Армандай ғұмыр дүние
"Қарашығым!
Ән тербеп өскен елдің баласымын,
Әнмен айтсам жете ме жүрегіңе,
Сырларымның саф таза, саф асылын.
Сағым далам –
Сұлулықты жырлаудан жаңылмаған.
Махаббатты анамдай әлдилеген,
Әлдилеген ғажайып лағыл ғалам", -
деп өзі жырлағандай, Қызылжар өңірінің перзенті, ерке Есілдің жағасында, Өрнек ауылында балалық шағын өткізген Есләм Зікібаевтың ақындығы көк аспанда қанатын еркін сермеген қыран бүркітті көз алдыңа елестетеді.
Туған ауылына, туған жерге деген сағынышын аса сезімталдықпен, ақындық асқақ шабытпен, нәзік сезіммен жеткізген Есләм өз поэзиясы арқылы оқырманға ғажап сыр шертеді. Ақын жырлары — елдікті, еркіндікті, парасатты паш ететін терең мазмұнды текті туындылар.
Есләм Зікібаевтың әр жылдары жарық көрген "Ақ қайыңдар" (1975), "Аққу арман" (1977), "Мен космонавт боламын" (1978), "Ақ айдын" (1980), "Ақ қайнар" (1982), "Алтын сағым" (1985), "Верую в людей" (1989), "Құс ғұмыр"(1992), "Дүние жалған" (1998), "Арна" (2001) атты жыр жинақтары қазақ поэзиясына қосқан құнды дүниелер екені даусыз.
"Ақ! Ақ!" — дедім, Ақ! — дедім.
Ақ іздедім өмірден,
Арманым да арнадан,
Ақ нұр болып төгілген.
Қап-қараңғы түнде де
Менің сүйген жанымның
Айдай жүзі жарқырап,
Ақ сәуле болып көрінген,
Бәрі, бәрі көңілден!
— деген өлең жолдарынан ақынның жан дүниесінің пәктікке іңкәрлігі байқалады. Жыр жинақтарының ақ қайың, ақ айдын, ақ қайнар болып аталуы да жан тазалығының айғағы болса керек.
Есләм Зікібаевтың жырларын оқып отырғанда, әріден тербеген ән әуенін естігендей боласыз. Өйткені, ақынның поэзиясы әнге әр кез сұранып тұрады.
Есағаңның өлеңіне жазылған Әшір Молдағайыновтың "Аяулым, арманымдай асылым ең" әні дүниеге келгенде, авторлар бірін-бірі әлі танымайтын-ды.
1966 жылдың жайма-шуақ көктемінде Әшір ағамыз тұңғыш әуенін шығарып, соған мәтін іздейді. Композитордың болашақ жары Гүлжауһар Аухатқызы Есағаңның зайыбы Рауза Бәкірқызына бұл жайды баяндайды.
Сөйтіп, ақын сөзін жазып, композитор әнін әрлеп, "Аяулым, арманымдай асылым ең" әні дүниеге келеді. Бұл әннің бағын ашқан — халқымыздың бұлбұл әншісі Роза Бағланова.
Ән тұңғыш рет Мәскеудегі Кремльдің Съездер сарайында әйгілі әншіміз
Роза Бағланованың орындауында шырқалғанда Есағаң мен Әшір ағамыз тыңдаушы ретінде қатты толқыған екен.
Осыдан бастап Есағаң мен Әшір танысып, тіл табысып, "Сағындым сәулешім" әнінің де тұсауын кеседі.
Қазақ радиосының алтын қорындағы ақын Есләм Зікібаевтың өлеңіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің "Әнші сыры", Темірбай Исалиевтің "Кездеспей кеткен бейнем ең", Әсет Бейсеуовтің "Жеңеше", Бексұлтан Байкенжиевтің "Жыл құсы", "Ұйқың, жаным, қанды ма?", Бақытжан Құрманғалиевтің "Сағыныш", Мүбарак Салықовтың "Қызыма" және Өрікгүл Өтемістің "Өрнегім", "Бекет ата" әндері әуе толқыны арқылы жиі орындалып тұрады.
Бұл әндер Роза Бағланова, Зейнеп Қойшыбаева, Сәуле Ағыбаева, Сұлушаш Нұрмағамбетова, Ермұрат Зейіпхан, Бексұлтан Байкенжиев, Венера Қармысова мен Мүбарак Салықовтың орындауында алтын қорымызда сақтаулы.
Олай болса, қазақ поэзиясы мен өнеріне өзіндік қолтаңба қалдырған жаны нәзік Есағаң жайлы ақынның асыл жары Рауза Бәкірқызының естелігіне құлақ түрелік.
— Есләмнің 60 жасқа толған мерейтойы дүркіреп өткен еді. Ал ақынның туғанына 70 жыл толған мерейтойы елде болды.
Елдің тойына не жетсін?! "Солтүстік Қазақстан" облыстық газетінің бас редакторы Жарасбай Сүлейменов, сол кездегі облыстық теледидардың төрағасы Кәрібай Мұсырманның көп көмегі тиіп еді, — деп бастаған әңгімесін Рауза Бәкірқызы. — "Өрнек" деген — кішкене ғана ауыл. Есілдің жағасында. Айнала аққайың орманы. Сол ауылға ақшаңқан үйлер тігіп, далаға сахна жасап, "Балқадиша", сонымен қатар "Есіл әуендері" ансамблінің әншілері Есләмнің өлеңдеріне жазылған әндерді орындады. Кәкімбек Салықов ағамыздың сол жерге арнайы барып, арнау жыр оқуы, мектеп оқушыларының балғын жүректерінен жыр төгуі әсерлі болды. Оқушылар қонақтарды мектептің алдында қарсы алды.
— Өрнек орта мектебіне Есләм Зікібаевтың аты берілді, ел қуанған шығар?
— Есләмдардың кезінде төртжылдық қана мектеп болған. 2004 жылы мектепке ағаңның атын берді. Ашылу рәсіміне бардық.
Мектепке сый-сияпатымызды барған сайын беріп тұрамыз. Осы жолы мектепте ақындар айтысын ұйымдастырып, бәйге жариялап, елге бір қуаныш сыйлаған аудан әкімдігі болды.
— Табиғаты сұлу Қызылжар өңірінде дүниеге келген ағаларымыздың сұлулыққа ғашық болуы да заңдылық. Осы кісінің лирикалық өлеңдерінің ерекшелігі жайлы біле отырсақ.
— Бұл кісі — әнге арнайы сөз жазбаған адам.
Еліне, жеріне деген ғашықтық сезімнен туған жырлар болғаннан кейін әнге сұранып тұрған болуы керек. Ол адалдықты ақтарыла жырлаған Ар мен Ақиқат жаршысы еді. Кісілік пен кішілікті ардақтаған ақжүрек ақын еді.
Жырлары тұнған лирика десе де болғандай. Ең бастысы, ол жүрегінің лүпілін тыңдап жазушы еді.
— Әнге сөз жазған ақындардың жазба ақындығы да өміршең. Сіз ақын мұрасын көздің қарашығындай сақтап, жарыққа шығарып келесіз. Оқушысын тапқан мұралары дегенде қайсысын айтар едіңіз?
— Есағаң қайтыс болған соң оның күнделігін тауып алдым. Әр баласына деген көңіл-күйін қағазға түсіріп, аты аталмай жүрген жазушылар жайлы көбірек жазған екен.Тоқаш Бердияров, Ізтай Мәмбетов, Әділбек Абайділданов сияқты ақындарды атап кеткен екен. "Менің де шығармашылығым қалай болар екен?" деп ойлаған болуы керек. Сағи Жиенбаевты өте жақсы көретін. Сырбай, Ғафу ағалармен талай тойларда бірге жүрген, ол кісілер жайлы да естеліктері бар екен. Осыларды жинақтап, 2003 жылы ой-толғамдары мен эсселерінен құралған "Жыр — тағдырым" жинағын шығардық. Сондай-ақ, "Қас қағым сәт" (2004), "Армандай ғұмыр" (2007), "Өмір-бәйге" (2007) жинақтарымен қоса үш томдық таңдамалы жинақтары жарық көрді.
— Көп ақын-жазушылардың іздеушісі болмай, аты аталмай қалып жатады. Осындай шаралардың бәрін өзіңіз ұйымдастырып, тер төгіп жүрсіз. Ақынның жары болу оңай ма?
— Ақынның жары болу екінші қызмет сияқты. Ақынның жары алғашқы тыңдарманы, оқырманы деуге болады. Шабытты шақтарында әсерленіп отырып жазғанда, ол кісіні қозғауға болмайтын. Өзі аса балажан еді. Сүйсе, құлай сүйе білген жан еді-ау...
Ақын адамдар өмірде әрқайсысы біріне-бірі ұқсамайды. Бұл кісінің ерекшелігі өлең жазатын жер таңдамайтын. Бірақ өлеңдерінің басым көпшілігі қыста жазылатын. Шабыт келген кезде, "Жеңеше" деген поэманы екі жетіде бітірді.
— Есләм аға тым бауырмал жан еді ғой. Бауыр, туған-туысқанға деген ағамыздың ықыласы ерекше болған шығар?
— Артында үш інісі, бір қарындасы болды. Әкесі қайтыс болғанда, бұл кісі мектеп бітіріп жатқан екен. Анасы Есләмді қиындыққа қарамай, оқуға жібереді. Анасы ән салады екен.
Әкесі өлең жазған кісі екен Ол артынан ерген бауырларына қамқор болып, поэзияға кеш келді. Бауырларына жоғары білім берді. Сөйтіп жүргенде ез балалары да өсіп-жетілді. Немерелер дүниеге келді. Есләм бала тәрбиесіне де ерекше көңіл бөлді.
Еркін — журналист, Гүлнар — шет тілінің маманы, Эльмира — жоғары білімді маман. Немерелері: Ерден — аниматор-дизайнер, Әйгерім — халықаралық қатынастар жүйесінің маманы, Зәуре -журналист.
Осылай деген Рауза Бәкірқызы бір сәт ой жетегіне ергендей үнсіз отырып қалды.
Иә, Есләм ағамыздың өмір жолы тағылымды. Ол 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика белімін бітірген соң еңбек жолын "Қазақстан пионері" ("Ұлан") газетінде бастап, одан "Қазақстан әйелдері" журналында, "Социалистік Қазақстан", қазіргі "Егемен Қазақстан", "Жетісу" газеттерінде жалғастырған. Бұдан кейін Қазақ КСР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері женіндегі мемлекеттік комитетінің бөлім бастығы, "Жалын", "Жазушы" баспаларында бөлім меңгерушісі, "Кітап жаршысы" — "Друг читателя" газетінің бас редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі, көркем әдебиетті насихаттау бюросының директоры, "Ақиқат" журналының бөлім меңгерушісі және алқа мүшесі болды. Ол еңбек ете жүріп, дамылсыз толғаныстан туған лирикалық жырларын жазып, қазақ әдебиетіне елшеусіз үлес қосты.
Ақын серб жазушысы Змайдың бірталай шығармаларын, башқұрт ақыны Ш.Бикколдың "Жүрегімнің жарығы", қырғыз ақыны Ж.Садықовтың "Тау жолы" жыр кітаптарын, түркімен жазушысы К.Құрбаннепесов шығармаларын тәржімалады.
Атақты ақын Қадыр Мырза Әлі: "Есләм -күй таңдайтын, бап таңдайтын ақын. Оның сирек жазатыны да осыдан шығар. Дарын иесінің езін мүлде ерекше сезінетін алымды сәттері, шабытты шақтары болса керек", -деп ақын шабытына ерекше баға берген.
Ал ақын Мұзафар Әлімбаевтың: "Есләм поэзияға кешігіңкіреп келді. Алайда, кенже қалған жоқ. Ақындық өнер санымен емес, сапасымен өлшенер болар. Ақынның негізгі тақырыбы — азаматтық, Отанға, туған елге деген сүйіспеншілік", — дегені де Рауза Бәкірқызының сөзін растап тұрғандай.
Ақын Есләм Зікібаев көзі тірісінде Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымөн марапатталған. Өзі туған Есіл ауданының құрметті азаматы, сонымен қатар, бірнеше мүшәйралардың жүлдегері.
Ақын өлеңдөріне әлі де талай ән жазылар, келер ұрпақ әсерлі жырларымен сырласып, сөз құдіретін мойындар. Бұл -алдағы күннің тірлігі.
Ең бастысы, ақын Есләм Зікібаевтың сырға толы лирикалық жырларын сүйсініп оқитын оқырмандары көп болғай дегім келеді.
Алтын Иманбаева, Қазақ радиосының "Алтын қор" бөлімінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.
Иманбаева.А. Армандай ғұмыр дүние // Қызылжар нұры.- 2016. – 15 шілде. -5 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |