"Ботай мәдениетін" ғаламға жайған ғалым

14 марта 2023 - kamshat

Қазақстанның археология ғылымының жетістігін әлемге танытқан дүлдүл ғалымдарымыздың бірі Виктор Зайберт жуырда 75 жасында дүниеден озды. Ол 40 жылдан артық уақыт бойы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізумен айналысып, әлемге әйгілі болған «Ботай мәдениетін» ашқан саңлақ. Ең бастысы ол осы жерде бүкіл әлемге жабайы жылқыны қолға үйрету ісі алғаш рет Қазақ даласында жүзеге асқанын дәлелдеді.

Ұзақ жылдар бойы дүние жүзінің айтулы ғалымдары жылқыны қолға үйрету, ең алдымен, нақты қай жерде болғанын таба алмаған еді. Кейбір ғалымдар оны 3 мың жыл бұрын десе, ең соңғысы Украина жерінде 3 500 жыл бұрын дегенге тоқтаған. Ғалымдардың бұл жаңалыққа қатты шұқшиуының үлкен себебі бар. Өйткені жылқыны қолға үйретудің өзі тамақ, киім үшін ғана емес адамзаттың көлік әлеуетін арттырған, жылдамдығын жетілдірген айрықша оқиға. «Желден жүйрік жануар» иесін бұрын бірнеше күн жүріп ма­ңына да жолай алмайтын қашықтыққа бірден жеткізген. Содан соң аң аулауда, кейін соғысқа пайдалануда жылқыға жетер жануар жоқ екені белгілі болды. Адамзат жануарлар арасында, ең алдымен, жылқыны еңбек құралы ретінде пайдаланды. Сондықтан да адамзат ешкіні, қойды, сиырды қолға үйретудің қашан басталғанына күні осыған дейін соншалықты мән бермесе де жылқының қашан үйретіле бастағанын көп зерттеген.

Ғылыми жаңалықтардың соңғысы, жоғарыда айтқанымыздай, 3 500 жыл бұрын Еуразия даласында болды деген болжамға тіреліп қойған. Ал «Ботай мәдениеті» ғылымның осы саласында төңкеріс жасап, жылқыны қолға үйрету Қазақстан даласында 5 500 жыл бұрын пайда болды деген сенсация­лық жаңалық ашты. Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Ботай мекенінде ашылған бұл жаңа­лық дүние жүзін дүр сілкінтті. Осы жаңа­лық­пен бірге қазақтың аты да, мәртебесі де кезекті рет әлемнің аузына ілінді. Ботай заманындағы адамдар әлі қазақ деп аталмаса да қазіргі Қазақ жерінде болғанының өзі ұлтымызды ұлықтаған жаңалық еді.

Міне, осындай археологиялық қана емес тарих ғылымына да ғаламдық жа­ңа­лық болған дүниені ашқан Виктор Федорович Зайберт марқұм еді. Бұл кісі – нағыз қазақстандық неміс. Солтүстік Қазақстан облысының Есіл ауданында­ғы Николаевка селосында 1947 жылы дүниеге келген. Қазақтар бұл ауылды Көбеш дейді. Өйткені осы ауылдың ор­нында бұрын Көбеш деген байдың жайлауы болған. Ауыл Есіл өзенінің жағасында, ақ қайыңдардың арасында, аса бір құнарлы әрі жайлы жерге орналасқан. Бұл мекеннің бір қасиеті сол, ондағы неміс, украин, орыстар қа­зақшаны жақсы білді. Оған Қарабұлақ, Сарман, Тауағаш, Бірлік, Қаратал сияқты қазақ ауылдары тұрғындарымен тығыз араласқаны да себеп болды. Қарабұлақ секілді ауылдар кейін осы Көбешке қосы­лып та кетті. Оның үстіне осы түк­пірдегі жалғыз онжылдық мектеп, оған іргелес интернат та осында болды. Мек­теп аралас болғанымен онда қазақша оқи­тын балалар саны жетпіс-сексен па­йызды құрайтын. Ұзақ жылдар бойы «Ни­ко­лаевка» кеңшарының орталығы да осы ауыл еді. Осы кеңшарға қа­рай­тын жаңағы Тауағаш, Сарман, Қара­тал, Қара­бұлақ ауылдарының тұр­ғын­дары Көбешке қаптап келіп жататын. Ме­ха­низаторлар қысқы жөндеу жұмыс­тарын тек осында өткізетін. Осының бәрі Көбеш­тегі қазақ тілінің ықпалын артты­ра түскен.

Виктордың әкесі Федор Зайберттің отбасы да қазақшаны жақсы білген. Оның өзі атақты сырнайшы, ­баянды құйқылжыта тартып, талай ­конкурс, бай­­қауларға қатысып жүреді екен. Вик­­тор бірінші сыныпты бітіргеннен кейін отбасы алдымен Покровка, сосын аудан орталығы Явленка селосы­на көшіп кетеді. Виктор Зайберт мек­теп­ті Явленка селосында бітіріп, Пет­ро­павл пединститутының тарих факуль­тетіне түседі. Алған маманды­ғы тарих пәні­нің мұғалімі болса да ол Сол­түс­тік Қазақстанның тарихи-өлкетану музе­­йіне қызметке кіреді. Оған себеп бол­­ған В.Зайберттің археологиялық-қаз­­ба жұмыстарына құштарлығы еді. Пед­инс­титуттағы тарих пәнінің мұғалімі Геннадий Здановичпен бірге ол жаз ­а­йла­рындағы археологиялық қазба жұ­мыс­тарына үзбей қатысады. Ұстазы шәкір­тінің ыждағаттылығына разы болып, оның Эрмитажда, Бүкілодақтық рес­таврациялау орталығында тәлімдемеден өтуін­е қол жеткізеді. Сөйтіп, алды­мен өзі­нің құштарлығы, сосын әлемдік тәжі­ри­белердің әсерімен Виктор Зайберт 40 жыл бойы қазба жұмыстарымен айна­лысқан. Соның ішіндегі ең үлкен жаңалығы ежел­гі адамдардың ертедегі мекендерінің бірі – Ботайды ашқаны әрине.

Оның экспедициясы Ботайдан жыл­қы сүйектерінің бір жерге үйілгенін аны­қ­тайды. Егер қолға үйреніп, бір аранға қамалмаса сүйектер әр жерде шашылып еді. Демек жылқылар бір жерге қамалған, енді солардың жасын анықтау керек болады. Ондайды анықтайтын жоғары деңгейдегі технология бұрынғы КСРО аумағында жоқ екен. Ал шетелдіктерге шығудың өзі ол кезде үлкен кедергілерге тап келеді. Соның ішінде КСРО басшылары өздерінің технологиясы артта қалғандығын жасырып, шетелдіктерге қайырылуға намыстанған.

Әлемдік жаңалықтың ашылуы Қа­зақ­станның тәуелсіздік алғанының ар­қа­сында болды деп айту артық емес. Жаңа ғасырдың басында Ботайдан та­былған жылқы сүйек­терінің жасы Англия­ның Экзе­тер университетінің зертхана­сын­да анық­талды. Осы жаңалықтың өзі Бо­тайда ежелгі мәдениеттің болғанын дә­лелдеді. Бұл жаңалықпен алғаш та­­нысқан америкалық атақты археолог Д.Энтони: «Ғаламдық тарихтың көп­те­­ген құпияларына жауапты қазіргі ғы­лым Ботайдан табады» деп жария­лады. Айтса айтқандай, Ботайдан табылған жылқының бас сүйегіндегі тістер ауыз­дықпен үйкелгеніне, сондықтан эмалінің бұзылғанына, сондай-ақ табылған қыш­тан жасалған ыдыстарда қымыз майы­ның іздері бар екеніне Виктор Зайберт пен оның Карнеги атындағы тарих музе­йінде қызмет істейтін америкалық әріптесі Сандра Ольсен екеуі әлемнің на­зарын аудартты. Артынан бұл бол­жам Англияның Бристол университетінің зертханасында дәлелденіп, бүкіл әлем­ге Қазақстаннан табылған деректер жылқыны алғаш үйретіп, қымызын іш­кен Ботай мекенінің тұрғындары деп жариялады. Ұлыбританияның Экзе­тер университетінің профессоры Алан Аутрэм бастаған қазақстандық, ресейлік, фран­циялық, англиялық ғалымдар Ботай қонысынан табылған жылқы сүйектері адам қолына үйретілген жануарларға тән екенін дәлелдеді.

Осы жаңалықты ашуға негізгі ұйыт­қы болған, 40 жыл бойы Ботайдың ежел­гі адам қонысы екенін дәлелдеуде жүз­деген артефактілер тауып, талай археологиялық қазба жұмыстарын жүр­гізген Виктор Зайберт екенін де әлем мойындады. Мар­құм­ның ғылыми атақтары да көп болды. Соның ішінде ол тарих ғылымдарының докторы, Гер­мания археологиялық институтының корреспондент-мүшесі және т.б. Ол Солтүстік Қазақстанның ежелгі тари­хы бойынша көптеген кітап пен мақалалар жазды. Бельфаст, Кем­бридж, Оксфорд, Ньюкасл, Эдинбург уни­верситеттерін­де дәріс оқыды. ІІ дәрежелі «Достық», «Парасат» орденімен мара­паттал­ды. Өмірінің соңғы жылдарын­да ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық уни­верситетінің Археология және дала өркениеті ғылыми-зерттеу инсти­туты­ның директоры болып істеді.

2019 жылы Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі өз еліміздің әр түк­пірінен және Өзбекстан, Ресей, Қыр­ғызстаннан 20 суретші шақырып, «Ботай – суретшілер көзімен» атты симпо­зиум өткізген. Он күнге созылған сол сим­позиумға қатысқан суретшілер Ботай мекенінің орнында жазған еңбектерін Солтүстік Қазақстан облыстық бейнелеу өнері музейіне сыйға тартқан. Қазір оған облыс орталығы мектептерінен үнемі оқушылар келіп, «Ботай мәдениетімен» танысады. Ал Ботай айтылған, көрсе­тілген жерде Виктор Зайберттің есімі де жаңғырып, жас өрендерге жылдар бойы ұмытылмай, өзінің өнегелі үлгісін көрсетіп тұратыны сөзсіз. 


Самрат Ж. "Ботай мәдениетін" ғаламға жайған ғалым  // Egemen Qazaqstan. – 2022. – 27 сәуір. - №79.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий