Қожахметов Б. «Кетігін» тапқан: [Жоламан Шаханов] // Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 11 қыркүйек. – 16 б.

7 октября 2014 - Administrator

Алдымен Оспанхан марқұм ойыма оралып отыр: Алматының пойызына жайғаса сала қолыма тиген кітабын Қызылжарыма жеткенше бас алмастан оқығанымда екі иығымды селкілдетіп, екі көзден аққан жасыма ие болғызбай, ішім солқылдап, ішегім түйіліп қала жаздағанша күлгізген сұрапыл сықақшы еді-ау... Ал біздің облыстың Оспанханы, мен білсем, Жоламан Шаханов. Әзіл-әжуа сүйегіне біткен ол оқырманын оқиғамен күлдіруге тырысады. Бір ғасырдың, бүкіл қоғамның жағымсыз кейіпкерлерінің жіпке тізілгендей тұтас галереясын жасаған Оспанханның жарағы зеңбірек болса, Жоламандікі жай мылтық сияқты: біріншісі -быт-шыт қылса, екіншісі - етпетінен түсіреді. Есіліп, көсіліп жазғанды емес, қысқа қайырғанды құп көретін соңғысының стилі Чеховті де еріксіз еске түсіргендей ме, қалай?..

Жоламанның сатира жанрының шебері екендігін ә дегеннен дәлелдегені елдің есінде: оның "Кетік" деген біртұтам әңгімесіне бәріміз де аузымызды ашып, көзімізді жұмдық. Оны жариялау барысында оқып шығып, қолдарын қойған "Ленин туының" бөлім меңгерушісі түгіл, редакторы да бір әрпін қозғай алмағаны да жадымда.

Екінің бірінің қолынан келе бермейтін астарлы әзілімен екі кейіпкерінің де образдарын жасаған Жоламан "Кетіктен" кейін бірқыдыру уақыт көрінбей де кетті: меніңше, ол осы әңгіменің деңгейінен төмендемеуге тырысты. "Кетік" кредосына айналған Жоламан мырс еткізе түсетін астарлы әзіл-оспағымен талай тамаша туындылар жазды.

Сол әңгімелер ешбір Интернетте жоқ. Осыны да ойлаған болар, автор қара сөзбен жазылған сықақтарын кітапқа айналдырыпты. "Айтпайын десем..." деп аталатын кітабының аты да астарлы екен: бұл тіркестің бірнеше мағынасы бар және оның жалғасын табу бас қатырмай қоймайды. Қылдан нәзік, қылыштан өткір әзілдің күбісін күмпілдетіп піскен Жоламанның сатирик екендігі кітаптың заты түгіл, атынан да аңғарылып тұрған жоқ па?!

Кітапта әдеби де, хронологиялық та реттілік сақталған: "Кетікпен" ашылған. Аз жазса да, мәз жазатын Жоламанның ширек ғасыр бойы торкөз дәптерлердің талай беттерін толтырған туындылары баршылық. Кеше -"Ленин туында", енді - "Солтүстік Қазақстанда" жарияланған солардың бәрі де көзіме ыстық көрінеді: тақырыптарына қарап-ақ жымиып қоямын.

Кез келген қаламгер зердесіне түйіп алуымен ерекшеленеді ғой. Жоламан болса бәрін де жадында сақтаған сыңайлы: мәселен, ауыл айтқыштарының айтқандарын құлағына құйып алған. Шәлкес шалдардың, аңғал әжелердің, кесір келіндердің - бәрінің де ауыздарынан шыққан сөздерін магнитофон-миы жазып алған ба дерсің?!

Міне, осыларды оқығанда, шіркін, ауыл-аймақ, әрқайсысы бір-бір шоқыдай бөріктерін баса киген ақсақалдар, ат суара бара жатқан ұл баланың да алдынан кесіп өтпеген аналар көз алдыңа келеді. Солардың аңқаулығын суреттей білген, Жоламан, жарайсың!

Болат ҚОЖАХМЕТОВ


Қожахметов Б. «Кетігін» тапқан: [Жоламан Шаханов] // Солтүстік Қазақстан. – 2014. – 11 қыркүйек. – 16 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий