Адырбекова,Б. «Мемлекеттік хұқық негіздері» пәнінде / Б. Адырбекова // Қазақ тарихы.-1995.-№3.- С. 68-69.
1995 жыл ЮНЕСКО-ның шешімімен (1993 ж. 2-қараша) Абай жылы болып отыр. Қазақ халқының асқар шыңына айналған Абайдың 150 жыл- дық мерейтойын дүние жүзінің тойлауы біз үшін үлкен абырой.
Өзге ұлт оқып-үйреніп жатқанда, өз оқушыларымызға Абайды өз дәрежесінде таныту — әр ұстаздың басты міндеті. Мен «Қазақстан Республикасының хұқық негіздері» пәнін оқытқанда Абай шығармаларын қалай пайдаланғаным жайлы өз тәжірибемді әріптестеріммен бөліссем деймін.
«Сот жүйесі» сабағында қазақ қоғамында сот рөлін билердің атқарғанынайта отырып, Абайдың: «...билік деген біздің қазақ ішінде әрбір сайяанған кісінің қолынан келмейді. Бұған бұрынғы «Қасым ханның қасқа жолын, Есім ханның ескі жолын», әз Тәуке ханның Күл төбенің басындағы күнде кеңес болғанда «Жеті Жарғысын» білмек керек. Әм, ол ескі сөздердің қайсысы заман өзгергендікпенен ескіріп, бұл жаңа заманға келіспейтұғын болса, оның орнына татымды толық билік шығарып, төлеу саларға жарарлық кісі болса керек» деген үшінші қара сөзінен сот болу ушін қандай адам болу керек екендігіне мысал алып, сот жайлы Конституцияның 95 — 105 баптары негізінде әрқайсысына жеке-жеке тоқталамын.
«Қазақстан Республикасының Қылмыстық хұқығы туралы жалпы түсінік Қылмыстың түрлері» деген сабақты өткенде кезінде Абайдың төрт округке төбе би болып сайланганы, оның орыс және қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан заңдарын біріктіріп, 1885 жылы 93 баптан тұратын қылмысты істерге қарсы заңдар жинағын жасағаны жайлы айтып, бір-екі бабын оқып беремін.
Мысалы: 40-бап: «Ұрлыққа жәрдем еткен адамдар ұрымен бірдей жаза тартады. Бірақ дүре мен абақты ұрыға серік болған ауқатты кісілерге билікке көнбеген жағдайда ғана кесіледі».
63-бап: «Қазынаға һәм даугер адамға кесілген айып өзге кісіден күйдіріп алынбайды. Кескен адамның малы жоқ болса айып орнына абақты бұйырылады» (245-бет).
«Қазақстан Республикасының Азаматтық хұқығы. Азаматтық хұқық жайлы жалпы түсінік Азаматтық хұқық көздері» сабағында Конституцияның 4—13 баптарымен таныстырып, Абайдың «Ғылым таппай мақтанба!» өлеңінен төмендегі үзіндіні:
...Бес нәрседен қашық бол,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз.
Тілеуің, өмірің алдыңда,
Оған қайғы жесеңіз.
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Еріншек, бекер мал шашпақ —
Бес дұшпаның білсеңіз.
Талап, еңбек, терең ой,
Қанағат, рақым, ойлап қой —
Бес асыл іс, көнсеңіз.
(48-бет)
және отыз екінші қара сөзін пайдаландым (184 — 186 б.)
«Мұсылман хұқығы. Қазақтардың дағдылы әдет хұқығы негізінде тәрбиелеудің тиімді жолдары мен оның маңызы» сабағын Абайдың 13,38 қара сөздері негізінде өткізуге болады.
«Табиғатты хұқықтық қорғау және экологиялық тәрбие» сабағында табиғат жайлы әңгімені өмірден көптеген мысалдар келтіре отырып өткізуге болады. Кеңес өкіметі жылдарындағы Семей полигоны туралы айтып, Абайды, Шәкәрімді, Мұхтарды берген, Абайды табиғат жайлы өшпес өлеңдер жазуға итермелеген Шыңғыстаудың бүгініне тоқтап, Абай өлеңдерін (табиғат жайлы) оқимыз.
Сөйтіп, бұл келтірген мысалдар Абай Құнанбаевты оқушыларға тағы бір қырынан танытты, оның заңгер болғанын да дәлелдей түсті.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |