ТЕАТР ҮШІН ТУҒАН ТАЛАНТ

 Өнер адамдарының арасында бір өңірдің яки өлкенің ғана емес, елдің де айтулы тұлғаларының қатарында аталуға лайық десе, артық болмайтындары баршылық. Қазақстанның орыс театрларының тарихында осындай құрметке ие болған сахнагердің бірі Иван Петрович Арчибасов тірі болса, биылғы 20 қаңтарда 80 жасқа толар еді.
Қырық екі жасында, 1978 жылы "Қазақстанның Халық әртісі" атағына ие болған Иван Петрович Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының ең үздік сахнагері еді. Бұл театрда одан өзге осы атақты Тамара Ивановна Кучина иеленген-ді.
1936 жылы Ресейдің Орынбор облысында туған өнерге бейім жас тың игерушілердің алғашқы легімен Солтүстік Қазақстанға келгенін көзі тірісінде кездескен уақыттарда үнемі мақтанышпен айтушы еді.
— Мен өзімнің жастық жігеріме және бойыма Тәңір дарытқан өнерге деген құлшынысқа ғана сендім. Және де мені бұл жаңылдырып көрген жоқ, — дейтін еді ақжарқын, ашық мінезді сахна шебері.
Бап тілемей, жағдай жасалуын талап етпей, келгеннен-ақ тың игерушілердің жанынан табылып, боранды, жауынды-шашынды күндерде де, сондай-ақ, жаздың аптаптарында да тыңгерлерге концерттер қоюдан жалықпаған үгіт бригадаларының құрамында облыстың қиырларын шиырлаған жас жігіт мұнысынан ләззат алмаса, бармағын шайнамаған.
1955 жылы театрдың жанындағы студияны тамамдаған. Міне, аса дарынды сахнагердің барлық білім ордасы осы ғана. Алайда, 1987 жылдың шілде айында Н. Погодин театрының бір ғасырлық тарихына орай Мәскеуде А. Н. Островский атындағы одақтың Кіші театрының сахнасында біздің өңір әртістері қойған А. Кудрявцевтің "Иван мен Мадонна" спектакліндегі Иван Климов бейнесі үшін Иван Арчибасов "Ең үздік сахна шебері" жүлдесін Д. Попов атындағы Алтын медальды еншілегені ғаламат құбылыс емес пе?! Шеткері жерден келген театрларға шекесінен қарайтын кірпияз мәскеулік көрермендер де, театр сыншылары да петропавлдық Иван Арчибасовтың өнерін атап еткені одақтық "Театр" журналында басылғаны ұмытыла қойған жоқ.
И. Арчибасов Погодин театрында 1955 жылдан былай бастан-аяқ мүсіндер сомдап, өмірден озған 2001 жылға дейін өзге сахналардан бақыт құсын іздеген емес.
Мәдениет, оның ішінде өнер, театр туралы өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңынан бері жазып келе жатқандықтан, мен погодиндіктердің бірде-бір қойылымын қалыс қалдырмауға тырысатынмын. Осы спектакльдерден соң әдетте үнемі талқылаулар болмай тұрмайды. Өзім үзбей қатысуға тырысатын осы талқылауларда мінезі аса орнықты, анау-мынауға елп ете қоймайтын Иван Петровичке таяу отыратынмын. Өйткені, ол ана талқылаудың өзіне қатысы жоқтай кейіпте отырса да, бәрін аңдап-біліп, артық сөйлемей, жай ғана күлімсіреп қоятын.
— Иван Петрович, ана жеріне сіз қалай қарар едіңіз? Мынау рөл солғындау емес пе? Борис Голубицкий (бас режиссер, көркемдік жетекші — 3. Ә.) тым қатты кеткен жоқ па? дегендей сұрақтарды жол бойы қоямын. Өйткені, біздің үйлеріміздің арасы жақын. Сондықтан қойылымнан, одан кейінгі талқылаудан соң үнемі жаяу қайтамыз.
Ол аса үндемейді. Бірақ дәл үйімізге жеткен кезде (жылдың қай мезгілі болсын) ұзақ тұрып алып, қойылымды талқылайтыны есімнен кетпейді.
— Сіз осы ойларыңызды сараптауларда неге осылайша анық айтпайсыз десем, ол жымияды.
— Сен театрда үнемі бола бермейсің ғой. Дайындық барысында біз бір-бірімізді аямаймыз. Ал сахнадан қажып шыққан әріптесіңе режиссерге қосылып әңгіртаяқ ойнатып отырсаң, жақсылығың емес. Жастарды жасытпау керек! — дейді риясыз күліп.
Міне, тәлімгердің сөзі!

Иван Петрович сахнаның сұңғыла саңлағы екенін оның сомдаған бейнелерінен-ақ аңғаруға болар еді. Айталық, Михаип Шатровтың "Революцияның атымен" пьесасында — Феликс Дзержинский, Михаил Шолоховтың "Көтерілген тыңында" — Макар Нагульнов, Дмитрий Снегиннің "Кіршіксіз қарында" — генерал Иван Панфилов, Нодар Думбадзенің "Мәңгіліктің заңында" — Бачан Раманишвили, Алексей Островскийдің "Олжалы орнында" — Юсов және басқа да елеулі бейнелер оның орындаушылық шеберлігінің арқасында көрермендерді театр сахнасына тәнті етті.
Сахна шеберінің шығармашылық қазынасы қазақ драматургиясының үздік туындыларымен де байыды. Атап айтқанда, ол Ғабит Мүсіреповтің "Кездеспей кеткен бір бейне" пьесасынан қойылымда Сәкен Сейфуллиннің "Жат қолында" трагедиясы бойынша спектакльде би тұлғасын тарту еткені есімізден кетер ме? Немесе "Ұлпан" қойылымында Есенейді орыс көрермендеріне таныстыруда айтарлықтай тер төккеніне атақты қоюшы-режиссер Әзірбайжан Мәмбетовпен қойылым жайындағы сұхбатта қаныққан едім.
И. Арчибасовтың сахналық шеберлігі туралы 1987 жылы сол кездегі Кеңес Одағының танымал театр сыншысы В. Гудкованың лебізінен де аңғардық. Петропавлда өңірлік театрлардың бүкілодақтық байқауын ұйымдастыруға келгендердің басшысы Виолетта Владимировна Гудкова: "Иван Арчибасов театр үшін туған талант екен!" — деп талқылауға қатысушыларды таңғалдырған еді… Өйткені, мұндай лебіз шеткері театрлардың әртістеріне айтыла бермейтін-ді.
Ол 2001 жылы, өмірден озарынан сәл бұрын, театр өнеріне сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің сыйлығымен марапатталды.
Ал бүгінде оның атындағы арнайы жүлде жыл сайын Халықаралық театр күні погодиндіктердің үздік өнер көрсеткен жас сахнагерлеріне тарту етіліп келеді. Өлмейтін өнер деген осы емес пе?!

Зейнолла Әкімжанова, "Солтүстік Қазақстан".


// Солтүстік Қазақстан. – 2016. – 19 қаңтар. – 5 бет .

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий