Шаймерденов, С. Жәбірленген Біржан сал
Қызылжардың құйқалы топырағынан небір дарынды қаламгерлердің шыққаны аян. Солардың қатарында жазушы Сафуан Шәймерденовтің есімі ерекше ілтипатпен аталады. Көзі тірісінде қазақ сөз өнерінің қамбасын әсерлі әңгімелерімен, пайымды повестерімен байытқан дарын иесінің туғанына биыл 100 жыл толады. Осыған орай оқырмандар назарына қабырғалы қаламгердің ғұмырсапарларын қазақтың елдігі, азаттығы жолына арнаған тұлғалары жайлы жазған «Ағалардың алақаны» кітабынан үзінділер беруді жөн көріп отырмыз.
-Халқымыздың мақтан тұтар аяулы перзенті Біржан сал – атақты ақын, әйгілі композитор, әрі өз сөзімен айтқанда, даусын он екі взвод жіберіп, дүйім жұртты аузына қарататын, аспандағы аққумен үн қосқан әнші болған…
-Ау, өзің не айтып кеттің?! Біржан салдың ондай екенін кім білмейді?
-Біржан сал туралы опера бар. Қазақтың екінші бір дүлдүл композиторы Мұқан Төлебаев «Біржан мен Сара» операсы үшін СССР мемлекеттік сыйлығын да алған…
-Бұл айтып отырғаныңды да жұрт біледі. Қажет десең, анықтайын: «Мен қазақпын!» дегеннің қайсысының болса да жүрегінен Біржан сал орын тепкен. Біржан сал – қазақтың ән өнеріндегі жарық жұлдызы. Біржан сал – он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысындағы қазақ халқының құдіретті тұлғасы…
Жә, ашық күнде от жалтылдатқандай етіп, онсыз да белгілі өнер иесі туралы таусыла сөйлеп, шашылып жатпай-ақ қояйық. Бірақ таусылатын да, шашылатын да рет болып тұрса, амал қанша?! Әңгіме мынадай: Алматы қаласында «Ботанический бульвар» деп аталатын көше бар. Ортасында жарыстыра шілік пен ағаш өсірілген кең де сәнді, тыныш көше. Бір күні осы бульварды бойлап келе жатып, үй қабырғасындағы жазуға көзім түсті. О, ғажап! Біржан Қожағұл атындағы көше!
Оқыстан көргендіктен бе, ең алдымен, ойыма оралған сұрақ -Қожағұлов дегені тағы кім еді болды. Жүре-бара таптым: Қожағұлов -кәдімгі Біржан салдың өзі екен ғой. Осы жерде мені әрі қуаныш, әрі реніш сезімі шарпыды. Реніші – Біржан сал халық арасында ешқашан да Қожағұлов болып аталмаған. «Біржан мен Сара» айтысындағы: «Мың жарым жылқы біткен Қожағұлға», – деген ақын сөзінен туындатып алған жаңалығымыз. Ежелден өнерге табынған қазақ халқы ақиық асқақ әншісін-Біржан сал деп ардақтаған. Көше атын берген екен. «Біржан сал бульвары» деп неге қоймаған?! Қынжылыс төркіні осында. Сол қынжылысты қоюландыра түсетін әрі кейінгілердің ойлана жүруіне түрткі туғызатын жай – Алматының бұрынғы Артиллерия көшесінің өзгеру тарихы. Ғылым мен өнер әдебиеттегі алыптарымыздың төрт көзінің түгел тұрған кезінде, осы Артиллерия көшесі бар болғаны – Құрманғазы көшесі деп аталмап па еді. Сағырбаев атындағы көше деп атау ешкімнің де ойына оралмаған еді ғой. Құрманғазы есімі сонда бәріміздің де көңілімізге бірден ұялай қалған жоқ па еді?! Ешкім де: «Құрманғазысы несі, әкесінің аты қайда?» – деп өзеуремеген. Сұрау да салып жатпаған. Енді не болды? Осы қынжылыстың бір тармағы қазақтың тағы бір аяулы перзенті Ақан серіге барып тіреледі. Көкшетау облысындағы бір совхоздың аты «Ақан» екен. Ақан есімді кісілердің көптігінен бе, әйтеуір, қай Ақан деп сұрап қалғаным есімде, «Кәдімгі Ақан сері дағы…» «Кәдімгі Ақан сері болса, кез келгенге сұрақ, күдік туғызбайтындай етіп, «Ақан сері» совхозы деп неге атамадыңыздар? Ақан есімді кісілер көп болғанымен, Ақан сері – біреу-ақ емес пе?» – деймін ғой таусылыңқырап. Сонда әлгі кісі күмілжіңкіреп: «Сері дегеннің өзі қалай болар екен деп күдіктеніп едім», – деген. Апыр-ау, осыдан артық кещелік бола ма?! Өз халқы – өзінің мақтаныш тұтар аяулы ұлдарын Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса деп еркелете әлпештеп, айдарлап жатар болса, бір жарым ғасыр бойы Біржан да, Ақан да – сал болып, сері болып қазақ атты халықтың жүрегінен жол тауып кеткен болса, ау, ағайындар, күдік келтіретіндей не жынымыз бар?! Үш миллионға жуық шаршы километр аймақты алып, далиып жатқан қазақ елінің жүлделі өнерімен даңқы шыққан жалғыз салы, жалғыз серісі болса, мұның өзі таңғаларлық құбылыс емес пе! Ал сонда осы жалқылардың айдарына неліктен күмән келтірмекшіміз? Мұнымыз қай жосықсыздығымыз? Қалай қиналсаң да жауап табу қиын-ақ. Реніш мәнісі – осында. Сөйтсе де, қуанышында да шек болған жоқ. Қалай десең де, астанамыздан бір әдемі көшеге Біржан сал аты беріліп, өшкеніміз жанды ғой!.. Неге қуанбасқа?! Алайда менің бұл қуанышым көпке бармады. Бір күні Біржан Қожағұлов атындағы көшемен кетіп бара жатып, үй қабырғасына тағы да көзім түскені!.. О, сұмдық!.. «Ботанический бульвар» -деген жазу бадырайып тұр. Өзі көзіме өзім сенбегендеймін. Бұрынғыдан ұмыт қалған бірдеме болар деген далбасамен ілгері жүрейін. Жоқ, қай бұрышта болмасын – «Ботаническиий бульвар»…
Мен мән-жайды білмекке Алматы қалалық атқару комитетіне телефон шалдыртайын:
-«Ботанический бульварға» Біржан Қожағұлов есімі берілген жоқ па еді? Бұрынғы жарнамалардың қайта ілінгені қалай түсінуге болады.
Арғы жақтан не орысша емес, не қазақша емес жауап естілді:
-Бырджан Куджагулов атымен быз атадык другую быр кученың атыйн…
Бірінші көріністе айтылғандай Ғафур Гулям еліне, елінің мықты азаматтарына еркелігін танытып: «Біздің Ташкент шаһарының қалалық атқару комитетінде жақсы адамдар отырған жоқ», – деп мазаланса, біз Алматы қалалық атқару комитетінде кімдер отыр деп анықтама бере аламыз?
Осы біз не болып бара жатырмыз?!
Шаймерденов, С. Жәбірленген Біржан сал [Мәтін] : "Ағалардың алақаны" шығармасынан үзінділер / С. Шаймерденов // Soltústik QAZAQSTAN. – 2022. - 29 nauryz (№35). - Б. 5
Нет комментариев. Ваш будет первым!
Добавить комментарий |