Дара дарын
Қазақ халқы үшін алмағайып заман болған ХІХ-ХХ ғасырларда талай шоқтығы биік тұлғалар өмір сүрген. Солардың бірі - халық ақыны Молдахмет Тырбиев. Шал ақын ауданы Еңбек ауылының тумасы Молдахмет Төребекұлы - өз заманында ақын, әнші, термеші ретінде танылған тұлға. Өнері, шығармашылығы, адамгершілік қасиеттері әлі күнге дейін ел арасында айтылып жүрген бабамызды тағы бір еске алу үшін ақынның қызы Сәуле Әбілмәжіновамен кездесіп, әңгімеге тартуды жөн көрдік.
- Сәуле Молдахметқызы, сіз өткен ғасырдың бірінші жартысында Қызылжар, Көкше өңіріне танымал болған халық ақыны Молдахмет Тырбиевтың ұрпағысыз. Ол кісіні кейінгі жастардың көбі біле бермейді.
- Мен әкемнің 61 жасында туған ең кенже баласымын. Ес біліп қалған кезімде ол өмірден өтті. Онда мен 14 жаста болатынмын. Әкем өте балажан адам еді. Әсіресе, маған: “Қартайғанда Құдай берген жарық Сәулем", - деп еміреніп отыратын келбеті әлі күнге дейін есімде.
1943 жылы ол Алматы қаласында өткен республикалық ақындар айтысына кеткен кезде мен туыппын. Бастапқыда атымды Көпей қойғысы келіпті, бірақ ойын өзгертіп, Сәуле деп азан шақыртады.
Қыз бала, оның үстіне кенжесі болғандықтан, мені өзіне жақын ұстады. Әкеме сөзімді өткізе алатын ерке болдым. Тіпті, қонаққа да өзімен бірге алып жүретін.
Есейіп қалған кезде де әкемнің соңынан қалмайтынмын. Бірақ сол кезде әкемнің шығармашылығын түсінуге, есімде сақтап қалуға, әлемін ұғынып, содан өзіме мұра алып қалуға жас болдым.
Ержетіп, сөздің мағынасын түсінген кезде әкем туралы айтылған естеліктерді естіп, жазылған деректерді оқып Ботамды басқа қырларынан таныдым (ағайын жұрты, отбасы Молдахмет Тырбиевты “Ботам” деп атаған - Г.Қ). Қазір жасым 70-тен асты. Алайда, асқар таудай әкеме деген сағынышты сөзбен жеткізу мүмкін емес.
Өзімнің осындай адамның перзенті болғанымды мақтан тұтамын. Оның есімі, мінез-құлқы ел ішінде әлі күнге дейін аңыз болып айтылады. “Әкеңді көргендер өлмесін” дегендей, әкемді жақсы таныған адамдардан ол туралы жылы сөздерді естіп, өмір сүрдім. Соған разымын.
- Атамыз заманның ең бір қиын кезінде дүниеге келіп, кедей отбасында өскен. Молдадан ғана хат таныған адам. Десек те, ол өткір ойды, жігерлі мінезді талап ететін айтыскерліктің де тізгінін ұстаған. Жалпы, әкеңіздің бойына дарыған ақындықтың қайнар көзі неде деп ойлайсыз? Оның әке-шешесі туралы не білесіз?
- Адамға талап пен талантты беретін де, өзіне енші тағдырды маңдайына жазатын да - Жаратқан ием. Сондай-ақ, әкем - текті адамдардың ұрпағы. Оның ата-анасының ерекше қасиеттері болған. Дене бітіміне қарай Тырби атанып кеткен әкесі Төребек домбыраның құлағында ойнап, әдемі қоңыр дауысымен ән салған деседі. Осы әкеден дарыған қасиеттер оның бойында ақындықпен сабақтасқан. Оның Үкілі Ыбырайға туған жиен екендігін де ұмытпаңыз. Анасы Теңге - Дәуқара ауылындағы бақсының қызы.
Ол да емшілік қасиетімен, биязы да момын мінезімен жұртқа сыйлы болыпты. Бірақ кедей отбасы байға жалшылық етіп, күнелткен. Әкем де бала күнінде тіршіліктің тауқыметін тартып, жалшылықтың бұғауын кеңес өкіметі орнағанда ғана үзген деседі.
Жаңа қоғамдық құрылымды қолдап, өзінің парасатты, кішіпейіл қамқоршыл мінезімен ел басқарып, көптің ортасында жүрген. Билікке жақпаған кездері де болған. Оған себеп - әйелінің байдың қызы болғандығы. Ауылдың екі-үш азаматы, күншілдікпен “бай балдыздарын қорғаштайды” деп үстінен домалақ арыз жазған.
Бір жыл абақтыда отырып шыққан. Бертінге дейін әкем: “Алыстың найзамен түйрегенінен, жақынның инемен шанышқаны батты”, -деген ренішін айтып отыратын. Анамыз Ақық жақсы жар бола білді. Аралары -17 жас, үйленгенде әкем 33-те болған Анам ақылды, сабырлы,кербез жан болатын.
Олардың бір-біріне деген сыйластығы ерекше еді. Екеуара артық ауыз сөзге келіп қалғандарын көрген емеспін. Әкемнің өнерге жақындығы тегінен деп ойлаймын, сондай-ақ ол - ізденіп, үйреніп, бойындағы асыл қасиеттерді дамыта білген жан. Оның бастапқыда ән, жыр, өлең, терме жаттап, белгілі әншілердің шығармашылықтарын елге танытқандығы Ахметжан Нұртазиннің еңбектерінде айтылады.
Әкем туралы деректерді оқи отырып, оның Біржан сал мен Ақан серінің әншілік мектебінен өткендігін көреміз. Осылайша, қанмен берілген талапты еңбекпен көркейте білді деп ойлаймын.
- Әкеңіздің шығармашылығы, әншілік өнері туралы ой тебірентіп, білгеніңізбен бөліссеңіз.
- Оның өлеңдері өз заманының тыныс-тіршілігімен астасып жатыр. Әкемнің туған жеріне, еліне, замандастарына арнап қалам тартқан жырлары көп.
Көптеген өлеңдерінде ұлтына деген сүйіспеншілігін ерекше танытқысы келді. Мәселен, “Оянған өлке” атты өлеңінде оның патриоттық сезімі байқалады. Әкем еңбекқорлықты жоғары бағалаған ақын. Оны “Қарт жылқышы", “Егіс жинау маусымы”, “Іске сәт" деген сияқты көптеген өлеңдерінен көруге болады.
“Көкшенің бауырында" сияқты өлеңдер жазып, табиғатқа деген сүйіспеншілігін жеткізді.
Әкем, өздеріңіз білетіндей,айтыскер ретінде де танылған тұлға. Қызылжар мен Көкше өңірінің жұрты суырыпсалма ақындығын құрмет тұтқан.
1943, 1946 жылдары республикалық ақындар айтысына қатысып, сөз өнерінің биік шыңынан көріне білді. Әкем туралы замандастары мен шәкірттері біраз жылы сөз қалдырды, шығармашылығын зерттегендер де бар. Олардың еңбектерінде әкемнің ақындық шеберлігіне жоғары баға беріледі.
Әкемнің мұрасын жинастырған, ол туралы еңбек жазған адамдарға разымын. Солардың қатарында Кәкімбек Салықов пен Ахметжан Нұртазин бар, “Тарлан ақын” кітабының авторы, марқұм Ғалым Қадірәліге, “Дүлділдердің дүбірі” жинағының авторы Жанбай Қадыровқа алғысым шексіз.
Молдахмет Төребекұлы біраз талапты да талантты інілеріне тәлімгер болып, қанат қақтырды. Оны ұстазы санағандар аз емес. Солардың ішінде Кәкімбек пен Ахметжан ағаларымыз, Мұса Асайынов - оның өнер мектебінен өтіп, әкемді мақтан тұтқан жандар.
Ыбырай бабамыздың атын атауға қорыққан заманда қаймықпай оның әндерін орындап, өлеңдерін ұрпағына жеткізгендердің бірі әкем болатын. Ол Үкілі бабамыздың әндерін ерекше сүйіп орындаған.
Гәкку”, “Шалқыма”, “Қарақат көз”, “Былқылдақ”, “Жиырма бес” атты әндері Ботамның көмейінен шыққан кезде ерекше сарынмен естіліпті. Ол ән айтқан кезде жұрт іштен тына тыңдап, ерекше сезімге бөленеді екен. Ақан серіні ерекше өнеге тұтқан. 1951 жылдың бір түнінде әкем түсінде Ақан серінің әнін естіп, ұйқыдан оянады. Сол түсіне енген әуенді есіне түсіріп, өлең құрап, домбыраға салады. Сонда "Бақытты өмір заман-ай!" атты өлең туып, соның бірінші шумағы Ақан серіге арналған:
Өтіпті ән бұлбұлы Ақан сері
Топта озып жүлде алған Құлагері.
Саласын Сырымбеттің күңірентіп,
Арқаның асау туған ардагері, - деп төгіп салады. Әкем алдыңғы буын сал-серілердің әншілік салт-дәстүрін ұрпаққа жеткізуді өзіне міндет санап, оларды өзінен кейінгі ізбасарларға аманат етуге тырысты.
Көкшетау туып-өскен жерім дарқан,
Ең байлық өскен малға толған алқам.
Сый қылып осы әнімді тарту еттім,
Шырқарсың өзімдей қып Мұса қалқам, - деп осы дәстүрді жалғастырар деген үмітпен шәкірті Мұса Асайыновқа жыр арнайды.
Шал ақынның жырлары да , жұртына жетсе, оған әкемнің де қосқан еңбегі зор. Академик бауырымыз Аманжол Қошанов өз естелігінде: “Мен өзім шал да болсам қатқан шалмын” деген өз атасының өлеңін әкем айтқан кезде ерекше сүйсінетінін жазады.
Оның отырған жері той-думан болыпты. “Молдахмет ақын келе жатыр”, -деген хабар жетсе, қай ауылдың болсын тұрғындары жинала қалады екен.Әкемді көзі көргендердің бірі бүгінде 90-ға жақындаған Мәжкен тәтеміз ол туралы сөз қозғалса, ерекше бір сүйіспеншілікпен, сағынышпен әңгімесін тарқатады. Ол Ақбалшық ауылына барған кезде оның әке-шешесінің үйіне түсетінін әлі күнге дейін ұмытпапты. “Ботам деген ерекше жан ғой. Бала болсам да сол бейнені ұмыту мүмкін емес. Үйге енді кірген қонақты сыртта қалың жұрт қарауылдап тұрады. Анам бар дәмін оның алдына қойып, ауылдастарына: “Күте тұрыңдар. Қонақ асын ішіп алсын деп бәйек болып жүретін кездер-ай десеңші!” - деген сөзін өзің де естіген шығарсың. Бүгінде Молдахмет әкемді көзі көріп, ән-жырларын құлағы естіген адамдар азайып барады.
- Естеліктерде ол ән, жыр, өлең орындаған кезде бәрін ұмытып, ерекше бір күйге енетіндігі айтылады. Сол бейнесі туралы өз аузыңыздан естісек.
- Әкемді көзі көргендер, дастарқан басында дәмдес болғандар оған ән кезегі келген кезде арқасы қозып, домбыраның күмбіріне, өз дауысының екпініне еліктеп, ерекше бір күйге енетіндігін айтады.
Малдасын құрып алып, домбырасын қаққан сайын онымен бірге қозғалып, бөлме ішінде жылжып жүреді екен.
“Отырған жерінде желпінген аққудай домбыраны жерге қоя салып, қос алақанын кезек сілтеп, тақпақтай жөнелетін.
Өлең айтқанда кең бұғағы сабадай созылып, шырқап салған әні биікке өрлеп, кешкі самалда шартарапқа тарқап жатқандай әсер қалдыратын.
Ақындық, әншілік, әртістік түгел қонғандығы соншалықты, ол кісінің
іс-қимылында бір артық құбылыс, не бөгде сөз қозғалмайтын, инабаттылығы, кішіпейілділігі де ерекше байқалатын”, - деп жазады Аманжол Қошанов.
Осы естелікте әкемнің қандай адам болғанын көз алдымызға, елестетсек, оның ерекше, дара тұлға екендігін мойындаймыз.
“Жұрт айтады” деген сөзді жиі қосып отырғандығым, мен ес білгенде кәрілік жеңе бастаған әкем әншілік өнерге тиіп-қашып жүрген еді.
Ал 1953 жылы домбыра алып, ән шырқауды тіпті қойды. Оған себеп кенже бауыры Шөленнің өлімі еді. Ақмолада тұратын інісі әйелі және жалғыз ұлы Думанмен бірге түтінге тұншығып қалыпты.Саман үйінің мұржасын
біреу қасақана бекітіп кетіп, үйдегілер ұйықтап жатқан күйі тұрмай қалған. Бауырынан айрылған әкем іш-құса болып, сол қазадан кейін еңсесін тіктей алмады. Жиі ауырып,75 жасында өмірден озды.
— Оның соғыс жылдарындағы өмірі мен шығармашылығы үлкен әңгіме. 40-шы жылдары ол республикалық айтыстарға шығып, ақындықтың биік белесін бағындырды. Соғыс жылдары елді жігерлендіруге үлкен үлес те қосты. Өмірінің осы кезеңі туралы не айтасыз?
- Жасы келіп қалған әкем соғысқа шақырылмады. Бірақ жетім-жесірдің қорғаны болып, елдегі тыныс-тіршілікке бас-көз болған еді. Сұрапыл соғысқа аталас інілерін, ауылдастарын аттандырып, солардың қайтар жолын сарғая күткендердің бірі әкем болатын. Бүгінде ойлап отырсам,елдегі ауыр тірлікті, жұрттың мұң басқан жүзін көру әкеме оңай болған жоқ.
Соғысқа кеткен ағайындары, ауылдастары оған хат жолдап тұрыпты. Естелік ретінде майдандағы суреттерін жіберген. Олай дейтінім, бертінге дейін біздің үйдің қабырғасында мен танымайтын әскери киім киген бірнеше адамның суреті ілініп тұратын.
Жазған хаттарында бәрі артта қалған ардақтыларын Ботама тапсырып, соған сенім артады. Әкемнің соғыс жылдары ел ішін аралап, жұрттың басын қосып, ән айтқан күндері көп болған. Бұл ойын-думан, сал- серіліктің желігі емес еді. Бұл көңілі жүдеп, көкірегі қайғыдан қарс айрылып жүрген замандастарының көңілін аулау болатын.Жұрт өздері сыйлаған, қадірлеген Ботама қарап, заманның зіл қасіретін бір сәт болса да ұмытуға тырысқан. Оның жігерлі мінезін көріп, болашаққа үмітпен қараған. Жұртты сабырлылыққа, бірлікке, сыйластыққа шақырған өлеңдерімен заманының ауыр жүгін арқалады. Сонда ол жиынға келгенде: “Менің сіздерге бөліп берерім жоқ. Тек қана өлең ала келдім. Ол қайғылы жүрекке медеу болар, тоймаған қарынға сүйеу болар, арлының жаны сүйсінер, арсыздың жаны күйінер деген ойдамын”, - дейді екен. Соғыс жылдары адамгершілікті, өнегелілікті, сенімділікті насихаттаған өлең-жырларды көп жазды.
- Молдахмет Тырбиев шығармаларында XIX ғасырдың өзекті мәселелерін көтерді. Ол ауыз әдебиетіне үлкен мұра қалдырды. Сіздің ойыңызша, оның мұрасы бізге толық жетті ме?
- Мен қасында жүрген кез әкемнің қартайған шағы ғой. Шабыты да бәсеңдей бастаған еді. Күндіз өлең жазғанын көрген емеспін. Кей кездері түннің біруағына дейін отырып, араб әрпімен қойын дәптеріне түртіп қояды да, ертеңіне балаларына оны кириллица қарпіне көшіртетін-ді. Солай біраз дүниесін жинастырды. Қайтқан кезде қалың дәптер толы өлеңдері мен ескі Құран кітабы қалды. Өкінішке қарай, өмірінің соңғы жылдары жазған өлеңдері жоғалып кетті.
1957 жылы әкем өмірден озған соң елге Алматыдан бір кісілер келіп, әкемнің шығармашылығын зерттеуге ниет білдірді.
Немере ағам Кеңес оларға сеніп, қолдарына әкемнің әлгі өлең дәптерін ұстатып жіберіпті. Қайдан іздейтінін де анықтап сұрап алмай, өкініп қалды. Кейін Кәкімбек ағам біраз әлектенген еді, таба алмады.
Ал Құран кітабын анам аяқтың астында қалады деп, әкемнің моласының қасына көмдіріп тастады. Бүгінде оның қолы тиген ешқандай зат қалмады. Әкемнің көзі тірісінде өлең-жырлары облыстық газетте жиі жарияланып тұратын. Зерттеушілер, жанашырлар жинастырып, біраз дүниесін осы күнге дейін жеткізді. Құдайға шүкір, барлық шығармалары болмаса да азды-көпті мұрасы сақталып қалды.
— Молдахмет Тырбиевтың балаларының, немерелерінің ішінде ақындық, әншілік өнері дарығандары бар ма?
- Анам Ақық 11 құрсақ көтергенімен үш қызы 18-20 жас аралығында қайтыс болды. Жастай шетінегендері де бар. Сүннет, Қайрат ағаларым және мен отбасын құрып, балалы-шағалы болдық.
Ақындық Сүннет ағамның бойында болатын, бірақ ол оны дамытпады. Сондай-ақ Рүқия деген әпкем тірі болса әкесінің жолын жалғастырары сөзсіз еді.
Ұзатылғалы отырған қызға 1-2 күнде күйеу ұрын келеді деп дайындық жасалып жатқанда әпкем құрбыларымен жуа теруге барады.
Қандай ғаламат екенін қайдам, жауырынына қол тигізгенді ұнатпайды екен. Қайтар жолда ойнап келе жатып, қыздардың бірі жауырынынан қағып қалса керек.
Әпкемнің көңіл-күйі түсіп, үйге келген соң жатып қалыпты. Ауыр халде сандырақтап жатқан қыз ішкі жан дүниесін өлеңмен өрнектепті дейді. Әкем айтқанының бәрін жазып отырған. Күйеу келіп жатқанда Рүқия әпкем оң жаққа салыныпты. Жасы 19-да ғана еді. Ол домбыра тартып, әнді де жақсы айтқан. Әкем сондағы жазып алған өлең шумақтарын сақтап жүретін, мен балалықпен байқамай жоғалтып алдым. Менің Бибігүл атты қызым ән шырқағанда жұртты аузына қаратады. Нағашы атасынан дарыса керек. Өзімнің де жас кезімде бірқағарым болған. Бүгінде естимін Қайрат ағамның қызы Зәуештен туған Ринат деген жиеннің ақындыққа талабы бар көрінеді.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлгүл Қуатқызы, “Солтүстік Қазақстан”.
Қуатқызы.Г. Дара дарын.// Солтүстік Қазақстан. – 6 қазан. -2016 . -7 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |