Қызылжардың Прометейі: [Даниал Ахметов] // Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 14 маусым
1997 жылғы желтоқсанның соңы. Тәуелсіздік алғанына алты-ақ жыл толып, әлі де бұғанасы бекіп, қабырғасы қата қоймаған жас баладай мемлекетіміздің еңсесі тіктеліп кете алмай, қаптаған қиындық құрсауынан шығуға жан дәрмен бұлқынып жатқан шағы. Мамыр айында Елбасы Жарлығымен Солтүстік Қазақстан облысының құрамына қосылған бұрынғы Көкшетау облысының аумағы кешкілік көзге түртсе көргісіз қараңғылық құшағында қалып, Петропавл қаласы мен осы жақтағы өзге елді мекендерде де электр жарығы жалп-жұлп өшіп, жұрттың ұнжырғасы түсіп, берекесі қашқан кез. Бұған қоса, мұғалімдер мен дәрігерлердің мардымсыз еңбекақыларының өзі де айлар бойы кешіктіріліп, Қызылжар өңіріндегі әлеуметтік жағдай шиеленісіп тұрған. Облысты бес жылдан аса басқарып, өтпелі кезеңде елдің шетіндегі, желдің өтіндегі өлкедегі қоғамдық тұрақтылықты сақтап, күйреген кеңес империясының оты сөніп, шоғы бықсыған орнында әлсін-әлсін лап еткен этносаралық кикілжіңдер жалынын өшіруге елеулі еңбек сіңіргенімен, экономикалық дағдарыс зардаптарын жоюда мақтанарлықтай іс тындыра алмай, жоғары жақтың да, жұртшылықтың да сынына ұшырап жүрген облыстың бірінші басшысының беделі түсіңкіреп, ел арасында күңкіл-сүңкіл әңгіме көбейе бастаған... Ақыры сондай қауесеттер шынға айналып, «Петропавлға жақын арада Елбасы келеді екен...» деген сөз шыққанда, жарық пен жылудан әбден тарыншылық көріп, тоңып-жаурап, қажыңқырап отырған қызылжарлықтардың көкейінде «Президентіміз біздің облысты тірелген тұйықтан алып шығатын жаңа әкім тағайындауға тиісті» деген нұрлы үміт пайда болғаны шүбәсіз...
Шынында да қалың қар жауып, борасындатып тұрған 20 желтоқсан, сенбі күні Петропавлға Елбасының өзі келіп, облыс активін өткізіп, өңірдің жаңа басшысы етіп осыған дейін ірі өңір - Павлодар облысын басқарып, іскерлігімен елге танылған Даниал Ахметовті тағайындайтынын жария етті. «Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі жағдайы күрделі. Республика бойынша биыл өнеркәсіп барлық облыстарда ілгері басқанда мұнда өткен жылмен салыстырғанда отыз пайызға құлдырап кетті. Басқа салаларда да осындай төмендеу орын алып отыр. Қорғаныс зауыттары тоқтап қалды. Ауыл шаруашылығында да жағдай мәз емес. Бұрынғы екі облыс қосылған соң аумақ үлкейіп, жағдай қиындай түсіп отыр. Әсіресе, Көкшетау қаласы қиын жағдайда қалып отыр.
Даниал Кенжетайұлы - Павлодар облысының әкімі болып бес жыл істеген тәжірибелі басшы. Ол 1954 жылы туған, мамандығы - инженер-құрылысшы. Екібастұзда қызмет істеп, шыңдалған. Солтүстік Қазақстан облысының өнеркәсібін, энергетика саласын көтеретініне сенемін», - деген еді Нұрсұлтан Назарбаев өңірдің жаңа басшысын таныстыру үстінде. Ал Даниал Ахметов Президентке ризашылығын білдіріп, өзіне көрсетілген биік сенімді ақтауға бар күш-жігерін салатындығын мәлімдеген.
Пайымдап қарасақ, Президентіміз Солтүстік Қазақстан облысының екінші әкімі етіп кімді тағайындау мәселесін терең ойластырғаны кәміл. Өйткені, бұл өлкені кеңес өкіметі тұсында бірде-бір қазақ азаматы басқарып көрмеген еді. Сондықтан да Қызылжар өңірінде коммунистік ұлтсыздандыру саясаты ерекше өктемдікпен жүргізіліп, қазақ ауылдары қай мәселеде болсын шетқақпай етіліп, олардағы ана тілінде оқытатын мектептер түгел жабылып бітуге жақындап, көпшілігі орысшаға көшірілген болатын... Ал еліміз Тәуелсіздік алған алмағайып кезеңде қазағы аз бұл өңірде саны басым өзге ұлттың кейбір өкілдері өздерін өгейдей сезініп, оралмайтын өткенді көксеушілік пиғылынан арыла алмай, еліміздің егемендігін ұнатпайтын сыңай танытып, әртүрлі саяси мәселелерді көтере бастаған шақта бұл келеңсіз құбылыстың ушығып кетуіне жол бермеуді ұйғарған Елбасымыз облыстың бірінші басшылығына негізгі екі ұлт өкілдеріне ара ағайын бола алатын неміс азаматын жіберуді жөн көрген сияқты. Содан бері бес жыл зымырап өте шыққандықтан, енді өңір тізгінін алғаш рет қазақ азаматына ұстататын да уақыт жеткені анық еді. Онда да Сібірдің сары орманының етек жағында орналасқан өңірдің жұртына облыс басқару ісі қазақтардың да қолынан келетіндігін көрсете алатын, түбінде ұлтымызды ұятқа қалдырмайтын мықты басшы табу керек болғандығы аян. Осы орайда Елбасы таңдауы түскен Даниал Кенжетайұлы еліміздің Тұңғыш Президентіне берген сертіне берік сенімді ер екендігін Қызылжар өңіріндегі ерен еңбегімен де дәлелдеп, қазағымыздың абырой-намысын көкке көтере білді.
Даниал Ахметов біздің облыс тізгінін өз қолына алысымен өңірді жарықпен және жылумен қамтамасыз ету проблемасын шешуге білегін сыбана, шұғыл кірісті. Петропавл жылу-электр орталығының сол кездегі инвесторларын «кілемге шақырып», қатаң талап қойды: «Сіздермен сөз қысқа: істегілеріңіз келсе, істеңіздер. Істегілеріңіз келмесе, басқа инвестор табамыз». Бірақ, жағдай оңайлықпен түзеле қоймады. Облыстың жаңа әкімі өз орынбасарларымен бірге күндіз - күлкіден, түнде ұйқыдан айрылып, жылу-электр орталығының жұмысын жолға қою мәселелерімен тікелей айналысты. 1997 жылдың басында жылу жүйесі қатып қалып, елге күлкі болған Көкшетау қаласына да жиі іссапарға шығып, ондағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылумен, жарықпен, газбен қамтамасыз ету жайын өз бақылауына алды.
Мен сол 1997 жылдың аяғында облыстық телерадиокомпания директорының міндетін атқарушы болып тағайындалғаныммен, облыс әкімінің қабылдауын бір жарым айдан аса күтуіме тура келді. Содан кейін де Даниал Кенжетайұлы қабылдап сөйлеспестен, мені компания директоры етіп тағайындау туралы ұсынымға қолын қоя салып, қарамағындағылар арқылы беріп жіберіпті. Көмекшісінен: «Облыс әкімі республикалық ведомстволардың аумақтық бөлімшелерінің басшыларын тағайындауға ұсыным бермес бұрын оларды қабылдап, әңгімелесу тәртібін бұл жолы неге қадағаламады?» деп сұрағанымда: «Ол кісінің жылу электр орталығының проблемасымен басы қатып жатыр. Сізді қабылдауға бір минут уақыты жоқ...» деген, сенер-сенбесімді білмес жауап естідім. Бұл 1998 жылғы ақпанның екінші жартысы еді. Кейін, 2003 жылы бір топ қызылжарлықтармен бірге жолым түсіп, тағы да Павлодар облысының әкімі қызметінде жүрген Даниал Кенжетайұлымен оның кабинетінде кездескенімізде ол Солтүстік Қазақстан облысындағы сол бір қиын күндерді есіне алып:
- 1998 жылғы ақпанның 20-сына қарай Петропавл жылу-электр орталығында апаттық жағдай қалыптасқан еді. Облыс орталығы мүлдем жылу мен жарықсыз қалудың сәл-ақ алдында тұрды. Әйтеуір, мен тұйықтан шығар жолдарды іздестіріп, ақыры Павлодардың энергетика саласындағы бұрынғы серіктестерімнің алдындағы беделімді пайдалану арқылы ғана басқа жақтан қыруар электр қуатын қарызға алып, Петропавлды қыс ішінде қатып қалудан әрең аман сақтай алдым. Бірақ, бұған қаншама күш-жігер мен жүйке кетті десеңізші?! Осы жайт туралы бұған дейін жұртқа жариялап айтқан да емеспін. Сіздерді көргенде бәрі де қайта есіме түскен соң айтып отырмын... - деді ағынан жарылып. Даниал Кенжетайұлының өзімді бастапқыда жеке қабылдай қоймаған себебіне сонда ғана көзім жетті...
Петропавл жылу электр орталығының сол кездегі инвесторсымағының аса маңызды кәсіпорынды тұралата жаздағанын көзімен көріп, өзінің жанқиярлық әрекетімен ғана қаланы Көкшетау секілді қатып қалудан құтқарып алған Даниал Ахметов көп ұзамай онымен қош айтысты. Өзі шақырған жаңа инвестордың қарауына берілген Петропавл жылу-электр орталығының жұмысы тез арада түзеліп, облыс орталығының тұрғындарын жарыққа да, жылуға да қарық қылып тастады. Облыстың оңтүстік өңірі саналатын Көкшетау жағындағы елді мекендерге де электр жарығы беріліп, олардың тұрғындары да көздері ашылғандай күй кешті. Келмеске кеткен кеңес өкіметімен бірге өше жаздаған «Ильич шамдарының» қайта жарқырай жанғанын көріп, кезінде «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» заман орнатқандай болған Леонид Брежнев марқұмның «кемелденген социализмі» қайта орнағандай қуанған қызылжарлықтар ризашылығында шек жоқ еді: іле өңірде «Даниал» есімі берілген сәбилер көбейе бастады. Тіпті, осыған дейін жергілікті атқамінерлерді бұқаралық ақпарат құралдарында да, алқалы жиындардың мінберлерінен де жер-жебірлеріне жете сынап, жағаларынан алғандай болып жүретін бір белгілі журналист ағамыз да өзінің көптен күткен немересіне облыс әкімінің атын қойғанын біліп, қайран қалғаным бар. Ал Петропавл қалалық Мәдениет және демалыс саябағында кейінірек «Даниал» балалар дәмханасы пайда болды...
Даниал Ахметов Петропавл жылу-электр орталығымен қатар, бұрынғы қорғаныс өнеркәсібінің тапсырысы сап тыйылған соң өндірістері құлдырап, құрдымға кетіп бара жатқан жергілікті зауыттарды бейбіт өнімдер шығаруға қайта бейімдеу ісін де тиянақты қолға алып, бірталай кәсіпорындарға қайтадан жан бітірді. Бәрінен де Петропавл ауыр машина жасау зауытының жолы болып, мұнайлы өңірлердің тапсырыстары бойынша бағасы қымбат бұрғылау қондырғыларын шығаруға кірісті. Заңды тұлғалар арасында өзара есеп айырысудың қолма-қол ақшасыз жүйесі енгізіліп, облыстың қаржы жағдайы жақсартылды, бюджеттің кіріс бөлігін толтыру мақсатында салық қызметіне де қатаң талап қойылды. Осындай ықпалды шараларды табандылықпен іске асыру нәтижесінде бюджеттік мекемелерге жүздеген миллион теңге берешегі бар жергілікті қазынаға қомақты қаражат құйылып, мұғалімдер мен дәрігерлердің алдындағы бірнеше ай бойы қордаланып қалған еңбекақы қарызы да біртіндеп өтеле бастады. Сол кезде «Даниал Ахметовке біреулер қастандық жасамақшы болыпты...» деген алып-қашпа сөз шығып, «ұзынқұлақ» арқылы жетті маған да. Көп ұзамай, бір шаруамен сәті түсіп, Даниал Кенжетайұлының облыстық әкімдіктегі жұмыс кабинетіне кіріп, сөйлестім. Әңгіме соңында қала ішіне тарап кеткен қаңқу сөздің рас-өтірігін сұрадым.
- Кәрібай, соған ұқсайтын бір әрекеттің болғаны рас. Біреулердің мені қорқытқысы келген болулары керек. Өйткені, талай коммерсанттарды салық төлеңдер деп, қысып жатырмыз ғой... Бірақ, ондайлардан қаймығатын мен емеспін. Билікті сыйламайтындардың бәрін өз орындарына қоямыз. Бұған алаң болмаңдар және бұл туралы жұртқа айтудың да, жазудың да еш қажеті жоқ, -деді шегелеп...
Даниал Кенжетайұлы біздің жадымызда Елбасының кемел саясатын жан-жүрегімен қабыл алып, ештеңеден аянбай қолдаған мемлекетшіл тұлға, жаңашыл басшы, ана тіліміздің жанашыры ретінде қалды. Қызылжар өңірінде екі-ақ жылдай қызмет еткен асыл азаматтың өшпестей айшықты іздері сайрап жатыр: Петропавлдың орталық Ленин көшесін «Қазақ тілі» қоғамының жергілікті белсенділері «Достық көшесі» қылып, ал «Лад» славян қоғамдық бірлестігі «Вознесенский даңғылы» қылып өзгертейік деген ұсыныстар айтып жүргенін білген соң екі жақтың да басшы-қосшыларын жинап алып: «Мені тыңдасаңыздар, Ленин көшесіне еліміздің Ата Заңын сыйлап, «Конституция көшесі» деген жаңа атау берейік!» деп, бір-ақ кесті. Өздерінің жарығы жалп-жұлп сөнген қаласына Күннің нұрын сыйлағандай еңбек сіңіріп, қараңғыда «соқыртеке» ойнағандай тірлік кешулерін тоқтатқан, жылуға жарымаған пәтерде төсекке киімшең жатуларын доғартқан өңірдің бірінші басшысының айтқан аталы сөзіне қазақ жағы да, орыс жағы да ләм-мим демей, үнсіз келіскен. Ал сол Ленин көшесінің қақ ортасындағы үлкен алаңда орнатылған «Күн көсемнің» зор ескерткішін ешкімнен рұқсат сұрамай-ақ, бір түнде қалалық Мәдениет және демалыс саябағының шетінен бір-ақ шығарған да Даниал Ахметов еді. Конституция көшесінің бас жағына Қарасай мен Ағынтай батырлар ескерткішін орнатып, өне бойын түгел жаңартып, ақ өрнектас төсеу ісін бастап кеткен де сол әкіміміз. Петропавлдағы әл-Фараби атындағы қазақ мектебін, №17 орта мектеп негізінде Ұлттық жаңғыру мектебін, республикамыздағы бірегей білім шаңырағы - Шәміл Шақшақбаев атындағы тірек-қозғалыс аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған мектеп-интернатты өз қолымен ашқан да Даниал Кенжетайұлы. Басқа көптеген өңірлерде қаржы жетіспеушілігінен облыстық радионың үні біржола өшіп жатқанда біздікіне жергілікті бюджеттен қомақты тапсырыс бергізіп, сақтап қалған да сол басшымыз. Жергілікті «Аксесс Есіл» футбол командасына елдің беткеұстар жаттықтырушылары мен ойыншыларын шақыртып күшейтіп, стадионды лық толтыратын мыңдаған жанкүйердің көзайымына айналдырып, бір жылы, тіпті, Премьер-Лиганың жеңімпазы қыла жаздағаны да жадымызда.
Даниал Ахметов өз уақытын да, жұрттың уақытын да бағалай білетін іскер басшы болды. Облыстық әкімдіктегі әртүрлі жиындарда қаралатын мәселелерді өзіне дейінгі басшыларша бірнеше сағат бойы талқылап, сағызша созбай-ақ, айналасы жарты сағат-бір сағаттың ішінде тамамдайтын Жауапты басшылардың «Бәрін қатырып жатырмыз» деген тұрғыдағы сырғытпа сөздерін суқаны сүймей, бірден тоқтатып тастап, тоқетерін сұрайтын. Өзіне де, өзгелерге де қоятын талабы күшті, ал тапсырылған жұмысты ақсатқан кінәлілерге жазасы қатал да әділ болатын. Сондықтан алдынан жұмыс үркіп тұратын. Облыстық теледидардың тікелей эфирдегі хабарларына жүйелі түрде қатысып, Елбасының жүргізіп отырған саясатын егжей-тегжейлі түсіндіріп, өзіне қойылатын неше түрлі өткір де қиын сауалдардан еш жалтармай, екі тілде бірдей нақтылы жауабын беретін. Орынбасарларын да осылайша жұрт алдына шығарып, көпшілік көкейіндегі сауалдарға жауап бергізіп, қара терге түсіретін...
«Жігітті жолдасына қарап таны» деген халық даналығына жүгінсек те, Даниал Кенжетайұлы сынды көшбасшы азаматтың соңынан ерген серіктерінің бәрі де кілең сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар болатын. Орынбасарлары Александр Вербняк, Ерік Сұлтанов, Владимир Никандров және аппарат басшысы Халел Әкімхановтың бәрі де жұртқа «Мен кіммін? Сен кімсің?» дегендей, шекелерінен қарап, шіренген шенеуніктер емес, шетінен білімді де білікті, кәсіпқой мамандар, өздеріне тапсырылған жұмысқа жандарын салатын жанқияр, қол астарындағы қызметкерлердің ар-намысын сыйлайтын сыпайы да мәдениетті, ауыздарын ашса, жүректері көрінетін ақжарқын азаматтар ретінде танылды. Осындай командасы бар капитанның кемесі неге өрге жүзбесін?!
1999 жылы күзде облысымыздың тұңғыш қазақ басшысы Даниал Ахметов Премьер-Министрдің орынбасарлығына жоғарылатылды. Соған орай облыстық әкімдіктің үлкен залына жиналған жұртшылық Даниал Кенжетайұлына зор қошемет білдіріп, орындарынан түрегеліп, ұзақ уақыт бойы қол соғып, тарамай тұрып алды. Мен өзім білетін облыстың бірінші басшыларының ешқайсысына дәл осындай шынайы құрмет пен сүйіспеншілік білдірілгенін бұрын-соңды көрген де, естіген де емеспін. Сол бір ұмытылмас сәтте залдағы талай кісінің көз жастарына ерік бергендерін де аңғардым. Ал Даниал Кенжетайұлының әдетте жан-жағына ұшқын шашып тұратын өткір жанарына да жас үйіріліп, ерекше бір қимастық сезімін бастан кеше, толқып тұрғандай көрінді. Ал менің жанымда отырған облыс әкімінің баспасөз хатшысы, белгілі журналист Галина Халетова: «Даниал Кенжетайұлы солтүстікқазақстандықтар үшін адамдарға от сыйлаған Прометейдей жақсылық жасады...» деген еді тебірене.
Иә, Даниал Ахметовты Қызылжардың Прометейіне теңесек, асыра айтқандық болмас.
Кәрібай МҰСЫРМАН,
«Солтүстік Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 14 маусым
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |