Әлемге әйгілі ғұлама
Биология ғылымының докторы, профессор, академик, Лениндік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Ғылым академиясының молекулярлық биология және биохимия институтының негізін қалаушы Мұрат Айтхожин әлемдік ғылымның дамуына зор үлес қосты. Сөйтіп, өз есімін де, өзінің Отаны - Қазақстанды да әлемге әйгілі етті.
Мұрат Әбенұлы 1939 жылғы 29 маусымда Қызылжар қаласында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Болашақ ғалымның әкесі Әбен қарапайым есепші (бухгалтер) болса, шешесі Мүнира өмір бойы үй шаруасымен айналысқан. Отбасында тәрбиеленген 6 баланың (4 ұл, 2 қыз) барлығы да елімізге белгілі ғалым болып шықты.
Мұрат он жеті жасында Қызылжардағы №1 орта мектепті бітіріп, Алматыдағы С.М. Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің биология және топырақтану факультетіне оқуға түседі. 4-ші курста Мәскеудегі М.В.Ломоносов атындағы университетке ауысып, ғылыми жұмыспен айналыса бастайды. Курстық және дипломдық жұмыстарын сол кездегі ғылым докторы, кейін академик болған А.С. Спириннің жетекшілігімен орындаған. 1962 жылы КСРО Ғылым академиясының А.Н. Бах атындағы биохимия институтының аспирантурасына қабылданып, 1966 жылы сонда кандидаттық диссертация қорғағанда да ғылыми жетекшісі А.С. Спирин болған екен. Келешегі бар жас ғалымды Мәскеудегі ғалымдар сонда қалдырғысы келеді. Бірақ Мұрат Айтхожин өзінің туған елі - Қазақстанға оралды. Республика Ғылым академиясының басшылығы оны академияның ботаника институтының ғылыми қызметкері етіп тағайындайды. Оған ақуыз биохимиясы және нуклеин қышқылдары ғылыми лабораториясын құру сеніп тапсырылады.
Шығармашылық жұмысқа кең мүмкіндіктер алған жас маман ғылыми лабораторияны құруда орасан қабілеттік танытты. Оның басшылығымен лаборатория сол заманға сай құралдармен жабдықталды, білікті кадрлармен жасақталды. Лабораторияны құруға, жабдықтауға қыруар уақыт кетті. Алайда, жас ғалым жасуша құрылымдарын зерттеу жұмысын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. Оның зерттеу жұмыстары үнемі ілгері сатыларға көтеріліп отырды. Соған орай ғылыми дәрежесі де өсе берді. Ол 1967-1969 жылдары ботаника институтының аға қызметкері болса, 1969 жылдан бастап сол институттың лаборатория меңгерушісі болды. 1974 жылы ғылымдағы табысы үшін М.Ә. Айтхожиннің есімі Қазақ КСР Алтын кітабына жазылды.
1976 жылы сәуір айында КОКП Орталық Комитеті мен КСРО Министрлер кеңесінің "Ғылым мен техника саласындағы 1976 жылдың Лениндік сыйлықтарын беру туралы" қаулысы баспасөзде жарияланды. Бұл қаулы бүкіл қазақ халқына үлкен қуаныш әкелді. Өйткені, жоғары мәртебелі сыйлыққа ие болғандардың арасында біздің жерлесіміз, қазақтың талантты жас ғалымы, республика Ғылым академиясы ботаника институтының лаборатория меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Мұрат Әбенұлы Айтхожин да бар еді.
Сол жылғы сәуірдің 30-ында "Қазақ әдебиеті" газетінің тілшісіне берген сұхбатында жас ғалым былай деген екен:
"Газеттерде жарияланғандай, Лениндік сыйлықтың лауреаты атағы жасуша ішіндегі бөлшектердің жаңа класы - информосомаларды ашу және зерттеу жөніндегі еңбектер циклі үшін берілді. Біз, бір топ ғалымдар, бұл жаңалықты әлемге әйгілі академик, КСРО Ғылым академиясы ақуыз институтының директоры Александр Сергеевич Спириннің басшылығымен аштық... Біз жануарлар мен өсімдіктердің ақуыз жасушаларын көп жыл бойы зерттей келіп, бөлшектердің клеткалардан да тыс өмір сүруге мүмкіндігі барын ашып дәлелдедік. Бұған дейін белгісіз болып келген бөлшек клеткаларының құпиясын ашу - ғылымдағы аса ірі жаңалық болып табылады.
Біз ашқан ғылыми жаңалықтың практикалық мәні ең алдымен ауыл шаруашылығы мен медицинада жемісті нәтижелер беруге тиіс. Ауыл шаруашылығында - дәнді дақылдарда ақуызды көбейту арқылы өнімді арттыруға көмектессе, медицинада зиянды ісіктерді, ең алдымен ракты емдеуге жәрдемін тигізер деген сенімдеміз.
Лениндік сыйлыққа ие болған ғылыми жаңалықты ашуға қатысқан 6 ғалым бірлесіп жұмыс істедік. Ал информосомолардың ашылуына орай жазылған менің біздің ботаника институты лабораториясының ғалымдары -Асқар Ақанов пен Ғизат Досжанов еңбектері Голландияда шығатын халықаралық журналда, өзге де бірқатар шет елдерде жарияланды. Соған орай осы жаңалықтың сырын білгісі келген елу шақты елден 500-дей хат алып отырмыз".
Дәл сол 1976 жылы Мұрат Айтхожин Молекулярлық биология мамандығы бойьшша КСРО-да бірінші болып докторлық диссертация қорғайды. Ол 1978 жылдан 1983 жылға дейін Қазақ КСР Ғылым академиясы Ботаника ғылыми-зерттеу институтының директоры болды. 1983 жылы М.Ә. Айтхожин құрамында клеткалық және генетикалық инженерия, трансгеноз лабораториялары бар Молекулярлық биология және биохимия институтын ашып, өзі өмірінің соңына дейін оның директоры болып істеді.
Оның бастамасымен Ғылым академиясында Молекулярлық биология және биохимия институты ашылды. Сонымен бірге ол Бүкілодақтық биохимиялық қоғамның Орталық Кеңесінің бюро мүшесі жөне оның қазақ бөлімшесінің төрағасы болып сайланды. Ал 1987 жылы Биотехнология орталығын ұйымдастырды. 1986 жылы 21 сәуірде Қазақ КСР Ғылым академиясы жалпы жиналысының сессиясы Мұрат Әбенұлын Ғылым академиясының президенті етіп сайлады. Сол жылы ол Кеңес биохимиктері Ұлттық комитетінің мүшесі болып та сайланды.
Еліміздің Ғылым академиясының президенті болған аз уақыт ішінде (не бары бір жарым жыл) Мұрат Әбенұлы денсаулығына да қарамай, республикапық ғылым орталығының ғылыми-ұйымдастырушылық қызметін қайта құруға, зерттеулерді республиканың халық шаруашылығына қарай икемдеуге, академиялық мекемелердің өңірлердегі жоғары оқу орындарымен және шетелдік ғылыми орталықтармен байланысты нығайтуға, Қазақстанның ғылыми кадрларын тәрбиелеп даярлауды жақсартуға көп күш жұмсады. Ол, әсіресе, жас ғалымдарды тәрбиелеп өсіруге көп көңіл бөлді. Тіпті, бұл жұмысты мектептен бастауды жөн деп білді. Мұрат Айтхожин - жүзден астам ғылыми еңбектің авторы. Ол көптеген халықаралық форумдарда сөз сөйлеп, республика ғылымының жетістіктерін әлем ғалымдарына көрсете білді.
Мұрат Әбенұлының ғалым ретіндегі тұлғасын Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі А.Л.Киселев тамаша көрсетеді: "Айтхожин нравственный образец человека науки. Десятиминутного общения с ним было достаточно, чтобы понять, что имеешь дело с личностью. Личностью очень крупной, серьезной и в высшей степени интеллигентной. Работоспособность у него была легендарная. Все знали, что в 12 часов ночи он может быть в лаборатории. Это совершенно нормальное для него время".
Ғалым қоғамдық жұмысқа да белсенді қатысты. Ол КОКП XVII съезінің делегаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Кеңес Одағының бейбітшілік қорының республикалық бөлімінің төрағасы болды. Кеңестік биохимиктердің республикалық комитетінің және Бүкілодақтық биохимиялық қоғамның орталық бюросының мүшесі және оның қазақстандық бөлімін басқарды.
Кезінде оның ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметі жоғары бағаланды. Ол "Халықтар достығы" орденімен, "Қажырлы еңбегі үшін" медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен, Кеңес Одағының бейбітшілік қорының алтын медалімен марапатталды. Оның есімі Қазақстан Республикасының Алтын кітабына енгізілді.
Оның алдына қойған мақсаты, арманы, жоспары көп еді. Әттең өмірі қысқа болды. 48 жасында дүниеден озды. Оның артында көптеген еңбектері және орындалмаған армандары қалды. Ол соңғы күндеріне дейін басқарған Молекулярлық биология және биохимия институты қазір оның атында. Бұл институтты 1988 жылдан бері Мұраттың қарындасы, биология ғылымдарының докторы, Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі Айтхожина Нағима Әбенқызы басқарып келеді. Алматы қаласында ол тұрған үйдің қабырғасына ескерткіш тақта ілінді. Қызылжар қаласындағы өзі оқыған №1 орта мектепке есімі берілді.
Дегенмен, мұндай ғұлама ғалымға бұлар аздық етеді. Енді биылғы 75 жылдығы кезінде оның есімі Алматы қаласының және Қызылжар қаласының бір-бір көшелеріне берілсе, Алматыдағы Молекулярлық биология және биохимия институтының алдына ескерткіш орнатылса, оның ғылыми еңбектерінің жинағы және ол туралы естеліктер жинағы шығарылса деген ұсыныс жасағым келеді.
Қайролла МҰҚАНОВ,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, өлкетанушы.
Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 29 сәуір. – 5 б.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |