Өмірі де, өлеңі де өнеге еді (Қобылан Хамзин)
Адамды өзіне тартып тұратын, үлкенге ілтипаты, кішіге қамқорлығы мол жандар болады. Кеше ғана арамызда жүрген облыс жұртшылығына белгілі ақын, журналист, аса инабатты да парсатты азамат Қобылан қажы Хамзаұлы осындай жан еді.
Ол 1933 жылғы 26 наурызда қазіргі Шал ақын ауданындағы Көктерек ауылында дүниеге келген. Үзақ жылдар ішкі істер органдарында абыроймен қызмет істеп, Солтүстік Қазақстан облыстык ішкі істер басқармасы бастығының орынбасарлығына дейін көтерілген. Сол қызметтен зейнеткерлікке шыққан. Арада 3 жыл өткеннен кейін қайтадан еңбекке араласып, облыстық тұтынушылар одағында, облыстық ерікті өрттен қорғау қоғамында басшылық қызметтер атқарды. «Көктерек» атты жеке кәсіпкерлік мекемесін де басқарды.
Қобылан Хамзиннің адал еңбегі әділ бағаланып, «Қызыл Жұлдыз» орденімен, оннан астам медальдармен, Кұрмет грамоталарымен марапатталған. Милиция полковнигі, «КСРО ішкі істер министрлігінің еңбек сіңірген қызметкері», «Ішкі істер қызметінің ардагері» деген атақтары да бар болатын. Ол Қазақстан журналистер одағының мүшесі, қарымды қаламгер еді.
Қобылан бала кезінен Абайдың, Шал ақынның өлеңдерін жаттап өседі. Бертін келе облыстың халық ақыны Ахметжан Нұртазинді көп тындап, өлеңдеріне үңіліп, тамаша әңгімелері мен жырларын ойға тоқып, өнеріне еліктейді. Сөйтіп, өзі де жасынан ән айтып, домбыра тартуды үйреніп, өлең шығара бастайды.
Нәрлі сөз, әсем үнді сүйіп өстім,
Баяулап домбырамен күйге қостым.
Торласа ауыр ойлар мазамды алып,
Сырласым да домбыра, әнмен доспын,
- деп жазған еді ол бір өлеңінде. Әсіресе, зейнеткерлікке шыққасын шығармашылықпен кеңірек айналысты. Туған ауылы туралы «Көктерек» деген атпен шығарған алғашқы кітабын жұртшылық жылы қабылдады. Одан кейін «Ақиқат», «Асыл арыстар», «Ақ тілек аясында». «Өмірден - өнеге», «Халықтың ақыны», «Қияда самғаған қырандар», «Ауыл соғыс жылдарында», т.б. кітаптар жазып, баспадан шығарды. Олардыһ ішінде повесть, әңгімелер, өлеңдер, толғаулар бар. Бәрі де тәрбиелік мәнімен құнды. Сонысымен үлкенге де, кішіге де керекті дүниеліктер.
Ақынның өлеңдері алуан түрлі өмір тақырыптарына арналған. Әсіресе, елге, жерге, елдің азаматтарына арналып жазылған шығармалары әсерлі болып келеді. Еліміздің біртуар азаматтарына арналған толғауларында олардың әрқайсысының бейнесін, жан дүниесін жарқырата ашып көрсетеді.
Сонымен қатар Қобылан Хамзаұлы: «Шығармаларда айтылған өсиетімдей сөздерімнің көбі балаларыма, немерелеріме, ағайын-туыстарыма арналды», - дей келе:
Бір Алла туыстарға тірлік берсін,
Ақылдан адастырмай бірлік берсін.
Өмірдің қысқа екенін көріп жүрміз,
Артыңнан адам деген атың ерсін!-
деп аманат етеді. Ал «Ұрпақтарға арнау» атты өлеңінде былай дейді:
Қазақтың бір дәстүрі - бауырмалдық,
Ерекше мағына бар үлгі алардық.
Сұрасып «қарын бөле» шығатұғын,
Тек қана қазақта бар ұлы байлық.
Соңғы ұрпақ бірін-бірі білу керек,
Туыс боп тату-тәтті жүру керек.
Кешіріп, кекшіл болмай ұсақ іске,
Қуаныш-қайғыны да бөлу керек.
Қобылан ақын өзінің өмірлік сүйген жары Сақыпқа арнаған өлеңінде:
Жан жарың ғой жанұяның жарқыратар шырағын,
Ұзап кетсең, алаңдатып, тартып тұрар тұрағың,
Туыс пенен жолдастарды қарсы алғанда жарқылдап,
Саған сеніп оттың басын ойламадым баладай,
Бала тұрсын, өзім-дағы еркелеймін анамдай,
Үй ішінде бар мен жоқты әлі күнге білмесем,
Сенің арқан бар мейірін төгіп келген аямай.
деп, ағынан жарылады. 2010 жылға дейін Қобылан Хамзаұлы 12 кітап шығарды. Сол жылдың 27 наурызында оның шығармашылығының онжылдығына орай туған ауданынның орталығы Сергеевка қаласында Мәденнет үйінде оқырмандармен кездесу өткені есімде. Қаламгердің жақын досы Құдайберген Қалиев оның өмір жолы мен туындылары туралы егжей тегжей баяндап берген. Ол туралы жерлес әрі туыстас генерал Әлімжан Ахмадин, үзеңгілес серіктері мен замандастары да тебірене сыр шерткен. Аудан басшылары да ақынды құттықтап сөз сөйлеп, сый сияпат көрсетіп еді.
Қобылан Хамзаұлы нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Дін жолына түсіп, Меккеге барып мінәжат қылып, қажы да атанды. Бес уақыт намазын қаза қылмай, үнемі орындап жүретін. Барша адамды туған бауырындай көретін кең пейіл еді. Амал қанша, биылғы қантар айының басында ол да бақилық болды. Артында сүйген жары, балалары, немерелері, жиендері және өшпес тамаша шығармалары қалды.
«Солтүстік Қазақстан». 16. 02.2012 жыл
Мұқанов, Қ. Өмірі де, өлеңі де өнеге еді... /Ел ардақтылары.- Петропавл, 2016.- Б. 287
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |