"Жыры қалды жанының ұшқынындай" [Мәтін] : ақын Есләм Зікібаевтің жарымен сұхбат // Солтүстік Қазақстан. – 2018. – 5 маусым.- Б. 6
Есіл ауданындағы Өрнек деп аталатын шағын ауылдың қасиетті топырағынан түлеп ұшып, қазақ әдебиетінің бір кірпіші болып қаланған қаламгерлердің бірі – Есләм Зікібаев. Балапанның қыран боларын ұясынан жазбай танитын ақын Әбділда Тәжібаев Есләм Зікібаевтің шығармашылығы жайлы “Мен Есләмнің шабыт, көңіл, арман, үміт туралы жазылған жырларын нағыз ақындық өнер деп тамсандым” десе, қазақ поэзиясының көрікті бір дәуіріндей болған марқұм Тұманбай Мол¬дағалиев: “Есләм жырлары – елдікті, еркіндікті, парасатты марапаттайтын терең мазмұнды, текті жырлар”, – деп бағалапты. Есләм Зікібаев осыдан он алты жыл бұрын өмірден озса да ақынның есімі әдебиетсүйер қауым жадынан ұмытылған жоқ, мұрасы “шаң басқан архивтердің сөрелерінде” қалмады. Керісінше, уақыт өткен сайын алтындай жарқырай түсуде. Көзі тірісінде жарияланбаған жырлары да кітап болып басылып, оқырманға жол тартуда. Осы сияқты жұмыстардың басықасында ақынның жары Рауза апайдың жүргені ақиқат. Бүгінде сексен жастың төріне көтеріліп отырған Рауза Зікібаевамен әңгімелескен едік.
– Рауза Бәкірқызы, ақын болудың, бекзада өнер – өлеңнің қасиетін сезінудің оңай шаруа емес екенін қазақ әдебиетінің тарихындағы том-том дүниелерден аңғарамыз. Әдебиетте “ақынның жары” деген тіркес қалыптасқан. Олар жұбайлары өмірден озғанда “әдебиеттің келіндері” деген атауға ие болады. Бұл ақынның жары болудың да екінің бірінің маңдайына бұйыра бермейтін қуанышы мен қайғысы қатар өрілген бақыт екенін аңғартып тұрғандай.
– Қазақтың жазба әдебиетінде ақынның ақын, жазушының жазушы болып қалыптасуына, елге танылуына олардың жарларының тигізген көмегінің орасан екендігін білеміз. Бір ғана мысал айтайын, Есләмнің замандасы – Тұманбай Молдағалиевтің жары Күлтай Қасымова Тұмакеңнің ел қастерлейтін ақын болуына көп септесті. Шаңырағының шаттығын асырып, отағасының мерейін тасытқан ардақты жандар аз емес. Менің түсінігімде ақындық – көркем құбылыс, көзге көрінбейтін мөлдірлік, рухани жан тазалығы. Осындай қасиеттерге серік болу үшін әйел адамның жүрегі, жаны, сезімі бай болуы керек.“Жаныңа қап ем жақын боп,
Жанымда бүгін сыздау көп.
Мен болсам кеттім ақын боп,
Азырақ бақытсыздау боп”, – деп ақын Төлеген Айбергенов жырлағандай ақындық – ауыр жол. Құдайға шүкір, сексен жылдық ғұмырымда, соның ішінде Есләммен өткізген қырық екі жылдық өмірімде Құдай қосқан қосағыма айнымас адал жар болғанымды мақтаныш санаймын.
Біз студент кезде таныстық. Би алаңындағы алғашқы кездесу өмір жолымыздың түйісуіне жол ашты. Үш бала тәрбиелеп өсірдік. Ол мені өмірге, жақсылыққа балаша қуануға, жамандыққа сабыр етуге, кешіре білуге үйретті. Өмірден өткеніне он алты жыл өтсе де, бірге өткерген күндеріміз санамда сақтаулы. Ол өлеңнің киесіне сенді. Әрқайсысын туған перзентіндей қастерлейтін. Шығармаларын жинап, өскелең ұрпаққа таныстыруды басты міндетім санаймын. Әдебиет тақырыбы, Есләм жырлары туралы айтылатын жиындардан қалмай, жанының ұшқынындай болған өлеңдерінің жазылу тарихы туралы айтудан жалықпайтын. Өсіп келе жатқан Ерден, Жәния, Ерұлан есімді немерелерім де атасының кітаптарына ерекше құрметпен қарайды. Ақынның жары ретінде осындай шаруаларды тындырып жүрген жайым бар.
– Әдебиетте қаламгер рухына қызмет жасау деген ұғым бар ғой. Сіздің еңбегіңіз ақын рухына қызмет жасаудың үлгісі дей аламыз ба?
– Әрине, бұл бейнелі сауалға әп дегенде, бірден жауап қайтару кім-кімге де оңай тимесе керек. Әйтсе де мұндай күрделі сауалдың жауабы сөзден емес, атқарылған нақты істерден көрініс тауып жатса, бұл зор мәртебе, үлкен мерей.
Ең басты олжа, туғанына сексен жыл толуымен тұспа-тұс келген Қызылжардағы Есләм Зікібаевті еске алу шаралары осы сауалдың жауабындай көрінеді. Әрі мұның өзі өзгелерге үлгі етіп ұсына алатындай тағылымы терең, мазмұны мол, ғибраты биік шаралар екендігімен де ерекшелене алады. Топырағынан нәр алған ұлын туған жері қадірлесе, ақын рухына қызмет жасаудың үлгісі осы емес пе? Туған ауылы Өрнектен басталып, Петропавл қаласында түйінделген мерейлі шараға Есләмнің әр жылдардағы әдеби мұраларын жинастырып, “Армандай ғұмыр”, “Ақ қайыңдар”, “Аққу арман” атты жыр жинақтарын құрастырып апардық. Жуырда Есіл ауданының Өрнек ауылындағы Есләм Зікібаев атындағы мектеп оқушылары Есағаңның шығармашылығына ерекше көңіл бөліп, “Еліме ризамын” деген атпен онкүндік өткізді. Үздік оқушыларға, іс-шараларға қатысқан өрендерге сый-сияпат жібердік.
Есләм орда бұзар жасында “Ақ қайыңдар” деген атпен алғашқы жыр жинағын жарыққа шығарған. Оның елге, жерге деген сағынышы мен сезімі “Ақ айдын”, “Ақ сағым”, “Құс ғұмыр”, “Дүние жалған”, “Арна” жинақтарында сыршылдықпен өріліп, әдемі үйлесім тапты. Поэзия көгіндегі қысқа ғұмырында 20-ға жуық жыр жинағын артына өшпес мұра, қымбат қазына ретінде қалдырды.
– Ақынның жары ретінде жұбайыңыздың бойындағы қалың жұртшылық біле бермейтін қандай қасиеттерін айтар едіңіз?
– Оның мінезі, бар болмысы өлеңдерінде тұр.
Қалайсың деп жайымды сұрама, ана,
Артық кетсем, айыптап, сынама да.
Еркелеуді кейде өмір көтермейді,
Ара түсер сен жоқсық бұл арада, – деген бір шумақ өлеңінен-ақ оның өмірге орынсыз өкпе артпайтындығын, сенгіштігін байқауға болады. Есләм адал адам болды, шындық үшін күресті. Айналасына адал дос жинайтын. Адамдарды лауазымына қарап бағалауды білмеді. Ашуы “жібек орамал кепкенше” тез тарқайтын. Әділетсіздік көрсе, жаны жабырқады. Балалары мен немерелерін жанынан артық жақсы көрді. Оларды мейірім тұнып тұрған қабағы арқылы тәрбиеледі.
Есләм – “соғыс балалары” деп аталатын буынның өкілі. Балалық шағы қиындықпен өтті. Киетін аяқ киімі болмай, мектепке екі жыл бармаған. Алматыда оқып жүргенде достарымен бірге би алаңына барады екен. Студент кезіндегі досы Октябрь Әлібековтің қолына ақша ұстатып, “осыған би үйреніп, бізге де үйрет” дейтін көрінеді. Біз отбасын құрғанда кіші інісі бесінші сыныпта оқитын, кейін Алматыда бәріміз бірге тұрдық.
Жігіттік, жастық шағында емін-еркін жүре алмады. Ақындықты да тастап кеткен кезі болған. Отбасын асырау, інілеріне, анасына көмек беру үшін газетжурналдарда қызмет етті. Санасын қанша тұрмыс билесе де, өлеңнен мүлдем қол үзе алмады. Өйткені, өлең – Есләмнің тұнық жанының ақ қағаздағы көшірмесіндей.
Есләм 1961 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірді. Он төрт жылдан кейін алғашқы кітабы жарық көрді. Оқытушысы белгілі жазушы Шериаздан Елеукеновтің “Есләм, ақындықты тастама” деген бір ауыз сөзі оның ойын да, өмірін де өзгертті.
Ол жақсы ән тыңдап отырып та өлең жаза беретін. Күй тыңдап отырып, терең ойдың жетегіне кететін. Бір қарағанда сұсты, ұзын бойлы, нағыз батыр тұлғалы бола тұрып жүрегі өте нәзік, жабырқап, тез арада қуана салатын. Жарымның отбасымның тірегі, өмірімнің мәні болғанын тілмен жеткізіп айту мүмкін емес. Ол әке, бала, отағасы, бауыр ретінде де өзінің міндетіне зор жауапкершілікпен қарады. Алла маңдайына жазған өлеңнің алдындағы құрметті де естен шығармады. Інілерінің де оқып, өмірден өз орындарын табуына көмектесті. Бір өкініштісі, олар өмірден ерте өтіп кетті. Сол қайғы Есләмға ауыр тиді. Менің “отбасы, ошақ қасындағы” тірлікті ғана күйттеп отырмай, маман ретінде жетіліп, іссапарларға шығып, ел, жер көруіме де жағдай жасаған арқасүйерім болатын. Тойларда, мерейлі шараларда жанына ертіп, есімдері елімізге белгілі қаламгерлерге, ғалымдарға “менің Раузам” деп таныстыратын. Ана, жар ретінде ерекше құрметке бөленген адаммын. Сол құрметтің биік шыңында Есләмімнің тұратыны ақиқат.
– Есләм Зікібаев әдебиетке кештеу келсе де өміршең өлеңдерімен оқырман қауымның есінде қалды. Баспа бетін көрмеген дүниелері бар ма?
– Әр жылдары жазылып, бітпей қалған өлеңдері аз емес. Бәрін жинап, мазмұнына қарай екі бөлімге бөліп қойдым. Есептесем, 220 беттей болады екен. Болашақта бір кітап шығарсақ деген ойымыз бар.
Есағаң бала тәрбиесіне көп көңіл бөлген адам. Балаларына жақсы тәлім беру арқылы өзінің болашағын қалыптастырды десем артық бола қоймас. Өйткені, кезінде оқысын, білім алсын деп өнер, тіл үйрету үйірмелеріне берген немерелері мен жиендері өсіп қалды. Бүгінде олар аталарының артында қалған мұраларын жинап, ұқыптылықпен, қамқорлықпен қарайды. Әлі жарық көрмеген кітабының да теріліп, беттелуін солар атқарды.
Бүгінде жасым сексенде. Ақжаулықты әжемін. Осынша жасқа келсем де кейде көңілім құлазиды. Есағаңмен өткен жылдарды еске аламын, жабырқаймын. Іштегі сырым мен мұңымды ақтарып алу үшін оны іздеймін.
Қазір Алматыда ұлым Еркіннің қолында тұрамын. Немерелердің ортасындамын. Балаларым әр салада қызмет етеді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |