"Есіл көтерілісіне" Мағжанның көзқарасы
Өлкеде кеңес өкіметі орнаған алғашқы жылдардағы елеулі оқиғалардың бірі осыдан 95 жыл бұрынғы — «Есіл көтерілісі». Алдын ала айтып қояйық, сол кезде ресми түрде «орыс болыстары» деп жіктеліп аталатын елді мекендерді қамтыған «бүліктің» қазақ ауылдарына тікелей қатысы болмаған. Сонда да бір аймақта өмір сүріп жатқан соң көтерілісшілер мен оларды басып-жаншуға шыққан жазалаушы жасақтардың тарапынан қазақтар жазықсыз жапа шекті.
Әлбетте, бұл жерде біз «Есіл көтерілісінің» мән-жайын тәптіштеп баяндамақ емеспіз. Қазіргі ұрпаққа түсінікті болуы үшін Қызылжардың, облысқа қарайтын елді мекендердің Ресей шекарасымен тікелей жақындығын әрі Кеңес Одағы кезінде бір мемлекет құрамында, бір биліктің астында болғанымызды еске түсірейік. Демек, көтеріліс дәл осы арадан басталған жоқ, солтүстіктен келді. Шекаралас Омбы, Қорған облыстарында орыс ұлтының саны басым аймақтарында пісіп-жетілген, саяси астары ұйымдасқан қарулы қозғалыс біздің елдің шетіне жеткен бетте-ақ, лаулай жанып, алапат өртке айналды.
Ал енді осындай бүліншілік боларын кеңес өкіметі білді ме? Кейінгі зерттеушілер бұл көтеріліс кенеттен, стихиялы түрде бұрқ ете түсті, өкімет бейқамдық танытты деуге бейім. Ал шындық қандай?
Біздің қолымыздағы Сибревком төрағасы И.Н. Смирнов пен Сібірдегі аштарға көмек жөніндегі төтенше комиссияның төрағасы В.И. Шоринге жазылған мәлімхатқа қарағанда, Сібірдегі өкімет билігі Орталықтың азық-түлік салғырты туралы қаулысының негізсіз екенін білген. Бірақ бас тартуға шама жоқ болса да, қиын жағдайды түсіндірмек болып аяғы қарулы қақтығысқа соғуы мүмкін оқыс қадамдардан сақтандырған. Әлбетте, бұл мағлұматтар Омбыдан аспай, Мәскеуге жетпей, тұншығып қала берген.
«Совнарком тарапынан (төрағасы В. Ленин қол қойған) Сібірге жүктелген миллион пұт азық-түлік жинау міндеті жергілікті азық-түлік жинаушы органдары мен басқарушы өкімет билігінен аса зор күш-қуат жұмсауды қажет етеді. (НЭП жағдайында) едәуір тоқшылыққа жеткен Сібір шаруалары кулактардың ықпалына түсіп, саяси көңілкүйі бұзылып тұрғандықтан, оның үстіне биыл бүкіл Сібір аумағында егін шықпай қалғандықтан, мына салғыртты орындауды мейлінше қиындатты. Мұның ақыры ұйымдасқан көтеріліске әкеп соғуы мүмкін.
Мысалы, Омбы губерниясына — 35 миллион, Семей губерниясына -18, Алтай губерниясына — 31 және Том губерниясына 21 миллион пұт астық беру міндеттелген. Мұны орындау үшін және бас көтерулерді үшін қарулы сапты әскер керек. Жер-жердегі ВОХР және басқа әскерлердің саны аз, қару-жарағы жеткіліксіз», деп келеді де, аталған губернияларға жақсы қаруланған, тиісті дайындықтан өткен 3 дивизия бөлуді сұрайды.
Оның ішінде Көкшетау, Петропавл, Атбасар уездері мен Қостанай уезінің Омбы губерниясына қарайтын аумағынан 8-10 миллион пұт астық дайындау (тартып алу деп оқыңыз. — З.Т.) үшін екі полк қажет екендігі айтылған.
(ГАНО. Ф.р. 1. Оп. 2.Д.17). Сондай-ақ, Қорған облысы Есіл уезінде азық-түлік жинаушы төтенше үштіктің 1920 жылғы 30 желтоқсандағы №1 бұйрығы мынадай: «Бүгіннен бастап, яғни 1921 жылғы қаңтардың 7-іне дейін (бір жұма ішінде! — З.Т.) азық-түлік салғыртының жоспары толық орындалатын болсын! Барлық болыстық атқару комитеттері, болыстық бестіктер, селолық үштіктер, азық-түлік комиссарлары, нұсқаушы өкілдер 1 қаңтардың кешіне дейін уезге берілген жоспарды сөзсіз орындауға кіріссін және орындамаған жағдайда ешқандай дәлелді-дәлелсіз себептер еске алынбайды...».
Есіл аудандық аткомы мен азық-түлік комитеті ертеңінде-ақ: «… Кулак элементтер тиісті астығын бермей, шұңқырларға, шөп-сабан астына тығып жатқаны байқалды. Сондықтан әрбір қораны тінтіп жүріп, астығы тартып алынсын, қарсылық көрсеткендер сотқа тартылсын!» -деген хабар таратты.
Кешікпей, көтерілістің басталып кеткені туралы үрейлі ақпар тарай бастады:
«Шортан Челнок болыстарында астық бермегендермен қақтығыс болды, 2 адам өлді, екеуі жараланды… Есіл уезінде Шевченко бастаған 800 банды пайда болды, оларға 300 атты және 500 жаяу әскерді алты пулеметпен жіберіп, далаға айдап шықтық. Қызыләскерлер ерлік көрсетіп, 111 бандыны (крестьяндар — З.Т.) қылыштап өлтірді, көп қару-жарақты қолға түсірдік, басшысының көзін жойдық...».
Ел ішінде өкіметке деген наразылық өрши берді, өлкедегі орыс шаруаларының қиын жағдайын көрген, бұрыннан кеңес өкіметіне қарсы күштер астыртын ұйымдасып, қаруланып, 1921 жылғы қаңтарда біздің өлкеде де қанды қырғын басталып кетті. Кейінгі зерттеулерге қарағанда, «Есіл көтерілісіне» қатысушы топтар саптағы әскердей құрылған. Мейлінше қаруланған, саты-саты бағыныштылық тәртібімен жүйеленген. Мысалы, Омбыда құрылған «Сібір шаруаларының одағы» деген астыртын ұйымның өкілдері осы Қызылжарда да болған.
Сақталған деректер көп, бірақ көтерілісшілердің атын атап, түсін түстеуді мақсат көрмедік. Билікке қарсы көтерілгендер қашан да шектен тыс қатыгез болғаны тарихтан белгілі. «Есіл көтерілісі» соның бір мысалы болғандай. Көтерілісшілер қызыләскерлерді, төтенше комиссия, төңкеріс трибунал мушелерін, милиция қызметкерлерін қырып-жойғаны туралы жантүршігерлік мысалдар оқуға болады.
Петропавлдан 11 ақпанда алынған жедел хабарда:«… Петропавлдың солтүстік жағындағы Новониколаевка маңында көтерілісшілермен қатты ұрыс жүріп жатыр.
Олар басып алған деревняларға артиллериядан оқ атылды. Жау шегінді. Алайда, аз уақыттан кейін күш жинап, қайта қарсы шықты», — деп жазылған. Әскери мәліметке қарағанда: «Жазалаушы отрядтағы 120 найза (қарулы әскердің саны — З.Т.) Новониколаевкаға шегінуге мәжбүр болды. Естуімізше, көтерілісшілердің саны мыңнан асады, винтовкасы барлары елу шақты. Оларды бұрынғы казак әскерлері бастап жүр. Петухово мен Мәуліт арасындағы жол жабық, телеграф байланысы қиылған».
Петропавлды көтерілісшілер 14 ақпан күні басып алған. Жергілікті қызыләскерлерге ертеңіне Омбыдан 21-дивизияның 249-полкі мен 85 артиллерия дивизионы, «Қызыл Сібір» броньді пойызының көмегімен қарсы шабуылға шықты. Сақталған соғыс мәліметтеріне қарағанда, қала үш рет қызылдарға, үш рет көтерілісшілер қолына өтіп, ақыры қару-жарағы мықты қызыләскерлер жеңген. Келесі аптада көтерілісшілер Көкшетауды басып алып, қанға бөктірді де, күш қосып алып, Ақмола мен Атбасарға аттанды.
1921 жылғы ақпан мен сәуір арасындағы көтерілісшілер қимылы ірі әскер құрамаларының соғысымен пара-пар екендігі сол кезде-ақ бағаланған. Көтеріліс жалыны бүкіл Сібір аймағын, оның ішінде Түмен, Омбы, Қорған, Челябі, тіпті, Екатеринбург губернияларының бірқатар уездеріне таралды. Петропавл мен Көкшетау да кескілескен соғыстың ошағына айналды.
Әр жерде көтерілісшілер әртурлі ұранмен ұрысқа шықты. Мысалы, Кротов ауданында қара айшық салынған қызыл ту көтерген шаруалардың: «Біз астық үшін соғысамыз. Астық қамбада шірімеуі керек», — десе, «Кусеряк ауданында: «Билікке князь Михаил Александровичті шақырамыз» деп, күрең түсті ту көтеріп, «Еркін сауда жасасын!», «Коммунистер жойылсын!», «Партиясыз Советтер үшін», «Шаруаларға ерік берілсін!» десіп шыққаны тарихи әдебиеттерде жазылып қалған. Бәріне ортақ үгіт «Коммунистер биліктен кетсін!» деген мазмұнда болған.
1921жылғы сәуірге дейін Омбы губерниясының қарауында болған аймақтың көтерілісшілерін талқандау шарасын РКП(б) Сібір бюросы мен жергілікті коммунистер басқарды. Зерттеушілер кейін нақтылағандай, көтеріліс қарулы күшпен басып-жаншылып, облыс аумағы 1921 жылдың аяғы мен 1922 басында тынышталды (Гривенная Л.А. Крестьянское повстанчество в Северном Казахстане в начале 20-годов XX века. Петропавловск, 2009. С.118-стр.) Бірақ одан елдің жағдайы жақсарып кеткен жоқ, ақыры Солтүстік Қазақстандағы 1920-1921 жылғы алапат аштыққа әкеліп соқты.
Күшпен басылған көтерілісшілердің қалдығы саптағы әскердей қаруланып, Қытайды бетке алып қашты. Қарқаралыға беттеп бара жатқан бандылар туралы Баянауылдан 5 сәуір күні телеграф арқылы хабар алған белсенділер қаладағы «Халық үйіне» жиналып, жоспар құрып отырғанда, таңғы сағат 4-те бандылар тұтқиылдан басып кіріп, қыра бастаған. Түрмедегі тұтқындарды босатқан.
Қиырда жатқан қорғансыз қалада екі күн ойран салып, жазықсыз 71 адамды өлтірген. Сол оқиғаның куәгері қанішер қашқындармен бірге жергілікті 5 казак-орыс коммунистің еріп кеткенін еске алады. (ҚР ПМ. 811-қор, 3-тізбе, 6-іс, 1-4-беттер). Сақталған құжаттарда бандылар өздерін «халық әскері» деп атағанын, «Коммунистерсіз советтер жасасын!» деп ұран шақырғаны көрінеді.
«Есіл көтерілісінің» Қазақстан жерінде, бүгінгі Солтүстік Қазақстан облысының аумағында болғаны шындық. Қазіргі ұрпаққа осы оқиғаның жергілікті қазақтарға қалай әсер еткенін, қазақтардың бұл көтерілісті қалай қабылдағанын түсіндіру — міндет. Ол кезде облыс аумағында қазақтар мен басқа ұлттардың саны деңгейлес болған. 1920 жылдың 20 тамызында кеңес билігі Қазақ автономиялы советтік республикасын құрып берді. Толық тәуелсіз болмаса да, қағаз жүзінде қазақ жұрты ғасырлар бойы аңсаған мемлекеттілік туын көтерді. Патшалы Ресейдің бұғауынан құтылып, тынысы кеңейгендей шақ болатын. Демек, осындай жағдайда көрші орыс деревняларында болып жатқан саяси дүрбелең, атыс-шабыс, қырғын соғыстың солтүстіктің қазақтары үшін қандай пайда-зияны болды? деген сұраққа жауап беретін кез келді.
Кеңестік билік заманында «Есіл көтерілісі» — кеңестік, социалистік билік тәртібіне қарсы, яғни ұлтына қарамастан, еңбекшілер мүддесіне қарсы бағытталған қылмысты бүліншілік деп бағаланды. Ал соңғы ширек ғасыр уақытта, кеңес өкіметі құлап, Одақ ыдырағаннан кейін, кейбір жекелеген зерттеушілер «Есіл кетерілісінің» қанды қырғын зардаптарын ақтап алуға бейім.
Бұл көтеріліс «тоталитарлық, коммунистік жуйеге қарсы бағытталған, демократия, бостандық үшін күрес еді» деп баға беретіндер бар. Себебі бұл заманда коммунистік, кеңестік атаулының бәрін теріске шығару үрдісі басым болып, тіпті, кейбір зиялылар, әсіресе, орыстілділер Ресейдің патшалық самодержавие дәуірін аңсап, патшашылдықты насихаттап жүргені де жасырын емес.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылында да бұл мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Әр заманның өз ерекшелігін саралап, нақты жағдайларға тиісті, сабырмен өз бағасын беру керек деп ойлаймыз. Бұл арада, біздің пікіріміз біреулерге ұшқары көрінуі мумкін Ең дұрыс жауап сол кездегі қайраткерлердің, оқиғаны көзімен көріп, саяси тұрғыда терең пайымдай біледі-ау деген сауатты азаматтардың сөзі болмақ. Соңдықтан «Есіл көтерілісі» туралы ақын Мағжан Жұмабайұлы жазып, «Бостандық туы»газетінің Омбыда 1921 жылғы 19 наурызда шыққан 1-санында жарияланған «Еңбекші қазақтарға» деген бас мақаладан үзінді ұсынбақпыз:
«Совет өкіметі билік тізгінін қолына алғаннан бері нелер қатерді, нелер қиындықты бастан кешіп, барша соғыс майдандарында, ішкі һәм сыртқы жауларын жеңіп, қылышын қынабына салып, қолына мылтық орнына балға алып, барлық күшін шаруа майданына беріп, соғыс уақытында қарауға мүмкін болмаған халық мұқтажына керекті нәрселерді табуға кірісіп жатқанда, «халықты қырғыштығынан шен алған» алтын иықты төрелер, казак-орыстар сарай толған бидайын аш-арық жұмысшыларға түйірін бергісі келмей, мұжық жуандары Совет өкіметіне тыныштық бергісі келмейді.
(Бұлар кімдер?) Олар — крестьян мен қазақтың арқасында казак-орыстың қамшысын ойнатқан залым төрелер. Еңбекшілерді зар өңіреткен, көздерінен жас орнына қан тамызған патшашыл жауыздар. Қой терісін жамылып жүрген қасқырлар.
Бұлардың мақсаты не? Бұлар бұрынғы патша заманын, Колчак заманын қайта орнатпақ. Қаншама қан төгіп алған жұмысшылардың фабрика-зауыттарын, крестьяндардың да, қазақтардың да жерлерін тартып алып, халықты бұрынғысынан жаман зарлатпақ.
Көтерілісті бастап жүрген Колчак генералдарының жаңқасы, офицерлер, прапорщиктер, поптар, казак-орыс жуандары. Бұлар еңбекшілерге не бермекші? Еңбекшілердің мойнына құлдық қамытын қайта кигізбекші.
(Олар) Совет өкіметінің күшімен жасалған, өлдім-талдым дегенде дүниеге келген Қазақтың жас автономиясын жоймақшы!
Қазақ бауырлар, жолдастар! Сіздер ол жаулардың тіліне елігіп, соңынан ермеңіздер. Аты өшкір өкіметтің заманында көбірек тепкі көрген, езілген, құлдықта жүрген халықтың бірі — біздің қазақ халқы болатын. Қазақ халқын өткен уақытта ешкім қатарға алып, адам санына қоспады. Туып-өскен жерінен, Сарыарқа сары белінен еңіретіп зарлатып, қуып шығатын кім еді? Бұлар сол қараңғы уақытта Совет өкіметіне қарсылық жасап жүргендер! Олар өтіп кеткен қайғылы қара түнді қазақ халқына қайта орнатпақшы.
Бұл — Совет өкіметінің дұшпандары, қара-жүз жауыздардың жасаған көтерілісі, бүліншілігі Қазақ автономиясының жері Қызылжар уезінде де болды. Қазіргі уақытта сол бұзақылардың аман қалғандары қашып, қазақ арасына тығылмақ. Совет өкіметінің дұшпаны, еңбекшілердің дұшпаны ондай бұзақылардың, жауыздардың қазақ арасына жасырынуы мүмкін емес!
Ел арасына бұзақыларды ұстауға шыққан қызыл армияға жәрдемдеріңізді аямаңыздар.
Жасасын, Совет өкіметі! Жасасын, Қазақ Жұмқұрияты! Жасасын, істі қазақ еңбекшілері!»
Кең-байтақ Қазақстан аумағының үштен біріне таралған газеттегі осы мақаланың ізін баса, 3 сәуір күнгі екінші санының бірінші бетінде Мағжан атамыздың талдау сипатты екінші мақаласы «Екінің бірі» деген тақырыппен басылды. Жоғарыдағы бас мақаламен сарындас, бірақ қазақ халқының ұлт-азаттық қозғалыстарын кең қамтыған көлемді мақала: «Енді ойла, қазақ! Не монархия, не Совет?! Не азаттық, не құлдық?!» деген қуатты ұранмен аяқталған. Бұл сөздер де кезінде қазақ оқырмандарын бейжай қалдырмағаны анық.
Зарқын Тайшыбай, Солтүстік Қазақстан этномәдени
ғылыми зерттеулер орталығының жетекшісі
// Солтүстік Қазақстан. – 2016. – 9 қаңтар. – 5 бет.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |