Мағжанның Сасықкөлі

29 мая 2024 - Administrator

 МАҒЖАННЫҢ САСЫҚКӨЛІ

Қазақта өзінің туған жерін, өскен ортасын жырға қоспаған ақын, шығармасына өзек етпеген қаламгер жоқ шығар, сірә. Бұл тақырып қазақтың біртуар перзенті, ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың жырларына да алтын арқау болып өрілген. Өзінің «Туған жер» деген өлеңінде:
Бұл жарыққа аяқ басып туған жер,
Кіндік кесіп, кірім сенде жуған жер.
Жастық - алтын, қайтып келмес күнімде
Ойын ойнап, шыбын-шіркей қуған жер.

Жаратылдым топырағыңнан, сен - түбім
Жалғаны жоқ, бәрі сенен жан-тәнім.
Сенен басқа жерде маған қараңғы,
Жарық болар Шолпан, Айым, сен - күнім, - деп тебіренген ол «Адам басы - Алла добы» деген сөздерді жадында ұстап, күндердің күнінде шалғайға қанат қағарын, түнде ақсүйек ойнап, алтыбақанда тербелген, ал күндіз балақ түріп, қозы қуып, жарысқан, үйретем деп асау тайға жабысқан бал-дәурен балалықтың қайталанбас сәттерін сағынарын сезген бе дерсің? Содан да ол өзін қоршаған ортаны ғашық көзбен шолып, жүректен жыр өрген. Ақынның туған жерге, талбесігіне деген іңкәр сезімі, әсіресе, «Айда атыңды, Сәрсембай!» деген өлеңінен ерекше сезіледі.
...Сар даламды еағындым,
Айда атыңды, Сәреембай!
Әлде ұйқың келе ме?
Сәрсембай-ау, сен неге,
Шырқай бір ән салмайсың?
Жетесің туған жеріңе,
Еркелеткен еліңе,
Жүрегім, неге жанбайсың?!
Сарыарқамның топырағы –
Менің жаным шырағы,
Кеудемді төсеп жатамын.
Оның жібек желінің,
Тәтті кәусар көлінің,
Қазір дәмін татамын.
Қайрылып кейін қараман.
Шықтық па ұзап қаладан,
Айтшы, жаным ағатай?
Кейін қарап нетеміз,
Ауылға қашан жетеміз,
Айдашы атты, Сәрсембай!
Ауылды, онда қалған бауырларын ойлағанда дүрс-дүрс соққан Мағжанның жүрегі осылай алып ұшады. Сәрсембай әкесі Бекеннің көшірі Ол 1910 жылдың мамыр айында Қызылжардағы Мұқамеджан Бегішовтың медресесін бітірген Мағжанды ауылға - Сасықкөлге алып келеді Қасында медреседе бірге оқыған жолдасы Бекмұхамед Серкебаев (атақты әнші Ермек Серкебаевтың әкесі) бар Мағжан үйіне жеткенше асығады. Бұлар ауылға келгеннен кейін қой сойылып, қазан көтеріледі. Сөйткенше Мағжан осы өлеңді жазып, жиналған қауымға оқып береді.
Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда, жас кезінде Мағжан мен Бекмұхамед жиі араласқан, дос болған. Олар Уфадағы Ғалия медресесінде де бірге оқыған. Енді мына қызықты қараңыз, олардың өмірдегі жолдары осылай жиі түйісіп тұрса, екеуінің болашақ жарлары да жастай араласып, сырлас болып кеткен. Өзінің туған жері - Қызылжарға көзі тірісінде жиі соғып тұрған Ермек ағамыздан бірде: «Осы жайында сіздің не естігеніңіз бар?» - деп сұраған едім.
- Біздің әкей де, шешей де Мағжанды жақсы білген. Бірде: «Мағжанды білесің бе, көрдің бе?» - деп шешейді ренжітіп алғаным бар, - деген сонда әйгілі әнші.
- «Мағжанды көрдің бе? - дегенің қалай, мен оның алдынан оқыдым ғой. Алғаш рет мен оны аттас құрбым Құрманбайдың қызы Зылиханың үйінде кездестірдім. Мағжан өте сұлу, сыпайы, ашық мінезді жігіт екен», - деген анам. 1925 жылы шешей Қызылжардағы екі жылдық мұғалімдер дайындайтын курсқа оқуға түседі. Ал келесі жылы Мағжан осында қазақ әдебиетінен сабақ береді. Шешей, әсіресе, небір қиын кезеңдерде сүйген жарына адалдығын сақтай білген Зылихаға риза болып отыратын. Алматыда Тимирязев көшесінде тұрғанда ол кісілер жиі араласты. Анамыз Мағжанды да, Зылнханы да өле-өлгенше аузынан тастамай кетті ғой.
«Жұртта қалдым, тап шыным» деп Абай жырлағандай, Мағжан -жалғыздықтың дәмін көп татқан адам. Содан да ол әркез кіндік қаны тамған атамекенінен қуаныш, жанына жұбаныш іздеген, қайда жүрсе де Сасықколге бір соғуды, оның жұпар ауасын жұтып, көкорай шалғынға бір аунауды аңсаған. Осындай бір сапары жайлы 1995 жылы кездес-кенімізде ақынның ағасы Қаһарманнан туған Ғаділша ағай айтып берген еді.
- Жаздың жаймашуақ күндерінің бірі еді. Бір топ бала ауыл шетінде асыр салып ойнап жүргеміз, анадайдан пар ат жеккен пәуескелі арба көрінді, - деп бастаған әңгімесін Ғаділша Қаһарманұлы. - Ол уақытта бізге бәрі қызық емес пе, тұра жүгірдік. Әлгіндей болмай жолаушылар да жақындап қалды. Арамыздағы ересегіміз Қабдөш: «Жәжекем келді»,- деп алақайлап жатыр. Бұл менің ағайды тұңғыш көруім еді. Ол арбадан түсті. Қасында иығьша ұзын шашақты ақ жібек бөртпе шалы жамылған ақ сары келіншек. Екеуі бәрімізді алма-кезек сүйіп, бауырларына басып жатыр.
Сол жылы олар қалаға қайтуға асыққан жоқ. Күнде түс ауа Сасықколге барады. Біз де улап-шулап, соңдарынан қалмаймыз. «Туған жерім
- Сасықкөл» деген өлеңін оқығанда сол бір ұмытылмас сәттер көз алдыма келеді.

Айтса айтқандай, ақынның аталмыш өлеңінде туған жердің келбеті ғана емес, тіршілік-тынысы да шебер өрілген. Сондықтан да оны осы арада толықтай келтіре кету артық болмас.
Алыстан мұнарланып шалқыған көл,
Бетіңде күннің нұры балқыған көл.
Жарысып саф күмістей ақ көбігің,
Мап-майда мөлдірінде қалқыған көл.

Жанында жас балалар ойнаған көл,
Жан-жануар суыңды ішіп, тоймаған көл
Көз салып жалтырыңа, мұңға батып
Ғашықтар жарын іздеп, ойлаған көл.

Шешініп қыз-келіншек су алған көл
Әр жанды мөлдіріңнен суарған көл
Масайрап, суға тойып төрт түлік мал
Дөңіне ойнақ салып, қуанған көл.

Сыртыңда ақ боз үйлер жарасқан көл,
Байларың кедейлерге қарасқан көл
Ағайын тату-тәтті - қоныс бірге
Саулықты сағат сайын сұрасқан көл.

Түрлі құс әуез қосып, шулаған көл
Шуақта балықтарың тулаған көл
Сапырып сары қымыз ертеңді-кеш
Басында кеңес құрып, дулаған көл.

Сасық деп еркелетіп, ат қойған көл,
От-суға иең түгіл, жат тойған көл,
Назданып, жүйрік мініп, тарлан шүйіп,
Көксілдер тұс-тұс жақтан ат қойған көл.

Кір жуып, кіндік кесіп, сенде өскен көл,
Құрбымен ойнап-күліп, кел дескен көл,
Жарысып, тайға мініп, батпаққа аунап
Күресіп күн батқанда белдескен көл.

Айдын көл, ата қоныс, құт болған көл
Сусын боп сұрағанға, от болған көл
Кеше бірлік, ынтымақ түгел шақта
Бейне бір сенің басың сүт болған кол.

Білмеймін не боларың, қайран көлім
Жарайды тең болмаса күн мен түнің
Итиіп қарашекпен келіп қонса
Басыңнан құсың ұшып кетер сенің.
Міне, Мағжан осы Сасықкөлдің жағасында өмірге келді. Осы өңірді Бекеннің әулетіне құда болып келетін жерлесіміз, ақын Хамза Абдуллин өзінің естеліктерінде былай суреттеген еді: «Сібірдің қалың орманы атақты Сарыарқа жазығының ең солтүстік шетінде айдыны айдай жарқырап жатқан көлге тіреледі. Бұл көлдің оңтүстік жартысы - қамыс қопасы. Қопаның іші қаз бен үйрек, қасқалдақ пен шүрегей сияқты құстарға толы... Таң ағарып атып келе жатқанда сол құстар балапандарын ертіп жағаға шығады... Осы бір әрі терең, әрі үлкен Сасықкөлдің батыс жақ жағасын көмкеріп тұрған қалың орманның жиегінде орналасқан үлкен ағаш үйде 1893 жылғы 25 маусым күні Мағжан Бекенұлы Жұмабаев дүниеге келді».
«Жұмабай қажының ағаштан құрап салған үш бөлмелі үйі болатын. Үйдің төбесін тақтаймен жапқан, терезелері күншығысы мен батысына қаратылған, шығысында - 5 терезе, батысында - 3 терезе, үш бөлменің ортасында - ас бөлмесі, оң жағында - қонақтарды қабылдайтын үлкен бөлме, сол жағында - тоқал мен балалар бөлмесі, үйге жалғас лапас қора бар, онда арба, шана, пәуескелер тұрады. Одан әрі - ағаштан құраған астық пен атқа жем қоятын сарай. Оның ар жағында - мал қоралары. Сырт жақта ас-су қоятын «Шорам үй» ағаштан қиылып салынған, төбесі дөңгеленіп келіп, шаңырақпен түйіседі. Осы құрылыстар төртбұрыштаның келіп, үлкен қақпамен тұйықталып сәнімен кешен құрайтын». (Ғ. Қаһарманұлы. «Жәжеке», Алматы, 2005 ж., 9 бет). Әкесінің кіндік қаны тамған, атасы Жұмабайдан қалған осы үйде Мағжан өмір есігін ашады. Әрине, ол кезде мұндай үйлерді екінің бірі сала алмайтын. Бұл - Жұмабай әулетінің бай болғанының бір дәлелі. «Мағжан - текті атадан. Әкесі Бекен - дәулетті, болыс болған кісі. Оның әкесі Жұмабай сауда-саттықпен айналысып, байыған. Меккеге барып қажы атанған, ел сөзін ұстаған беделді адам болған» (Ш. Елеукенов. «Мағжан Жұмабаев». Алматы, 2002 ж., 6 бет). Мағжанның әкесі Бекен де есейген шағында билікке араласа бастайды, болыс болып сайланады. Осы арада басын ашып айта кететін бір жай, қазақтың байлары бәрі бірдей жиған-тергеніне, мыңғырған малына мәз болып отыра бермеген, олардың араларында балаларының білім алуына, ғылым жолын қууына көп көңіл бөлгендері де аз емес. Оған Шоқан, Абай, тағы басқа ғұламаларымыздың өмірлері толық дәлел бола алады. Бекен Жұмабайұлы да жеті ұл, екі қызына білім беру қажеттігін жете түсінген. Содан да ол 1897 жылы Сасықколге еуропаша әдемі киінген сұңғақ бойлы аққұба жігіт ат басын тіреп, өзінің мұғалім екенін айтқанда, оны қуана қабылдап, осы ауылда қалып, балаларды оқытуын сұрайды. Кешікпей Бекен ауылында башқұрт жігіті Ахиетден Ақановтың мектебі жұмыс істей бастайды. Мағжан сауатын осы мектепте ашады. Ақын өмірі мен шығармашылығын зерттеушілердің жазуларына қарағанда, А. Ақановтың арнайы оқу бағдарламасы болмаған. Ол өзінің шәкірттеріне, негізінен, шығыс тілдері мен әдебиетін үйреткен. Демек, Мағжанның ақындық жолға түсуіне оның алғашқы ұстазының да ықпалы болды десек қателеспейміз.
Заманында көзі ашық адам болған Бекеннің сол кездері жарық коөген кітаптардың бір де бірін құр жібермей жинай беруі де бала Мағжанның өмірді тез тануына, дұрыс таңдау жасауына жол ашқаны сөзсіз. Бұл жөнінде бір жағынан Мағжанға келін (інісі Сәлімжанның зайыбы), бір жағынан жиен Бибізәйіп шешей кезінде біраз сыр шерткен. Ол кісінің айтуынша, Мағжанның шешесі Гүлсім сауатты адам болған. Ол балаларының үйдегі кітаптарды оқуын қадағалап, ал әлі «әліпті таяқ деп білмейтін» кішкентайларына кітаптарды өзі оқып, мазмұнын түсіндіріп отырған. Осындай ортада өскен Мағжан жеті жасында-ақ ұзақ қиссалардың өзін жатқа айтатын болған.
- Мағжан сол кезде ақындардан кімді пір тұтты екен?
- Анасы: «Абайдың шығармаларын қолынан тастамайтын», - деп отырушы еді.
Бұл сөздердің жаны бар. Оған Мағжан жырларын оқып отырып-ақ көз жеткізуге болады. Жас Мағжан Абайға еліктеп, оның ізімен көптеген өлеңдер жазады («Жазғытұры», «Күз», «Қысқы жолда», т.б.). Осылай Абай оның сырласына, өмірлік ұстазына айналады. Абайдың ұлылығын жұрттан бұрын таныған да Мағжан еді.
Шын хакім, сөзің асыл - баға жетпес,
Бір сөзің мың жыл жүрсе, дәмі кетпес
Қарадан хакім болған сендей жанды
Дүние қолын жайып енді күтпес, - деп Абайды шыңға көтереді.
Сасықкол - Мағжанның атамекені, қуанышы мен қайғысы. Ол осында өмірге келді, бауырлары Әбәмүсілім, Қаһарман, Мұхамеджан, Сәлімжан, Қалижан, Сабыржан, Күләндам, Гүлбаһрам сияқты ата-анасының мейіріміне бөленді. Осында жар құшты, сәби сүйді. Бірақ ол бақыты баянды болмады. Мағжанның бірінші әйелі Зейнеп (Шоқан Уәлихановтың інісі Жақыптың қызынан туған) 1919 жылы ақпанда баладан қайтыс болады. Сол бір мұңға толы азапты күндерде:
Жас күннен бірге ойнап, бірге өстік,
Бір жүріп, сабақты да бірге оқыстық.
Есейіп бірте-бірте ес кірғен соң,
Жақындық, арамызда артты достық.

Балалық махаббаты тамашада
Қызарып, үялысып оңашада,
Бір сағат көрісе алмай тұра алмаушы ек,
Көңілде бір бөтен ой болмаса да.

Жүрсек те жұрт көзінде жай таныстай,
Жақын бір тілдеспей-ақ, хат алыспай,
Көзге көз түскенінде қызарысып,
Бір ауыз сөз айтуға бата алыспай, -

Жаз болса, түнде ұйқы көрмеуші едім,
Түн бойы арып-шаршау білмеуші едім
Есікті ақырын ашып түрғаныңда:
«Шық, жаным, берірек кел. Мен!» - деуші едім.

Кетуші ек қол ұстасып тура көлге,
Дуылдап жанған бетті ұстап желге.
«Жаным»! - деп алма беттен сүйгенімде,
Қызарып, қараушы едің төмен, жерге.

Қытықтап жас жүректі ойнап жас қан,
Дірілдеп тұрушы едік жанша сасқан,
Мөлдіреп көздеріміз айрылыса алмай,
Ағарып ақ жібектей атса да таң.

Он жеті шумақтан тұратын бұл өлеңді Мағжан Зейнеп қайтыс болғаннан кейін жазса керек. Алда оны тағдырдың тағы бір соққысы күтіп тұр еді. Бір жасқа толар-толмаста баласы Граждан қайтыс болады. Бұл кезде Мағжан Омбыда тұратын. Перзентінің қазасы жанына қанша батқанмен, өзін де, ағайын-туғандарын да жырмен жұбатты.
Қайғырмаңдар бұл сәбиді өлді деп,
Жас қызыл гүл мезгіл жетпей солды деп.
Бақыты жоқ сорлы ата-ананың,
Жанар-жанбас шамшырағы сөнді деп.

Өлгені емес, жерді тастап кеткені,
Шын бақытқа ерте бастан жеткені,
Ізгі оймен жайлы жаннат төрінен,
Орын алып, ата-анасын күткені.

Есі кіріп, есейген шағында Мағжан Сасықкөлді басқа қырынан тани бастайды. Оған, әсіресе, ағайын арасындағы араздық қатты батты. «Мағжанның әкесі Бекен мен оның ағасы Нұрмағанбеттің арасындағы өріске, Сасықкөлдің суына таласушылық елдің берекесін кетірді. Оның зардабы екі байдың малын бағып жүрген жалшылардың жауырынында қамшы болып ойнап, бастарына сойыл болып тиіп, бірінің шекесі, бірінің қолы сынумен тыныш табатын» (Б. Қанарбаева «Жырмен жұртын оятқан», Алматы, 1998 ж., 95 бет). Осылардың бәрі, әрине, бала Мағжанды терең ойларға жетелеп, ерте есеюіне ықпал етті. Ол енді ойын он саққа жүгірткен сансыз сауалдардың жауабын Сасықкөлден емес, сырттан іздей бастады, Омбыдағы оқуын жалғастыруға ұйғарды. Бірақ баласының бұл шешіміне әкесі қарсы болып, егер Мағжан тілін алмаса, теріс батасын беретінін, көк тиын қаржы ұстатпайтынын кесіп ашты. Бірақ Мағжан бұл жолы да Сәрсембаймен, Қызылжардан келе жатқандағыдай, артына қарайламай келер күндерге асықты.
Отызыншы жылдардың ойраны Сасықкөлді, Бекен қажының отбасын да орап өткен жоқ. Сол кездегі оқиғаларды көзі гірісінде Мағжанның Сәлімжан (Сәлтай) деген інісінің әйелі Бибізәйіп апайдың аузынан талай рет естіген едім.
- Біз өзі Жұмабай әулетіне жиен болып келеміз. Менің шешем Рәзия Жұмабайдың қызы Мәржікейден туған. Әйтеуір, дәм жазып сол шаңыраққа келін болып түстім. Мағжан ара-түра ауылға келіп жүргенде жақынырақ барып, сөзін естуге құмартушы едік. Ол кісі төңірегіне жастар жинала қалса оқу, білім жайлы сөз қозғайтын. Өлеңдерін де оқушы еді. Бірақ бәріміз баламыз, сол кезде жаттап алу ойымызға да келмепті.
Осылай дей келіп әңгіме отызыншы жылдардың оқиғаларына ойысқанда, Бибізәйіп шешей бір күрсініп алатын.
Нақ сол жылдары Бекеннің шаңырағы да қатты шайқалады. Қуғынсүргінге ұшырап, үйлері бұзылып, мал-мүлкі талан-таражға түседі. Мағжан ұсталғаннан кейін Әбәмүсілім, Қаһарман, Мұхаметжан мен Сәлтай да жазықсыз жазаланып, сотталады. Сөйтіп бір кездері думаны тарқамаған Сасықкөлдің басы қаңырап бос қалады. Жеті ұлы мен екі қызынан тірідей айырылып, барар жер, басар тауы қалмаған Мағжанның әке-шешесі, келіні әрі жиені Бибізәйіпті паналайды.
Мағжандай арысынан айырылған Сасықкөл жарты ғасырдан астам уақыт меңіреу-мылқау күй кешті. 1989 жылға дейін бұл өңірде Мағжанды іздеген, оның кіндік қаны тамған Сасықкөлді аузына алған адам болған жоқ. Ондай адам табыла қалған күнде де, бір кезде «жарысып саф күмістей ақ көбігі, мап-майда мөлдірінде қалған көлді» танымаған болар еді. Біз де «басынан құсы ұшып кеткен», қалың қамыс айдынын көлеңкелеген көлдің Магжан жырлаған «шуақта балықтары тулаған, басында кеңес құрып ел дулаған» Сасықкөл екеніне сене алмаған едік. Жергілікті орта мектептің кең дәлізіне ілінген үлкен сурет қана көңілімізді сергітті. «Мағжанның Сасықкөлі осы, жергілікті суретші ақынның өз жырларына сүйене отырып, үлкендердің айтуы бойынша салған», - деген Сарытомардағы орта мектептің сол кездегі директоры марқұм Е. Көжекбаев.
Бұл Мағжанның екінші рет өмірге келуінің, халыққа қайта оралуының басы еді.
1988 жылдың аяғында Ахмет Байтұрсынов, Жүсіпбек Аймауытовтармен бірге Мағжан Жұмабаев та біржолата ақталғаннан кейін Сарытомар, Сасықкөл ауызға жиі алынатын, қатар аталатын болды, алыстан ат терлетіп жеткен ақын-жазушылар алдымен Мағжан ауылына соғуды әдетке айналдырды. Осылай 1989 жылдың жазында Мағжан жырына тәнті қауым алғаш рет Сарытомарда, Сасықкөлдің жағасында тоғысқан. Мағжанның туған ауылында өткен әдеби күндерге - жыр мерекесіне Қазақстан Жазушылар одағының делегациясын белгілі жазушы Сәкен Жүнісов бастап келді. Сол кездері жұлдызы жарқырап тұрған жүйріктердің бірі Сәкен серіні тұңғыш көруім еді, сөзге келгенде тізгін тартпайды екен, Мағжан туралы көсілді-ай келіп. «Бауырлар, қуаныштарың құтты болсын, ардақты перзентің, асыл ақының Мағжан орталарыңа қайтып оралды»,- дей келіп баяндамашы біраз жайды ортаға салды.
Сол қуаныштың куәсі болған арқалы ақын Ғафу Қайырбеков іле «Қазақ әдебиеті» газетінде былай деп жазған еді: «Ағылған халықта шек жоқ. Мынау жерден, биіктете соғылған тақтай трибунадан, оқтай түзу табиғат көшесінің бойымен тұп-тура алысқа көз тастаңызшы! Көз көкжиекке ұмтылады, оны көріп болмайсың. Екі ара қыбыр-қыбыр, құжынаған құмырсқаның илеуіндей. Әлдебір жан біткен қайыңдар ма, яки жасыл құлақты қамыс-құрақ па, немесе тербеліп тұрған теңіз сабасы ма - әйтеуір бір ғажап сиқыр ғалам. Жоқ, олардың бірі де емес - Адам теңізі» («Қазақ әдебиеті», 1989 жыл, 18 тамыз).
Содан шешеннен шешен тізгін алып, ақындар саңқылдап өлең оқыды. Ғафаң да қоңыр даусымен баршаны баурап алды. Өзінің Торғайдан, Ахмет Байтұрсыновтың тойынан келе жатқанын айтып, онда да халықтың жүрегі жарыла қуанып жатқанын жеткізді. Сосын Мағжанға арнаған «Күннен туған, Гүннен туған пайғамбар» деген өлеңін оқып берді. Осылай Мағжанның туған топырағында өткен алғашқы жыр мерекесі оның мәңгілік сұлу тірлігін паш еткендей болды, ақын рухын ел жүрегіне ұялатты. Дегенмен, бір шараның асылын сағынған халықтың сусынын қандыруы мүмкін емес еді. Содан да болар, келесі жылы тамыз айында жырсүйер қауым тағы да Мағжан ауылына ат басын тіреді. Олар көптеген оң өзгерістердің куәсі болды. «Аз мерзімде «Молодежный» кеңшарының орталық көшелеріне асфальт төселіп, телефон орнатылды. Сарытомар ауылына тас жол салынды, село барынша безендіріліп, көріктендірілді. Мектепте Мағжанға арналған мұражай ұйымдастырылды. Оған Алматыдан көптеген экспонаттар алдырылды. Жиналған ақын-жазушылар халықты Мағжан туралы сырға, тамаша жырға тойдырды» («Жәжеке», Ғаділша Қаһарманұлы. Алматы, «Қазығұрт» баспасы 2005 ж.).
Осы тойларда Мағжанның туған-туысқандары да төбе көрсете бастады. Әсіресе, халық өмір азабын ақынмен бірге тартқан Зылиханы көруге құштар еді. Оның да орайы келді. Сасықкөл жағасында ақынның туған күніне орайластырылып өткізілген жыр мерекесінде Зылиха шешей Мағжан туралы көп естелік айтты. Біз сол жолы Сасықкөлге «бес қаруымызды сайлап», жылжымалы радиоқондырғымен барған едік (ол кезде мен облыстық радионың бас редакторы едім), Мағжан туралы бір ауыз сөзді қалт жібермей, түгел жазып алдық, кейін бірнеше хабар жасадық. Әттең, соның бәрі нарықтың алғашқы жылдарында жойылып кетті. Зылиха шешеймен сұхбаттың да сақталмағанына қатты өкінемін. Дегенмен, осы материалды жазу үстінде қойын кітапшама түскен біраз сөздердің жаңғырғаны да көңілге жұбаныш боларлықтай. Сонымен Зылиха шешейдің әңгімесіне оралсақ, ол кісі Мағжанға бөтен де емес екен.
- Менің әкем Құрманбай Мағжанның шешесі Гүлсімнің әкесі Әшірбекпен бір туған. Сонда менің Мағжанға кім болатынымды ажырата бер, - деп шешей әңгімесін әріден бастаған. - Біз медреседе бірге оқыдық, кейін де жиі-жиі кездесіп жүрдік, ақыры, 1922 жылы Мағжан Омбыдан оралғаннан кейін дәм-тұзымыз жарасып, қосылдық. Сол кездері бізден бақытты жан жоқ еді. Бірақ, бақытымыз баянды болмады...
Иә, алақұйын тағдыр Мағжанды аяған жоқ. Оның тауқыметін Зылиха да көп тартты.



Сүлейменов, Ж. Мағжанның Сасықкөлі [Мәтін] // Maǵjan. – 2020. - №4. - Б. 40

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий