"Данышпан Би" атанған, Киікбайдан бата алған

18 сентября 2014 - Administrator

Ауданымыздағы киелі сәулетті құрылыстардың бірі - дана Тоқсан бидің мазары. Жазғы демалыста көп адамдар кесененің басына келіп, ұлы жерлесіміздің есіміне тағзым етеді. Осыған байланысты төмендегі мәліметтерді оқырмандардың назарына ұсынғым келеді.

ӘКЕ ӨСИЕТІ

"Дала данышпаны" атанып, туралығымен, әділдігімен үш жүзге аты жайылған би, шешен Тоқсан Жабайұлы ұлтымыздың тарихындағы тұғыры бөлек тұлғалардың қатарында аталады. Әкесі Жабай -Абылай ханның батырларының бірі болған, Керей тайпасының басшысы. Тәтіқара ақын өзінің өлеңдерінде Жабай батырдың ерліктері туралы жырлады. Тоқсан бидің тұлға ретінде танылуына атасы Қара би көп ықпал етті. Ол немересін шешендік өнерге баулыды. Тоқсан би бала кезінен атасымен бірге жүріп, атақты шешендермен, билермен кездесті және ауызша сөз жарыстарға, сөз таластарға қатысты. Жас кезінен өз тайпасының ақылшысы болып қана қоймай, әділ биі бола білді. 15 жасынан бастап халық оны "Төбе би", солтүстік өңір (Омбы, Петропавл, Көкшетау, Қостанай) қазақтарының "Бас биі" деп атады.

Алғашқыда Тоқсан би Ақмола округінің Еменәлі-Керей болысының биі, сосын Тобыл губерниясының барлық қазақ болыстарына би болды. Тоқсан би толғауларында ру араздығын мінеді, туыстық пен татулықты уағыздады, адамдардың ұнамсыз мінез-құлықтарын сынады. Оның "Ханға халықты тең ұстау парыз", "Алтын таққа жаманмен отырғанша, жақсымен отырған зындан артық", "Тоқсан тоқал алсаң да, бәйбішедей болмайды" сияқты ұлағаттары, арнау сөздері, қазаға көңіл айтқан жұбатулары ел жадында көп сақталған. Тоқсан бидің зиратының қайда екендігі бертінге дейін белгісіз болып келді.
Солтүстік Қазақстан облысының Ғабит Мүсірепов атындағы ауданының Западное елді мекені маңынан Тоқсан бидің бейіті табылып, 2001 жылы тамыз айында басына граниттен ескерткіш қойылды. Ал 2006 жылы кесене тұрғызылып, Западное елді мекенінің атауы Тоқсан би ауылы деп өзгертілді. Петропавл қаласының бір көшесіне аты берілді. Деректерге қарағанда, осы өңірді жаз жайлауына, қыс қыстауына айналдырған би "Есілдің арғы бетіндегі Қарауыл төбеге жерлеңдер. Түбінде осы жер тоғыз жолдың торабына айналады. Сонда ұрпақтарым еске алар" деп, өсиет қалдырған екен. Бұл деректер Қазақстан ұлттық энциклопедиясының 8-томынан және Солтүстік Қазақстан облысы энциклопедиясынан алынды. Тоқсан бидің әкесі Жабай би: "Әкем Қара биден қалған билікті бердім" деп кеткен екен.

Киікбай биден бата алған Тоқсан би үш жүздің билері бас қосқан үлкен бір дауда сарапқа түсіп, "Саңлақ" атаныпты. Ел ауызындағы әңгімелерде Тоқсан бидің әділ сөзге тоқтап, тосылғанын мойындаған тұстары да жоқ емес. Мұның өзі Тоқсанның сөз қадірін қастерлеген ақыл, парасат иесі болғанын аңғартса керек.

Жабай би өмірден озарында екі баласы Сексен мен Тоқсанға: "Сексен, саған ерлігімді, Тоқсанға әкем Қара биден қалған билікті бердім" деп, өсиет айтыпты.

Әкесі қайтыс болған соң Сексен бұл өсиетпен келіспей, билікке қызығып, Тоқсанды атақты Киікбай шешенге жүгініске апарыпты. Сексен жасының үлкендігін бетке ұстап, би болу жолы менікі дегенге тоқтайды.

- Бүгін бір жерге барып қонып, ертең келіңдер, қазір қолым бос емес, - дейді Киікбай. Ертеңгісін екеуін тағы да тыңдап:

- Ал, балаларым, кеше екеуіңе бір жерге барып қон дегенім, Сексен, сені үлкендік істеп сабасына түсер, ақылға тоқтап, әке өсиетін сыйлар деп едім. Айтқаныңнан қайтпайтын қатыгез екенсің. Өйтетін болсаң, сен халықтың қамын ойлап, атаң Қара бидей, әкең Жабай бидей қара қылды қақ жарып билік айта алмайсың. Әке - балаға сыншы, әке өсиетін орындамай, Тоқсанды осындай әуреге салыпсың. Әкеңнің айтқан өсиеті - әділ билік, оған менің қосарым да, аларым да жоқ, - депті.

- Естиін дегенім осы еді, алжыған кәрі иттен, - деп Сексен шыға жөнеліпті. Сол кеткеннен жүгін артып, көшін тартып, малын айдап, Наймандағы Бағаналы Бабыр нағашыларына жол тартады.

Бұған намыстанған Киікбай тағат таппай, Сексеннің көшінің артынан қуып жетіп, былай деген екен:
Беу, Сексенім, Сексенім,
Бұл барғаннан барасың
Бағаналы Бабырға,
Барған жылы сый қылып,
Хан көтеріп би қылып,
Қос табақпен тартады,
Қос қазыдан сыбаға.
Тартар сынған қабырға,
Онан келер жылы болғанда
Қонарсың мал жайлаған тақырға.
Кәдірің кетер шашылып,
Ыстық демің басылып,
Бірте-бірте айтқаның,
Алынбай қалар қабылға.
Қанжығасына байларда,
"Жатта сұлтан болғанша,
Өз еліңде ұлтан бол" деген нақыл бұрынғы
Бар ма, батыр жадында?!
Кеңінен толғап, Сексенім,
Әлі де тоқта, сабырла,
Сөзге құлақ салмасаң,
Айтқан тілді алмасаң,
Еркің білсін, жарқыным,
Қайран туған елім деп,
Кейін жаным, налыма.
Көтер, Сексен, басыңды,
Аш қабақ пен басыңды.
Менің атым - Киікбай,
Немере туыс тілді алмай,
Болғаным ба сұмырай?
Мінгенде атың торы ма,
Кеткенді іздеп келмеспін,
Жуа бітсін жолыңа!
Ат үстінде тұрған Сексен салбыраған басын көтермеген соң, Киікбай кейін оралып жүріп кетіпті. Орнында үнсіз тұрып қалған Сексен әлден уақытта шошып оянғандай басын көтеріп, жан-жағына қаранып алып: "Көшті кейін бұрыңдар", -депті.

Сөйтіп, әкесі Жабайдың өсиеті орнына келіп, Тоқсан билік айтатын болыпты.

ЖАҚСЫНЫҢ АТЫ ӨЛМЕЙДІ

Сегіз серінің "Ер Сырымдай халқыңның көсемі бол, Тоқсан бидей үш жүздің шешені бол" деген әйгілі батасы халық жадында сақталғанымен, зиратының қайда екені бертінге дейін белгісіз болып келді.

Алайда, дана бидің зираты табылып, сүйінші сұралғанымен, бейітті қоршап, басына белгі қоюға ешкім суырылып шыға қойған жоқ еді. Мұрағат құжаттары арқылы Солтүстік-Батыс, кейін Тобыл губерниясы қазақтарының төбе биі болғаны дәлелденсе де, қаражат тапшылығы игілікті істі үзіп тастағандай болды. Осы тұста облыстық соттың төрағалығына тағайындалған парасатты азамат Бекет Тұрғараұлы қаржылай демеушілік қолын созды. Бұған дейін жомарттығымен "Атымтай жомарт" атанған тәжірибелі судья бейітті айналдыра қоршатып, құлпытас орнатуға, Тоқсан бидің шешендік сөздері топтастырылған жинақты шығаруға тікелей атсалысты. Киіз үй тіктіру, ас беру, тағы басқа шығындарын көтеріп алды. Судьялар қауымдастығын да, өзгелерді де бір кісідей жұмылдыра білді.

Ең мерейлісі - күні кеше ғана қабірдің үстіне биіктігі жеті метрлік, әсемдігі көз жауын алатын кесененің тұрғызылуы. Осылайша, құладүзде жападан-жалғыз қалған баба қорымы тәу ететін қасиетті орынға айналды. Сот қызметкерлері бір күндік жалақыларын аударып, екі айдың ішінде кесененің тұрғызылуына өз үлестерін қосты. Петропавл қалалық сотының төрағасы Қазкен Досановтың отбасы кесенені орнатуға 180 мың теңге бөлсе, "Вест" ЖШС-нің басшысы Марат Тасмағамбетов және басқалар да қолдан келген көмектен аянып қалмады. "Астана-жарнама" фирмасы биік жотаның басына "Мен мұндалап!" көрінетін мазарды сапалы салғаны бірден аңғарылады.

Кемеңгер шешеннің басына кесене орнату салтанатына үрім-бұтақтары сонау Түмен, Қорғаннан арнайы келіп, тағзым етті, Құран бағыштады, ас берді.

"Өлі разы болмай, тірі байымайды" дейді халық. Ел абыройын көтеру жолындағы ұлтжанды азаматтардың жан жадыратар істеріне жұртшылық риза болып тарасты.

Ал, Тоқсан би бабамыздың туысы, марқұм Зағыпар Байқуанышев ақсақал: "Жарықтық, "жақсының аты өлмейді" деген осы емес пе? Жасы-кәріміздің аруағы желеп-жебеп жүрсін. Өзіңе-өзің кәміл бол, халқыңа әділ бол, жауыңа қатал бол, досыңа адал бол!"-деп толғанып батасын берді.

Тоқсан би денесі шағын ғана, бойы кішкентай адам болған. Бірақ өте сәнді киініп жүруді ұнатыпты. Үстіне жиегі мен етектері оқаланған, қызыл барқыт шапан, табаны былғары етік киіп, белін бұхарлық жібек белбеумен буып жүреді екен.

Тоқсан өмір заңдылықтарынан дұрыс қорытынды шығарып, басқаларға дәріс сияқты үйреткен. Пәлен жерде оқыды дейтін дәлеліміз болмаса да, бидің есепсіз сөз айтпайтыны, халық даналығын дәл әрі орынды қолдануы кемеңгерлігіне көз жеткізеді. Оның мына бір сөздерін алып қарайықшы:
Бұлбұлдан шешен құс жоқ,
Бармақтай-ақ қарасы.
Оқтан жылдам ажал жоқ,
Тырнақтай-ақ жарасы.
Көңілің қалса жақыннан,
Алыстығын айтайын –
Жер мен көктей арасы.
Қалай тауып айтқан сөздер және ұйқастары қандай?!

Қарлығаш БЕЙСЕНОВА,
Тоқсан би ауылы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан


Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 21 тамыз. – 4 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий