Исаев,Б. Талантқа тағым(Қазақша поэзиясндағы Абай бейнесі)/Б.Исаев//Сақшы.-1995.-№20.-18мамыр.-С.6

24 марта 2020 - Садыкова А.

Халқының қамын ойлап, «мыңмен жалғыз алысқан» даланың данышпан ақыны Абай қазақ жырының жалауын көкке тік көтерген, сөйте тұра: «Іші алтын, сырты күміс сөз жақсысын қазақтың келістірер қай баласы?» — деп өзіне де, өзгеге де қадала сұрақ қойған кемеңгер еді ғой. Осыны бұл күнде бүкіл қазақ мойындап отыр. Солай бола тұрса да, нарық қыспағына ұшыраған замандастарымыздың өлеңге деген ықыласы азайып, ынтасы суы тереңге кетіп, құрғаңқырап қалған құдықтай, құр емеурін танытумең жүргенін көргенде Абайдың:
...Туғанда дүние есігін ашады өлең,
Өлеңмен жер қойнына кірер денең.
Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен,
Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең... —
дегенін айтып, айқай салғың келеді екен. Бірақ: «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым, одан да шықты жаңғырық»... Ақынның сөзі еске түседі де, жүрегі керең жандарға бола жан қинап не қылмақпыз деумен сабыр сақтаймыз. Өйткені ақын Абай өзінің мақсат-мұратын анық айтқан:
...Мақсатым — тіл ұстартьш, өнер шашпақ,
Наданның көзін қойып, кљћілін ашпақ.
Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,
Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ...
Басында баюдан басқа ой, көңілінде дүние-мүлік, жиһаз бен жасаудан бөтен түгі жоқ бозөкпелер мұны түсіне қояр ма? Олардың көңілін ашпақ түгілі көзін ашу мүмкін емес. Сондай мыңдармен алысып өткен Абайдың күндей көзі, айдай жүзі, «іші алтын, сырты күміс» өлеңдері, дала Демосфені дегізуге тұрарлық өсиетке толы ғақлиялары (қара сөздері), «құлақтан кіріп, бойды алар» әдемі әндері осы күнде саналы, салиқалы әр қазақтың көкірегінде сайрап тұрған жоқ па?
Қазақтың пайда ойламай, ар ойлауын армандаған ақын өлеңімен баршаға жар салған: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп»... Осынау ұлы үндеуі қазіргі біздің замандастарымызға арнайы айтып тұрғандай емес пе? «Орыс тілі — бақытгың кілті»... Ақынның бұл көрегендігі де дәлелденіп отыр. Орыс тілі арқылы Абайдың даңқы бүкіл әлемге тарады.
Осыдан бес жыл бұрын Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті мен Қазақ СС.Р Министрлер Советі Абай атамыздың туғанына 150 жыл толуына әзірлік және оны өткізу туралы арнайы қаулы қабылдап, мерейтой комиссиясының құрамын бекітіп, игілікті істі бастаған еді. Ұлы ақынның мерейтойын ЮНЕСКО шеңберінде атап өту жөніндегі ұсыныс қолдау тауып, биыл бүкіл әлем Абайды насихаттауда, тануда деп орынды мақтаныш етуімізге әбден болады. Міне, сондықтан да бүгін Адамзаттың Абайы деп әлемге жар салудан ұялмаймыз.
Қиянатшыл дүниеден жүрегі қырық жамау болған ақынның арманы орындалып, халқы қастерлеп, ұрпағы ұлылығын мойындап, мүшелтойын дүрілдетіп өткізіп келеді. Бұдан тура жарты ғасыр бұрын еліміз оның туғанына 100 жыл толуын дүркіретіп өткізгенін біздер, яғни елуден жасы енді асқандар, кітаптар мен газет- журналдардан оқып, біліп отырмыз. Сол тойға қатысып, көзбен көрғенін көркем суреттеп берген Төлеу Көбдіковтің өлеңіне ден қоялықшы:
Ел үшін еңбек еткен ардақты Абай,
Әуелден әлемге айқын аруақты Абай.
Көп үшін көздің жасын көл ғып өткен,
Қоя ма оны үкімет ардақтамай.

Абайдың туғанына жүз жыл толып,
Мереке жер жүзінде мейрам болып.
Көрсетіп Абай салтын барындағы,
Киіз үй, бие байлап, көшіп-қонып.

Бас қосып қанша халық қиырдағы,
Сансыз көп салтанатпен жиылғаны.
Өзінің ауданында болған тойы,
Мың тоғыз жүз қырық бес жылындағы...
Толғауды оқыған әрбір адам сол тойда болғандай әсерде отырады десек артық айтқандық емес. Бір жерде мал сойылып, қазан қайнап, бәйғе мен күрес қызықтап, көкпарды тамашалаған жас, кәрі, теңге алып, қыз қууға мәз болған сұлу қыз бен әсем жігіт көзалдыңа келеді.
Тұрмыстың көрген жеңіл, ауырын да,
Осы той хан Шыңғыстың бауырында.
Ақ орда айналасы ат шаптырым,
Абайдың салтанатты ауылында.
Желідегі құлындар мен сауылған биелер, қара саба мен сапырулы сары қымыз, алқалаған ағайын, Абайдың шығармашылық және өмір жолын баяндаған Әуезов, Мыңжасаров, Бегалин, Мүсіреповтер — бәрі-бәрі ұлы ақынның тойындағы қызық көрініс.

Атты айдап, қақ жарылып қанша халық,
Қызыққа көрген жанның көзі талып,
Балуаны екі жақтың топ-топ болып,
Белсеніп майдан жерге тұрды барып.
Қазақтың арыстаны Қажымұқан,
Кәріне көз сүйініп, топты жарып.
Дүбірге кәрі тұлпар тоқтай алмай,
Аузынан жалын шалқып, оты жанып,
Бастатқан атан түйе, тоғыз бәйге,
Күрессіз Қажымұқан алғаны анық.

Өлең сөздің патшасы — ұлы Абайдың жүз жылдығында күресте жеңісті майданға шықпай алған қазақтың құрыш білек күш атасы Қажымұқан алыпты! Енді арада жарты ғасыр өткенде осынау жыр мерекесінде
Ұлы ақын өзі туралы сөйлеп отырып, өзінің «менін» айта отырып, адам баласы туралы айтады. Өйткені, оның жаратылысында бар адам баласы тірлік еткен жәйдің бәрі бар. Осы себепті оның қайгы-шерінен әркім өз қайгы-шерін ұғынады. Оның жанынан өз жанын таниды. Сөйтіп, одан ақынды ғана көрмейді, адамды да көреді.
Виссарион БЕЛИНСКИЙ.
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сия ма ойлаңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?
Абай ҚҰНАНБАЕВ.
..Абайды анық өз заманындағы қазақтың заттық, әлеуметтік және рухани тірлігінің энциклопедиясын берген дана классик деп толық бағалай аламыз.
Мухтар ӘУЕЗОВ.
қай балуанның жұлдызы жанғалы тұр екен?!.
Той толғауынан білгеніміздей құнан бәйгеде Шұбартаудың мерейі өсіп, абыройы асқақтапты, Ақсуаттың балуаны атағын асырыпты. Ат бәйгесінде аудандық оқу бөлімі бастығының керторысы озып келіпті. Абайдың атын атап қосқан екен бәйгеге, ақын аруағы қолдағай шығар. Ат бәйгесінен қайсысы келер екен деп алаңдаған жұртқа алғашқы көрінген тұлпарды ақын былай суреттепті:
Көрінген бәйге ат болды шынында ақыр,
Айтса да көз көргенге ауыз бақыр.
Жел тұрып, серпінінен дауыл соғып,
Құйындай бұрқыратып келе жатыр.
Өзге аттың көрінбейді қарасы да,
Өрескел қашық қалған арасы да.
Бір аттың лақтырған тозаңынан,
Шыңғыстың шаңға толды даласы да.
Өзі жалғыз, тозаңы тоқсан аттай,
Осыған көрмеген жан нанасың ба?

Көрмесем нанбас едім басқа адамға,
Ұқсайды екі көзі тостағанға.
Жылтылдап төрт аяқтан от шығады,
Уыстап топырақты тастағанда.

Зу етіп кірешідей ағып өтіп,
Көмбеге бұлдыр қағып, келді жетіп.
Тұқырып, бүктетіліп жер қабады,
Құйысқан көбік жауып шылп-шылп етіп.

Бәйге алды жалғыз қара озып келіп,
Жарайды баласы да атқа серік.
Біле алмай бұл кім аты деп тұрғанда
«Абай» — деп ұран алды өте беріп.
Ақын жырының аз ғана бөлігінен көріп отырғаныңыздай Абай тойында ат бәйгесінен озып келген керторының шабысы қандай ғажап! Ақый тойы бес күн бойы өткізіліпті. Алтыбақан мен өткеншекте айтылған ән, жаяу жарыс, оқылған өлең, тартылған күй, көкмайса ақ орданың самалында көптен кездеспеген таныстар ұшырасып, бейтаныстар танысып мәз-мәйрам болған шақ. Тойда атақты ақындар Нартай, Нұрлыбек, Орынбай, Үмбетәлі, Қайып, Естай, тағы басқалар ұлы Абайға арнаған өз өлеңдерін оқыпты.
Төлеу Көбдіковтың тойдан жазған толғауына көбірек тоқтап отырғанымның сыры мынада: Абайдың бір ғасырлық тойын бес күн бойы тойлаған жұрт қуанышын кезінде кітап етіп шығарды ма, жоқ па, ол жағын білмеймін. Өйткені, ондай кітап менің қолыма түскен емес. Сондықган биыл бүкіл дүние жүзі болып тойлағалы отырған Абайдың жүз елу жылдығын өткізгеннен кейін, «жабулы қазан жабулы» күйі қалмай, үлкен кітап шығарылса деген тілегімді алдын ала айтқым келді. Бұл Абайдың мүзейінде, тіпті Алматыдағы ең үлкен музейде тұратын бір естелік, одан қала берді дүние жүзінен қаптап келіп жатқан қонақтарға ұялмай ұсынар сыйымыз болар еді... Және осы кітапта Абай юбилейінің алғаш аталуынан бастап, бүгінге дейінгі тарихын қысқаша болса да шолып жазу керек сияқты. Біздің білуімізше ең алғашқы Абайдың туған күнін атап өту салтанаты осыдан тура сексен жыл бұрын болған екен. 1915 жылы Абайдың туғанына 70 жыл толуына арналып өткізілген әдеби кешті Нәзипа Құлжанова мен Нұрғали Құлжановтардың ұйымдастырғанын әдебиетшілер мен зерттеушілер болмаса, қарапайым халықтың бірі білсе, бірі білмесі анық. Абайды бүкіл адамзат баласына танытуға талпынып жүргеніміз жақсы ырым, бірақ ең алдымен өзіміз жақсылап тануымыз керек. Рас, Абайтану мәселесі біршама шешіліп қалды деуімізге әбден болады. Құлмат Өмірәлиев: «Жалпы алғанда қазір бізде Абай мұрасымен төрт салада — әдебиеттану, тіл білімі, педагогика, философия саласында айналысу бар да, осылардан әдебиеттануда ғана Абайтану жеке предмет дәрежесіне жеткізіле зерттелді. Абайтану жоғары оқу орындарында жеке пән ретінде оқытылатындай дәрежеде зерттеу жұмыстары жасалды. Бұл — біздің әдебиеттану ғылымының зор табысы», — екенін атап айтыпты. Мекемтас Мырзахметов Абай мұрасы жөнінде қалам тербетіп, пікір білдірген қаламгерлердің жалпы саны мыңнан асып, Абайтану саласында жазылган іріліұсақты деректер саны төрт мыңға жететінін тілге тиек етіпті. Соған қарамастан Абайды танытудың жолдарын қарастырып, халық арасында уағыздау тәсілдерін таба білуіміз керектігін өмірдің өзі көрсетіп отыр. Бұл сөзімізді белгілі ақын Қуандық Шаңғытбаевтың мың тұжырымы дәлелдей түссе керек: «Анау Шыңғыстың бөктерінде туып-өскен Абай ағаны дүние тілдерінде сөйлетіп көрші (шіркін-ай, әлі сөйлете алмай жүрміз ғой!), оны жапон профессоры да, неміс бизнесмені де, американ конғрессмені де, какао өсіретін мулат та «Абай келе жатыр», — десе, алдына ақ жайып қарсы алар еді. Өйткені, ол — бір елдің көсемі, ендеше бүкіл адам ұрпағының ардақгысы. Кейде ойлаймын (ақын болғасын ғой деймін): егер Гомер, Ли бо, Данте, Абу Нувас, Фирдоуси, Һайям, Шекспир, Пушкин бәрі бір жерде бас қоса қалса, алаш аңыздарын баппен түсіндіріп, орталарында Абай аға да отырар еді-ау деймін. Қуандық ағаның армандағаны да өте орынды. Ал мен өзіміздің ұлы Абайымыз Алтай мен Атыраудың арасында жүрген қазақтардың өзімен күн сайын сырласа білсе екен деп ойлаймын. Онегин мен Татьяна жайлы жазған Әсет Найманбаев: «Қазақтың Абайындай болмасам да, бұл жерге өз тілімде айтып берем», — деп жырлағаны бәрімізге мәлім. Сол Әсет: «Абайдай арт жағына сөз қалдырып, жақсы еді-ау, әттеген-ай, өлу деген!» — екен. Осы бір өкініш сөзбен-ақ ол өзінің Абайын биіктетіп тұрған жоқ па?!. Біздің әрқайсымыз Абайды сол Әсет ақындай бағалап, қадірлей білеміз бе? Менің айтпағым осы ойды әр қазақтың көкірегіне күн сәулесіндей білуіміз керек. Ол үшін 1918 жылы ақпан айынан батап Жүсіпбек Аймауытовтың редакторлығымен Семей қаласында айына екі рет араб графикасымен шыгып тұрған «Абай» журналын, арада 73 жыл өткенде қайтадан түлетқендерге рахмет айта отырып, осы басылымды ағылшын, орыс, араб, түрік және қазақ тілдерінде шығаруды қолға алу керек. Әне, сонда ғана Абай өлеңдерін басқа тілдерге аудару мәселесін шеше аламыз.
Абайды Абай еткен ең әуелі құдай, туа біткен дарын қуаты, талант десек, оның ақындығын дәлелдеп бергей Мұқтар Әуезов екенін бүкіл қазақ мойындайды. Мұқаң: «Қазақ әдебиетіне Абай кіргізген жаңалық көп. Абай — қазақтағы суретті, сұлу сөздің атасы; терең сырлы, кең мағыналы, кестелі өлећнің атасы. Қазақ өлеңіне үлгі, өрнек берген, түрін көбейтіп, қалыбын молайтқан — Абай», — дегенді шабыттана, шалқи айтқан. «Сөз түзелді, оқушым, сен де түзел», — деп қазақтың ойы мен сезімін қатар түземек болған ақынның ұлы еңбегін Мұқаң орынды мақтаныш еткен. Соны біз де мақтаныш ете білсек дегім келеді.
Міржақып Дулатұлы 1914 жылы «Қазақ» газетінде шыққан «Абай» атты мақаласында: «Егер Абай қазақтан өзге оразды жұрттың бірінің ақыны болса, сегіздегі баласынан сексендегі шалына дейін түгел атына қанық, сөзімен таныс болар еді, елі туғанына сүйініп, өлгеніне тегіс күйінер еді», — деп ашына айтқан ғой. Сол айтқандай сегіз жасар баладан бастап, сексендегі қарттарға шейін Абайды таныса деп тілеймін. Биыл ақынның бір жарым ғасырлық мерекесін өткізуге бүкіл Қазақстан халқы қызу әзірленіп жатқанда қазақ ақындарының шығармаларындағы Абай бейнесі туралы жазуды ойладым. Өйткені бұл да ақынды халыққа танытудың бір төте жолы сияқты ғой.
(Жалғасы бар).
 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий