Ақберен

 Желмая уақыт жүрісінен әсте жаңылмайды. Күнді күнге, айды айға, жылды жылға жалғап, зымырап өтіп жатыр. Кеше ғана арамызда ай маңдайы жарқырап, баршамызды даналығымен, даралығымен баурап жүрген, жүзі нұрлы, жүрегі сырлы, жаны жайсаң, көңілі жазирадай кең, ақылшы ағамыз Кәкімбек Салықовтың өмірден озғанына, асыл азаматынан айрылған Сарыарқаның сайын даласының жетімсіреп, қайғының қара шекпенін жамылғанына екі жылдың жүзі болып қалыпты.
«Тау алыстаған сайын биіктей түседі». Біз де бүгін Кәкімбек ағамызды сағынышпен еске алып, оның ғибратты өмірінен сыр аулаймыз, азаматтық тұлғасы, қайраткерлігі төңірегінде ойланамыз, толғанамыз.
Кәкімбек Салықов кім еді дегенде, менің ойыма бірден Азамат, Қайраткер, Ақын деген сөздер оралады.
Әуелгі таңдауы алтын кенін іздейтін инженер мамандығы еді ағамыздың. Осы арманның қанатымен ұшқан Кәкімбек Салықұлы Мәскеудің алтын және түсті металлургия институтын тамамдап, қойнауы қазынаға толы Жезқазғанда басшылық қызметтің тізгінін қолға алғанын өзінің естеліктерінде жазғаны белгілі.
Осылай жасыл құрақтай жайқалған жастық шағында кен инженері мамандығын игерген ол бүкіл саналы ғұмырын, білімі мен тәжірибесін, қажыр-қайратын туған елі мен халқының игілігіне арнады, ірі партиялық қызметтер атқара жүріп, барша Кеңес Одағына танылды, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. Көзі тірісінде қазақтың Кәкімбегі атанды.
Ал кенші Кәкімбек ақын Кәкімбекке қалай айналды?
Мұнда да бір заңдылық бар сияқты. Табиғаты тамылжыған, Сәкеннің жырымен айтқанда «Бойыңнан өле- өлгенше құмар кетпес» Көкше мен Айыртаудың аймағында, Сырымбеттей жер сұлуының құндағында дүние есігін ашқан Кәкімбекті анасы бесігінде Ақан сері мен Үкілі Ыбырайдың бай әндерімен әлдилесе, көзі көрген Тырбидың Молдахметі мен Асайынның Мұсасының ақ батасын алса, оның жүрегіне ән мен жыр неліктен ұя салмайды?!

«Ақындыққа бала жастан ғашықпын, Кенші болдым. Өмір жолын ашарда», — деген ағамыз ақындықтың өз бойына дарыған тұсын тым әріден — сәбилік кезеңдерінен сыр етіп тартса, онда да өмір шындығы жатқандығын жоққа шығара алмасақ керек. Оның әдебиетке құмарлығы ерте оянғанын өзінің бір сұхбатында «Жұмбақ жалауды» жеті жасымда жаттап алдым» дегенінен де аңғарамыз.
Осы тұста маған мынадай ой келеді. Асылы, бір-біріне үндес Тәңір мен Табиғат замандардың бір сәтінде таланттарға таршылық қылмай, жомарттығын жасайды екен.
Ол поэзия әлеміне үзеңгі жолдастары Ғафу Қайырбеков, Жұмекен Нәжімеденовтермен бірге қазақ жырын Қасымнан кейін қайта түлеткен Қадыр, Тұманбай, Сағи, Мұқағали, Өтежандарға ілесе келді, ғажайып бір құбылыс болып келді. Белгілі ақын Серік Ақсұңқарұлының тілімен айтсақ, «Түркінің бір тұяғы Кәкімбек Салықовтың мансап биігінде жүріп, Ақын болуы сөз ұстаған халқымыздың ұлылығының бір нышаны, ұлттық рухани дүниеміздегі ірі құбылыс болды!».
… Қалтасына коммунистің қызыл билетін сала жүріп, сол партияның идеологиялық сүрлеуімен жоғары өрлеп, Кеңес Одағы коммунистік партиясы Орталық Комитетінің инспекторы, Қарақалпақ коммунистерінің басшысы қызметтерін атқарған ат үстіндегі айтулы адам болса да, Кәкімбек Салықұлы Тәңір бұйыртқан жолдан бұрылып кете алмады.
Ақыры, айтып-айтпай не керек, алтынды да, біреулер бар өмірін сарп етіп, барлық ықыласымен, арманымен жететін партиялық қызметін де жан азабы өле-өлгенше қалмайтын қаламға айырбастады. Кәкімбек ағамыз есімін елі-жұртының жадынан шығармайтын тура жолын осылай тапты.
Мүмкін, қазақ жұртында ондаған алтын инженері, яки ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс — партия шенеунігі жетіп жатқан шығар? Олардың есімдері өздерінің жасаған ғұмырына ғана шақталып, байлығы таусылып, билігі тамамдалған күні бірге өлер.
Ақын есімі өлген жоқ! Міне, өлеңнің құдіреті осында!
Асыл талант қазақтың өлең-жырын алтыннан да ардақ тұтып, бар ғұмырын, бүкіл күш-қуатын соған арнады. Оның нәзік те сыршыл ақындық жүрегінен халқы сүйіп оқитын талай-талай жыр кітаптары мен ән арқауына айналған өлең жолдары туды. Ақын ағамыз өз ғұмырында туған халқына елуге тарта жыр-жинақтарын тарту етті. Бүгінде Кәкімбек ақынның ұшқыр ойынан, Сарыарқаның төсінде Жезкиіктей жүйіткіген күміс қанат қаламынан туған сол жүрек тебірентерлік таңғы шықтай мөлдір жырлары мен әндері Атырау, Арқа, Алатау, Алтайдың арасын шарлап жүр. Осылай Кәкімбек Салықұлы ұлттық мәдениеттің, оның ішінде қазақ әдебиетінің мақтанышына айналды.
Отыз сегіз жасында «Сыр» деген алғашқы жинағы оқырманның қолына тигенде оның ақындық пәрменін таныған Ғафу мен Тұманбай айрықша жылы лебіз білдірген екен. Кәкімбектің алғашқы өлеңдерімен танысқан Тұманбай оған алтынды ақындыққа айырбастауға ақыл қосыпты. Содан соң Кәкімбек жырдың кенін іздеген. Бұрынғы жер қыртысын қазғаннан ой қыртысына бойлау қиынның қиыны екенін көп ұзамай аңғарған. Және де әдебиетке кейіндеу келгенін өзі де сезген. Алайда, табиғи дарыны оның әдебиетке ет пен терінің арасындағы желкірне болып келмегеніне көз жеткізді.
Туған елінің, кең даласының сұлулығын тебірене толғап, құлай жырлаған, сол даланың төсінде жұлдыз болып аққан жезкиігін, құлагерін, көк зеңгір аспанының көркіне айналып, қиқулаған тырнасы мен аққуын әнге қосқан ағаның үні-эпикалық дастан-толғаулары мен сұлу лиризмге бай өлеңдері оның кең құлашты, еңсесі биік қаламгер екенін танытты. Бұған көгендегі қозыдай біріне-бірі етене «Мәңгі шырақ», «Жезкиік», «Нұрлы күндер», «Көңіл назы», «Аққу жеткен», «Парасат сыры», «Шын жүректен»,
«Дала-дастан», «Че Гевара», «Гәкку» сияқты жыр-жинақтары айғақ. Осы арада Кәкімбек Салықовтың саяси қызмет пен шығармашылықта қатар табысқа жеткен талантты аз қазақтың бірі болғанын айта кетсек, артықтық етпес.
Ақынның ақындығын ғана айтып қойсақ, әрине, Кәкімбек ағаның алмастың жанарыңды жаулаған әр қырындай дарын аясын тарылтқандай болар едік. Әні де әдемі Кәкімбектің жүрегіне өлең де өгей болмай шықты. Бұл күнде сөзі мен әні жарасым тапқан ағаның жалғыз ғана «Жезкиігінің» өзі неге тұрады?! Жырдың асқағы, ақынның Сарыарқаның сайын даласын өлең құдіретімен өрнектеуі ғой бұл. Осы жырға жезқазғандық сазгер Жақсыгелді Сейіловтің жазған әні қазақтың әр шаңырағынан төрін тауып, бүгінде бүкілқазақтық әнге айналғаны қандай ғанибет! Сондай-ақ, «Аққу», «Ақмарал» сияқты әндері сұлу сазымен жүректі баурайтынын айтпай кете алмайсың. Ардақты ағаның әндері өлмес мұра болып, халықтың жүрегіне ұялады. Сазгер мамандардың айғақтауынша, Кәкімбек Салықовтың өлеңдеріне жазылған бес жүзге тарта әндер бар екен. Міне, дарын қуаты қандай?! Жырдың жұлдызын жарқыратқан ақынның әндерінің нұры жайнайды.
Кәкімбек ағамыз ақындық күш-қуатының толқындай тасыған пәрменін аудармамен де айғақтады. Ол Лермонтовтың, Маяковскийдің, Якуб Коластың, Расул Ғамзатов өлеңдерін қазақ жырсүйерлерінің жүрегіне жеткізді. Өмірінің соңғы шақтарына дейін жүрегі жырлаған ақын Пушкиннің өлеңдерін де өзіміздің шаңырағымызға жаңа леппен енгізіп, төрімізге шығарды.
«Терезеден көрінеді ауыл жақ» деп өзі жырлағандай, Кәкімбек ағамыз, қай өңірде жүрмесін, туған жеріне, өсіп-өнген ортасына алаңдап отырды. Маған, әсіресе, Мәскеуде, Орталық Комитетте инспекторлық қызмет атқара жүріп жазған, кейін әнмен өріліп, өрекпіген жүректің кіндік қаны тамған жерге сағыныштың символындай болып кеткен:
«Құстар қайтып барады,
Еділдетіп, Оралмен,
Елге жетіп қалар ма ем,
Ере кетіп солармен!» — деген жыр жолдары ұнайды.
Шалғайда жүріп осылай тебіренген ақын жүрек Астанаға оралғаннан кейін Қызылжарға келуін жиілетті. Осындай бір сапарында, нақтырақ айтсақ, 2005 жылдың жазында ағамыз қарашаңырақ — «Солтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына да соғып, ұжыммен ашық-жарқын сұхбат құрған еді. Содан бері біз аға-іні болып араласып жүрдік.
Кәкең газетке өлеңдерін, басқа да жазған-сызғандарын жолдап тұрды. Соның бәрін қуана жарияладық.
Жоғарыда айтқанымыздай, Кәкеңнің туған жерге деген сүйіспеншілігі ерекше еді. Бірде Парламент қабырғасында кездескенімізде (ол кезде мен Мәжіліс депутаты едім -Ж.С.) Еңбегімнің (Кәкеңнің туған ауылы) жағдайы төмендеп кетіпті, жігіттердің көбі жұмыссыз қалған көрінеді, шағын мектеп жабылып қалса не болады деп қиналғаны есімде. Сол мәселемен біраз табалдырықтан аттап, Еңбекке қолында билігі бар басшылардың бетін бұрғаны да ұмытыла қойған жоқ.
Өзім байқаған Кәкімбек ағаның көптің бойынан табыла бермейтін бір жақсы қасиеті — өзі ардақтаған азаматтарды ұмытпай есте сақтап, оларды бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп жүруші еді. Оған «Егемен Қазақстан» газетінде істеген жылдары барынша қанықтым. Ол кісі редакцияға жиі келетін. Келген сайын маған соқпай кетпейтін. Жағдайымды сұрап, ақылын айтып, есімдері әрдайым халықтың аузында жүруге тиіс біраз азаматтардың ұмытылып бара жатқанына қынжылыс білдіретін. Орайы келгенде, солар туралы біраз мақалалар жазды. Осы жағына атсалысқан кездерімде мені де қолпаштап, қолдап жүрді. «Егеменде» мақалаларым шыққан сайын телефон шалып, пікірін білдіріп отыратын.
Жалпы мен бүгін сан қырлы таланттың бір ғана қырын — адамгершілік қасиеттерін көбірек сөз етсем деп едім. Бірақ оның осы қасиеттері бүкіл болмыс-бітімімен астасып жатқандықтан, өлең-жырға олжа салған сәттеріне соқпай кете алмадым.
Әдебиетіміздің ғұмырнамасында бір өзін тұтас бір дәуірге теңесек, артық, асыра айтқандық болмайтын Кәкімбек Салықовтың есімі қазақ мәдениетінің шежіресінен шеткері қалмайды. Өзі өлсе де, оның өлеңдері өлмейді, есімі туған елімен бірге жасап, тұлғасы асқақтай береді.

Жарасбай Сүлейменов, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры.


// Солтүстік Қазақстан. – 2015. — 26 қараша. — 5 бет .

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий