
1925 жылы Ташкентте газет тілшілерінің бүкілқазақстандық съезі өтеді. Осы съезде Абдолла Байтасовтың “Қазақ баспасөзінің тарихы туралы” баяндама жасағанын Сәкен Сейфуллин “Тар жол, тайғақ кешу” атты кітабында атап өтеді.

1926 жылы Абдолла жерлес жолдасы Жұмағали Тілеулиннің жұбайы Райханның сіңлісі Айша Темірбековаға үйленеді және Қызылордаға қоныс аударады.
Абдолланың осы кезеңдегі өмірі туралы Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәр Дулатова өзінің “Ардақтап өтем әкемді" деп аталатын естелігінде былай деп жазыпты: “1926 жылдың жазы, бір күні Жүсіпбек Аймауытов Қызылордадағы біздің үйге Абдолла Байтасовты ертіп келді. Ол Дулатовтарға бұрыннан таныс, тәтемнің жан досы дәрігер Жұмағали Тілеулиннің бажасы болатын.
Абдолла ұзын бойлы, талдырмаш келген бұйра шашты, ылғи күліп көңілді жүретін әдебиетші жігіт болатын. Ахмет Байтұрсынов ағайдың “Оқу құралы”, “Қырық мысалы”, тәтемнің “Есеп құралы”, “Оқу құралы” (қирағат) кітаптарынан, Мағжанның өлеңдерінен, Мұхтар Әуезовтің “Қаракөз”, Жүсіпбек Аймауытовтың “Шернияз” пьесаларынан, Иса Байзақовтың “Құралай сұлу” поэмасынан, т.б. балаларға арналған ертегілерден Абдолла Байтасов үзінділер оқитын.
Ол нағыз әртістік шеберлікпен дауысын да, кескінін де мүлдем өзгертіп, кейіпкердің бейнесін келтіріп, сөз мәнерін салып құбылтып, жандандырып оқитын.
Отырғандар ризашылықтарын білдіріп, сүйсініп қабыл алатын. Ал біз үшін әр жазушыны көріп, олардың шығармаларын оқып тыңдау үлкен бақыт, мәңгі естен шықпайтын мектеп болатын. Бұл Абдолланың жаңа ғана (Айтыкешке) Айшаға үйленген кезі еді".

Орта Азия мемлекеттік университетін тамамдағаннан кейін Абдолла бір жылдай Қызылорда қаласында Сәкен Сейфуллин басқарып тұрған Қазақ халық ағарту институтында әдістемеші әрі оқытушы болып істейді.
1928 жылы ол Қызылордада “Ана тілі" газетінде корректор болды, кейін “Еңбекші қазақ” газетінде ғылым және техника бөлімін басқарды. Сонымен бірге Ташкенттегі қазақ халық ағарту институтының студенттеріне сабақ берді және Қазақстан академиясы орталығының жетекшісі болып қызмет атқарды.
Алайда, оның осындай бейбіт өмірі мен қызметі көпке бармады. Тоталитарлық режім оны тұтқындап, Алматыға, одан Ахмет Байтұрсынов бастаған алашордашылармен бірге Мәскеудегі атышулы Бутырка” түрмесіне жөнелтті.
Түрмеде ол алғашқы кезде Міржақып Дулатовпен бір камерада отырады, кейін оларды әр камераға бөліп жіберді.
Оған Міржақып Дулатов басқарған жасырын ұйыммен байланыста болды, Мағжан Жұмабаевпен бірге жасырын ұлттық “Алқа” үйірмесін құруға қатысты деген айыптар тағылды.
“Бутырка" түрмесінде өткен азапты тергеулерден кейін оның қорытындысы бойынша Біріккен Мемлекеттік саяси басқарманың 1930 жылғы 4 апрельдегі қаулысымен Абдолла Байтасов сонау суық солтүстіктегі Архангельск облысына 5 жылға жер аударылады. Әйелі Айша кішкентай ұлы Әзіммен бірге барып тұрды.

Ұзамай сол жерге 10 жылға жер аударылған Ахмет Байтұрсынов та келеді. Абдолла мен Айша оны өз үйлеріне алып көп көмек көрсетеді, өйткені, жаңа келген адамға баспана, азық-түлік табу өте қиын еді.
Сол кездегі тұрмыс жағдайы және Абдолланың көрсеткен көмегі туралы Ахаң басқа лагерьде отырған Міржақып Дулатов, Мырзағазы Есболов, Ғазымбек Бірімжановқа 1932 жылғы 31 декабрьде жазған хатында былай дейді:
“Міржақып, Мырзағазы, Ғазымбек қарақтарым, мен Архангелге 30 ноябрьде келдім… Ертеңіне Абдолланы тауып алып, 17 декабрьге дейін соның үйінде болдым.
Онан кейін пәтер тауып алып бөлек шықтым. Мұнда пәтер табу өте қиын екен. Абдолла өзінің таныстары арқылы әрең пәтер тауып берді. Базарда азық-түлік өте қымбат. Алып келген аз ақша әлдеқашан бітіп қалды. Абдолла мен Қыр баласы (Әлихан Бөкейханов. — Қ.М.) екеуінің атсалысуымен жан сақтап тұрған жай бар”.

Солтүстіктің суығында бес жыл аш-жалаңаш жүдеп-жадап жүріп елге оралған Абдоллаға Қазақстанда тұруға рұқсат етпей, Қырғызстанға жер аударды. Ол отбасымен Фрунзе (Бішкек) қаласына орналасып, мектепте сабақ берді. Бірақ “Бутырка” түрмесі мен Архангельскіде айдауда болғанда көрген азапты кездер оның денсаулығын нашарлатып жіберген еді. Ол көп ұзамай 1941 жылғы 17 мамырда дүние салды. Артында әйелі Айша, ұлы Әзім, қыздары Динара мен Фируза зар жылап қалды.

Абдолла Байтасов көрнекті ғалым, тәжірибелі ұстаз болуымен бірге білікті журналист және аудармашы еді. 1917-1930 жылдар аралығында ол “Сана”, “Шолпан”, “Әйел теңдігі”, “Жаңа мектеп”, “Жаңа әдебиет, “Лениншіл жас”, “Жас қайрат”, “Қызыл Қазақстан” журналдарында, “Бостандық туы”, “Ақ жол", “Еңбекші қазақ” газеттерінде көптеген публицистикалық, педагогикалық, әдістемелік, танымдық және сыни мақалаларымен бірге рецензиялары мен аудармаларын жариялады. Уақытында оқырмандар оның шығармаларын жылы қабылдады. Осындай зиялы, білікті де алаш қайраткерінің есімі бұл күнде көп атала бермейді. Ал оның өз өмірінде (40 жас) еліне, туған халқына жасаған еңбегі мол.
Оның шығармашылығы, адамгершілігі, досқа адалдығы, қайырымдылығы, отансүйгіштігі қазіргі және болашақ жастарға үлгі-өнеге болуға тиіс. Оны мәңгілік есте қалдыру үшін баспасөзде бұрын жарияланған еңбектерін жинастырып, жеке кітап шығарған да дұрыс болар еді. Оның туған жерінде бір көшеге аты беріліп, ондағы мектепте музей жабдықталса, нұр үстіне нұр болар еді.

Қайролла Мұқанов,
педагогикалық еңбектің ардагері,өлкетанушы.


Мұқанов.Қ. Елін сүйген ер еді. //Солтүстік Қазақстан. – 2016. – 8 қазан. – 4 б.

 

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий