Таева, Ж. Сәбеңнің диктофоны

9 февраля 2023 - kamshat

Қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың жетпіс жылдық мерейтойы 1970 жылы республикамыздың түкпір-түкпірінде, көрші елдердің көптеген қаласында аталып өтті.

Мәселен, Қазақстан Жазушылар одағында, кітапханаларда, туған елінде, т.б. Дүркіреп өткен бұл тойда қалам­герге көптеген сыйлық естелікке бе­ріліп, арқасына жетпістен аса шапан жа­былған екен! Сол сыйлықтардың бірі – портативті транзисторлы диктофон. Бұны академик Мұхамеджан Қаратаевтың отбасы сыйға тартқан. Онда мынандай тілек жазылған: «Ардақ­ты Сәбеңе 70 жасына. Мархума, Мұ­қа­меджан. 29.05.70 ж.».

Диктофонның жалпы сипаттамасын айтатын болсақ, маркасы – «Электрон. Модель 52 Д». 1968 жылы Украинаның Полтава қаласында жасалған. Өлшемі 165х70х50 мм, салмағы 0,5 кг. Бас­қару жүйесіне тоқталатын болсақ, диктофонның сол жақ бүйрінде П, В, З, С әріптерімен тетікшелер орнатыл­ған. Осындағы «П» әрпі жылдам айналдыруға арналған тетікше болса, «В» таспаға жазылған материалды ойнату тетікшесі, ал «З» таспаға материалды жазу тетікшесі, соңғы «С» ерекше қызыл түспен боялған, бұл жазбаны тоқтату тетікшесі. Диктофон «Крона» батареясымен жұмыс жасайды. Құрылғыда таспаға жазылған материал­ды естуге арналған алмалы-салмалы құлаққап бар. Ол тек оң құлаққа қойып тыңдауға арналған. Қалтаға, қолға ұстап жүргенге өте ыңғайлы бұл құрылғы жазушы, журналистерге өте қажет, таптырмас дүниенің бірі. Бұл ерекше құнды жәдігер келушілерімізді де қатты қызықтырады. Қаламгер музейіне оның жұбайы Мариям Мұқанова 1978 жылы сыйға тапсырған.

Құрметті оқырман, Сәбеңнің қолы тиген бұл жәдігерді көзбен көріп, қол­мен ұстап көргіңіз келсе, музейге асы­ғыңыз!

 

Жанар ТАЕВА,

С.Мұқанов пен Ғ.Мүсірепов әдеби-мемориалдық музей кешенінің ғылыми қызметкері 


Таева Ж. Сәбеңнің диктофоны // Egemen Qazaqstan. – 2022. – 20 қыркүйек (№179). – 16 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий