Жампоз журналист

15 июля 2024 - Administrator

  Мен білетін Жарасбай Қабдоллаұлы Сүлейменов – сан қырлы, біртуар азамат. Ол – редакция табалдырығын имене аттаған қарапайым тілшіден Қызылжар өңіріндегі баскөтерер белсенді азаматтардың бірі, елге танымал көсемсөзші, жазушы, білікті басшы, белгілі қоғам қайраткері деңгейіне көтеріле білген тұлға.
Жарасбай Қабдоллаұлы – түп-тамыры текті әулеттен шыққан асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы болғанымен, тірлікте еш сүйеусіз, басын кейде тауға да, тасқа да ұрып, тірелген тұйықтан өз ақыл-қайратымен жол тауып, әрдайым өз арман-мақсатына жанқиярлықпен ұмтылып келе жатқан өжет мінезді, өршіл тұлға.
Атақты Шал ақын дүниеге келген, топырағы қасиетті өңірдегі Балуан атты ауылда туып-өскен Жарасбай ағамыз – өмір-күресте итжығыс түскен кездері болмаса, жауырыны жерге тимеген, нағыз жеңімпаз балуан, жеңімпаз күрескер. Өз басым оның күрескерлік рухының мықтылығына, қайтпас қайсарлығына, алдына қойған мақсатына жетпей қоймайтын табандылығына тәнтімін.
Мен 1981 жылы күзде ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіріп, Солтүстік Қазақстан облыстық “Ленин туы” газетінің редакциясына тілші болып жұмысқа орналасқанымда Жарасбай аға ең беделді партия тұрмысы бөлімінің меңгерушісі еді. Келесі жылдың басында мен облыстың бір шалғайы саналатын Жамбыл ауданы бойынша меншікті тілшілікке тағайындалдым. Сол кезден бастап Жарасбай Қабдоллаұлымен жақын араласа бастадым. Өйткені, оның аудандардағы тілшілерге үйіп-төгіп беретін тапсырмаларын уақытында атқарып, ілтипатына бөленсем керек. Сөйтіп, арамызда ағалы-інілілердей сыйластық қарым-қатынас орнап, оны жанашыр да тәлімгер ағама балап кеттім.
Кейін ол облыстық радионың бас редакторының орынбасары болып тағайындалды. Көп ұзамай бас редактор болып жоғарылатылды. Содан кейін Қазақ радиосының облыстағы меншікті тілшісі қызметіне ауысты.
Ата-бабалар арманы орындалып, азаттыққа қол жеткен алғашқы жылдары елдің шетінде, желдің өтінде орналасқан Қызылжар өңіріндегі қоғамдық-саяси жағдай алаң туғызарлықтай күрделі болғандығы жадымызда. Аты шулы Александр Солженицыннің “Ресейді қайтсек көркейтеміз?” мақаласында Қазақстанның тың көтерілген бес облысының жеріне көз алартуы кейбір сепаратистік пиғылдағы арандатушыларға дем беріп, Петропавлда қостілділік, қосазаматтық мәселелері көтеріліп, қоғамдағы саяси тұрақтылық пен этносаралық келісімді сақтау күн тәртібінен түспей тұрған қиынқыстау кезең-тұғын. Сондай сын сағаттарда бүйректен сирақ шығарып, бұра тартқан теріс ниетті, ат төбеліндей тобырға тарихи шындық пен әділет сөзін талай жерде тебірене айтып, тегеурінді тойтарыс берген саусақпен санарлықтай ғана жергілікті қайраткер азаматтардың арасында журналист Жарасбай Сүлейменов те бар болатын. Қазақ радиосының хабарларынан Жәкеңнің ел мен жер тағдыры туралы терең әңгіме қозғаған репортаждарын сілтідей тынып тыңдап, ахуалды ұдайы қадағалап, біліп отыратынбыз.
Жарасбай аға тоқсаныншы жылдардың басындағы еркіндік самалы ескен демократиялық үдерістер тұсында өткен облыстық мәслихаттың баламалы сайлауында халықтың қолдауына ие болып, бәсекелестерін ойсырата жеңіп, депутат атанды. Сессияларда жұрт көкейінде жүрген өзекті мәселелерді өткір тілмен, облыс басшыларының бет-жүзіне қарамай тіліп айтқанына талай рет куә болдым.
Жақында облыстық архив қызметкерлерінің көмегімен Жәкеңнің облыстық мәслихаттың 1997 жылғы бір сессиясында сөйлеген сөзін тауып алып оқыдым. Ол Қызылжар өңіріндегі “Ильинка”, “Новомихайловское”, “Москворецкое” сынды шаруашылықтардың басшылары өтпелі кезеңдегі экономикалық дағдарысқа қарамастан, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырғанын айта келіп, өзге көптеген шаруашылықтың басшылары жаңа жағдайға бейімделе алмағанын өткір сынап, олардың орындарына жаңаша ойлайтын, елге жанашыр жас мамандарды тағайындау қажеттігін айтыпты. Сондай-ақ Тимирязев ауданындағы “Белоградов” кеңшарына Моңғолиядан көшіп келген қандастардың 200 отбасының 90-ы ғана тұрақтап қалғанын, олардың тұрмысы нашар екенін, кей үйдегі балалардың аштықтан есінен танып, құлап қалып жүргенін ашық та ашына айтып, алыстан келген ағайындардың проблемасын жан-жақты ойластырып шешуді ұсыныпты.
Жарасбай аға қашан да осылай ел-жұрттың қамын жеп жүреді. Облыстық телерадиокомпанияда қызмет істеген кезінде өзінің авторлық “Ойтолқын”, “Ойқамшы” атты пікірсайыс бағдарламаларын ашып, жүргізді. Осы бағдарламалар аясында телестудияда Қызылжар өңірінің зиялы қауымының басы апта сайын қосылып, ең өзекті тақырыптарды талқыға салу игі дәстүрге айналған еді.
Жарасбай Қабдоллаұлының басшы ретіндегі бір тамаша қасиеті – бойында ұшқыны бар жас дарын иелерін дер кезінде аңғарып, жұмысқа тарта білетіндігі. Облыстық радио мен теледидарға, “Soltüstık Qazaqstan” газетіне жоғары оқу орнын тамамдаған алғыр да ізденімпаз жастарды қызметке алдырып, талай мөлдір бұлақтың көзін ашқандай жақсылық жасады. Сондықтан да оған “М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің Құрметті профессоры” атағы берілгендігі – әділ шешім, лайықты баға деп білемін.
Жәкең “Soltüstık Qazaqstan” газетінің бас редакторы болып тағайындалған кезде редакция қызметкерлері мардымсыз жалақы алып, қиналып жүрген еді. Шығармашылық ұжымға өзіндік баспана да бұйырмай, әртүрлі ұйымдардың босағасын паналауына тура келген. Жарасбай Қабдоллаұлы бірер жылдың ішінде барлық проблеманы ойдағыдай шешті. Газет қызметкерлерінің жалақысын бірнеше есе көбейттірді, редакцияға жеке де жайлы баспана алып берді. Жаңадан қалалық “Қызылжар нұры” газетін ашып, тағы бір ерледі. “Soltüstık Qazaqstan” газетінің тартымдылығы артып, таралымы екі еседей ұлғайып, өз тарихында тұңғыш рет 10 мың данадан асты.
Осының бәрі – Жарасбай Қабдоллаұлының ұлы Мағжанның рухы асқақтаған қасиетті қарашаңыраққа сіңірген ерен еңбегінің, үлкен ұйымдастырушылық дарынының, қоғамдағы зор беделінің айғағы. Мұны Жәкеңнің өз өмірінде жасаған рухани ерлігі десем де, артық айтқандық болмас. Ол газет жұмысымен қатар, қоғамдық жұмыстарға да уақыт тауып, Халықаралық “Қазақ тілі” қоғамының облыстық филиалын басқарды, облыстық тәртіптік кеңестің мүшесі міндетін де қоса атқарды. Қазір облыстың Қоғамдық кеңесіне жетекшілік жасап жүр.
Жарасбай Қабдоллаұлы облыстық “Soltüstık Qazaqstan” газетінің бас редакторы қызметін атқарып жүргенінде Парламент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Республикамыздың ең жоғары заң шығарушы органында да өзінің белсенді азаматтық ұстанымымен танылып, халқымыздың көкейінде жүрген талай өзекті мәселені батыл көтерді.
Халқымыздың даңқты ұлы Бауыржан Момышұлы елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қарт адамдарды абыз деп атаған екен. Бүгінде жетпістің бел ортасына келген Жарасбай ағамызды сондай абыз азамат десек, асыра айтпаспыз.

Кәрібай МҰСЫРМАН,
Қазақстанның құрметті журналисі.



Мұсырман К. Жампоз журналист // Soltüstık Qazaqstan.- 2024.-11 шілде.-5 б.

Комментарии (0)

Нет комментариев. Ваш будет первым!

Добавить комментарий