“Біржан деп атым шықты алты Алашқа…”

29 января 2024 - Administrator

  Өнер дегеніміз – мүмкіндігі шексіз, құдіретті күш. Кейде бір ауыз сөз, бір минуттық музыканың өзі адам өмірін өзгертіп, санасына жарық түсіретін қасиетке ие. Өнердің әр саласының өзіндік ерекшелігі, бөлек бір құдіреті болады. Әуелеп ұшқан әсем ән талай адамның жүрегін тербеп, кеуделеріне ізгілік нұрын сеуіп келеді. Кез келген ұлттың өткенін, арман-мұратын, мінезін танытатын өнері – әні. Қазақ әні де халқымыздың сан ғасырлық қасірет-қуанышының, өкініш-жұбанышының айнасы. Қоғамдағы өзгеріс, толқулардың барлығы дала дарындарының жүрек сүзгісінен өтіп, ғасырдан-ғасырға жалғасатын туындыларға айналып отырған.
Қанша уақыт бойы халқымыздың дертінің дәрісі болып келген дәстүрлі ән өнері сал-серілер кезеңінде шыңына жетті. 19 ғасырда ән өнері, әсіресе, Арқада тың өріс алды. Арқадағы әншілік мектептің ең ірі өкілдері Біржан сал, Ақан серілер еді. Екеуі де өнерде құбылыс жасап, музыкамызды жаңа биікке көтерді. Екеуі де халқының әлпештеген ақынына айналып, ғұмырларының соңында жалғыздықтың қамытын киді. Ақан серінің өнері әбден қырланып, зерленіп, хас шебердің қолынан өткен асыл тастай болса, Біржанның әндері дарқан даланың өзіндей кең тынысты, жасандылығы жоқ табиғи еді. Ақан сері өзіне ұстаз тұтқан Біржан сал өнердің көш бастаған саңлағына айналды. Біржан – ұлтымыз үшін еркіндік пен шын дарынның символындай ардақты есімдердің бірі.
Біржан сал ақындығымен, сазгерлігімен, әншілігімен көптің жүрегінен орын тауып, қазақ классикалық ән өнерінің жарқын үлгілерін мұра етіп қалдырды. Оның мұндай туындыларына “Теміртас”, “Адасқақ”, “Жамбас сипар”, “Жонып алды”, “Көкек”, “Жанбота” туындыларын жатқызуға болады. Біржан сал Қожағұлұлы табиғатынан дара туған, бойына өнер біткен дала дарыны еді. Оның көзін көргендер сал ән салғанда дауысы 5-6 шақырымдағы ауылдарға жетіп, басында тақиясы желпілдеп, үйдің түндігі ашылып кетердей болып тұратынын айтқан. Ақынның өз өлеңінде
Ән салсам дауысымды көкке шырқап,
Бұл үйдің сындырардай терезесін,
– дегені де оның зор әншілік қуатын көрсетеді.
Арқа өңірінде Біржанға дейін талай сал-серілер өтсе де, олардан ауыз толтырып айтарлықтай мұра қалған жоқ. Әнші даланың өзіндей еркін, ешкімге бас имейтін асау еді. Ел де оны осы қасиеті үшін жақсы көрді. Үш жүздің баласы әншіні ардақ тұтып, әніне ұйыды. Осы уақытта Біржан салдың қасында жүріп, ел аралаған өнерпаздардың қатарында Ақан сері, Жаяу Мұса, Балуан Шолақ, Иманжүсіп, Шашубай, Кемпірбай сияқты сал-серілер поэзиясының ірі өкілдері бар еді. Жүрегіндегі нәзік сезімді зор ақындық шабытпен тебірене жырлауы, өзі көрген ойын-сауық, әсем көрініс, махаббат оқиғалары, өзге де өмір құбылыстарын өнерде шебер бейнелеу – Біржан сал шығармашылығының бір ерекшелігі. Оның өлеңдерінен қазақ сал-серілерінің жиынтық бейнесін, жүріс-тұрыс, мінез-құлқын, астындағы атынан бастап, үстіндегі киімге дейін тұтас образын көруге болады.
Ақын шығармашылығына жіті көз салсақ, оның бірнеше кезеңнен өтіп, уақыт өткен сайын жаңа сипат алып, тақырыптық аясы кеңейіп отырғанын көреміз. Жиырма жасынан бастап ел арасына таныла бастаған ақын жастық шақтағы туындыларында махаббатты, серілік дәуренін жырлап, әзіл-қалжыңға құрылған өлеңдер шығарса, орта жасқа келгенде жастықпен қоштасып, өткен өміріне көз жүгіртеді. Бұл кездегі өлеңдерінде кейінгі жастарға үлгі көрсету, жол сілтеу, өткен өмірді аңсау, алаңсыз шағымен қоштасу сарыны басым. Ал өмірінің соңғы жылдарында ащы зар мен жан күйзелісіне толы уытты өлеңдер туған. Ақынның осындай қиналып жүрген сәтте дүниеге келген туындыларының бірі – “Теміртас” әні.
Кей музыка зерттеушілері бұл ән Біржанның ең соңғы туындысы екенін де айтып жүр. Ақын өміріне қатысты кей жинақтарда ән мәтіні қысқа ғана берілсе, енді бірінде “Дүние”, “Біржанның қайтыс болар алдындағы әні” деген атпен берілген. Алты Алашқа аты жайылып, аспандағы аққуға үнін қосқан Біржан сал өмірінің соңғы жылдары күйзеліспен өтті. Ол алпыстан асқан шағында да өмір салтын өзгертпей, бұрынғыдай шақырған жерге барып, ән салып жүреді. Мұнысы оның Ержан, Нұржан ағаларына ұнамайды. Екі ағасы інілерінің бала кезінде-ақ ақындық жолға түсуіне қарсы болған. Біржанның өнеріне оның атасы Қожағұл атасы көп қолдау көрсеткен. Ақын өмірінің осы кезеңі туралы Ахмет Жұбанов “Ағаларының “Батыр түбі бақсы болады” деген”, сал Біржан мінекей, қаңғыбас болды дегендері Біржанның құлағына тиіп, Біржан қатты күйінеді. Тамақ ішпейді, ұйқысы келмейді. Өмірдің қызығынан айырылып, сары уайымға түседі”, – деп жазады. Оның осындай күйін көрген туыстары ақынды жынданып, шаңыраққа кір келтірер деп ойлап, байлап қояды. Ал өнерге құмар халқы болса, ақынның қасынан бір елі ажырамай, әңгімесін тыңдап отыра береді. Осындай уақытта ақынның жүрегінен “Теміртас” әні туады. Теміртас – Біржан салдың ұлының есімі. Одан бөлек, Асыл, Ақық атты қыздары бар. Әнде ақынның:
“Теміртас, Асыл, Ақық, сендерді ойлап,
Елжіреп, іші-бауырым жерге түсті” – дейтіні сондықтан.
Автор қанша қорлық көріп, күйзеліске түсіп, байлаулы арыстанның күйін кешсе де, “Теміртас” пессимистік сарындағы туынды емес. Жалпы Біржан шығармашылығының өзі пессимизмнен ада. Бұл туынды – ақынның өмірге ғашықтығынан туған ән. Онда өмірдің азабынан туған қайғымен қатар, ертеңге деген сенім, өнердің өлмейтінін, есімінің өшпейтінін меңзеген ойлар бар.
Салғаным ағаш үйге құлыпты пеш,
Жаратқан, мен пендеңнің күнәсін кеш.
Теміртас, Асыл, Ақық, құлындарым,
Білекке қатты батты, арқанды шеш, – деген жолдар дала төсін дүбірлеткен өнер тұлпарының торға түскендегідей мүшкіл халін, айналасынан өзін ұғар жан таппай күйзелген шағын бейнелейді. Бар ғұмыры ел аралап өтіп, халқының аяулы ұлына айналған, ешкімге де бағынбай еркін ғұмыр кешкен өнер адамы үшін қолын арқандап, үйге қамағаннан артық азап бар ма? Шын мәнінде бұл – Біржанның қолына салынған арқан емес, қазақ ән өнерінің аяғына салынған тұсау еді.
Кей деректерде ән мәтіні бірнеше шумақпен аяқталса, кей жерлерде ұзақ айтылады. Енді бір жерлерде “Теміртастың” соңғы шумақтары басқа ән болып көрсетілген.
Әндегі мына бір төрт жолды естігенде, сөз түсінер жанның селк етпесі сирек шығар:
Қарасу есік алды лайланды,
Бай қылмақ, кедей қылмақ Құдайдан-ды,
Қамзолдай келте пішкен дөңгеленіп,
Дүние өтерінде шыр айналды.
Жалған дүниені бұған дейін “Қамзолдай келте пішкен дөңгеленіп” деп сипаттаған кім бар? Осы бір ауыз сөздің өзі Біржан ғұмырының бар қайғы-қасіретін арқалап тұрғандай көрінеді.
Ғылым өнер адамының тағдырын, оның шығармашылық кезеңдерін түсіндіріп беретін деңгейге жеткен жоқ. Бәлкім адамзат құдіретті өнердің құпиясын ешқашан аша алмай өтетін шығар. Сол сияқты Біржан өмірі де құпияға толы. Әйтпесе оның бұл өлеңдегі:
“Көз көрген құрбыларға сәлем деңдер,
Дұғасын оқи берсін әдейі арнап”
дегенін қалай түсіндіре аламыз?
Демек ақын өзінің өмірі соңына таяғанын сезген. Өзінен теріс айналған дәуренінің қайырылып келмесіне мойынсұнған. Содан барып соңғы сөзі ретінде осы әнді шырқап кеткен. Белгілі музыка зерттеушісі Теодор Адорно Бетховеннің өміріне талдау жасай келе “Соңғы стиль” терминін енгізеді. Зерттеуші Бетховеннің ғұмырының соңғы жылдары жазған шығармаларында бөлек үн, сарын бар екенін байқап, осындай атау берген. Бұған сүйенсек, Біржан салдың “Теміртас” әнін де “соңғы стиль” деп қарастыруға болады.
Бүгінде ел арасына кең тараған бұл туындының бірнеше нұсқасы бар. Оны Біржанның ізбасарларынан бастап, осы күнгі әншілерге дейін көп өнерпаз шырқап келеді. Әннің сазы қазақ даласына кең тарап, оның кей элементтері басқа ән, күйлерде де көрініс тапты.


Алтай ҚОПЫШЕВ,
әуесқой композитор.



Қопышев А. “Біржан деп атым шықты алты Алашқа…” // Soltustik Qazaqstan. – 2024.- 9 қантар. -№ 3. – 6 б.

 

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий