Мұқанов К. Облыс өркендеуінің 20 жылдық серпініне банк жүйесінің тигізген әсері // Все будет хорошо. – С.5

27 августа 2012 - Administrator

Облыс өркендеуінің 20 жылдық серпініне банк жүйесінің тизізген әсері


Биылғы (2011) жылы Қазақстан Республикасы өзінің Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтеді. Бұл мерекеге еліміз үлкен әлеуметтік- экономикалық жетістіктермен келіп отыр. Республикамыздың банк жүйесі мемлекеттің инновациялық жобаларын қаржыландырып, оның экономикалық дамуына атсалысып келеді. Біздің аймақтың банктері де дамудың тұрақты жетістіктеріне ие болды.
Біздің облыстық банктік жүйесінің тарихы әріден басталады. Үстіміздегі жылы Қазақстанда алғашқы қалалық қоғамдық банктің ашылғанына 140 жыл толып отыр. Ол банк 1871 жылы біздің облыс орталығы Петропавл қаласында ашылған болатын. Ол банк құрылғаннан бастап-ақ ірі сауда істерін қаржыландырып езінің құрылғанының тиімділігін көрсетті. Сол кезден бастап, 20-шы ғасырдың басында да Қазақстандағы негізгі банктардың бірі де Ресей банктері болды. Олардың филиалдары өлкенің орталық қалаларына (Орал, Омбы, Петропавл, Семей, т.б.) орналасты. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін де Қазақстандағы банк жүйесінің бір тармағы ретінде қызмет етті. Тек Қазақстан дербес мемлекетке айналғаннан кейін ғана елдің жеке банк жүйесі құрылды.
Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылы басталған Банк реформасының нәтижесінде қос деңгейдегі банк жүйесі құрылды. Жоғары деңгейдегі Банк - Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі. Оның міндеттері, қызметінің бағыттары, құқықтық мәртебесі және үәкілеттігі ҚР Президентінің 1995 жылғы 30 наурыздағы «Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі туралы» Заң күші бар Жарлығында белгіленген. Өзге банктердің бәрі банк жүйесінің төменгі (екінші) деңгейіне жатады. Олар көбінесе «Коммерциялық Банктер» деп аталады.
Қазіргі кезде біздің қаламыз бен облысымызда Ұлттық Банк пен Халық банкінен басқа оннан астам екінші деңгейдегі банктер мен олардың көптеген бөлімшелері халыққа қызмет етеді, облыс экономикасын дамытуға көмектеседі. Олар тәуелсіздік жылдарындағы даму кезеңінде күрделі де сан қилы жолдардан өтіп, өңіріміздің экономикасын көтеруде көптеген жоғары сапалы көрсеткіштерге қол жеткізді.
Кеңес Одағы тараған кезде «көп мыңдық» ақша шығарылып, оны айырудың өзі қиын болған еді. Ол кезде Ресей үкіметі Қазақстанға ескі үлгідегі құнсыз ақшаны тоғытты. Бұл, әрине, ел экономикасын тұрақсыздандырып, өндірістің құлдырауын күшейтті. Халыққа қажетті тауарлардың бағасы тым көтеріліп кетті. Инфляция көрсеткіші 2000 пайыздан асты. Нәтижесінде халықтың тұрмыс жағдайы күрт төмендеді. Осының бірі елімізге ұлттық валюта енгізу туралы шешім қабылдауға негіз болды. Ақыры Егемен Қазақстан 1993 жылғы қарашада ақша реформасын қабылдады. Осы реформаға сәйкес республикамызда өзіміздің ұлттық валютамыз теңге қолданысқа енгізілді.
Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Жомарт Қажырахымовтың айтуынша, 1993 жылғы 14 қарашада Ұлттық банктің облыстық басқармасына келген нұсқауда ақшаға «айырбас жасау мерзімі небары 6 күнге, 15 қараша күнгі таңғы 8 сағаттан 20 қараша күнгі кешкі сағат 18-ге дейін белгіленген екен. Соған сәйкес 1993 жылғы 15 қараша күні облыста таңғы сағат 9-да тұрғындар мен шаруашылық жүргізуші барлық нысандарда ақша айырбастау басталды. Банкирлеріміздің уақытпен санаспай жұмыла жұмыс істеулерінің нәтижесінде көзделген мерзімде тапсырылған іс тәмамдалды» («Солтүстік Қазақстан» - 14.11.2008 ж.). Бұл банк қызметкерлерінің аянбас еңбегінің нәтижесі еді.
Осыдан 18 жыл бұрын Қазақстанда өзінің ұлттық валютасының енгізілуі айтарлықтай саяси және мәдени маңыздағы оқиға болды. Осынау уақыт аралығында Банк жүйесі бүкіл экономикамен бірге дамыды.
Теңгені енгізген кезде Қазақстан экономикасы өте ауыр жағдайда болды. 1993 жылы инфляция 2 мың пайыздан асып кетті. 1991-1995 жылдары өндіріс 50 пайызға дейін құлдырады. Сондықтан бұл кезде ұлттық банктің ең басты міндеті инфляцияны төмендету болды. Сол қиын кезеңде ұлттық банк экономиканы кредиттеу функциясын екінші деңгейдегі банктерге беріп, ез ісін инфляцияны темендету және ақша-кредит саясатының әдістері мен құралдарын дамыту арқылы ұлттық валютаның тұрақтылығына қол жеткізу міндетіне бағыттады. Нәтижесінде инфляция 1995 жылы 60 пайызға дейін төмендеді, ал 1998 жылы тіпті 1,9 пайызға түсті. 1998- 1999 жылдары Ресейдегі қаржылық дағдарыстың салдарынан біздің теңге де өте күшті құнсыздану қысымына ұшырап, инфляция 17,8 пайызға дейін көтерілді. Осы жағдайдан шығу үшін республикада 1999 жылғы сәуірде теңгенің еркін айырбас бағамы режімі енгізілді. Бұл қазақстандық тауар өндірушілерге бәсекеге қабілеттілігін қалпына келтіруге зор мүмкіндік беріп, Қазақстан экономикасының шапшаң дамуына ықпал етті. Содан бастап айтарлықтай капитал құйымы, банктерге тұрғындар салымдарының және экономикадағы кредиттерінің үлкен өсім қарқыны байқалды. Жеті жыл ішінде елде қаржы жүйесі күшті дамыды. Тұрғындардың депозиттерін кепілдендіру қоры, тұрғын үй құрылысы аясында ипотекалық кредиттеу жүйесі құрылды, қауіпсіздендіру және қор рыноктары дамыды.
2007 жылдың басында туындаған АҚШ-тағы ипотекалық қарыздар рыногындағы дағдырыс сол жылғы тамызда халықаралық сипат алып, әлемдік қаржы рыноктарындағы жағдайға айтарлықтай әсер етті. Әлемдік рыноктар төлемсіздік қиыншылығын көре бастады.
Осындай кейбір қиыншылықтарды қазақстандық банктер де бастан кешті. Дегенмен, қолда бар қаржыны қолдау жөніндегі қабылданған тиісті шаралар банк жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді.
Дағдарыстан кейінгі даму кезеңі елімізде 2010 жылы басталды. Қазақстан экономикасының басты көрсеткіші - ІЖО өсімі ырғағы 7 пайыздан асты. Экономикадағы оң үрдістер банк секторымен тығыз байланысты болды. Банк секторы біртіндеп дағдырыс кезінде кемітіп алған өсім ырғағын түзете бастады.
Ұлттық банктің облыстық филиалының директоры Жомарт Қажырақымов еліміздің экономикасын дамыту жолындағы банктердің әсерін өзінің «Қиын сынақтардан сүрінбей өттік» атты мақаласында былайша егжей-тегжейлі көрсетеді: «2010 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан банктеріндегі депозиттер көлемі 7,4 трлн теңгеге өсті, банктердің экономиканы кредиттеуінің жалпы келемі 7,5 трлн теңгеге жетті...
Біздің облыс банктерінің депозиттер көлемі 32,5 млрд теңгені құрайды. Өңір банктерінің экономикаға кредиттерінің жалпы көлемі 68,7 млрд теңге болды. Банк жүйесінің осы қол жеткен нәтижесі бүгінде банктерде 10 млрд доллардан астам бос өтімділік қаржысы бары болып табылады... Облыстың депозиттік базасы көлемі 0,02 млрд теңгеден 33,4 млрд теңгеге дейін (1670 есе) көтерілді.
Облыс экономикасына салынған бұл құйылымдар өз нәтижесін берді. Мысалы, жалпы өңірлік өнім 1995 жылы 64,9 млрд теңгеден 2009 жылы 431 млрд теңгеге (6,6 есе) дейін өсті. Өнеркәсіп өнімдері көлемі 1996 жылғы 19,6 млрд теңгеден 80,4 млрд теңгеге (4 есе) дейін артты, ал негізгі капиталға инвестициялар көлемі 1998 жылғы 2,9 млн теңгеден қазіргі 53,3 млрд теңгеге (18 есе) дейін көтерілді». («Солтүстік Қазақстан» - 22.02.2011 ж.).
Осы оң істердің астарында үлкен еңбек және ұлттық банктің филиалы жетекшілік ететін облыс банк секторы қызметкерлерінің зор құлшынысы жатыр деп атап айтуға болады.
Бүгіндері облыстық банк жүйесінің 140 жылдығы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Тәуелсіздіктің 20 жылы ішінде елімізде табысты банк жүйесі қалыптасты. Бұл нәтижелерге банк жүйесі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тарапынан зор қамқорлық пен қолдау табуының арқасында қол жеткізгені анық. Бүгінде, алдағы уақытта да банк жүйесі Қазақстан халқы мен экономикасының игілігі үшін адал да тиімді жұмыс істей беретініне сенім мол.

Қайролла МҰҚАНОВ, өлкетанушы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі


Мұқанов К. Облыс өркендеуінің 20 жылдық серпініне банк жүйесінің тигізген әсері // Все будет хорошо. – С.5
 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий