Әбсаттаров, Р. Алтын тұяқ

27 июля 2021 - kamshat

 Біз жақсыға жақын жүретін, жақсының тәрбиесін көріп, оны үлгі тұтып өсетін халықтың ұрпағымыз. Даналарымыздың “кісі болар кісінің, кісіменен ісі болар” деген сөзі текке айтылмаған болар. Ол кісімен ұзақ араласқаннан ойға түйгенім – Аманжол ағаның адамдық мұратының биіктігі мен тазалығы, еңбекқорлығы мен адамға, өмірге деген түсінігі жағынан сирек кездесетін жан екен. Көргені мен түйгені көп, көкірегі сара адамның өзін қоршаған ортаға, құбылысқа ойлы көзбен қарауы ұлғая келе даналыққа ұласқандай көрінеді. Оның дара тұлғасы ғалым есебінде де, адам, азамат есебінде де өз замандастары арасында биік тұратын.

Ол – әлемдік ғылымдағы жарқын, биік тұл­ғалардың бірі. Тегінен тараған адами қасиеттерімен бірге, оның өз қолымен сомдаған кісілік қабілеті, азаматтық болмысы, жарқын тұлғасы ерекше екенін бүкіл ел мойындайды. Себебі әр тұлғаның бейнесін, азаматтық келбетін, қоғамдағы орнын анықтайтын да, бағалайтын да халық. Осы тұрғыдан алып қарасақ, жұртымыздың жүрегінде, халқымыздың ой-санасында академик Аманжол Қошанов өрісі кең, өресі биік, білімпаз ғалым, қамқоршы ұстаз, жетелі жетекші, халқының қамын ойлайтын, сол үшін аянбай тер төгетін абзал азамат, ардақты ел ағасы. Қошановтар әулетінің ел­дік, адамгершілік мұраттары өте ертеден қалыптасқан, қазақ тарихында азаматтық зор мүмкіндіктерін көрсете білген әулет. Бұл әулет өз бастауын сонау 17-18 ғасырларда өмір сүрген Құлеке батыр мен Шал ақыннан алады. Міне, Аманжол Қошанов дүйім қазақта аты белгілі тұлғалардың жұрнағы, болаттай тұяғы іспеттес.

Аталар дәстүрін өз заманына сай жалғастырып, өмір баспалдақтарынан нық басып, аспай-саспай, төгілмей-шашылмай сөйлеп кеткенде өз ойын, ұстанған көзқарасын тиянақты да ұтымды сөздермен көмкеруі академиктің іштей де, сырттай да қайталанбас ерекшелігі деуге болады. Сонымен қоса оның ұйымдастырушылық қабілеті, қызмет бабында адамдарды алалаудан тысқары біркелкілігі, ұстамды мәдениеттілігі, сондай-ақ өзгеге де, өзіне де талап қойғыштығы да ағамызды елден ерекшелеп, ірі тұлға деңгейіне көтереді. Ол – барынша қарапайым, озбырлыққа, дөрекілікке жаны қас, өктемдік, қаскөйлік, кеудемсоқтыққа мүлдем жоламайтын адам. Жүрегіне мейір гүлденген, жаны жомарт, бауырмал, көпшіл. Арамдық, әділетсіздік, қиянат жасау, көреалмау, іштарлық, жалақорлык, біреуді сыртынан өсектеуден іргесін аулақ салатын мәдениетті сыпайы әрі сырбаз адам. Қол ұшын беру, көмекте­су, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу, бәрімен де тіл табысу, аралас-құралас жүру – Аманжол ағамыздың өмірдегі ұстанымдары болатын.

Білім мен біліктілікті жадына тұтқан Аманжол алғашында экономикадан сабақ береді де, одан кейінгі бар ғылыми өмірін еліміздің аяулы азаматы, академик Қаныш Сәтбаев құрған ғылым ордасы – Ғылым академиясының қабырғасында өткізеді. Академик А.Қошановтың сан қырлы ғылыми және ғылыми ұйымдастырушылық қызметі осы Ғылым академиясының Экономика институтымен тікелей байланысты. Әуелі осы институттың аспирантурасын ойдағыдай тамамдаған соң бұл институттың барлық қызмет баспалдағынан өтеді: кіші және аға ғылыми қызметкер, институттың ғылыми хатшысы, сектор, бөлім меңгерушісі, институт директорының орынбасары, содан кейін – директор. Экономика институтын республиканың қоғамдық-экономикалық және әлеуметтік өмірінің ең бір қиын кезеңінде басқарады. Ғылымның талантты ұйымдастырушысы ретінде ол өзінің бойындағы бар ғылыми әлеуеті мен ұйымдастырушылық қабілетін осы жылдары экономика ғылымын қайта құруға, институттың ғылыми қызметін нарыққа көшірудің көкейкесті мәселелерін шешу ісіне жұмылдырды. Оның тікелей басқаруымен нарықтық реформаларды ғылыми жағынан қамтамасыз етуге бағытталған институттың құрылымы мен негізгі бағыттарын түпкілікті өзгерту, іргелі де қолданбалы бағдарламалар мен тақырыптарды іздестіруді жаңа тұрғыдан ұштастыру мәселелері жүзеге асырылды. Сөйтіп, республика дамуының келешекке арналған негізгі бағыттарын анықтайтын маңызды, көлемді жұмыстар күн тәртібінен орын алды.

Адам өмірінде оның жеке басының табандылығына жол сілтеп, оны уақытында қолдап дұрыс бағалайтын адамдар болады. Аманжол ағамыздың өмірінде сондай адам Қазакстанның экономика ғылымының негізін қалаушылардың бірі, белгілі ғалым, академик Сақтаған Бәйішев болды. Ерекше атап өту қажет, академик А.Қошановтың ірі ғалым болып қалыптасуына осы ғылым ордасының қабырғасында ұлы Қ.Сәтбаев, оның кемеңгер ізбасарлары С.Бәйішев, Ш.Шокин, М.Әуезов, Ә.Марғұлан, Е.Бүкетов, С.Зиманов, С.Толыбеков сияқты академиктер еді. Ол көп жыл Қазақстан Республикасы Ұлттық акаде­миясының басшы қызметтерінде болып, қазақстандық ғылымның да қарқынды дамуына үлкен үлес қосқан ғалым: Ұлттық Ғылым Академиясының вице-президенті, ҚР Ғылым Академиясы Президиумның Бас ғылыми хатшысы, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бөлімінің академик-хатшысы, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының Президиум мүшесі, ҚР Білім министрлігі – Ғылым Академиясының коллегия мүшесі. Арнайы мемлекеттік комиссиялардың мүшесі ретінде ол халықтың бірлігі мен ұлт тарихы, ұрпақтар сабақтастығы, саяси репрессия құрбандарын еске алу, ұлттық мәдениетті қолдау жылдарын жариялау жөніндегі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес кең ауқымды ғылыми шараларды ұйымдастырудағы жетекші тұлғалардың бірінен саналады.

Қазақстан Республикасы Президентінің “Қазақстан – 2030” Стратегиясы мен 1996 жылы 11 наурыздағы “Ғылымды мемлекет­тік басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі шаралар туралы” Жарлығы және 2000 жылғы “Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым академиясының кейбір мәселелері туралы” Өкіміне сәйкес қоғамдық-гуманитарлық салалардың ғылымы мекемелерінің қызметі академик А.Қошановтың басшылығымен шұғыл түрде қайта құрылды. Жеке басының ынтагерлігі, асқан білімпаздығы, ғылыми-ұйымдастырушылық жұмыстарға кемелді басшылық ету тәжірибесі көп ретте бұл кезеңде Қазақстанның ұлттық мәдениеті мен рухани байлығын қайта жаңғырту, нарықтық қатынастар мен азаматтық қоғамды қалыптастыру саласында қоғамдық ғылымдардың жауапты міндеттерінің күн тәртібіне қойылып, жүзеге асуына жол ашты.

Ғалым-экономист ретінде ол бұрынғы Одақта, әсіресе, Қазақстанда әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті жан-жақты ғылыми тұрғыдан дәлелдеп, ол уақыттағы “кемелденіп, кемелден аз-ақ аспай тұрмыз” деген ұшқары саяси-лепірме тұжырымдардың методологиялық тұрақсыздығын айқындады, нақтылы теңдікке жету жолдарына терең үңілді. Ғылыми тұжырымдарды сабақтай өрбіту негізінде ол республикалар мен аймақтардың әлеуметтік-экономикалық жағынан теңестіру проблемасын Одақ дәрежесіне көтеріп, оның осы жүйедегі елдердің даму үрдісіне ықпал етіп, келешегіміздің мақсат-мағынасын айқындайтынын баса көрсетті. Бұл сол “тоқырау” кезеңінде батыл қойылып, туған ел мұқтаждарын нысанаға алып, нақтылы өмір тәжірибесінде қарастырған тұңғыш еңбектер еді.

Ғалым-экономист ретінде үзбей еңбек етіп келе жатқан тағы бір үлкен арнасы – Қазақстан индустриясының қалыптасу жолдары, даму қарқыны, салалық құрылымның деңгейі, бір жақты шикізат қоймасы ретіндегі қалыптасу себептері, өнеркәсіпті жан-жақты дамытып сапалық дәрежесін арттыру жолдарын іздестіріп, ғылыми тұрғыдан дәлелдеу болды. Онымен қатар халқымыздың тағдырына, бүгіні мен келешегіне әсер етіп, елдік байлығымыздың бүгінгі таңда түбегейлі, негізгі иегері болып табылатын ұлттық жұмысшы табын қалыптастыру мәселесін жанашырлықпен зерттеді. Кеңес кезінде Қазақстанның жалпы қарқынды экономикалық үрдісіне қарамастан, индустриялық прогрестің өз халқымызды жанай өтіп бара жатқанын дәлелдеп, баса айтты. Ғалымның бұл тұжырымын уақыт растап шықты.

А.Қошановтың зерттеулерінің ішінен 80-ші жылдары кең тараған “Кемелденген социализм тұсындағы Қазақстанның индустриялық дамуы” (1979 ж.) атты монографиясын ерекше атауға болады. Монографияда теориялық-әдіснамалық мәселелерді күн тәртібіне қойып, сыни көзқарас тұрғысынан жазылған бұл монография өзінің ғылыми-практикалық құндылығымен қазір де ерекшеленеді. Оның қағидаларын Қазақстан Республикасының ұлттық экономикалық жүйесінің ажырамас бір бөлігі ретінде еліміздің индустриялық өндіргіш күштерін іске қосуды оңтайландыру тұрғысынан алғанда республикамыз бен оның ірі өңірлерінің қазіргі жағдайында да күн тәртібінде. Бұл монографиясы үшін А.Қошанов қоғамдық ғылымдар саласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты атағын алған болатын.

Қайта құру мен одан кейінгі нарыққа көшу жылдары академик А.Қошановтың шығармашылық және ұйымдастырушылық өмірінде өзгеше жаңа бір кезең басталды. Нарықтық экономиканың теориясы мен әдіснамасын тыңғылықты зерттеуші ретінде ол әлеуметтік тұрғыдан бағдарды нарықтық экономиканы біртіндеп қалыптастыру мен Қазақстанның экономикалық дербестігін нығайтудың теориялық негіздерін жүйелі зерттеу сияқты жаңа ғылыми бағыттың негізін қалады. Оның жаһандану және өңірлік бірігу жағдайында түбегейлі экономикалық реформа, меншік қарым-қатынасын қайту құру, кәсіпкерлікті одан әрі дамыту, ұлттық экономикалық және экономикалық қауіпсіздік жүйесі мәселелеріне арналған еңбектері елімізге де, шетелге де кеңінен танымал.

Академик А.Қошанов осы кезде өзінің ғылымға негізделген принциптеріне сәйкес нарықтық экономиканы қалыптастыру үшін республиканың даму деңгейі мен ерекшеліктерін ескеру деген көзқарасты ұстанды.

Бүгінде Қазақстан экономикасын дағда­рыстан шығару және оны тұрақтандыру, даму жолына көшіру – басты мәселе. Академик А.Қошанов бұған ден қойып, республикамыздың беткеұстар ғалым-экономистерінің басын қосып, Қазақстан экономикасын дағдарыстан шығару және экономикалық реформаны әрі қарай тереңдету бағдарламасын жасап, жетілдіруге өз үлесін қосты.

Академик А.Қошанов – 680-нен аса ғылыми басылымның, оның ішінде 58 монографиялық жұмыстардың авторы және бірлескен авторы. Академиктің ғылыми жетекшілік 17 ғылым докторы, 60-тан аса ғылым кандиты даярланды. Академик А.Қо­шановтың ғылыми ұйымдастырушылық және баспагерлік қызметі де сан салалы. 1994-2004 жылдары аралығында “Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының Хабарлары. Қоғамдық ғылымдар сериясы” журналының бас редакторы, Қазақ Энциклопедиясының Бас редакциясы алқасы мен 5 томдық “Көне заманнан бүгінге дейінгі Қазақстан тарихы” Бас редакция алқасының мүшесі және осы басылым авторларының бірі, “Общество и экономика” (Мәскеу), “Реформа” (Бішкек) журналдарының халықаралық кеңестерінің мүшесі, Қазақстан Республикасы Ғылым академиясының “Хабаршысы”, “Баяндамалары” журналдары мен тағы басқа басылымдар редакциялар алқаларының мүшесі болды.

Академик А.Қошанов ғылым мен білімнің халықаралық дәрежеде жаһандануына байланысты Қазақстанның экономика ғылымының беделді өкілі ретінде АҚШ пен Еуропа және Азияның бірқатар елдеріндегі шетелдің ғылыми орталықтарымен тығыз байланыста жүріп көлемді және жемісті ғылыми жұмыстар атқарып келген. Ол экономика тарихы жөніндегі V Дүниежүзілік конгресте (1970 ж. Ленинград), Халықаралық экономикалық қауымдастықтың VII Дүниежүзілік конгресінде (1993 ж. Мәскеу) және Жапония, ГФР, Финляндия, Венгрия, Грекия, Қытай, ҚХДР (делегация жетекшісі), Израиль (үкімет делегациясының мүшесі), Англия, Франция, Малайзияда, Польшада өткен халықаралық конференциялар мен симпозиумдарда баяндамалар жасап, 1974 жылы Будапешт қаласында экономистердің IV Дүниежүзілік конгресі мен тағы басқа да конгрестер жұмыстарына қатысты. Англия, Жапония, Қытай, АҚШ, Швецияда ғылыми жарияланымдары жарық көрді. Шетел аспиранттарына ғылыми жетекшілік етті.

Ғылыми және қоғамдық қызметте сіңірген айтулы еңбегі және экономика ғылымын дамытудағы үлкен үлесі үшін А.Қошанов Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен “Парасат”, “Барыс” (III дәрежелі) ордендерімен, медальдармен, Құрмет грамоталармен марапатталған. Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылдың 3 желтоқсанындағы Жарлығымен академик А.Қошанов ғылымдағы ерекше жетістіктері үшін, Қазақстан экономикасының түбегейлі нарық негізінде қайта құрудағы еңбегі үшін Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды.

Халқын білетін, халқы да сенетін ғұмы­рында абырой биігінде жүріп өткен ғұлама ғалымдардың, парасатты тұлғалардың игі істері де, есімдері де ұмытылмайды. Біздің ағамыз Аманжол Қошанов елін, халқын шексіз сүйіп, келер ұрпаққа өнеге беріп кеткен еліміздің, халқымыздың ұлағатты азаматы, алтын тұяғы ретінде есімізде мәңгі қалады.

Раушанбек ӘБСАТТАРОВ,

философия ғылымдарының докторы, профессор

Әбсаттаров, Р. Алтын тұяқ [Мәтін] / Р. Әбсаттаров // Soltústik QAZAQSTAN. – 2021. – 26 mausym (№69). - Б. 3

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий