Мұқанов Қ. Білгір заңгер, шынайы патриот (көрнекті мемлекет қайраткері С.А.Қасымовтың 60 жылдығына) // Все будет хорошо. – 2011. – 7 июля. – С.5
БІЛГІР ЗАҢГЕР, ШЫНАЙЫ ПАТРИОТ
(көрнекті мемлекет қайраткері С.А.Қасымовтың 60 жылдығына)
Президент Жарлығына сәйкес биылғы жыл ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы болып белгіленді. Ол «Бейбітшілік пен Жасампаздықтың 20 жылы» ұранымен өтеді. Осыған орай Тәуелсіздік жолында аянбай адал еңбек етіп, оның нығаюына үлкен үлес қосқан азаматтарды атап өткен жөн.
Сондай абзал азаматтардың бірі жуырда 60 жасқа толғалы отырған жерлесіміз, белгілі саясаттанушы, заң ғылымының кандидаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Ахметжанұлы Қасымов.
Ол 1951 ж. 12 шілдеде Ресей Федерациясының Түмен облысының Сладков ауданындағы Менжинка селосында өткен ғасырдың 20-шы жылдарының соңында жазықсыз жер аударылған отбасында туған. Әкесі Ахметжан Қасымов, Ұлы Отан соғысының ардагері балаларына өзінің туған елі (қазіргі Тимирязев ауданындағы Құртай ауылы) туралы жиі айтып отырған. Ахметжан зайыбы Күләндам екеуі жеті бала тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы да ата-анасының алған тәрбиесіне сай еңбекқор болып өсіп, еңбек жолдарын қарапайым жұмыстан бастады.
Сабыр бала кезінен ауыл өмірі мен ауыл еңбегін біліп өсті, мал бақты, шөп шапты, егін екті, астық орды. Орта мектепті бітіргеннен кейін өзінің ата жұрты Қазақстанға келді. Мұнда да ол алғашқы кезде еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастады. 1971- 1974 жылдары Алматы тоқыма фабрикасында жүкші, сол қаланың Ленин аудандық халық сотында курьер, 1974-1977 жылдары сондағы Октябрь аудандық халық сотында сот ісін атқарушы болып істеп жүріп, ҚазМУ- дің заң факультетін сырттай оқып бітіреді.
Бұдан кейін Сабыр Ахметжанұлы прокуратура органдарында еңбек етті, халық соты болып сайланды. Алматы облыстық партия комитетінің және Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бөлімдерінде нұсқаушы болды. 1988 ж. Мәскеудегі СОКП Орталық Комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар Академиясын тәмамдады. Сол Мәскеуде кандидаттық диссертациясын жемісті қорғап, заң ғылымының кандидаты атағына ие болды.
Осындай жоғары заңгерлік білімі мен мол тәжрибесі оның қызметінің жоғарылауына септігін тигізді. Ол Президенттік Кеңестің және Жоғарғы Кеңес төрағасының кеңесшісі қызметін атқарды. Мемлекеттік құрылыс және заңнамалық мәселелермен айналысты.
Қазақстанның тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында С.А.Қасымов ұлттық саясаттың саяси-құқықтық негіздерін жасауға, Қазақстанда тұратын барлық ұлттардың тең құқын қамтамасыз ету үшін ұлттық нышаны бойынша ешкімді жәбірлеуге жол бермейтін заңдар қабылдауға тікелей араласты. Оның кәсіптік ойлары мен принципті көзқарасы елімізге бүгінде ұлтаралық және конфессияаралық келісімді қамтамасыз етіп отырған мемлекеттік саясатты құруға қосылған салмақты үлес болып табылады.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотының судьясы болып қызмет істеуі ең қиын кезеңге тәуелсіздіктің алғашқы жылдарына тұспа-тұс келді. Содан кейін бірінші сайланған Парламент тының депутаты болып тағайындалды.
Елбасының Парламенттегі өкілдігінің басшысы бола жүріп, заңнамалық парламентаризм институтының нығаюына барынша әсер ете отырып, мемлекеттік және қоғамдық өмірді демократиялық тұрғыдан орнықтыру, депутаттың статусы мен рөлі мәселелерімен айналысты.
С.А.Қасымов азаматтардың құқы мен бостандығы үшін заңдылық сақтау үшін ымырасыз еңбек еткен күрескерлердің бірі. Бойына туа біткен әділдік сезімі мен өзінің идеалдарына деген адалдығы оған ең күрделі деген мәселелерді түбіне дейін жеткізуге, ең қиын істерді шешуге мүмкіндік берді. Жақын достарының айтуынша, Сабыр Ахметжанұлы әрқашанда шындықты ғана айтады, тіпті сол шындықтың кесірі өзіне тиерін біле тұра алған бетінен қайтқан емес. Сондықтан да олар оны билік дәлізіндегі халық адвокаты деп те атайды.
Ол көп ұлтты Қазақстан халқының нағыз патриоты. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік және қоғамдық комиссияларды басқарды, мүше болды. 1999-2004 жылдары Парламент Мәжілісінде Республика Президентінің өкілі болды. 2004 ж. мамыр-қараша айлары аралығында Солтүстік Қазақстан облысында заң департаменті төрағасының орынбасары қызметін атқарды.
Ол жазықсыз жапа шеккен мыңдаған адамдардың жақсы атына кір түспеуіне ықпал етті, өз халқына көп қайғы түсірген мансап пен саяси ұпай жинау үшін саяси қуғын- сүргінге қатысқан көптеген жоғары қызметтегі шенеуніктердің кінәларын дәлелдеді.
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына әділ баға беріп, жазықсыз қуғын-сүргінде қудалауға душар болған қазақ жастарын ақтап, кінәлі басшылардың бет-пердесін сыпырып, оларды әшкерелеу үшін Жоғары Кеңес еліміздің беделді, зиялы қауымы өкілдерінен комиссия (халық арасында «Шаханов комиссиясы» деп аталған) құрған болатын. Осы комиссияның құрамында болып, Сәкең өзінің білікті заңгерлігімен, қара қылды қақ жарған әділеттілігімен көзге түскенін 2004 жылғы маусым айында Петропавлда сөйлеген сөзінде әйгілі ақын, жазушы Мұхтар Шаханов зор мақтанышпен айтқан болатын. Ол бастаған топ Желтоқсан оқиғасын жан-жақты зерттеп, мыңдаған куәлардың сөздерін екшеп, он мыңдаған заңдық және саяси сараптамалар жасады. Білікті заңгер, әділет ғылымының кандидаты, Конституциялық Соттың судьясы Сабыр Қасымов ешкімнен тайсалмай барлық ауыртпалықты саналы түрде өз мойнына алған еді.
1987 жылы Колбиннің басқаруы тұсында қауіптілігіне қарамай қазақ мектептері мен балабақшаларын ашуға қатысқандар және қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе беруге атсалысқандар арасында да Сабыр Ахметжанұлы болды. Оның қолдауымен сол жылы Алматының «Ақсай-3» шағын мөлтек ауданында № 123-ші қазақ мектебі ашылды.
1991 жылы Жоғары Кеңестің Төралқасы өткен ғасырда бай-кулактарды тәркілеу, жаппай ұжымдастыру кезінде болған заңсыздықтарды саралап жария ету үшін комиссия құрған болатын. Оны академик Манаш Қозыбаев басқарған. Сабыр Қасымовтың бұл комиссиядағы қызметі туралы тарих ғылымының докторы, профессор Мәмбет Қойгелдиев 1999 жылғы 10-шы қыркүйекте «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Азамат абыройы адалдықпен асқақтайды» деген мақаласында: «Осы комиссияның жемісті қызмет атқаруына бір азаматтың жігерлі де сауатты әрекеті шешуші ықпалын тигізген еді. Ол азамат - комиссия мүшесі, сосын хатшысы ретінде басқарушының бірі Сабыр Ахметжанұлы Қасымов еді» - деген еді.
Сабыр Қасымов халқымыздың жазықсыз жапа шеккен адал азаматтарын ақтауға арнап көптеген зерттеу мақалалар жазып баспасөз беттерінде жариялады. Мысалы, 2009 жылғы 15 желтоқсанда «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Азаттық азапкерлері мемлекеттік тұрғыда ақталуға тиіс» деген мақаласында ол:
«Шу дегенде біз ақтау жұмыстарына барынша белсене кірістік. Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жолында мыңдаған қылмыстық істерді қайта көтеріп, ондаған мың жазықсыз атылғандарды, сотталғандарды ақтау жөнінде Жоғарғы Кеңестің, Қазақстан Президентінің заң актілері қабылданды. Көптеген ғылыми конференциялар өткізіліп, жүздеген мақалалар жазылды. Жазықсыз құрбан болған арыстардың атына көше, ауыл, аудан атаулары беріліп жатты. Жоғарғы Кеңес Төралқасының комиссиясы Желтоқсан көтерілісіне де кеңейтілген құқықтық баға берді. Осылардың бәрі үлкен істер, оларды жоққа шығаруға болмайды», - дей келе, «қуғын-сүргінннің Қазақстанға қандай санаты тән екенін анықтау мен сараптау ісінде біржақты тәсілге жол берілген. Біздегі тәсілдер уақытпен шектеліп, тек 30-шы жылдардағы саяси қуғын-сүргіндерді ғана зерттеп, 20-шы жылдағыларға үстірт қараған» - деп көрсетеді.
Сәкең бұдан әрі «Алаш-Орда» әскері мен оның қарапайым мүшелерін ақтау туралы да бізде ешқандай заң актісі қабылданбағанын айта келіп, Солтүстік Қазақстаннан мысал келтіреді. Оның мәліметінше, Солтүстік Қазақстанда «Алаш» партиясының филиалын және Қазақ комитетін ашпақшы болған ниеттері үшін ғана 1940 жылғы бір іс бойнша Солтүстік Қазақстанда қуғынға ұшырап, артынан еш ақталмаған, есімдері әлі күнге қара тізімнен шықпаған адамдар көп. Автор солардың біразының аттарын астап көрсетеді. Олар: «Темірбеков Әбжан, Темірбеков Құсайын, Ахметов Байғазы, Мәліков Қайролла, Бөкетов Арыстан, Сағындықов Мәлгаждар, Сабыров Есімсейіт, Жандосов Садуақас, Бегішев Сейітқасым, Ибраев Мәулен, Белгібаев Қожахмет, Уәлиханов Махмет, Қоспанов Қошан, Омаров Жармантай, Бимурзин Әбілкәрім, Махметов Сәкен, Жандосов Мәжен, Айбасов Қапез».
Сабыр Ахметжанұлының ерекше бір қасиеті - қарапайымдылығы мен кішіпейілділігі. Ол өзінің қоғамдық қызметін жарнамаламайды. Ол «Әр адам - өз елі үшін жанкешті патриот болады, кез-келген адам осындай қадам жасайды», - дейді. Осындай көзқараспен өмір сүріп жүрген ол еш жерде кеудесін қағып, менменшілдік көрсетпейді, өзін өзгелерден биік ұстамайды. Соған қарамастан оның есімі зиялы қауым арасында да қарапайым халық арасында да зор ілтифатпен аталады.
Ол туралы әйгілі ақын, айтулы азамат Олжас Сүлейменов былай дейді: «Азамат, Күрескер, Саясаткер, Қайраткер, білікті Заңгер Сабыр Қасымов жемқорлыққа шатылмаған, адалдықты ұстанған, әділетті жақтайтын, имандылықты қадірлейтін қарапайым адам. Ол - халықтың танымал қорғаушысы. Зор рухты, жоғары адамгершілікті, биік парасатты жан. Мен бұған сан рет куә болғанмын. Біздің еліміздің заңнамалық қамалын жасай алатын және жасауға тиістілер - тек осындай адамдар!»
Сабыр Ахметжанұлының адал еңбегі өз бағасын алып келді. Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен адал құқық қорғау қызметі және елдің мемлекеттік және қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін 1994 жылы С.А.Қасымовқа жоғары санаттағы заңгер мәртебесі берілді. Сондай-ақ 2002 жылы Елбасы Жарлығымен Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қызметкер атағын алды.
Сәкеңнің зайыбы Тұрсын Хамзақызы оқытушы. Балалары Әлен мен Аян ғылыми қызметкерлер.
Сабыр Ахметжанұлының өмірі мен еңбек жолы, оның Отан сүйгіштігі, халыққа қамқорлығы, қарапайымдылығы мен кішіпейілдігі жастарға үлкен өнеге.
Сөз соңында ардақты Сабыр Ахметжанұлын алпыс жасқа толуымен шын жүректен құттықтап, оған мықты денсаулық, отбасымен бірге зор бақыт, шығармашылық еңбегіне мол табыс тілеймін.
Қайролла МҰҚАНОВ, өлкетанушы,
Қазақстан журналистер одағының мүшесі
Мұқанов Қ. Білгір заңгер, шынайы патриот (көрнекті мемлекет қайраткері С.А.Қасымовтың 60 жылдығына) // Все будет хорошо. – 2011. – 7 июля. – С.5
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |