Алтын ұя - мектебім

Қасіретке толы 1930-31 жылдары аталарымыз елімізде басталған ұжымдастырудың қиындықтарына  қарамастан, болашаққа үміт артып, жан-жақта қыстауларда бытырап жүрген ағайындарын жаңа қонысқа жинап, "Бостандық" ұжымдасқан шаруашылығын құрған. Жаңа қонысқа көшумен қатар, бір үйді бастауыш мектепке арнайы бөлуі де аталарымыздың көрегендігі болар. Бұл тарихи оқиғалардың басында ұжымдастыру  жұмысына белсене араласып, алғашқы "Бостандық" ұжымшарын құрған сол кезеңдегі көзі ашық Жәкула Оралдин, Нұғыман Оранкин, Ғали Мусин сынды аталарымыз тұрды.

Алғашқы бастауыш мектептің ашылуы "қараңғылықтан" шығуға ұмтылған ауылдастарымыз үшін баға жетпес оқиға болды. "Қызыл отау" деп аталатын қысқаша оқу мен жазуға  ғана үйрететін курстардан сауаттарын ашып, хат таныған жастар енді мектепке баруға ұмтылды.Алғашқы ашылған бастауыш мектепте жас балалармен қатар ересектер де оқыды. Мектептің табалдырығын бірінші болып Гауһар Есембаева, Қайни Дүйсекова, Есләм Сарсебеков, Шотни Қасейінова, Қайролла Қарабатыров, Бәткен Жахина, Қуан Сарсекеев, Болат Сауменов, Жанбота Қасымов, Сәбит Барақов, Божан Нұртаев, Ахметжан Жанболатов, Қажыахмет Кәкиев, Мәну Әбілова, Қапура Сәлемова аттады.Бостандық мектебінің негізін қалаған алғашқы ұстаздарымыздың қатарында Нұғыман  Оранкин,  Ғали Мусин,  Ғабдолла Шоқаев сияқты аяулы азаматтарымыз болды. Қазан төңкерісіне дейін қазақ жерінің солтүстік өңірінен оқуға ұмтылған жастар көбіне Ресейдің Троицкі қаласындағы "Уазифа", Уфаның "Ғалия" медреселеріне оқуға баратын. Солардың қатарында біздің өңірден шыққан Ғабдолла, Нұғыман, Ғали аталарымыз да болған екен. Бұл оқу орнында сол кезеңдегі озық ойлы, "Алаш" қозғалысы мен үкіметінің негізін құрған азаматтар оқыды.  Біздің  жерлестеріміз де "Алаш" қозғалысы өкілдерімен тікелей байланыста болды деп айыпталып, Нұғыман Оранкин "халық  жауы" ретінде  ату жазасына кесілді. Нұғыман  Оранкин — XX ғасырдың бас кезінде солтүстік өңірдегі қазақ мәдениетінің дамуына сүбелі  үлес қосқан азамат.  Ол "Айқап", "Қазақ" баспаларымен байланыс жасаған. Оған дәлел сол жылдардағы "Айқап" журналында жарияланған "Отырықшы қазақтар" мақаласында Петропавл уезіндегі қазақтардың отырықшылыққа көше бастағанына тоқталып, экономикалық-әлеуметтік мәселелерді қозғаса, "Отбасындағы шалдың зары" деген өлеңінде қоғамның кемшіліктерін сынап, әлеуметтік тақырыпқа қалам тартады. Нұғыман  атамыз сол кезеңдегі газет ісінің нашарлығын,  кемшін тұстарын қалай жөндеуге болатындығына тоқталып, Ресейде шығатын газеттермен салыстырған ("Айқап" 1913 ж. №6). "Қазақ" газетінің 1915 жылғы 31 наурыздағы №115 санында "Халық тұрмысын жақсарту үшін түрлі ұйымдар мен серіктестіктер ашу" керектігін сөз етсе, 1916 жылғы 29 ақпандағы №171 санында Ақмола облысындағы қазақ ауылдары орыс шаруаларымен біріге "Уаққарыз" серіктестігін ұйымдастырғаны туралы  жазған  мақалада  оның өте сауатты, нағыз саясаткер әрі экономист ретінде білімді екені байқалады. Нұғыман ұстаздық қызметпен қатар, ақындық өнерден де кенде емес, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласқан қоғам қайраткері болған.Ғабдолла Шоқаев атамыз негізінен оқу-ағарту тақырыбына қалам тартқан. Оған "Қазақтың білім-өнермен жұрт қатарына кіруі турасынан бір-екі ауыз сөз" ("Айқап" 1913 ж. №18), "Алғашқы дәрігер Алдияровтың халықты емдеп жүргеніне рахмет білдіреміз" ("Айқап" 1913 ж. №8) атты мақалалары дәлел.Ғабдолла ұстаз "Қазақ" газетінің 1913 жылғы 16 қарашада шыққан  №38 санында "Қазақ мұғалімдері, қазақ шәкірттері!" мақаласында мұғалімдерге арнап сабақ беру әдістері бойынша сол уақытта шыққан оқулық кітаптарға талдау жасап, өзінің іс-тәжірибесімен бөліседі. Ғабдолла ұстаз ғана емес, сол заманның жаңашыл әдіскері десек, артық кетпейміз. Ол Алаштың арыстары сияқты жан-жақты болған. Ғабдолла "Қазақ" газетінің 1913 жылғы 3 мамырдағы №16 санында шыққан  "Жазғы дауыл" атты өлеңінде туған жердің табиғатын тамаша суреттей отыра, табиғат апатының болатындығынан сақтандырған. Нұғыман, Ғали XX ғасырдың басында Бостандықтан шыққан, еліне рухани байлықтың шуағын сепкен арыстарымыз еді. Олардың біз біле бермейтін шығармалары әлі де табылып қалар. Заманның қиын кезінде көптеген мұралары жоғалды, жойылды. Іздеп тапқан осындай деректерді аз да болсын жариялап отырмыз. Ауылымыздан шыққан алғашқы ұстаздарымыздың екінші буыны Ұлы Отан соғысының сұрапыл қан майданында туған жерін қорғап, аман-есен елге оралған, соғыстан кейінгі бейбіт өмірге көшудің қиын-қыстау кезеңінде  ең қасиетті мамандық  ұстаздықты таңдап, жас ұрпақты тәрбиелеу жолында аянбай абыройлы еңбек еткен Мәжит Мүрсәлімов, Болат Сауменов ағайларымыз бен Шәйзада Нұғыманова апайымыз болды. "Білім негізі — бастауышта" деп тегін айтылмаған ғой, өткен ғасырдың сексенінші жылдарына  дейін Бостандық ауылы оқушыларының осы асыл азаматтарымыздың алдынан өтпегені жоқ шығар. Бостандық мектебінде жарты ғасырға жуық бастауыш сыныптың мұғалімі болып, зейнеткерлікке шыққан Мәжит ағаны "ұстаздардың ұстазы" дейміз. Мектебіміздің бүгінгі құрамы — түгелдей Мәжит ағамыздың шәкірттері. Мен институт бітіріп, зайыбым Нағимамен туған ауылыма қызмет етуге келгенде құшағына алып, бірінші болып құттықтаған Мәжит ағамыз еді. Кейіннен бірге жұмыс істегенде ақылшым болды. "Менің тәрбиелеп өсірген оқушыларымның арасынан шыққан бірінші директор сенсің, бұған дейін олар басқа жақтан болатын. Сондықтан да өз туған ауылыңа аянбай қызмет ет, мектептің мәртебесін көтер", — деген еді. Алғашқы ұстазымның ұлағатты сөзін үнемі жадымда ұстап, 28 жыл бойы тапжылмастан мектепті басқардым. Болат Сауменов ағайымыз да естен кетпейді. Ол 40 жылға жуық Бостандық мектебінде бастауыш сыныпта сабақ беріп, талай ауыл балаларының музыкаға деген талантын ашты. Ағамыз домбыра мен мандолинада шебер ойнайтын. Ауыл балаларына алғашқы музыка әліппесін үйреткен ұстаз Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, әртіс Асылболат Кәкенұлының үлкен өнер жолына түсуіне себепші болды. Өңірімізден шыққан санаулы генералдардың бірі Марат Мәжитов  те Болат Ағаның шәкірті.  Бостандық ауылынан шыққан ұстаздықты таңдаған алғашқы қыз ретінде Шәйзада Нұғыманованы еске аламыз. Әкесі Нұғыман Оранкиннен бастау алатын ұстаздық  мамандыққа деген сүйіспеншілікті Шәйзада тәтей жалғастырды. Онжылдықты жаңа ғана бітірген қыз баланың мұғалімдікке бейімділігін байқаған ұстаздары ол туралы аудандық оқу бөліміне хат жазып, ұсыныс жасайды. Ол кезде мұғалімдер жетіспегендіктен, онжылдық мектеп бітірушілердің жақсы оқығандарын ұстаздыққа тартатын. Шәйзада тәтей бастауыш сыныптарға сабақ беріп, зейнеткерлікке шыққанға дейін Бостандық мектебінде 40 жылдан астам еңбек етті.

Бостандық мектебінің дамып, өсуіне әр жылдары үлес қосқан басшылардың есімдерін үнемі еске алып отырамыз. Қажен Сүгіров соғысқа аттанып, елге қайтып оралмай, ерлікпен қаза тапқан. Баласы Ұлан Сүгіров облыс көлемінде көп жыл бойы ауыл шаруашылығы саласында басшылық қызмет атқарды. 1950-1975 жылдары Шәйкен Мәдиев, Шаяхмет Хамзин, Жасұлан Қадыров, Әлімжан Мәжитов, Нұрахмет Уәлиев, Кәкітай Кәжеков сынды білгір азаматтар мектепті басқарды. Заманның қиын кезеңінде басшы болған ағаларымыздың әрқайсысы жеке-жеке айтуға тұрарлық тұлғалар. 1950-60 жылдары Бостандық мектебі оқушыларының аты математика пәні бойынша аудан, облыс көлемінде шығып жүрді. Сол кезде математикадан сабақ берген "Қазақ ССР оқу ісінің үздігі" Қаби Қылышбаевтың шәкірттері біздің мектепті бітіріп, басқа ауылдарға оқуын жалғастыруға барғанда ерекше көзге түсетін. Мектеп тарихында ерекше атайтын ұстаздардың тағы бірі -қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен дәріс берген Сұлтан Мәкентаев ағамыз. "Ұстаз — жаратылысынан жаны жайсаң, жинақылыққа құштар, мейлінше шешен, өнер-білімге іңкәр, аса қанағатшыл жақындарына да, жат адамдарға да барынша әділ жұрттың бәріне де жақсылық пен ізгілік жасауға құлшынып тұратын жан", — деп қазақтың ұлы ойшыл философы, ғұлама ғалымы әл-Фараби данамыз айтқан екен. Міне, осы айтқан асыл қасиеттердің бәрі Сұлтан ағамыздың және онымен бірге істеген аға буын өкілдерінің бойынан табылатын. 1950-1980 жылдары Бостандық мектебінен оқып шыққан балалардың қазақша сауатты, әдебиетке деген қызығушылығын арттырған Сұлтан ағай қазақ ауыз әдебиетінің білгірі ғана емес, ол домбырашы әрі термеші де болатын. Оның сол кездегі Приишим ауданы (қазіргі Қызылжар ауданы) орман шаруашылығын басқарған, облысқа аты шыққан белгілі айтыскер ақын Ахметжан Нұртазиннің жанында жүріп, облыстық ақындар айтысына қатысқан кездері де болды. Сұлтан ағаның Мамлют ауданының ақыны Уахит Темірбеков, Жамбыл ауданынан Игібай Әлібаев, көрші Бексейіттен шыққан Қаһарман Жантасовтармен бірге облысты аралап айтысқа қатысқаны есімізде. Өткен ғасырдың 60-шы жылдары қазағы аз солтүстік өңірде айтыс өнерінің жандануы сирек құбылыс болатын. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейін көп уақыт тоқтап қалған, бізден басқа еш халықта жоқ  құндылығымыз — қазақтың айтысы бүгінгі күні ез тұғырына қонғаны қуантады. 1972 жылы білім ошағы онжылдық мектеп болып қайта құрылды. Мектеп жанынан көршілес Бексейіт және Үшкөл ауылының балалары жатып оқитын интернат ашылып, онда 70 балаға дейін тәрбиеленді.  Ол жылдары мектебімізде ұстаздық еткен Ғ.Қадыров, Қ.Нұрғалиев, С.Жұмабаева, С.Төрежанова, Р.Пішенбаева, М.Омаров, С.Сұрағанова, тағы басқа да ұстаздарды ауыл тұрғындары, олардың алдын көрген мектеп бітірушілер жылы лебізбен атайды. Жоғары оқу орындарын тамамдап келген мектеп түлектері ұжымның қатарын толықтырып, оқу-тәрбие ісіне жаңа леп әкелді.

 1991 жылы қазақ елінің Тәуелсіздігі қарсаңында Бостандықта 160 оқушыға арналған екіқабатты жаңа мектеп ғимаратының пайдалануға берілуі ауылдықтар ушін айтулы оқиға болды. Еліміздің тәуелсіздігінен бастау алып, жаңа ғимаратқа көшкен Бостандық орта мектебінің ұжымы оқу-тәрбие жұмысын бұрынғыдан да жақсарта түсті. Бүгінде түлектеріміз аудан және облыс деңгейінде ҰБТ қорытындысы бойынша жоғары көрсеткіштерге жетіп, білім мекемесі үздік мектептер қатарынан көрінуде. Түлектер арасында  ғылым жолына түскендер, әскери шенділер, кәсіпкерлер, басқа да мамандық иелері бар. "Болашақ" бағдарламасы бойынша шетелде оқып жатқан түлектерімізді мақтанышпен айта аламыз. 85 жылдық тарихы бар Бостандық мектебінің ұжымы мен түлектері алдағы уақытта да еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосады деген үміттеміз. Тәуелсіз қазақ елінің "Мәңгілік Ел" болуы жолында жас буынды тәрбиелеуде бұл білім ордасының шығар биігі әлі алда.

 

Қажымұрат Нәсиев, ардагер ұстаз.

Нәсиев.Қ.  Алтын ұя — мектебім // Солтүстік  Қазақстан. – 9 маусым. – 2016. – 3 б.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий