Достықты дәріптеген қаламгер

Көрнекті жазушы, аудармашы, публицист, Қазақстан Жазушылар одағының Бейімбет Майлин атындағы, Қазақстан Президентінің Бейбітшілік және келісім, тәуелсіз "Тарлан", Қазақстан ПЕН-клубының сыйлықтарының лауреаты, "Парасат" орденінің иегері, "Қазақ КСР-іне еңбек сіңірген мәдениет қызметкері" Герольд Бельгер 28 қазанда 80 жасқа толады.

Жазушы-жерлесіміз Герольд Бельгердің баспадан шыққан кітаптарын, газет, журналдарға басылған очерктері мен мақалаларын, әңгімелері мен эсселерін оқып отырып, мен оның терең де жан-жақты біліміне, орасан зор еңбексүйгіштігіне тәнті боламын. Сол қасиеттерін көрсету үшін оның шығармаларының бірқатарын ғана атап өтудің өзі де жеткілікті.

Ол шығармаларын неміс, қазақ, орыс тілдерінде жазады. Мысалы, орыс тілінде "Сосновый дом на краю аула", "Чайки над степью", "За шестью перевалами", "Живые приметы родства", "Брат среди братьев", "Лицом к лицу со временем", "Мотивы трех струн", "Каменный брод", "Гете и Абай", "Родство", "Завтра будет солнце", "Лики слова", тағы басқа кітаптары жарыққа шықты. Бұған қоса газеттер мен журналдарда көптеген мақалалары мен очерктері жарық көрген. Қазақ тілінде "Жұлдыз", "Жалын", "Ақиқат", "Арай", "Парасат", "Қазақстан әйелдері" журналдарында, "Қазақ әдебиеті", "Егемен Қазақстан", "Жас алаш" ("Лениншіл жас"), "Халық кеңесі", "Алматы ақшамы", "Қазақстан мұғалімі", "Ленин туы" ("Солтүстік Қазақстан"), т.б. газеттерде, әртүрлі ұжымдық жинақтарда көптеген енбектері жарияланды. Мысалы, "Жұлдыз" журналында "Көненің көзі", "Алты қырдың астында", "Ауыл шетіндегі ағаш үй" деген әңгімелері, "Уақыт және қаламгер" жинағында "Ағайындас көп халықтың бірі боп", "Өнер алды қызыл тіл" жинағында "Сайланып шықса сырлы сөз", "Абай тағылымы" жинағында "Гете мен Абай" деген мақалалары оқырмандарға ұсынылды.

2006 жылы Алматының "Өлке" баспасынан жазушының қазақ тілінде "Мұнар тау" атты жинағы шықты. Онда автордың бірнеше әңгімелері, эссе, толғаулары берілген. Ал 2012 жылы "Өтеді өмір осылай" (Күнделік беттері) деген кітабы жарық көрді. Кітапқа жазушының 2001-2011 жылдар аралығында "Парасат" журналында жарияланған күнделіктер мәтіні енген. Неміс тілінде шығатын "Нойес лебен", "Фроиншафт", "Рота Фане" газеттерінде "Хайматенке Байтен" альманахында әңгімелері, рецензиялары, шолулары жарық көрді.

Г. Бельгер шығармалар жазумен ғана шектелмей, аудармамен де айналысады. Ол 1968-1998 жылдар аралығында қазақ тілінен орыс тіліне екі жузден астам шығармалар аударған. Олардың ішінде: Әбдіжәміл Нурпейісовтің "Қан мен тер" романы (жолма-жол аударма), Бейімбет Майлиннің "Сары ала тон" деген кітабына енген төрт повесі мен 28 әңгімесі, Әбіш Кекілбаевтың "Аңыздың ақыры", "Елең-алаң" романдары және 9 повесі мен 7 әңгімесі, Ғабит Мүсіреповтің бір повесі мен сегіз әңгімесі, Дүкенбай Досжановтың "Қиын адым", "Үлкен өзен", "Жібек жолы" романдары мен 4 повесі, 26 әңгімесі, Хамза Есенжановтың, Зейнолла Қабдоловтың романдары, Тахауи Ахтановтың пьесалары, Ахмет Жұбановтың қазақ композиторлары туралы жазған "Замана бұлбұлдары" атты кітабы және тағы басқалар. Жазушы неміс тілінен көптеген шығармалар аударды. Оның ішінде: Александр Реймгеннің "Жер дәмі" романы мен бір повесі, 6 әңгімесі, Н. Ваккердің "Тырналар биі" повесі, Виктор Клеменнің, Эрис Кончактың, В. Фейстің, Л. Маркстың әңгімелері бар.

Қазақ халқының тарихына, этнографиясына, мәдениетіне ,әдебиетіне терең ықылас қоюы, қазақ тілін жетік білуі Г. Бельгердің шығармашылық еңбегіне зор әсер етті. Ол өзінің балалық шағы өткен, мектепте оқыған, ержетіп қалыптасқан кездерін әсте ұмытпайды. Сондықтан да ауыл адамдарың олардың ерекше мінез-құлықтарын, қарапайым да қызықты тұрмыс жайларын шығармаларында айнытпай көрсетіп келеді. Мұны біз автордың "Алыс сапар алдында", ("Перед далью") атты автобиографиялық повесінен "Әбілмәжін", "Ауыл шетіндегі ағаш үй", "Тас өткел", "Серғали ата" әңгімелерінен айқын аңғарамыз.

Өзінің балалық шағы өткен жеріне деген сүйіспеншілігін Г.Бельгер "Тас өткел" дегеі әңгімесінде тамаша суреттейді: "Міне, мен тағы да Тас өткелдің қасында тұрмын. Маған бұл жердің әрбір сүрлеуі, әрбір түп шілі таныс. Сонда да, осында келген сайын жағадағы ең жоғары тұрған тасқа шығып қарағанда алдымда өзінше бір сұлулықпен ерке Есіл есіліп жатқанын көргенде, менің журегім қуаныштан жарылып кете жаздайды. Маған осы шағын ғана, ешбір карталарда белгіленбеген жер жұмағы, елеусіз бір бұрыш, өте ерте кезде менің жерлестерімнің ата-бабалары "Тас өткел" деп атаған жер өте қымбат. Сірә, әрбір адамның жер үстінде осындай жалғыз бұрышы, өзінің алыс жолға шығар нүктесі болуы тиіс".

Жазушы өзінің бала кезінен өсіп ержеткен жерін әрқашан есінде сақтап келеді. Соған орай сол жер де, сол жердің адамдары да баяғы Гераны, қазіргі жазушы Герольд Бельгерді ұмытқан емес, ұмытпайды да. Өйткені, ол езінің шығармаларында бұл жерді, оның адамдарын мәңгі тарихта қалатындай етіп жазып керсетті.

Герольд Карлович Батыс пен Шығыс ойшылдарының, ақын-жазушыларының рухани үндестігіне көп көңіл бөледі. Ол, әсіресе, Гете мен Абайдың өзара үндестігіне, ойлары мен шығармаларының ұқсастығына назар аударып, мұны көптен бері зерттел келеді.

Ол бұл тақырыпты зерттеуді Гетеден емес, Абайдан бастағанын айтады. Тіпті, мектепте оқып жүргенде ұлы ақын өлендерін асқан сүйіспеншілікпен оқып, біразын жаттап алған. Әсіресе, оның "Қыс", "Жаз", "Жазғытұры", "Күз" сияқты өлеңдерін ұнатқан. Соңынан Абайдың "Қараңғы тунде тау қалғып" деген өлеңімен және Лермонтовтың "Горные вершины" атты өлеңіне зер салған.
Оның Гетеден аударылғанын білгеннен кейін, Гетенің "Ночная песня странника" ("Жолаушының түнгі әні") атты шығармасын неміс тілінде оқиды. Содан былай Абай мен Гетенің басқа шығармаларын да көбірек оқып салыстырады. Жазушы Гетенің Абайдан көп ұқсастық табады. Нәтижесінде бұл екі алыпқа арнап әр кезде қазақ, орыс неміс тілдерінде бірнеше мақалалар ен очерктер, эсселер жазады. Мысалы, "Жолаушының түнгі әні", "Гете — Лермонтов — Абай" (очерк), "Үндестік" ("Созвучие")-очерк — эссе. Ал 1989 жылы "Жалын" баспасынан "Гете мен Абай" ("Гете и Абай") атты көлемді кітап шықты.

Бұл еңбегінде автор екі ұлы адамның өмір жолының, шығармашылығының ұқсастығын, үндестігін жан-жақты талдап, олардың өлеңдері мен қара сөздерінен мысалдар келтіре отырып дәлелдейді. Мұндай жан-жақты зерттеу үшін, әрине, біріншіден екі алыптың да және Гетенің орыс аудармашыларының тілін біліп, олардың шығармаларын өз ана тілдерінде оқуы керек. Екіншіден, бұл екеуінің ғана емес, олар оқыған Батыс және Шығыс ақын-жазушыларының, ойшылдарының шығармаларын оқып, танысу керек. Үшіншіден, осылардың бәрін орындау үшін қанша еңбексүйгіштік, қайрат, жігер және үлкен мақсат керек. Ал осының бәрі Герольд Бельгердің бір өзінен табылғанына қуанасың.

Немістің атақты жазушысы Томас Манк "Әрбір творчестволық күш адамгершіліктің жоғары мақсатына қызмет етуі тиіс", — деген екен. Жазушы Герольд Бельгер — нақ осындай адам. Ол өзінің барлық шығармаларында адамгершілікті жырлайды, сөйтіп оқырмандарын да адамгершілікке шақырады.

Г. Бельгер Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесіне депутаттыққа кандидат ретінде сайлаушыларымен кездескенде, өзі туралы былай деген еді: "Мен әдебиетшімін. Менің тірек-тиянағым да, қолымнан келері де осы жазушылығым, аудармашылығым, қоғам алдындағы адал публицистік сөзім. Менің өзекті тақырыбым: халықтар достығы, әр ұлттардың ізгі ықыласты қарым-қатынасы, әр салалы, әр жүйелі тілдердің, әдебиеттердің, мәдениеттің бір-біріне ықпалы, бейбітшілік, ұлттық және рухани келісім. Аудармашы есебінде мен әрдайым қазақ пен ресейлік немістер әдебиетін насихаттаймын".
Міне, бұл — жазушының шынайы көзқарасы, мақсаты, кредосы. Ол мұны өзінің барлық шығармаларымен, сөйлеген сөздерімен, істеген істерімен дәлелдеп келеді.

Қырықтан астам кітабы жарық көрген көрнекті жазушы, қазақ, неміс тілдерінен 25-30 томдай көркем шығарманы орыс тіліне тәржімалаған ірі аудармашы, екі мыңға жуық құнды материалы баспасөзде жарияланған айтулы көсемсөз шебері, эссеші, екі жүзден астам еңбекке пікір жазған сыншы, жан-жақты білімді, қазақ, тіл ауыл, ел, ұлт мүддесін биікке көтерген шынайы қоғам қайраткері, жерлесіміз Герольд Бельгер, міне, осындай адам.

Жазушы Герольд Бельгердің еңбекқорлығының бір сыры уақытты ұтымды пайдалана білуінде жатыр. Өзінің айтуынша, жасырақ кезінде тәулігіне 16 сағаттан жұмыс істеген қатаң кесте сақтайды. Мысалы, бір күнгі жұмыс кестесін үшке бөледі. Таңғы сағат 8-ден 12-ге дейін шығармашылық жұмыстарымен ғана айналысады. Түскі сағат 1-ден 5-6-ға дейін аудармамен шұғылданады. Одан соң түнгі сағат 11 -ге дейін кітап оқу, күнделік жазу, келген хаттарға жауап жазу. Күнде осылай, жылдар бойы осылай. Міне, оның еңбегінің жемісті болуының бір сыры осында жатса керек. Оған оның табиғи дарынын, талантын қоссақ, нағыз Герольд Бельгер шығады.

Қайролла Мұқанов, Мәдениет қайраткері,


Мұқанов.Қ. Достықты дәріптеген қаламгер //Қызылжар нұр. — 2014 .- 24 қазан. – 8 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий