Сахна самалы


Киелілігі - шыншайылықта. Шынайылығы - актердің сахнада "өмір сүре білуінде" жатыр. Театр актері үшін әр рөл - бір тағдыр, әр кейіпкер - бір әлем.

Әлемді әдемі күйінде, тағдырды тағылымды етіп жеткізе білу - парыз, әрі киелі театр өнерін бағалайтын қара ормандай халық алдындағы үлкен жауапкершілік деуге болады.

Бүкіл өмірін өнерге теліген талант өз таңдауына адал бола білгенімен бағалы. Маңдай терін аямауымен құрметке лайық бола алатындығы да бек ақиқат, бұлтартпас шындық.

Әлбетте, бұл -өнердегі тұрақты заңдылық. Сол заңдылықтың ақ жібінен аттамаған актрисалардың бірі - есімі елімізге белгілі режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Есмұқан Обаевтың шәкірті, С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының актрисасы Самал Тәшімова.
Тұла бойында өнерге деген шынайы іңкәрліктің самалы есіп тұратын оның өнерге келу жолы да сонау бала күнгі аппақ армандардың тұнық аспанынан бастау алады. Туған жері - Павлодар облысына қарасты Екібастұз қаласындағы Ақкөл ауылының тамаша табиғаты, түртіп қалсаң, төгіле сыр шертетін таутасы Самалдың сезімтал әрі шынандайнайы болып бойжетуіне ықпал етті.

Мектеп қабырғасында оянған балаң арман жас қызды Алматы қаласындағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының музыкалық драма және кино актері мамандығына оқуға түсуге жетеледі.

Өнер қайраткері оны қазақтың маңдайына біткен аяулы актрисасы Сәбира Майқановаға ұқсатып, жас жеткіншектің талпынысына, қабілетіне үлкен баға берген екен.

Осылайша, өнер жолын бастап кеткен актриса С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрына жолдамамен келіп, қызметке орналасады.

Өнер әлеміне енді қанат қаққан жас талант осы жылдар ішінде Қ.Қорғанұлының "Қанмен жазылған хатында" - медбике, М. Хасеновтің "Пай-пай, жас жұбайлар-айында" - Лиза, Ә. Оразбековтің "Бір түп алма ағашында" - көрші, М.Задорновтың "Күйеуіңізді сатыңызшы" комедиясында –
Елена Владимировна,
К. Гольдонидің "Екі қожаға бір қызметшісінде" - Смеральдина, С.Балғабаевтың "Ең әдемі келіншегінде" -Зухра, Т. Уильямстің "Шыны хайуанатында" - Аманда, Т. Ахтановтың "Күшік күйеуінде" – Гүлжамад,
Д. Исабековтің "Аладдиннің сиқырлы шамында" - Зухра, Ж. Әміреевтің "Бірлік түбі - берекесінде" -түлкі, Д. Исабековтің "Тыныштық күзетшісінде" - кемпір, С. Жүнісовтің "Қысылғаннан қыз болдық" комедиясында - Хадиша, бухгалтер, Д. Исабековтің "Балуан Шолағында" - Елизавета, О.Әубәкіровтің "Қожа мен спортында" - анасы, А. Володиннің "Қос жебесінде" – әйел,Ғ. Мүсіреповтің "Қыз Жібегіндегі" - Қыз Жібек сынды бірқатар рөлдерде ойнады, өнерсүйер жұртшылықтың жүрегіне жол тапты.

Актер шығармашылығын көп теоретиктер екіге бөліп қарастырады. Мәселен, К.С.Станиславский "кейіпкержандылық" пен "кейіпкерсынылық" десе,
Д. Дидро "сезімталдылық" пен "суыққандылық" деп бөледі.
Осы тұрғыдан келгенде актриса Самал Тәшімованы сезімтал актер деуге болады. Оған дәлел ретінде, өзіміз көріп, куә болған бірнеше спектакльдердегі ойын шеберлігін таразылап көрелік. Самал Тәшімова театр режиссері, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Баатырбек Шамбетов қойған Г. Хугаевтың "Қара шекпен" притчасында - Сылаң рөлімен театр-сүйер қауымға етене таныс.

Бұл — аллегориялық сипаттағы жеңіл әрі ойнақы бейне. Спектакльді көркем етуде аталмыш кейіпкердің апатын орны үлкен.

Сылаңның жарқын шыққан жалған күлкісі рөл ерекшелігін бірден айғақтап, кейіпкер мінезін дөп басты. Тәшімованың таланты бұл қойылымға қанық бояу сыйлап, актерлік ансамбльді жандандыра түсті десек, артық айтқандық болмас.
Осы рөліне үндесетің үйлесетін Ж. Ерғалиевтің "Жетім тағдыр" драмасындағы -Райбектің әйелін де келтіруге болады. Бұл бейнеде де Сылаңға тән мінез мол Әлсізге әлімжеттік, мықтыға мадақ айтқыш Сылаң сынды сипат басым. Пьесаға бүгінгі күннің әлеуметтік қайшьшықтары мен екі жастың шынайы махаббаты және бақытқа жетер жолдағы күресі арқау болғандығы белгілі. Ал бұл драмадағы оның күйеуі Райбек кім? Салтанаты жарасқан ортаның белді өкілі. Қу дүниенің қызығына шомыламын деп жүріп, адами құндылықтардан едәуір алыстап кеткен кейіпкер.
Құда болмақ ниетпен келген Райбек райынан қайтпақ емес. Әйелінің сиқы да сол. Тағы да күлкі. Дарақы күлкі. Кекесінге толы күлкі. Эпизодтық рөл болғанымен, спектакльдің қабырғасын қалауда аталмыш кейіпкердің қатысуы маңызға ие. Самал Тәшімова Сылаңды да, Райбектің әйелі - Тамараны да сахнаға алып шыққан беттен актерлік болмысына тән ашық дауысымен, қайсыбір туста импровизация еркіндігімен көсіле ойнайды. Актрисаның осы бейнелерін бағамдап отырып, режиссер
М. Байсеркеновтың: "Сахналық ерікндік - актердің сахна алаңындағы қалыпты көңіл-күйінің қайнаған тас қайнары десек, сол көзден бұрқылдап аққан қос бұлақтай болып, ішкі және сыртқы еркіндік заңдылықтары арнаға ағызады", - деген тұжырымдамасы еске түседі.
Расында,С. Тәшімова аталған екі кейіпкерді кескіндей жүріп, өзін сахнада еркін ұстайды. Бастысы, көрерменін қойылымдағы өміріне иландырады. Актердің жетістігі де осымен өлшенбек. А. Айларовтың "Келісімшарт бойынша қалыңдық" комедиясындағы Дзерассаның орны бір төбе. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков сахналаған аталмыш комедиядағы Дзерасса актриса Самалды өзгеше қырынан көрсетті.
Сахнадағы рөлдеріне қарап қайсыбір көрермен қауымға оның болмысы батыл,өжет болып көрінуі мүмкін. Шындығында, С. Тәшімованың табиғаты өте жұмсақ, нәзік.
Бұл оның Дзерасса бейнесінде айқын көрініс тапты десек, қателеспейміз. Қойылым барысындағы оның жүріс-тұрысы, қасқабағы, дауыс ырғағы ішкі жан дүниесімен үйлесіп, шынайы көркем бейнеде жарқырады. Бір айта кететіні, премьера аяқталған тұста актриса Самал ез рөліне жан дүниесімен кірісіп кеткені соншалық, біраз уақытқа дейін ішкі толқынысы басылмады. Көрермен тарапынан соғылып жатқан сансыз қошеметтерге әбден лайық актрисаның кезекті рөлі ғұмырлы боларына шүбәміз жоқ. Н. Гогольдің әйгілі "Ревизор" комедиясындағы Анна Андреевнаның бейнесі - халық жүрегінен орын алып үлгерген қомақты рөлдердің қатарында. Ревизор - классика екенін ескерсек, оны Тәжікстанның белгілі режиссері Б. Абдураззаков абыроймен сахналап, театрға бірталай табыс сыйлады.
Ол Халықаралық фестивальдан бас жүлде иеленіп, сахнаның құтты қойылымына айналды. Самал Анна Андреевнаның негізгі мінезін көрсетуде тағы жаңылысқан жоқ. Ревизор спектакліндегі Анна Андреевна - Дуанбасының жастық желігі басыла қоймаған ерке әйелі.
Оған қоса, баршылықтың, молшылықтың үстінде өмір сүріп жатқан жан. Бір жағынан байларға тән мәдениеті бар деп бағамдасақ, екінші жағынан оның даңққұмарлығы кей тұстарда еріксіз қылаң беріп қалады. Әсіресе, ерінің үстінен әмір жүргізуді жаны сүйетін қылығы көзге ұрады. Оның үстіне, актриса Самал Анна Андреевнаны шектен тыс шыдамсыз етіп бейнелейді. Оған мейлінше шыдамсыз мінез берген сайын, рөл соншалық езуге күлкі үйіре түсті. Бұл - С. Тәшімованың сахнада көрсеткен кезекті шеберлігінің бірі деуге саяды. Актрисаның әншілік өнерін айтпай кету біздің тарапымыздан өрескел ағаттық болар еді. Талай концерттің шырайын кіргізіп, құйқылжыта салған әсем әндерін халық зор қошеметпен, ыстық ілтипатпен қабылдап жүрген жайы бар.
Самал Тәшімованың репертуар таңдаудағы талғампаздығына да сүйсінуге болады. Жеңіл әуендердің мәнсіз мәтініне құмартпай, халық әндерін орындағанды құп көреді. Жаймашуақ мінезі қоршаған ортасына сәуле шашып, әріптестерінің алдында сыйлы болса, ол сахналаған сан қырлы образ-дар көрерменінің де көзайымына айналып отыр. Актерлік - сан қырлы өнер екендігі хақ. Осы бір әмбебап мамандықтың қыр-сырын меңгеру жолында актрисаның маңдай тері аз төгілмеді. Жасыды, жігерленді, ізденіс жолында сан рет қия басты, қайта жарқырады. Әлі де ізденіс ауылын жағалайды. Жаңалыққа құмартады. Өйткені, ол үшін өнер ізденуден тұратындығымен бағалы.

Балжан Бекмағамбетова, С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі.
Суреттерді түсірген Талғат Тәнібаев.


Бекмағамбетова.Б. Суреттерді түсірген.Тәнібаев.Т Сахна самалы //Қызылжар нұр. – 2017. – 3 наурыз. – 1Б –
(5 соңғы бет)
 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий