Аласапыранда

Теңбіл-теңбіл әлеміш конвертті олай да, былай да аударыстырып, ұзақ қарадым. Бейтаныс жазу, бейтаныс ел, бейтаныс біреуден келген хат. Венесуэла. Каракас. Унгефуг. Бұл кім болды екен?
Еуропаньің кейбір елдерімен азын-аулақ қарым-қатынасым бар. Ал Латын Америкасында кімнің менде не шаруасы болуы мумкін?

Алессандро Унгефуг? Аты — испанша. Фамилиясы -немісше. Сәл-пәл таныстау естіледі.
Хат немістің әдеби тілінде жазылған. Бірақ Еділ немістерінің сөз тіркестері оқта-текте кездеседі.

Хат иесінің қолына соо-на-ау Венесуэланың астанасы — Каракаста жазатайым өзіміздің Алматыда шығатын "Дойче альгемайне Цайтунг" түседі. Оқып отырса, әлдебір Бельгер дегеннің мақаласына көзі сүрінеді. Апырай, бұл қай Бельгер болды екен? Еділ өңірінде, бұрынғы неміс автономиясында, Гнаденфлюр кантонына қарасты Мангейм селосында соғыс алдында Бельгерлер тұрушы еді, солардың бір жұрағаты болмасын?! Өзі жазушы және депутат көрінеді… Мазасы кеткен зейнеткер Алессандро Унгефуг дереу Алматыға, газетке хат жазады, Солай да солай, сіздің Мангеймнен шыкқан Бельгерлерге қатысыңыз болса, маған хабар беруіңізді өтінемін.
Өтінішін орындадым. Иә, мен өзім Энгельс қаласында туғанмын, әке-шешемнің туып-өскен жері -Мангейм. Бес-алты жасымда Мангеймде талай болғанмын, сізге сірә таныс Карл мен Аннаның тұнғышымын.

Каракастағы Унгефугтың қуанғаны-ай! Ол әулетіміздің біразын білетін болып шықты, Қызыл әскер қатарына 1940 жылы шақырылған екен, Әскери парызын Украина жерінде өтеп жүргенде фашистермен қанды соғыс басталды да, ол майданға аттанды. Көп ұзамай тұтқынға тусті. Фашистер оны орыс я "фольксдойч" деп ажыратпай концлагерьге тықты. Кейінірек бір бай немісте жалшылықта жүрді.

Көрмеген қорлығьі жоқ, "Руссише швайн" (орыс шошқасы) аталды, туған-туысқандарынан хабар-ошарсыз. Тіпті, Еділ немістерінің автономиясы ыдырап, тұрғындары жаппай Сібір мен Қазақстанға жер аударылып, шаңырағы опырылып, быт-шыт болғанын да көп жыл өткен соң естіді. Унгефугтер отбасынан кімнің тірі қалып, кімнің қайда жүргені беймәлім.

Жат елде тұтқында итшілеп күн көріп жүргенде американдықтар келіп, құлдықтан босатты. Әлбетте, тұтқындағы кеңес әскерлерін дереу еліне қайтарды да, сол бойы оларды енді Сталиннің концлагеріне айдап тықты.

-Сен кімсің? — деді американдық тергеуші.
— Унгефугпын.

-Неміспісің?
— Иә, — деді Унгефуг Еділ немісі екенін таратып айтпай.
-Қайда туып едің?
-Мангеймде,
Мангеймде туғаны шын. Бірақ, қай Мангеймде? Бір Ғана Кеңес Одағында соғыстан бұрын тәрт Мангейм болатын — Еділде, Одесса түбінде, Кавказда, Украинада, Оны американдық тергеуші қайдан білсін? Оның білетіні – Германиядағы Мангейм қаласы.
-А-а… Жергілікті неміс екенсің ғой?
-Унгефуг басын изеді.
-0кэй!-деді американдык тергеуші. — Бара бер! Боссың!

Онысы;"Есің барда еліңді тап!" дегені болды.
Сонымен Унгефуг туған еліне қайтпай, Германияда қалып қойды. Елі дейтін елі де жоқ. Қазақстан, Сібір дегенді естуі болмаса, елестете де алмайды. Тіпті қай жақта екенін де білмейді. Ресей немістерін аяусыз қудалап жатқанын еміс-еміс естіген. Туғандарынан еш мәлімет жоқ.
Күнкөріс үшін не істемеді байғұс Унгефуг? Бағбан, қарауыл құрылысшы, наубайшы, теміржолшы, жүк тасушы, сатушы, даяшы болды. Қорлық, қиямет, кесепат, тауқыметтің бар-барлығын басынан өткерді. Елі-жерінен, ағайын-туғаннан айырылып, шермеңде болып, дәруіш-кезбенің күнін күйттеп жүрген адамның хал-жағдайы белгілі. Өңінде аузын ашпай тентіреп жүрді де, түсінде туған Мангеймін, іні-қарындастарын, Еділді көріп құса болады.

Ақыры көрші Голландияға барды — сіңбеді.
Канаданы біраз шарлады — бақыт құсы қонбады. Сол кездегі ит тірлігі — бір хикая. Не керек, тағдыр айдап, Венесуэладан бір-ақ шықты. Онда да бір басқа жетерлік нәубеттің ащы дәмін татты. Жергілікті бір әйелге үйленді. Орыс тіліне бұрын да шорқақтау еді, енді оны біржола ұмытты. Әйелі испанша сайрайды, өзі немісше.күмілжиді. Балалы болды. Каракастың күйбең тірлігіне еті үйренді.

Еділ бойындағы жайлы, тыныш Мангейм есінен шықпай-ақ қойды. Ал бір кездегі неміс мекені Мангеймнің орыстың Советское селосына айналғаны қашан! Неміс автономиясының бүкіл қала-селендері сонау
41-жылдың қыркүйек айында-ақ орысшаланып шыға келген. Мангеймнің быт-шыты шығып, жермен-жексен болып, ізсіз құрып кеткен. Орыс жүріп өткен жерде шөп шығушы ма еді?! Соры беселі Мангеймнің байырғы тұрғындары Ресей империясының түкпір- түкпірінде құмға сіңген судай жоғалып, өздері орыс, өзбек, қазақ, башқұрт, чалдон болғаны қашан!

Оның бірінен де Қарақастағы Унгефугтің хабары жоқ. Жарты ғасыр уақыт өткеннен кейін Бельгер деген таныс фамилияның кездейсоқ алдынан шыққанын қарашы!
Енді тіпті, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Менен хат алған соң Унгефуг туған-туысқандарын сұрастырып іздеуді өтінді. Әкемнің альбомынан — о ғажап Унгефугтің шешесінің фотосуреті табылды. Жібердім. Суретті алып, жетпістің жуан ортасына келген Унгефуг жас баладай жыласын. Кейін әкем де Унгефуггер жайынан көрген, білген естігенін жазып жіберді. Депутаттығымды пайдаланып, іздеу салып, көп басты отбасыдан тірі қалған Унгефугтің қарындасын өзіміздің Павлодардан таптым.
Карақастық жерлесімнің қуанышында шек жоқ. Қалған аға-іні, апа-қарындастары сұрапыл тағдыр-тәлкегінде Сібірде, Қазақстанда, Қарақалпақстанда, еңбек армиясында, қуғында жүріп шетінен шейіт болған.

Ендігі арман — екі бейбақтың кездесуі. Павлодарлық аурушаң Марияның жер түбіндегі Қарақасқа барар жағдайы жоқ. Зейнетақыммен ілдалдалап күн көріп жүрген жан. Қарақастағы мугедек ағасының Қазақстанға жетуі оңай шаруа емес. Не амал бар Германияның Қазақстандағы сол кездегі елшісі Бракло мырзамен кеңесіп едім, ол Унгефугтердің Германияда кездесуі іске асуы мүмкін дегенді айтты. Кезектесіп хат алысуымен біраз уақыт етті. Мария Унгефуг бала-шағасымен Германияға көшіп кетті. Бракло мырза — о, Құдайдың құдіреті! — Венесуэлаға елші боп барды, Енді Унгефугті онымен табыстырудың амалын іздеу керек болды.

Унгефуг хаттарында мені "Қадірлі інім" дейді, "Жерлесім" дейді, "Менің бағыма жаралған" дейді. Бір-екі рет тіпті Посылка -пакет салып жіберді, Посылкасы: қалам, қарындаш, өшіргіш, кассета, тарақ, шоколад, кофе, блокнот. Қазақстан жайында түсінігі жоқ. Алматының көшесінде түйе, есек жайылып жүреді деп есептейді. Халық шетінен аш, әйелдері парәнжі киіп, еркектері тізесіне дейін сақал қояды деп түсінеді. Не дейсің?., Сонсоң хат алысуымыз сап тиылды. Екі жылдан соң Робертино деген ұлынан хабар келді. Хат шала немісше жазылған. Әкеміз Алессандро Унгефугтің халі мүшкіл. Жиі ауырады.Екі көзден айырылған. Ешқайда шыға алмайды, Тірнектеп жиған ақшасын инфляция жеп қойды. Пенсиясы мардымсыз. Қарындасымен ақыры көрісе алмады. Қайғыға беріліп, уайымдап, туған Мангеймін еске алады. Сізді жиі-жиі айтады. Дүниеде екеумізден басқа мангеймдіктер калды ма екен деп налиды… Ай, сорлы жерлесім Унгефуг!,. Бұл күндері жер бетінде ізі де қалмаған Мангеймді еске апатындар бірен-саран ғана қалған болу керек. Оның да үшеу-төртеуі Германияда, бір-екеуі Канадада, бірі менің әкем — Ташкентте, ал соңғысы алматылық мен болармын.

Өмір де, бақыт та, шуақты күндер де, Еділ жағасындағы немістердің көңілді, шат кездері де, үміт оты да — бәрі-бәрі болған, сонсоң адыра қалған.
"Адамның басы – Алланың добы" дегенді қазақ бекер айтты дейсіз бе? Шынтуайтқа келгенде әрбір адамның өмірі тұнып тұрған трагедия.
Тағдыр дейсіз бе, жазмыш дейсіз бе, жалған, опасыз дүние дейсіз бе — бәрібір.
Туған жерінен айырылып, ит-қорлықта, аласапыранда өмір кешіп жүрген мүсәпір пенде бұл заманда да аз ба?


Г.Бельгер.Аласапыранда.//Солтүстік Қазақстан.- 2004. – 22 қазан.-9 б.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий