Салмұрза, С. Есіл өңірінің ерекшеліктері

26 августа 2020 - kamshat

Туған еліміздің таңғажайып табиғатын баска жерлермен салыстыра сөз етсек, оның көп ерекшелігі бар. Өйткені, біздің кеңбайтақ өлкемізде теңіз деңгейінен төменде жатқан ойпаттар мен зеңгір аспанмен тілдескен асқар таулар да, суы мол шалқар көлдер мен «таңдайы кеберсіген» шөлдер де бар. Жылдың әр маусымына орай Қазақстан жерінде Сібірдің қаһарлы қысы мен Орта Азияның аптап ыстығы бір-бірімен ұштасып отыратыны және белгілі. Геологиялық жағынан қарасақ, жеріміздің алуан түрлілігі ең алдымен құрылықты әлденеше рет теңіз суының басуымен, ал теңіз түбінің қайта құрылыкқа айналуымен айқындалады.
Қазақстанға оңтүстік бөлігі сұғына еніп жатқан. Батыс Сібір жазығы көлбеу орналасқан теңіздің шөгінді жыныстарынан (саз, саздауыт, құм) түзілген. Осыған байланысты аталмыш аумактың жер беті де тегіс келеді. Бұл жазықтық мұхит деңгейінен оңтүстікте 200 метр көтерілсе, ал солтүстікте 100 метрге дейін төмендеп, оңтүстіктен солтүстікке қарай еңістене түседі.

Қазакстан аумағында көтеріле түскен тегіс дала бірте-бірте Сарыарқаның ірілі-ұсақты шоқыларымен ұласады. Ежелден елге әйгілі Есіл өзені де міне, дәл осы өлкеден бастау алып, Батыс Сібір жазығына орналасқан Қызылжар өнеркәсіп торабын кең арнаулы суымен кақ айыра ағып жатыр.

Осынау өңірдің табиғи ерекшеліктерін зерттеуде ғалымдардың үлесі мол XVIII ғасырдың аяғы, XIX ғасырдың бас кезінде жүргізілген геологиялық барлау жұмыстары (Гмелин -1752 жылы, Паллас -1786 жылы. Черняковский -1842 жылы) өзіндік зор нәтижелерін берді. Ал, 1882 жылы В.В. Докучаев Батыс Сібір кара топырағының құрамын зерттей келе, жоғары өнімді астық алуға болатынын айтқан.

Есіл өңірінің Батыс Сібірдің табиғатымен көптеген ортақ белгілері бар. Климаты шұғыл континентті және еліміздің басқа аудандарына қарағанда, жазы - қоңыржап, қысы - төмен температурасымен дараланады. Оның температуралық жағдайы дәнді дақылдардың, бұршақтұкымдастарының және бау-бақша дақылдарының өсіп-өнуін толығымен қамтамасыз етеді.

Бірак Қазақстанның баска да бірқатар жерлерімен салыстырғанда, мұнда көктем мен күзде өсімдіктерді жиі үсік шалып тұрады. Осы жайды ескере отырып, бұл өңірде ауыл шаруашылық дақылдарының анағұрлым тез пісетін сорттарын егуге тура келеді. Көп жерлерінде 300-350 мм-ге дейін жауын-шашын сіңеді. Жауын-шашынның ең көп мөлшері (70-80 процентке дейін) жаз айларында жауады да, бұл егіс алқаптарын суармай-ақ, мол өнім алуға мүмкіндік береді. Жыл бойына бүкіл аумағында катты жел соғып тұрады. (Жел күшін пайдалануға өте қолайлы). Қыста жел жазыктағы және дөңес жерлердегі қарды ұшырып әкетеді. Температура төмендеген сайын қар аз жердегі тоң 1,5-2 метр терендікке жетеді де, көктемде ұзак жібімей жатады. Соның әсерінен көктемдегі егіс жұмыстары кешеуілдейді. Көктем мен жазда аңызақ жел шаңды көтеріп, «кара» боран соғады. Мұның өзі топырақ пен ауаны кұрғатып жібереді. Қазіргі кезде желдің жойқын әрекетін бәсеңдету және болдырмау үшін даланы корғайтын ағаш алқаптарын отырғызып, топыраққа көп ылғал жинастыруға жағдай жасау қажет. Табиғи шөп қалыпты өсу үшін жайылым мен шабындықты суландырудың маңызы өте зор.

Осы бір игерілген, ежелден бай өлкенің егістік алқаптарында негізінен бидай жүгері, арпа, тары секілді дәнді дакылдар өсіруге өте қолайлы. Сондай-ак, техникалық дакылдардан: күнбағыс, зығыр, кендір өсіруге болады. Есіл өңірі республика көлеміндегі ең астықты аудандардың бірі болып саналатынын әрине, ұмытпаған жөн.

Ұлы Мағжан айткандай:

Тірілтейік алып атам аруағын,

Тазартайык Сарыаркамның топырағын.

Жан-жағына тегіс билік жүргізіп,

Кемеліне келсін кейінгі ұрпағым.

Бұл өлең ақынның бізге жазған аманаты іспетті. Тәуелсіздікті аңсаған талай саңлактарымыз бұл дүниеден өткен жоқ па! Солардың арманын орындайтын өзіміз болсак керек.

Сағындык Салмұрза.

 

Салмұрза, С. Есіл өңірінің ерекшеліктері /Ә. Мәжитұлы //Халық даналығы.- Қызылжар, 2009.- Б. 65
 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий