Есмағи С. Ғалымның аты өшпейді: [Феликс Сим] // Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 18 қыркүйек. – 3 б.

7 октября 2014 - Administrator

Кеше Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті ғимаратының қабырғасына облысымыздың құрметті азаматы, қоғам қайраткері Феликс Симге арналған ескерткіш тақта орнатылды.

Салтанатты шара барысында сөз алған университет ректоры Оңдасын Әшімов қайраткердің еңбек жолы мен адамгершілік қасиеттері туралы естелігін ортаға салды. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов қоғам қайраткерінің игі істері жалғасын тауып келе жатқандығын тілге тиек етті. Феликс Алексеевич саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған жандардың бірі еді. Кезінде өзі білім алған аталмыш университетке Мәскеуде кандидаттық диссертация қорғап келген соң жұмысқа орналасқан. Еңбек жолын қатардағы оқытушылықтан бастаған ол артынан 15 жыл бойы ректордың бірінші орынбасары қызметін атқарды.

Философия ғылымдарының кандидаты, профессор Феликс Симнің университеттің дамуына қосқан үлесі зор. Білім ордасындағы ұзақ жылғы еңбегі барысында қырықтан астам ғылыми еңбек жазды. Оның бәрі бүгінде еліміздегі жоғары оқу орындарының бағдарламаларында қолданылып келеді. Оқытушылықпен қатар кезінде облыстық "Білім" қоғамдық ұйымын басқарды.

Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының құрылуына да зор еңбек сіңіріп, аталмыш орталықта бірінші болып 1992 жылы корей ұлттық-мәдени орталығын ашып, оған өзі басшылық еткен.

Феликс Алексеевич тек университеттің дамуына ғана емес, сондай-ақ, өңіріміздегі білім саласының жаңа белеске көтерілуіне де өз үлесін қосқан. Оның бастамасымен Петропавлда "Дарын" лицейі ашылған. Бүгінде онда 900 бала білім алуда.

Шараға жиналғандар алдында университет ректоры Оңдасын Әшімов пен Феликс Симнің зайыбы Роза Сим университет қабырғасына ілінген Феликс Симнің ескерткіш тақтасын ашты.

Феликс Симнің өмірі мен еңбек жолы кім-кімге болсын өнеге дейді аға буын өкілдері.

Самат ЕСМАҒИ

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 


Есмағи С. Ғалымның аты өшпейді: [Феликс Сим] // Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 18 қыркүйек. – 3 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий