Алғыс арқалаған азамат

"Бірде Н. Погодин театрының  жанынан өтіп бара жатып, Пушкин мен К.Сүтішев көшелерінің қиылысындағы екіқабатты көк ғимаратқа көзім түсті. Қазақтың талай атпалдай азаматтары осы мекеменің ішінде жазықсыздан жазықсыз ату жазасына кесіліп кетіп жатты. Алақандай ауылдан аттап шықпаған жігіттерді өңі түгіл түсінде көрмеген Жапония елінің жансызы деп айыптағанын қайтерсіз?

Қан сасыған сол ғимаратқа кейінгі жылдардың өзінде көбіміз кірмек түгіл  маңына жолауға жүрегіміз дауалай бермейтін. Енді, міне, шынжырлы трактор сенің де төрт қабырғаңды төрт жаққа айырып, күл-паршаңды шығаруда.Бұл өмірде мәңгілік ештеңе жоқ екені ақиқат", — деп бастады әңгімесін Болат Мағазұлы.

Осыдан кейін ол біраз үнсіз отырып қалды. Мүмкін, әкесіз қалып, қорлықпен өткен балалық шағын еске алған болар. Бала Болат жасы бірге толып, тәй-тәйлеп алғашқы қадамын енді жасай берген шағында әкесі Мағазды жендеттер әй-шәйға қаратпастан айдап әкетті. Үкіметке қарсы ешбір теріс пиғылы байқалмаған, керісінше, кедейлердің көзін ашқан кеңестік саясатты қолдап, күн-түн демей, бел жазбай еңбектенген оның еш айыбы жоқ еді. Жазалайтын адам болсын, тағылар айып табылар демекші, басында сол баяғы қырсық атқыр "Жапонияның тыңшысы" деген жала жабылса, кейін үштіктің ату жазасына кесу туралы шешімінде бар кінәсі "молданың баласы" екені көрсетілген.

Жетім қалған шиеттей жеті бала мен "Халық жауының жары" деп адам төзгісіз жұмыстарға салынған анасы Кәмәштың ел қатарына қосылу жолындағы азабы адам айтқысыз еді.

Ашқұрсақ жүрген күндер, жергілікті атқамінерлердің көрсеткен ноқайы Болатты тым ерте есейтті. Анасы туралы өзі жазған "Дала жыры" кітабында "Құдай берген қайрат-күші қабырғасын қайыстырмады, белін үзбеді, аяғын талдырмады. Осыған бір мысал: ауылдан қыс бойы әйелдер мінген өгіз керуені Мәулітке астық тасиды. Элеватордың сонау зәулім мұнарасына тақтайдан төселген басқышпен бидайды қаппен арқалал апарып, төбеден құяды. Көтергіш механизмдер ол кезде жоқ. "Кейбір ерлердің өзі кетерілгенде қайқаңдап қалатын" деп еске түсіретін шешем", —дейді.

Білімсіздің  күні қараң екенін бала түйсігімен түсінген ол биік шыңдарға тек оқу арқылы ғана жетуге белді бекем буды. Сегізінші сыныпқа дейін ауылда, кейін Петропавлдағы қазақ интернатында оқып, оны бітірісімен Омбыдағы ауыл шаруашылығы институтына агроном мамандығына қабылданады. 1960 жылы қолына диплом тие тың игеруге білек сыбана кірісіп кетті. Бар-жоғы 29 жасында Булаев аудандық партия комитетіне хатшы болып сайланады.

"Жас бала не бітірер дейсің?" деп сырттан мысқылдай күлгендер де табылған. Бірақ білімділігі мен еңбекқорлығы, талап қоя алатын және оны орындата білетін табандылығының арқасында өзін мойындатты. Әнуарбек Шманов, Ніл Болатбаев сынды елге сыйлы басшылардың артқан сенімін абыроймен атқара білді. Басшы үшін алға жетелер басты күш — халықтың саған деген сенімі. "Москворецкий" кеңшарында директор болып жүргенде орын алған оқиға тәжірибесі толысып, қамал алар жастан асқан Болат Мағазұлының көзіне еріксіз жас үйірген еді.

Шырт ұйқыда жатқан совхоз директоры біреудің терезені сындырып жіберердей тарсылдата қаққанынан шошып оянды. Жүрегі бір жамандықты сезгендей, дүрсілдеп қоя берді. Алқынған күйі орнынан атып тұрып, шамды жағып, қабырғадағы сағатқа көз салса таңғы төрт. Желбегей киіне салып, есіктің күршегін ашты. Үйге үсті малмандай су, ерні ерніне тимей қалшылдап мал бригадирі кірді. Түсі бұзылып кеткен, бірдің басын, бірдің аяғын айтады. 

Бригадирді тыңдай жүріп, лезде киінді. Сыртқа шықса мамырдың мамыражай күнінің белгісі де жоқ. Кеше күн шайдай ашық болатын, тек жатарда жаңбыр себезгілей бастаған еді. Сөйтсе арты қарлы дауылға ұласып, қырық шақырым жердегі жайлаудағы мал қырылған. Дауылда қоршауды бұзып кеткен желден ыққан торпақтар тасыған көл суына тұншығып өлген. Ұзын саны 101 тайынша мерт болыпты. Тірі қалғандарын ескі қораны жөндеп, соған қамады.

Хабар жетісімен аудан басшылары да келіп кетті. Түрлері суық. Менің біткен жерім осы еді. Ол кезде табиғаттың салдары деп сенімен ешкім санасып жатпайды, 101 торпақ түгіл, бір бұзау үшін соттап жіберетін.

Анамның біз оқысын деп күні-түні белі қайысып еңбек еткені зая кетпек. "Халық жауы" деп қанша жерден қараласа да, мен үшін жазықсыз жазаланған әкемнің пәк абыройына дақ түсіретін болдым. Талай жылғы білім жолындағы ізденіс, оқу, облыс басшыларының сенімі әдірам қалайын деп тұр, — деп сол сәтті Болат Мағазұлы әлі күнге дейін ерекше толғаныспен еске алады.

Түнімен ұйқы көрмей, таң атпастан жұмыс орнына барып алып, өкініштен өзегі өртеніп отырған сәт. Басы мең-зең, күннің шыққанын да байқамапты. Есік тарсылдатып, қап көтерген кеңшардың қос қызметкері ішке кірді. Келді де қапты директордың үстелінің үстіне қойып жатып-. "Мынау хапықтың жинаған ақшасы. Қиын сәтте сізге көмектесуді ұйғардық. Алыңыз", -дейді. Директор кезінен ыстық жастың қалай ыршып кеткенін аңғармай қалды. Екеуі шығып кеткен соң қос жанарға ерік берді.Жүрек шіркін кеудені жарып шығардай дүрсілдеді. Ауыл азаматтары түнімен жүріп, әрбір үйді аралап, өлген малдың орнын толтыру үшін жылу жинаған екен. Сонда үлкен кеңшар тұрғындарының ішінен екі адам ғана "өзі төлесін" деп қарсы шыққан, ал қалғандары барын берген. Бұл қарапайым халықтың басшыға көрсеткен алғысы еді.

Мен сол сәтте халықтың ықыласы қалай болатынын алғаш рет сезіндім. Бұған дейінгі еңбегімнің зая кетпегенін түсіндім. Бастықпын деп шіренбедім. Бір жылы халықта жем-шөп болмай, малдары қырылудың алдында тұрды, алдыма келгендерінің ешқайсысының бетін қайтармай, онсыз да жетпей жатқан кеңшардың шөбінің жартысын берген едім. Енді, міне, менің басым бәйгеге тігілген кезде олар қол ұшын созды. Жинаған ақшаға халықтың өзінен мал сатып алдық, жетпей жатса қарызданып жүріп, үкіметтің өлген торпақтарының орнын толтырдық. Мені соттамақ түгіл, жиналысқа да салған жоқ, — дейді Болат Сағындықов.

Болат Мағазұлы кәсіптің адамы ғана емес, ол жүрегі жазуға жақын, ойында жүргенін жыр жолдарымен жеткізуге құштар жандардың қатарынан. Алтыншы сыныптан бастап жергілікті "Ленин туы" газетінде шағын мақалалары, кейін өлеңдері шығып тұрды. Мектеп бітірер жылы үш дос болашақта журналист боламыз деп шешеді. Бірақ бозбала Болат үлкен ағасының ақылын тыңдап, агрономдықты таңдайды.

Алайда, іште буырқанып жатқан шығармашылыққа деген құлшыныс сыртқа шықпай қойсын ба? Зейнет демалысына шыққан соң ол ақ қағаз бен көк қаламды қайтадан серік етті. Бала күнгі шабыт қайта келгендей. Туған жерге, өсіп-өнген ауылға, аузын ашса жүрегі көрінетін кеңпейіл адамдарға деген ілтипаты өлең болып жазылып жатты. "Дала жыры", "Өмір жыры", "Ауыл жыры" деген үш бірдей кітап шығарды, жақында "Көңіл сыры" деген атаумен төртінші жинағы оқырмандарына жол тартты.

Менің өмір жолымды үш кезеңге бөліп қарауға болар. Қиындықпен өткен балалық шақ, еңбек жолындағы қарбалас және соңғы 14 жыл бойы саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте қалдыруға бағытталған қоғамдық жұмысым. Осылардың ішінен соңғысы, яғни қазір айналысып жүрген ісіме көңілім толады, жаныма да ең жақыны сол сияқты, — дейді мақаламыздың кейіпкері.Өлі разы бопмай, тірі байымайды. Ол жазықсыз қыршыннан қиылған әке алдындағы перзенттік борышты осылай өтеуді ұйғарды.

"Память" атты қоғамдық қор құрып, 2002 жылдан бері жарғақ құлағы жастыққа тимей жүр. Содан бері бес бірдей облыс әкімі ауысыпты, қаланың басшыларының да бірі келіп, екіншісі кетіп жатыр. Солардың әрқайсысы өзінше көмек қолын созуда. Қуғын-сүргінге ұшыраған 7612 адамның есімі жазылған ескерткіш тақтаның бітпей тұрған тұсына өңірдің қазіргі басшысы Ерік Сұлтанов қаржы бөлдіріп, жұмыстың аяқталуына жол ашып берді.

Болат Сағындықов жоғары қызметтер атқарып, талай мақтау мен мадақтар алды. Жиған-тергені қалған ғұмырын алаңсыз өткізуге жетер еді. Бірақ ол жайбарақат отыра алмады, өмірдің мақсаты басқада деп ұқты. Көлге тамған тамшыдай болса қазақ тарихындағы ең бір зұлмат жылдардың жасырған сырларын ашып, жазықсыздан жазықсыз атылып кеткен боздақтардың есімін келер ұрпақ жадында қалдыруды көздейді. Өз басынан еткерген қиындық енді ешкімнің өмірінде болмаса екен деп тілейді.

 

Ербақыт Амантайұлы,

"Солтүстік Қазақстан".

Суретті түсірген Амангелді Бекмұратов.

Амантайұлы. Е.// Солтүстік Қазақстан. – 2016. – 28 сәуір .  – 4 б.

 

 

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий