Өнегелі өмір (Мәркен Ахметбеков)

11 00января - Садыкова А.

«Өткен адам болады көзден таса,

Өлді-өшті, оны ешкім ойламаса,

Ол кетсе де белгісі жоғалмайды,

Керектісін ескеріп, ұмытпаса».
Шәкәрім

Мен Мәркенмен алғаш ол қазіргі Шал ақын ауданында жаңа ашылған Ступинский кеңшарында директор болған кезінде тансықан едім. Ол шақта мен сол ауданындағы Городецкое селосында орта мектептің директоры болып істеп жүрген болатынмын. Ступинский кеңшарына Ступинка, Жалтыр, Астаған елді мекендері карайтын. Кеңшар құрылған кезде бұл елді мекендердің шаруашылық жағдайы өте төмен еді. Жаңа кеңшарды ұйымдастырып баскаруға кіріскен кезде Мәркен небары 30-ақ жаста еді. Соған қарамай жас директор айналасы үш жылда жаңа құрылған кеңшарды озат шаруашылықтар қатарына қосты. Оның білікті де қажырлы еңбегінің арқасында кеңшар алдымен аудандық жарыстарда жеңіп шығып, бара-бара облыстық деңгейде де алдыңғы қатардан көріне бастады. Мемлекетке астық, ет, сүт сату жоспарларын асыра орындаған кеңшардың жұмысы облыс басшыларының зор бағасына ие болды. Жас директор кеңшар тұрғындарының тұрмысын жақсартуға да көп көңіл бөлді. Ол әсіресе кұрылыс жұмысын алға бастырды. Елді мекендерде бұрыңғы  сұрықсыз ескі үйлердің орнына жаңа үйлер салынып, мектептер мен мәдениет үйлері, басқа да тұрмысқа қажетті ғимараттар бой көтерді. Осы жұмыстарды іске асыруда ол кеңшар тұрғындарын ұйымдастырып, қарқынды еңбекке жұмылдыра білді. Жас директордың ұйымдастырушылық қабілетін, қарапайымдылығы мен кішіпейлдігін байқаған тұрғындар оның ісін әрқашан бар ықыластарымен қолдап отырды. Осындай бірлескен ерен еңбектің аркасында жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген кеңшардың ауылшаруашылық мамандары әрқилы мемлекеттік наградаларға ие болды. Ал кеңшардың директоры Мәркен Ахметбеков «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Бұл оның ерен еңбегіне берілген зор баға болатын. Бұл кезде мен Қызылжар қаласына облыстық оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметінде едім. Мәркеннің аталмыш орденмен марапатталғаның газеттен оқып білісімен мен оны жоғары наградасымен құттықтап жеделхат (телеграмма) жібердім. Онда «Так держать!» деген екі-ақ қолдау сөз болғаны есімде.

Аз уақытта өзінің адал еңбегі мен ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткен жас директор Бескөл аудандық атқару комитетінің төрағалығына жоғарылатылды. Бұл қызметте де іскерлігін көрсете білген Мәркен Ахметбеков Жамбыл ауданының бірінші хатшысы болып сайланды. Ол осы қызметті сегіз жылдай атқарған кезде аудан экономикасы мен мәдениеті, халықтың әлеуметтік тұрмыс жағдайы бірсыпыра жоғары сатыға көтерілді.

Мәркеннің бірінші хатшы болып тұрған шағында мен сол ауданның білім ошақтарының жұмысымен танысу үшін іссапарға барғаным бар. Сонда ауданның бірінші басшысының аудан мектептері мен бала бақшаларына да көп көңіл бөлетінін байқадым. Ол мені жылы қарсы алып, аудандағы оқу-тәрбие ісінің жағдайымен және келешекте бұл салада атқарылатын жұмыстар туралы ой-пікірімен бөлісті.

1982-1983 жылдары Мәркен Ахметбеков Мәскеудегі СОКП Орталық Комитетінің қоғамдық ғылымдар академиясында оқып, оны үздік дипломмен бітіріп шықты. Бір қызығы, сол кезде мен Мәскеуге халық ағарту қызметкерлерінің бір айлық курсына барған едім. Сонда біздің облыстан академияда оқып жатқан Мәркен Ахметбековпен және Самат Бекназаровпен кездестім. Олар семьяларымен тұрады екен. Екеуі де елден барған мені өздерімен бірге оқып жүрген Қазақстанның әр облысынан келген жолдастарына қосып үйлеріне шақырып қонақ қылды. Сол мәжілістерде мен Мәркеннің бірге оқып жүрген жолдастарының арасында өте сыйлы, беделі зор екеніне көзім жетті.

Оқуды бітіріп келген Мәркен аз уақыт облыстық партия комитетінде қызмет атқарды да, 1985 жылы өзі туған қазіргі Шал ақын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланды. Осы қызметте төрт жыл болғанда ол ауданның жағдайын жақсартып, аудан тұрғындарының зор алғысына ие болды. Ал 1989 жылы ол облыстық партия комитетінің екінші хатшысы қызметіне жоғарылатылды. Осы қызметті ол 1991 жылға дейін, яғни коммунистік партия таратылғанға дейін атқарды.

Мәркеннің елге сіңірген ерен еңбегі жоғары бағаланып жерлестері оны 1990 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесіне депутат етіп сайлады. Ол өзінің Өтеев Сайлау сияқты депутат әріптестерімен бірге Жоғарғы Кеңестің сессиясында Қазақстан Республикасының егемендігі туралы тұңғыш Декларациясын және Қазақстанның «Тілдер туралы» заңын қабылдауға атсалысты. Бұл, әрине, бәрімізді зор мақтанышқа бөледі.

 Партия органдары таратылғаннан кейін Мәркен Ахметбеков облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды.
Оның жеке басының ерекшеліктері мен қасиеттері де үлгі аларлық еді. Оның еңбекке деген көзқарасы, жұмыска деген жалынды жігері, мамандыққа деген адалдығы көзге ұрып тұратын. Қай жерде жүрсе де, қандай қызмет атқарса да бойындағы бар күш-жігерін аямай сарқылта жұмсады. Жеке басының үлгі өнегесімен қармағындағыларды да осындай қасиеттерге баулыды. Оның бойындағы ең ірі де, өнеге алуға тұрарлық қасиеттері -қарапайымдылық, кішіпейілділік, іскерлік, жолдастары мен достарына адалдық, ағайын- туыстарына деген шынайы бауырмалдық болатын. Оның әр қилы жиындарда бірге болған адамдармен жеңіл әзіл қалжындары да жарасып тұратын. Мысалы, бірде біздің үйде қонақта болғанда үйдің хозяйкасына әзіл тастап: «осындай жеңгей кімде бар екен?!» - дегені есімде қалыпты.

Мәркен Ахметбекұлы қатардағы зоотехниктен мемлекет қайраткерлігіне дейін көтерілді. Облыстың экономикасы мен әлеуметтік жағдайының өсуіне қомақты үлес қосты. Оның ерен еңбегі жоғары бағаланып, екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, бірнеше медальдармен және көптеген грамоталармен марапатталды.

Оның еліне, халқына берері әлі көп еді. Әттен ол не бары 53 жаста жол апатынан қайтыс болды. Оның осындай өліміне бүкіл облыс халқы қатты қайғырды. Ақын Сырбай Мәуленовтың Сәкен Сейфуллинге арнаған:

«Өлімге жан екенсің қия алмайтын,

Өлеңнің құшағына сия алмайтын.

Қазақты көргің келсе міне осы деп,

Көрсетсе жер жүзіне ұялмайтын» - деген өлең жолдарын Мәркенге де арнап айтуға болатындай еді сол кезде. Мәркенді соңғы сапарға мыңдаған адам шығарып салды. Бұл халықтың өзінің адал да сүйікті ұлына жасаған зор құрметі еді.

«Орнында бар оналар» дегендей, оның артында қалған жан жары Күләш,балалары Серік, Бауыржан, немерелері, ағайын- туыстары оның есімін әрқашан естеріне алып отырады. Оның 70 жасқа толуына арнап бірқатар жұртты жинап мешітте ас беріп, дұға оқытып, еске алу рәсімін өткізді. Балалары өзі сияқты халқына адал қызмет жасауда. Мәркен Ахметбековты мәңгілік есте қалдыруға арналған естеліккітапты құрастырып шығарды. Бұл, біріншіден, Мәркеннің ұрпағының оның ісін жалғастыруы болса, екіншіден, оны мәңгі есте қалтырудың айқын белгісі деп білуіміз керек.

Кітапта: Ахметбекова К. Ел ардақтысы.
Петропавл қаласы, 2010 ж, 61-65 беттер.

 

Мұқанов, Қ. Өнегелі өмір /Қ. Мұқанов //Ел ардақтылары.- Петропавл, 2016.- Б. 364-367

 
 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий