Мұқанов Қ. Қазақтың тұнғыш педагогі // Все будет хорошо. – 2011. – 20 октября. – С.6
Биылғы жыл Қазақстан Республикасының тәуелсіздігінің 20 жылдығы. Бұл еліміздің үлкен мерекесі. Осы ұлы мерекенің карсаңында қазақ халқының ұлттық мектебінің қалыптасуында, мәдени өркендеуінде өшпестей із қалдырып, тарих төрінен көрнекті орын алған ардақты тұлғаларымыздың бірі - Ыбырай Алтынсариннің 170 жасқа толуы тұспа-тұс келіп отыр.
Ұлы ағартушы, дарынды ұстаз, жазушы, этнограф, фольклоршы, қоғам қайраткері Ыбырай (Ибрагим) Алтынсарин 1841 жылғы 2 қарашада қазіргі Қостанай облысының, Қостанай ауданындағы бұрынғы Арақарағай болысының жерінде туған.
Ыбырайдың әкесі Алтынсары ерте қайтыс болғандықтан, ол атасы Балғожа бидің тәрбиесінде өскен. Балғожа би немересін 1850 жылы Орынбор қаласында қазақ балалары үшін ашылған шекара комиссиясының жетіжылдық мектебіне оқуға береді. Ресей үкіметінің көздегені осындай мектептер арқылы жергілікті әкімшілік орындарға қазақтың өз ішінен қызметкерлер әзірлеу еді. Мектеп оқушылары отаршылдық саясат рухында тәрбиеленуге тиісті болды. Бірақ жасынан зерек Ыбырай бұл мектептің оқу жүйесі шеңберінде қалмай, дүние жүзі әдебиеті мен орыс әдебиеті классиктерінің шығармаларын өздігінен оқып нәр алды. Мектепті бітіргеннен кейін, 1857-1859 жылдар аралығыңда атасы Балғожа бидің хатшысы болды. Кейін Орынбор облыстық басқармасына кіші тілмаштық қызметке ауысады. 1860 жылы облыстық басқарма Ыбырайға Торғайда қазақ балалары үшін бастауыш мектеп ашуды тапсырады әрі оны сол мектепке орыс тілінің мұғалімі етіп бекітеді. Осылай Ы.Алтынсариннің ағартушылық-педагогикалық қызметі басталады. Сол кездегі қиындықтарға қарамастан ағартушылық идеялармен қанаттанған жас Ыбырай көздеген мақсатын орындауға құлшына кіріседі. Ауыл-ауылды аралап халыққа оқу, білімнің маңызы мен мақсатын түсіндіреді. Оның бұл талабын халық қуаттайды. Ыбырай халықтан жиналған қаражатқа мектеп үйін салуды қолға алады. Мектеп 1864 жылы 8 қаңтарда ашылады. Осыған байланысты үлкен той болып, сол күні мектепке 14 бала жазылады. Ол мектеп жанынан интернат та ашады. 1860-1879 жылдар арасында Алтынсарин мұғалімдік, ағартушылық қызметімен қатар басқа да қызметтер атқарған. 1868-1874 жылдары Орынбор генерал-губернаторының арнайы тапсыруы бойынша Торғайдың уездік судьясы, 1876-1879 жылдары Торғай уездік бастығының аға көмекшісі болды.
Ыбырай Алтынсарин инспекторлық қызметке кіргеннен бастап 1879 жылы қазақ балалары үшін мектептер ашуды қолға алды. Ең алдымен ол облыс, уезд орталықтарында училищелер ашуға шешім қабылдады. Содан кейін Елек, Қостанай, Торғай, Ырғыз уездерінде бір-бірден екі кластық орыс-қазақ мектептерін ашты. Бұдан кейін болыстық бастауыш мектептер ашу ісін қолға алды. Ы.Алтынсариннің ұсынысымен 1888 жылғы 10 сәуірде Орск қаласында қазақ бастауыш мектептеріне мұғалімдер даярлайтын мектеп ашылды. Оған Торғай, Ырғыз қалаларындағы орыс-қазақ училищелерін жақсы бітірген жастар алынды. Ы.Алтынсарин қазақ жастары арасынан экономика саласына мамандар әзірлеу ісіне мән беріп, қолөнер, ауылшаруашылық училищелерін ашуға көп күш жұмсады. Торғайда қолөнер училищесін ұйымдастырды. Ырғызда қазақ қыздары үшін жанында интернаты бар мектеп аштырды.
Ы.Алтынсарин орыс-қазақ мектептері үшін арнаулы оқу құралдарын шығару қажет деп санады. Өзі қазақ балаларының таным түсінігіне лайықты оқу-әдістемелік құралдар жазды. 1879 жылы оның «Қазақ хрестоматиясы» оқулығы және дидактикалық оқу мәселесі жөнінде «Қазақтарға орыс тілін үйретудің бастауыш құралы» жарық көрді. Бұл кітаптар қазақ балаларын кириллица негізінде оқытуға арналған тұнғыш оқу құралдары болды. Ол оқыту әдістерін жаңа бағытта құрды, оқуға деген баланың ынтасы мен қызығушылығын арттыруды көздеді, оқуды ана тілінде жүргізді.
Ыбырай Алтынсарин жаңашыл ағартушы, үлкен жүректі ұстаз, інжу-маржан жырлары мен әңгімелерін ұрпақ тәрбиесіне жарата білген дарынды ақын, жазушы болды. Ұлтты өркениетке бастайтын тек білім екенін терең сезінген ол қазақ даласында алғаш қоңырау соғып, жас ұрпақты білімдендіру ұранын көтерді. Жасөспірімдерді «Кел, балалар, оқылық, оқығанды көңілге ықыласпенен тоқылық» деп, оқуға, білім алуға шақырды. Ы.Алтынсарин жаңа дәуірдегі қазақ әдебиетінің қалыптасуына қомақты өнер-білім, техниканы меңгеруге шақырды. («Оқысаңыз, балалар, шамнан шырақ жағылар, тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар»), Оқу, білімнің пайдасы қандай, ол неге керек деген мәселеге келгенде, оның өмір үшін, болашақ үшін қажет екенін атапкөрсетеді:
«Ата-енең қартайса, тіреу болар бұл оқу.
Қартайғанда мал тайса, сүйеу болар бұл оқу».
Жастарды өнер-білімге, техникаға үндеу ақынның «Өнер-білім бар жұрттар» деген өлеңінде өз жалғасын тапқан. Ол өнер-білімі жетілген елдердің артықшылығы қандай, олар сол өнерімен нені игеріп отыр, ертеңгі өмірдің талап-тілектері не деген күрделі мәселелерді жастар алдына көлденең тарту арқылы оларға ой тастап, өнер-білімді батыл игеруге шақырады:
«Адамды құстай ұшырды
Мал істейтін жұмысты
От пен суға түсірді
Отынсыз тамақ пісірді
Сусыздан сусын ішірді.»
Табиғат көріністерін жеке алып, нақты суреттеу Алтынсариннің лирикалық өлеңдерінен басталады. Ақын өзінің «Жаз», «Өзен» атты өлеңдерінде жыл мезгілдерін, табиғат көріністерін аса шеберпікпен сипаттайды. Алтынсариннің төл әңгімелері қысқа да нұсқа құрылып, мазмұны жағынан ұтымды келеді. Оның «Қыпшақ Сейітқұл», «Киіз үй мен ағаш үй», «Надандық», т.б. әңгімелері сол кездегі қоғам өмірінің келелі мәселелерін көтеріп, халықтың көзін ашып, санасын оятуға арналған. Бұлармен үндес «Асыл шөп», «Шеше мен бала», «Бай мен жарлы баласы», «Таза бұлақ», т.б. әңгімелері әсерлі де көркем шығармалар.
Алтынсарин қазақ мәдениетіне көркем аударма жасаумен де үлкен үлес қосты. Ол қазақ тіліне Ушинскийдің, Толстойдың, Крыловтың шығармаларын тәржімалап, қазақ әдебиетінде көркем аударма жанрын қалыптастырды. Орыстың аса көрнекті педагогі Ушинскийді ол өзінің ұстазы санады. Оның педагогикалық шығармаларынан негізінен қазақ мектебіне, қазақ мұғаліміне лайықты үлкен тәрбиелік мәні барларын тәржімалады.
Ұстазтардың ұстазы Ұлы Ыбырай Алтынсарин жасөспірімдерді оқытып, тәрбиелеудегі мұғалімнің еңбегін жоғары бағалады. Ол өзінің бір еңбегінде:
«Халық мүддесі үшін ең керектісі - оқытушы. Тамаша жақсы педагогика құралдары да, ең жақсы үкімет бұйрықтары да, әбден мұқият түрде жүргізілген инспекторлар бақылауы да оқытушыға тең келе алмайды» - деп жазды.
Мұғалімге деген зор ықыласын ол: «Маған мектеп мұғалімі бәрінен қымбат, өйткені мұғалім мектептің жүрегі» -деп білдірді.
Ұлы ағартушының өнегелі өмірі мен таланты бір кезде қандай жарқын қасиеттерімен көрініп, қазақ мәдениетінің тарихында айқын іздерін қалдырса кәзір де сол құнды идеялары халқымен бірге жасап келеді. Ыбырай атамыз бүгінгі күні де жас жеткіншектерді «Кел, балалар, оқылық» деп білімге шақырып тұрғандай. Уақыт өткен сайын оның педагогикалық мұраларының мән-маңызы мен қадір-қасиеті арта түсуде.
Қазан төңкерісінен кейін Ы.Алтынсариннің әдеби және педагогикалық еңбектері елімізде бірнеше рет басылып шықты. Оның өнегелі өмірі мен шығармашылығы туралы көптеген ғылыми мақалалар мен кітаптар шықты. Жоғары және орта педагогикалық оқу орындарында, мектептерде «Алтынсарин оқулары» өткізілуде. 1983 жылы педагогикалық еңбекте жоғары табыстарға ие болған оқытушыларға арналған «Алтынсарин медалі» шығарылды. Бірнеше орта және арнаулы орта оқу орындары Алтынсарин есімімен аталады. Еліміздің бірнеше қалаларында Алтынсарин атында көше бар. Соның ішінде біздің Қызылжар қаласының да бір көшесі ұлы ұстаз есімімен аталған. Қостанай қаласында Алтынсарин ескерткіші орнатылған. Алматы қаласындағы Ұлттық білім академиясы Алтынсарин атымен аталады.
Ұлы ұстаздың өнегелі өмірі мен шығармашылығы әлі де талай жылдар қазақ жастарына, оқытушылар мен оқушыларға зор үлгі, өнеге болып қала бермек.
Қайролла Мұқанов,
халық ағарту еңбегінің ардагері
Мұқанов Қ. Қазақтың тұнғыш педагогі // Все будет хорошо. – 2011. – 20 октября. – С.6
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |