Тәжіғұлов,А. «Абай Құнанбайұлы» Тақырыбын қалай оқыттым?/ А.Тәжіғұлов// Қазақ тарихи.-1995.-№3.-C.66-68.

19 марта 2020 - Садыкова А.

Қазақ халқының XIX ғасырдағы көрнекті ағартушылары Шоқан, Ыбырай, Абай қазіргі Қазақстан тарихы бағдарламасы бойынша 9-класта оқытылады. Осы тақырыпқа екі сағат бөлінген. Оның бір сабағы — «Орыс демократиялық мәдениеті және қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов», екіншісі «Ыбырай Алтынсарыұлы және Абай Құнанбайұлы» тақырыптарын оқытуға берілген. Осы тақырыптарды ойдағыдай ашып көрсетуге бөлінген уақыттың аздық ететінін біздің тәжірибеміз дәлелдеп отыр. Мәселен, Ыбырай мен Абайға бір сағат бөлгенде не ұттық, не пайда таптық? — деп ойлайсың. Пайдамыздан зиянымыз көп болған жоқ па? Шынында да бұл сабақтардың басты мақсаты — осы тұлғалардың тарихтағы, қазақ халқы тарихындағы орнын көрсету. Мұны көрсету үшін, меніңше, олардың шыққан тегі, ата-аналары, тәрбиеленген ортасы туралы да айту қажет.
Шоқан кім? Оның арғы тегі, өскен ортасы, алған тағылымы қандай еді? Өкінішке орай, оқулықта Шоканды тәрбиелеген әжесі Айғаным, өз әкесі Шыћғыс, арғы атасы Абылай туралы да ештеме айтылмайды.
Ыбырай кім? Атақты Балқожа бидің немересі. Балқожа кім? Ол арқадағы қазақ елінің атақты биі. Осы бидің парасаттылығы, көрегендігі болмаса Ыбырайдың қазақ тарихында аты қалар-қалмасы белгісіз еді ғой.
Осы пікірімді негізге ала отырып мен «Абай Құнанбайұлы» тақырыпшасын өтуге бір сабақ арнадым және аталған олқылықтың орнын толтыруды мақсат еттім.
Абайдың өмірі мен қызметін бір сағат өтсем де сабақ мақсатына, мәніне толық жете алды ма деген шүбәм бар. Әрине, Абайды қазақ әдебиетінен де оқиды. Бірақ тарих тарих та, әдебиет әдебиет қой.
Аталған сабақтың білімдік, тәрбиелік, дамытушылық міндеттерін дұрыс анықтау — сабақтың тиімділігін арттырады. Біздіңше, олар төмендегідей. Білімдік міндеттері: Қазақ елінің ойшыл-ақыны Абайдың өмірін, қызметін жан-жақты таныстыра отырып, оқушыларға ақынның әдебиет, философия, педагогика, психология ғылымдарындағы және қазақ халқы тарихындагы орнын ашып көрсету.
Тәрбиелік міндеттері: Абайдың өмірі мен қызметінен нақты мысалдар келтіре отырып, оқушыларды оның өнегелі істерінен үлгі алуға тәрбиелеу, олардың туған еліне, халқына, ұлы адамдарға деген сүйіспеншілік сезімін ояту.
Дамытушылық міндеттері: жаңа сабақ материалын оқып-үйренуге оқушылардың өздерін белсенді қатыстыра отырып, олардың ойлау қызметін дамытуға баса көңіл бөлу.
Сабақта төмендегідей құралдар мен әдебиеттер пайдаланылды: Абайдың портреті, Көкбай ақынның суреті, М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, «Сабалақ» дастаны; түрлі түсті иллюстрациялар; магнитофонға жазылған Абай өлеңдерінің («Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Жігіттер ойын арзан күлкі қымбат», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр») үзінділері; Абайдың өлеңдер жинағы; «Абай» журналы, 1993 ж, № 1, 2, 3; «Жұлдыз» журналы, 1994 ж. № 8; «Қазақ әдебиеті», «Ана тілі» газеттері.
Сабақтың эпиграфын тақтаға былай деп жаздым:
«Күлге айналсын мейлі, дүние әсте
сөнбес.
Ол туралы жақсы сөз, жақсы лепес
өлмес».
(Жүсіп БАЛАСАҒҰН.)
Сабақты кіріспе сөзбен бастап, мына мәселелерді ашып көрсетуге баса назар аудардым: Абайдың ата-тегі (Ырғызбай, Кеңгірбай, Өскенбай, Құнанбай) туралы қысқаша мәлімет; Абайға Құнанбайдың ықпалы; Абайдың шығармашылық өмірі; Абай — ақын, педагог, психолог, философ, тарихшы, заңгер; Абайдың тарихтағы орны; қорытынды.
Сабақтың кіріспе бөлімінде қазір ұлы Абайдың 150 жасқа толған торқалы тойына дайындықты, оған қатысуға әзірше 181 елден делегаттар келуге тілек білдіргенін айттым.
Ата-тегінде Абайдың текті тұқымнан шыққанын, оның арғы атасы Абылай ханмен бірге Түркістан барып, балуанға түсіп, бас бәйгені жеңіп алған Ырғызбай- Тобықты елінің биі, батыры, балуаны болған. Шақшақ ер Жәнібек карындасы Ермекті Ырғызбайға қалыңсыз берген. Ер Жәнібек «Екі асылдан ер туар» — деген екен. Құнанбай Өскенбайұлының 15 жасында балуан атағы шыққан. Өскенбай би елде жоқта Құнанбай' даулы мәселелерді өзі шешіп, әділ билік айтқан. Әкесі еншіге он шақты жылқы беріп, отау шығарғанда да шын мұқтаж адамдардан сол аз ғана малын аямаған. Тамағы жоқтарға асынан бөліп, жалаңаш адамдарға екі киімінің бірін берген екен. Басында бай болмаса да, осындай істеріне қарап халық оған «мырза» деген ат берген.
Кейін егде тартқан шағында дүние істерін қойып, Меккеге қажылыққа барады. Онда ақшасы жетімсіз қазақтар келсе тарықпасын деп қонақ үй салдырады. Қарқаралы, Аякөзде мешіт тұрғызған. Кейін халық оны «мырза Құнанбай қажы» атаған.
Абайдың асыл әжесі Зере туралы да түсінік бердім. Қыз күнінде көз тимесін деп Зере сырға таққан, осыдан Зере аталған. Азан шақырып қойған аты—Тоқбала. Тоқбала—Өскенбайдың әйелі, Құнанбайдың шешесі. Ерекше бітімімен, келбет-кескінімен туған баласы Құнашты (Құнанбайды) Зере ана «бір рет те дәретсіз және омырауымды тазалап жумай, «бісмілла» айтпай емізген емеспін» — деп әңгіме айтады екен.
Ұлы атасы Құнанбай туралы Шәкәрім былай деп жазған: «Қажы марқұм бұл елдің надан кезінде туып, шала хат таныған болса да, әкесі Өскенбайға келген хаттарды оңашаға алып барып, бірін-біріне салыстырып, өзінен-өзі сауатын ашып, түрлі кітаптарды оқитұғын болған және Ноғай молдаларды сақтап, елсізге үй салғызып, қазақтың балаларын жиып алып, молда мен балаларды сонда сақтап оқытқан, бұл жақтағы қазаққа оқу оқытып, хат танытқан сол қажы марқұм еді. «Ескі там» деген жерде оқытқан» — деп жазады.
Абайдың әкесі Құнанбай прогресшіл, сол өз заманының ақылды адамы болғанын көреміз. Ахат Шәкәрімұлының естелік жазбаларында «Құнанбайдың денесі өте сымбатты, толық, бойы зор, жүзі ңұрлы, ботакөз, маңдайлы, қыр мұрын, сұлу болған. Балғын зор денесі балуандыққа, өткір көздері ерлікке, басы ақылдылыққа біткен. Әкесі молдадан оқытып шала хат таныса да... өз бетінше оқып, талабымен түркіше жазылған кітаптарды еркін оқи алатын болған» дейді. Мырза Құнанбайға осыншама көңіл бөлгенім ол туралы әдебиеттегі, тарихтағы теріс көзқарастарды жоққа шығару, түзету, Абайдай дананы дүниеге келтірген Құнанбайдың жеке ба- сының қасиеттерін оқушыларға түсіндіру.
Сабақ барысында Абайға Долгополов, Михаэлис, Гросс сияқты қазақ даласына әртүрлі себеппен келгендердің ықпалы зор болғанын көрсете келіп, Абай оқыған орыс ақын жазушыларының әсері болмаса Абай танымы, ойы осы деңгейге жетер ме еді деп сұрақ қойып, оған оқушылар берген жауаптарын өзім қорыттым. Абай шығыс әдебиетін де өте жақсы білген. Араб, парсы, түркі тілдерінде еркін аударма жасаған. Низами, Фирдоуси, т. б. шығармаларымен етене таныс болған.
Сабақтың негізгі бөлімінде өзім жазған текст бойынша Абайдың өмірі мен қызметін таныстырдым, көбіне жаңа деректерді пайдаландым. Оның тарихтағы орны бар күш-жігері мен білімін туған халқының келешегі үшін жұмсағанында, халқының мәдениетін көтеру үшін ғылымның — әдебиет, философия, педагогика, тарих, психология, заң, тағы басқа салаларынан өшпес мұра қалдырғанында, халқын сауаттандыру үшін белсене еңбектенгенінде деген тұжырым жасадым.
Тарихи атауларға жеке-жеке тоқталдым. Шыңғыстаудың «Наймантау», «Шыңғыстау» деп аталу себептеріне оқушылар назарын аудардым. «Абай жолы» кітабында көп аталатын Абралы, Доғалаң өңірлерін Кеңес өкіметі дүние жүзіне әйгілі Семей атом сынақ полигоны жасағанын, оның зардаптарынан Семей халқы әлі де азап шегіп отырғанын айттым.
Қазіргі Абай аты берілген атауларға, Абай атындағы сыйлықтың лауреаттары атағы кімдерге берілетініне тоқталдым.
Халқы дана тұтқан, Кеңес дәуірінде құлашын кеңге сермей алмаған, қазақ елінің бақытына репрессия қасапханасынан аман қалған Мұхаң — Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» арқылы Абайды дүние жүзі танып білді. Уақы- тында замана қыспағынан Мұхаң айта алмаған, жаза алмаған Абайтану бет- терін біздің зерттеуші-ғалымдардың қазіргі тәуелсіздік жолына бетті түзеген халқына нәрі мен сөлін жеткізуі азаматтық, елін сүюшілік ұлы парызы деп сабақты қорытындыладым.
 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий