Театр адамның жүрегі сияқты соғысы бірде жоғары, бірде баяу

  "Егер қоғамда жара болып жатса, оны театр емдеуге, не "бәрі жақсы болады"деп сендіруге тиісті емес, театр сол жақты саусағымен нұсқап көрсетуі керек.
Сонда ғана қоғам алдындағы парызы өтеледі".
Бұл - неміс режиссері Михаэль Тальхаймердің дөп басып айтқан оймақтай ойы. Шынымен де, театр - өмірлік сұрақтарға жауап беретін жоғары интенция. Бір сөзбен айтқанда, өмір айнасы. Бүгін біз Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ-сазды драма театрының директоры Біржан Жалғасбаевпен арада болған әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Біржан Нұрмаханұлы, бүгінде тарих қойнауына енген 2016 жыл театр өміріне қандай өзгешеліктер әкелді? Алдымен осы жағына тоқталып, өткен жылы атқарылған жұмыстарды қорытындыласаңыз.

- Өткен жылға өкпеміз жоқ. 2016 жылы алға қойған мақсаттарымыздың 100 пайызы орындалмаса да, көптеген дүниелер жүзеге асты.

Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында Қазақстан театрлары фестивалі өтті.
Ақтөбе қаласында өткізілген кең ауқымды шарада Қожаберген бабамызға арналған "Дауылпаз баба-Қожаберген" деген қойылымды сахналадық.
Театрдың қоюшы-режиссері Баатырбек Шамбетов пен жас ақын Аманжол Зағыпар екеуі бірігіп, "Елім-ай" дастанының желісінен алынған пьеса шығарды.
Әрине, сырттан тапсырыс беріп жазғызатын кездер де болады, бірақ біздің өсіп келе жатқан өнерсүйер азаматтарды неге қолдамасқа, оларға неге мүмкіндік бермеске?!

Қожаберген бабамыздың басынан өткен нәубетті, шырғалаңға толы өмірін қазақтың тарихымен сәтті ұштастырған қойылым 1 сағат 10 минутқа созылады.
Қазылар алқасы ұжымның еңбегін оң бағалап, стилі өзгеше, режиссерлік ізденіске толы қойылым екенін атап, лебіздерін білдірді.

Газет оқырмандары өткен жылы "Әбіш әлемі" атты республикалық бірінші фестиваль өткенінен де хабардар деп ойлаймын.
Бұл - тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған шара. Оның мақсаты - Әбіш әлемін насихаттау.
Сөз жоқ, Әбіш атамыз - ерекше қалам иесі. Оның әңгімелері, повестері, романдары қазақтың жанына жақын. Ақтау қаласында өткен фестивальда "Махаббат мұнарасы" романының желісімен спектакль қойдық.

Бұл жерде режиссеріміз Баатырбек Шамбетов өзінің шеберлігін тағы бір дәлелдеп берді.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында Астана қаласында өңірдің мәдениет күндеріне арналған үлкен шараға және Павлодар қаласына гастрольдық сапармен барып, бір шыңдалып, серпіліп келдік.

Облыс әкімі Ерік Сұлтанов пен Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтың бастамасымен екі өңірде мәдениет күндері өтті. Ұмытыла бастаған бұл жақсы дәстүрдің қайта жанданғанына ризамыз.

6-10 маусым аралығында Шығыс Қазақстанда Солтүстік Қазақстан облысының мәдениет күндері ұйымдастырылды. Мәдениет саласының 300-ден астам қызметкерінен құрылған өнерпаздар, яғни Н. Погодин атындағы облыстық орыс-драма театры, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры, өлкетану мұражайы, облыстық филармонияның би және вокалдық топтары кенді Алтай көрермендеріне кең ауқымды мәдени бағдарлама ұсынып, өнерлері мен шеберліктерін паш етті.

Семей қаласындағы Абай атындағы облыстық мемлекеттік музыкалық-драма театрында ұжым актерлері ересектерге Қожаберген жырау туралы "Дауылпаз баба - Қожаберген" спектаклін, ал балаларға "Су патшайымы" ертегісін ұсынды.
- Ұжымды жас мамандармен толықтыру мәселесі қалай шешілуде?

- Біздің ұжымда бүгінгі таңда 30-ға жуық қыз-жігіт бар. Өткен жылы қатарымызға Еркежан Мұратхан, Мәдина Өсербаева есімді екі жас маман келіп қосылды.
Қыздар - өте алғыр, зерек. Олар Көкшетау қаласындағы өнер колледжін тамамдаған.
Әрине, барлығы тәжірибемен келетіні хақ, бірақ жастарымыз қысқа мерзім ішінде өздерін жақсы қырларынан көрсетіп үлгерді.
Ұжымымыз осындай талапты, болашағынан зор үміт күттіретін жастармен толығып жатса, неге қуанбасқа?! Асылхан Рәзиев, Гүлназ Гайнуллина есімді актерлерім бастаған, Нұрбол Асқаров, Гүлдана Асқарова, Жанар Бегалина, Зарина Уәлиева, Айбол Қасым, Думан Әдікенов сынды жастар қазіргі театр сахнасының саңлақтары. Ал енді дәл қазір нардың жүгін көтере алатындай азаматтар деп Асылхан Рәзиев, Нұрбол Асқаров, Гүлдана Асқарова, Жанар Бегалинаны ерекше атап өтуге болды.

- Кейбір кездерде осы шағын залдың өзін толтыра алмай жатамыз. Өнер ошағына келушілердің санын арттыру үшін қандай жұмыстар істеліп жатыр?

- Театр - рухани әлемге саяхат жасайтын өнер ошағы. Оның өзінің қалыптасқан көрермені болуы керек. Біз қазір мектеп оқушыларына көп көңіл бөліп, дайындық тобынан бастап, 11-сыныптың оқушыларына дейін театрға тартудамыз.
-Неліктен?
- Себебі, олар өсіп келе жатқан еліміздің зиялы азаматы, біздің болашақ көрермендеріміз. Олар жан-жақты болып өсуі керек.
Оның ішінде рухани әлемі бай болса, нұр үстіне нұр болады.
Ішкі мәдениеті, көзқарасы қалыптасып, сонау бала кезінде көрген құнды дүниелері санасында жатталып қалады.
Сондықтан да балаларға барынша жақсы нәрсені насихаттап, көрсетіп, үйрете беру керек.

Қожаберген жыраудың "Үш жылдығын ойламаған еркектен без" деген жақсы сөзі бар. Осы жағынан алғанда біз де алысқа қарап үйренуіміз керек.

Ал қазіргі жағдайды айтар болсақ, біздің қойылымдарымыз 19.00-де басталады. Оған келуге көп адам жұмыс бабымен үлгермей жатады.
Уақытты одан кештеу қойсақ, 1,5-2 сағатқа созылған спектальден шыққан көрермендеріміздің үйлеріне жетуі қиындап кетеді.
Осы жағынан алғанда әкімшілікке хат жазып, театр алдынан өтетін бірнеше қоғамдық көліктердің уақытын ұзарттық.
Өз тарапымыздан барлық жағдайды жасап жатырмыз. Ардагерлер кеңесі мүшелерін, мүмкіндігі шектеулі жандарды, аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды назардан тыс қалдырмаймыз. Тегін кіру жағдайы қарастырылған.

Жалпы мен театр өмірін "жүрек кардиограммасымен" теңер едім. Ол бірде жоғары, бірде төмен түсіп, өзгеріп тұрады. Бір қалыпта "өмір сүру мүмкін емес". Бұл тіпті, үлкен театрлардың өзінде болып тұратын құбылыс. Мәселен, 2000-2005 өрлеу жылдары болды. Фестивальдарға барып, шетелге шығып, орындар алып, біраз жұмыстар атқарылды.


Кейін көптеген актерлердің кетіп қалуына байланысты спектакльдердің сапасы түсіп қалды. Бұл - 2005-2007 жылдар. 2008-2010 жылдары қайта ілгері басушылық байқалды.

2010 жылдан кейін көптеген актерлер отбасылық жағдайға, түрлі себептерге байланысты тағы кетті.
Бұл жерде айтарлықтай мәселе жоқ. Өмір болған соң әр адамның өз жолы, таңдауы, шешімі болады емес пе?..
Оның ішкі жағдайына терең бойламай сұхбат беретін адамдар осы жағын да ескере жүрсе, құба-құп.
Театр - бұл қайнап жатқан өмір. Актерлерге өсу, өзгеру керек. Ол үшін басқа сахна қажет. Мәселен, Түркия, Ресей елдерін алсақ, онда актерлер театрда келісімшартпен жұмыс істеп, басқа қалаға кете береді.

Бұл қалыпты жағдай. Ал біз мемлекеттік театр болғандықтан, көбінесе актерлердің әлеуметтік жағдайын жасап, осы жерде ұстап қалуға тырысамыз.
Мұның барлығы ортақ мүдде үшін істеліп жатқан жұмыс.
Ал соңғы жылдары қайта жоғарылауды байқап отырмыз. Құлдырауды сырт көз сезбеуі мүмкін.
Ондай кездерде актерлер құлазу, кейде, тіпті, қолды бірақ сілтеп кетіп қалуға дейін баратын жағдайлар болады.

Актер дегеніміз ол үлкен додаларға қатыспаса, өзін қоярға жер таба алмайтын тұлпарлар сияқты.

Сондықтан актердің құлшынған сәтін, не болмаса қиналып тұрған кезін байқап, дер кезінде "емдеп" алу керек. Яғни, басқа сахналарға шығарып, шыңдап, оның жан-жақты қырынан ашылуына мүмкіндік жасау керек.

- Мемлекет тарапынан сіздерге қандай көмек түрлері көрсетіледі?

- Өнер саласына мемлекет тарапынан қолдау зор. Қазіргі көрермендер залы 200 орынға шақталса, алдағы уақытта өңір басшысы Ерік Хамзаұлының қолдауымен 500 орындық қосымша үлкен ғимарат бой көтереді деп жоспарланып отыр.
Әрине, қазір жұмыстың қашан басталып, аяқталатыны жайында айта алмаймыз. Дегенмен де, өнер ошағы үшін - бұл жақсы жаңалықтардың бірі.
Баспана мәселесі де өз ретімен шешімін табуда.
Сәті түссе, алдағы уақытта үйсіз жүрген ұжым мүшелері қоныс-тойларын тойлайтын болады.
Бүгінгі күні жас отбасылар үшін мемлекеттік бағдарламалар да бар, соларға қатысып, талпынса, бұл сұрақтар да өз шешімін табады деп ойлаймын.

- Өткен жылы көрермендерге көптеген мәнді-мағыналы қойылымдар ұсындыңыздар, биылғы жоспарларыңыз қандай болмақ?

- Қаңтар айында "Сыған серенадасы", "Махаббат мұнарасы" қойылымдарының ресми түрде тұсаукесерлері болады.
Түрлі мерекелерге арналған концерттік бағдарламалар өзекті мәселелерді көтеретін пьесалар көрерменге жол тартады.
Алда жаңаша қойылым қоюды жоспарлап отырмыз. Осыған орай, ақпан айының басында студенттер арасында кастинг жариялаймыз.
Мақсат- өнерлі жастарды театрға тарту.

Сұхбаттасқан Алма Қуандыққызы, "Солтүстік Қазақстан".


Суретті түсірген Амангелді Бекмұратов.
Сұхбаттасқан Қуандыққызы.А. Суретті түсірген Бекмұратов.А.
Театр адамның жүрегі сияқты соғысы бірде жоғары, бірде баяу. //Солтүстік Қазақстан. – 10 қаңтар. – 2017. – 4 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий